Ердембеков бауыржан аманкелдіұлы абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі


«Абайға ықпал еткен ақындық орта»



бет3/5
Дата25.12.2016
өлшемі0,77 Mb.
#4428
түріДиссертация
1   2   3   4   5

«Абайға ықпал еткен ақындық орта» деп аталатын екінші тарауда Абайға ықпал етіп, оның ақындық өсу жолына игі әсерін тигізген ақындарды ерекше бөліп қарастырдық. Өйткені, Абайдың нағыз ақын болып қалыптасуына сол заманның сөзге ұста биі мен шешені, өлеңге жақын жыршысы айтарлықтай демеу болды дегенімізбен, негізгі нәр, өлеңге деген құмарлық Абаймен тікелей қарым-қатынаста болған ақындардан келетіні дау тудырмаса керек. Бала Абайдың санасына ақындықтың алғашқы дәнін еккен өз ауылының ақыны Байкөкше, көрші елден Дулат, Сабырбайлар, кейіннен замандасы Қуандық сынды ақындармен рухани селбесулер Абайдың ақындық жолында айтарлықтай азық болды. Мәселен, Құнанбаймен үзеңгі қағыстыра дос болған ақынның бірі Жанақ десек, бұл тұрғыда Жанақ – Құнанбай – Абай арасындағы рухани байланыс диссертацияда кеңінен қарастырылды.

Жанақ пен Абайды байланыстырып тұрған заманы болса, сол заманға деген көзқарастан туған ортақ сарындар бір арнаға тоғысып жатыр. Мысалға, Жанақтағы: «Ханнан қайыр, қарадан шайыр кетті»,- деп үзілген үміттің сәулелері Абай өлеңдерінде бояуы қалың қайғыға ұласқан. «Алдыңда күткен күннің түсі суық»,- деп басталатын Жанақ өлеңдеріндегі қайғы Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» тағы басқа өлеңдерінде ақындық шеберліктің биігіне жеткен. Десек те, Жанақ поэзиясындағы осы тұрғылас ойлар Абайда мүлде жаңа пішінге көшіп, сол кездегі қазақтың келбет-кеспірі мейілінше шынайы, бүге-шүге нақтылығымен өз тыңдаушысын тапқан. Жанақ тыңдаушысын таппаған сөздің жетімдігіне, есіл өнердің қор болуына ашынса, Абайда бұл тақырып неше тарам. Біріншіден, жалпы сөз қадірін түсінер жанның жоқтығына налу болса (...осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық, ...тыңдаушымды ұғымсыз, қылып тәңірім бергенді, ...қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз т.б), екінші мәселе – Абай сол өлеңші қауымға сын артады. Бұл арада бұрынғы ескі биден бастап, алдындағы ақындары, соңындағы шәкірттері қатаң сын тезіне ұшырайды. Осы тұста бір мәселеге назар аударған жөн. Өзінен ілгерідегі ақындарды сынаудағы Абай сынын тек Бұхар, Шортанбай, Дулат есімдерімен шектеп қою дұрыс емес. Олардың атын атағанда сол заманның бүкіл поэзиясы сынға алынды десек, бұл сыннан біз сөз етіп отырған Жанақ та аман қалмағаны белгілі. Оның:

Ауылым алыс, мен келем өзім азып,

Қой мен шай бер ақынға жерден қазып.

Он қадақ шай, қос қоржын сүр асып бер

Өрге барған Жәкеңе болсын азық [33, 61-б.] ,-

дегені сыншыл Абайға жақпағаны анық. Дәл осы сарынды Абайға айтарлықтай әсер еткен Шөже ақынның өлеңдерінен де кездестіруге болады. Қазығұрт елінің ауқаттысы Дәукейге:

Бергенің сегіз жылқы, жалғыз түйе,

Өлеңді естімессің енді менен [34, 98-б.] ,-

деген өкпелі сөздер сол уақыттың тезіне салса еш сөкеттігі жоқ орынды айтылған да. Өйткені, Жанақ пен Шөжелер заманында ақын атаулы ел үстінен күн көрді. Оған сол заманның ақынын сөгуге де келмес. Әйтсе де, нағыз өлеңнің шын бағасын білген Абайға қасиетті сөздің қадірін кетіріп, дүние-малмен саудалауы жақпағаны анық. Жалғыз Жанақ, Шөжелер ғана емес, замандастарының деніне біткен дертке Абайдың айтар жауабы да біреу ғана:

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп

Кетірген сөз кәдірін жұртты шарлап [35, 90-б.].

Қалай десек те қабырғаны қайыстырып жанға батыра айтылған сөз - Жанақ пен Шөже ақындардың әлгі өлеңдеріне дөп тиген жауап. Шындық қашанда – ащы. Ал, Абайдың сыны иесіз емес. Ұстараның жүзіндей ащы ойлар бірін болмаса екіншісін тіліп түсері хақ. Жанақ жырларының жақсысына тамсанып, тек одан үйренуші ғана болып қалса ол Абайға, оның ақындық, сыншылық сұранысына аздық етер еді.

Жанақ пен Абай арасын табыстырып жатқан келесі бір мәселе «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының ең көркем нұсқасы Жанақтікі десек, сол нұсқа Абайдың мұрындық болуымен айналасындағы ақындар жырлауында жаңарып, түлеп жатты. Жанақтың «Қозы Көрпешін» Абай өз еліндегі Байкөкше ақыннан естігені туралы дерек Н.Абрамовтың «Каменная пирамида намогильный памятник Кузу Курпеч и Баян Сулу в Киргизской степи» деген мақаласында он екі жасар Абай, яғни 1857 жылы жас ақын Байкөкшеден «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деген ұзақ жырды естігенін келтіреді [36]. Демек, Жанақ жырын Абай бала кезінде алғаш Байкөкшеден естіген. Жанақ – Байкөкше – Абай, одан маңындағы жас ақындар біліп, соның ішінде Бейсенбай арқылы, кейіннен Уәйіс ақынның, Шәкірдің жырлауымен көне жырдың көркем тармақтары түлеп, түрленіп бүгінгі ұрпаққа жетті. Жанақ пен Абай арасын байланыстырып жатқан әйгілі жыр туралы еңбекте кеңінен сөз болып, бұл жырдың бір тармағы Жанақ, Байкөкше, Шөже сынды Абайдың өзі нәр алған ақындар мен Бейсенбай, Уәйіс сияқты шәкірттерінің, одан кейінгі Абай дәстүрін жалғастырушы Шәкір Әбеновтей халық ақындарының арасын жалғап, Абайдың ақындық ортасы өкілдерінің шығармашылық бірлігін айғақтайтын рухани желі болып табылады деген қорытынды жасалды.

Абайға ықпал еткен ақындардың ішінде Шөже Қаржаубайұлының есімін бөліп атасақ, Шөженің бетке айтар турашылдығы Абайдың санасына тұрақтап, кейіннен поэзиялық сапарына айтарлықтай әсер етті. Жас Абайдың ел ішіндегі беделін әуелден таныған Шөже ақын:

Ер шықты тобықтыдан талай-талай,

Байлығы, адамдығы бәрі де сай.

Атадан артық болып аруағы

Ел билеп келе жатыр ақын Абай [34, 110-б.] ,-

деп тегіннен-тегін өлеңге қоспаса керек-ті. Бірін-бірі алыстан аңғартып, тереңнен табыстыратын екі ақынның кеудесіне ұялаған ақындық дарын, сөз құдіреті Шөже мен Абай арасын жалғап, екеуін бір-біріне ынтықтырды. Абайдың ащы сынға құрылған арнау өлеңдерінде Шөженің өткірлігінің өрісі бар десек, бұл үрдісті жас кезінде айтқан «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Көжекбайға» деген өлеңдеріндегі жанындағы жақынының мінін бетіне басып тура айтқан ащы сындарынан анық байқаймыз.

Абайдың ақындық ортасы туралы сөз болғанда аты аталатын ақынның бірі – Шортанбай. Ш.Қанайұлы – Абай сынында аты аталған үш ақынның бірі, яки ауызға іліккен атақтылардың сапында. Абай баспадан шыққан Шортанбайдың өлеңдерін оқып өскенін ескерсек, ауызша жеткен Жанақ, Шөжелердің өлеңдеріне қарағанда Шортанбай өлеңдерінің Абайға, оның поэзиясына аса жақын болуы заңды. Сондай-ақ, Шортанбайдың жазба әдебиеттің өкілі болуы – екі ақын арасын жақындастыра түсер негізгі факторлардың бірі. Қазақ әдебиетіне Шортанбай арқылы келген зар заман сарыны Абайдың поэзиясында өзіндік даралық сипаттарымен ерекшеленіп, Абайға ғана тән әуенмен жалғасын тапты. Еңбекте екі ақын поэзиясындағы сабақтастық желілер тақырыптық жағынан жүйелене сөз болды.

Абайға әсер еткен ақындардың ішінде Дулат Бабатайұлының орны ерекше. Дулаттың Абайға әсері, екі ақын арасындағы поэзиялық үндестігі жайында жалпы пікір айтушылардан басқа арнайы тоқталған Қ.Өміралиев [37], З.Ахметов [38], Р.Сыздықова [39], Т.Шапай [40], А.Шәріп [41], Б.Омарұлы [42] тағы басқа зерттеушілердің ғылыми тұжырымдарын атап өткен орынды. Осы арада айта кететін дүние Абайды бір ақынның немесе бір жыраудың шәкіртіне теліп қоюға болмайтындығын естен шығармаған жөн. Абай – тек қазақ әдебиеті ғана емес, жалпы әлемдік поэзияның көш басында тұрған тұлға. Ол өзіне дейінгі әдебиет үлгілерін қорытып, ақындық талғамына салып сығымдап, мүлде жаңа деңгейдегі поэзия туғызды. Төл әдебиетіміздің көне мұраларынан бастап, әр дәуірдегі сөз зергерлерінің поэзиясына қанып өсті. Белгілі бір дәрежеде үлгі алды. Бірақ қандай да бір ақын, немесе жырау жеке-дара Абайға ұстаз болды, өлең жазуды үйретті деу – біржақты пайым. Міне, Дулат пен Абайдың арасындағы рухани жақындық туралы айтқанда, екі ақын поэзиясындағы сабақтастық, өлең өрімдеріндегі ұқсастық туралы пайымдағанда ең алдымен осы мәселені естен шығармағанымыз жөн.

Дулат – өз заманының күшті ақыны. Жыраулықтан ақындыққа көш бастаған өкіл ретінде қарағанда оның өлеңдеріндегі ақынның ойы жалпылықтан жалқылыққа, жазба әдебиетке тән ақындық дәлдік пен нақты суретке ауысты.

Жырымды менің сұрасаң,

Сары алтынның буынан.

Сырымды менің сұрасаң,

Тұманың тұнық суынан.

Кеудеме қайғы тоған соң,

Тұнық жырмен жуынам [43, 22-б.] ,-

деп ақындықтың мақсат-мұратын Дулатқа дейін кесте тілмен төгілте айтқан ақын кемде-кем. Ғалым Қ.Өміралиевтің: « Дулат – ақын туралы, ақын сөзі туралы қазақ әдебиетінде бірінші айтып, өлең-жырға зор талап қойған, сол талабы тұғырынан өзі де табылып, шығармаларын да осы талап тұғырына дейін көтерген бірінші ақын» [39, 199-б.] ,- деген пікірі орынды айтылған. Дәлелге жүгінейік:

Қамқа бірдей бола ма

Қаламы мата бөзбенен.

Қосылып алтын қорымас

Мырыш пен мыс, жезбенен.

Меруерттей сөзбен шашайын –

Бойыма біткен асылым

Ақындық әсер қуатпын [43, 23-б.].

Немесе осы шоғырдың соңын түйген «Жыр арнасы – суатпын» дегенде ақын, я лирикалық қаһарман тасқынды өлеңге, ақындық шабытқа айналып кеткен. Осылайша ол өзінің ақындық ұстанымын баршаға жария етеді. Дулаттың бұл шығармасы, сөз жоқ, Абайдың «Адамның кейбір кездері» өлеңін еске салады.

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл,

Не жазып кетсе, жайы сол,

Жек көрсеңдер, өзің біл [35, 257-б.].

Бұл – Абайдың ұстанымы. Осы өлеңді А.Пушкиннің «Поэт», «Поэту» деген өлеңдерімен үндестігін алғаш М.Әуезов атап көрсетсе [44, 162-б], З.Ахметов М.Лермонтовтың «Журналист, читатель и писатель» шығармасымен сарындас, кей тұстары әбден сәйкес келетінін дәлелдеген болатын [45, 61-б.]. Абайтанушы ғалымдардың пікіріне толық келісе отырып дәл осы өлеңнің тек орыс ақындары ғана емес, Дулат шығармасынан да алыс жатпағандығын айтқымыз келеді. Көтеріліп отырған тақырып, өлеңдегі ақын ойы ғана емес, сөз қоланыстардың сәйкес келіп жатуына көзді жұмуға болмайды. Дулаттағы «Кеудеме қайғы толған соң, тұнық жырмен жуынамы» Абайда «Кірлеген жүрек өз ішін, тұра алмас әсте жуынбай» немесе, «Дүние кірін жуынып, көрініп ойға сөз салар». Дулаттағы кеудеге толған қайғы, Абайдағы жүректі кірлетер дүниенің кірі ол – адам бойын құрсаулап алған мың сан адамсыздық. Осы дертті көргенде Дулаттың шабыты «тоят төс, салпы ерінді, топтан торай бермейтін тұлпар аттай» дүбірлесе, Абайдың ақындық қуат-күші қырымға қараған қырағы қыранша түлейді. Сондағы нысана белгілі:

Қайырсыз, сараң малыңды,

Еріншек, есер жарлыңды,

Халыққа емес сыйымды –

Парақор баспақ биіңді,

Ел бүлдіргіш бегіңді,

Әперіп сөзбен кегіңді,

Улы тілмен улаттым [43, 23-б.] ,-

десе Дулат, Абай:

Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар [35, 256-б.] ,-

деп сөз қаруының нысанасын белгілейді. Сөз мұратын қару еткен ақындық ұстанымдары бір араға тоғысқан екі ақынның әдеби мұрасын таразыға салғанда тақырып ортақтығы, ой сабақтастығы, өлең құрылымдарындағы сәйкестік деген мәселелер мейілінше айқын, анық көрініс тауып жатыр. Әрине, екі ақын арасындағы ұқсас ойды, сәйкес келіп қалған тіркес пен сөзді тәптіштеп тізіп, әр тармақты таразылап сабақтастықты «дәлелдеу» Абай мен Дулаттың рухани жақындығын толық ақтап шықпасы анық. Осыған қоса, екі ақынның әлеуметтік тұрғыда тақырыпты алып шығуы, сол процестегі олардың поэтикалық қуат-күшінің рөлі, яғни ақындық деңгей мәселесі таразыға тартылу керек сияқты. Бұл арада, әрине, Абайдың ақындық қуатын, поэзиядағы эстетикалық талғамын Дулатпен салыстыруға болмас. Ал, жалпы рухани жалғастық, тақырып бірлігі мәселесіне келсек, бірі аға сұлтандықтың, екіншісі болыстық жүйенің тұсындағы қазақ қоғамының ащы шындығын еш боямасыз нағыз реалистік үлгіде жырлады. Дәл осы тақырыптың қай қырын алсаңыз да екі ақында үндес келіп, өріле жалғасып жатады. Ел ішіндегі атқамінердің шынайы бейнесін, жалқы тұрпатын алғаш өз мәнінде сомдаған Дулат болса, сол үлгіні Абай биік талғамның таразысына салып, нағыз типтік бейнеге айналдырды. Дулаттың Абайға жақындығы – бар болмыс-бітімімен, қимыл-қозғалысымен тірі бейнені көз алдыңа әкелуі:

Майырдың алса бұйрығын,

Борбайға қысып құйрығын,

Ел пысығы жортады-ай [43, 2-б.] ,-

немесе,


Ұлық қысса ұлықты,

Ұласып мидай былықты...

Атқамінер ауылда

Итше ілініп ылықты.

Орыстың көрсе ұлығын,

Қыздан дағы қылықты.

Ұлық етсе қазаққа

Қорқау қасқыр құлықты.

Бұзауы өлген сиырдай

Сауыны иіп Дулат жүр,

Місе қылып тұлыпты [43, 33-б.].

Бұл – қазақ әдебиетінде Дулатқа дейін айтылмаған сөздер. Адамдық қалыптан айрылып, итше ылығып, ауыл үйдің берекесін қашырған атқамінердің шайтани әрекеттері ақынды мезі еткен. Образды ойнату, адам мінезін іс-қимылмен сомдау, әсіресе, Дулаттың «Біреуге», «Екінші біреуге», «Үшінші біреуге», «Төртінші біреуге» деген циклді өлеңдерінде шебер берілген. «Тарпаң тайдай қылтыңдап, ... қаққанша қабақ бұлтыңдап, ... сыртынан күліп жыртыңдап, ... самайы терлеп мыңқылдап» тұрған Дулат кейіпкерін Абай болыстарының тобырына ойланбай тоғытып жібере аласыз. Ел билеушіні шынайы, әрі дәл берудің құралы – таптырмас деталь десек, екі ақын да бұл қисынды шебер қиюластырған.

Жезден қарғы тағынған,

Кәпірге дінсіз бағынған –

«Би» деп атау бердік-ау

Үйінді тас молаға [43, 57-б.] ,-

дегендегі қарғы - биді итке балаудың көрінісі ғана емес, бұғаулау, шынжырлау, бостандықтан айрылудың деталі. Кейіннен Абайдың шәкірті ақын Әріп айтқандай «Сары жезін знак қып салбырытқан» жандайшаптар қалайша аяқ-қолы байланып, орыстың ойыншығына айналып шыға келгенін сезбей де қалды. Би қарекетсіз қалған меңіреу тас молаға айналса, Абай заманының биі бас-басына селдіреп, қиқымға айналып, желге ұшты.

Ал, енді Дулат пен Абай арасындағы тұрмыстық байланыстар туралы сөз етер болсақ, З.Ахметовтің: «Олардың өмір сүрген ортасы, заманы жалғас, жақын, сол дәуірдегі қоғамдық өмірдің қайшылықтарын, әр-түрлі әлеуметтік топтардың мінез-құлқын бейнелеп көрсетуінде де ұқсастық, сабақтастық бар» [46] ,- деген пікіріне аса көңіл қойған жөн. Диссертацияда Дулат пен Абайдың өмір сүрген заманы, ортасы сияқты әлеуметтік нышандарға мән беріліп, Құнанбай, Абай ауылы мен Дулат-Сабырбайлар шыққан Сыбан елінің арасындағы рухани жақындық мәселелеріне назар аударылды. Осы орайда Абаймен рухани байланыста болған Сыбан Сабырбай ақын, оның қызы Қуандық пен Абай арасындағы рухани желілердің жігі ашылды. Мәселен, Қуандық Сабырбайқызы – Абай өміріндегі ерекше жан. Сөзі қайратты, жаны сұлу қайсар қыз жарқ етіп ақын жүрегіне ғашықтықтың отын салып, сол жалын бірте-бірте екі ақын арасындағы жарасымды сыйластыққа ұласып, өмірлерінің соңына дейін өшпей сақталды.

Жалпы біз Абайды айтқанда, оның өлең құдіретін сөз еткенде маңындағы ақын-жыршылардан бөліп қарап, артық біткен ақындық қуатына жоғары баға бергенде қасында жүрген басқа ақындарды назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Мәселен, Абайдың айналасын сөз еткенде Байкөкше Балғынбайұлы –ақынмен қатар жүрген, оның апыл-тапыл басқан шағынан қасында болып ерекше сыйласқан адамы. Байкөкшенің Абаймен байланыста туған өлең-сөздері ғана сақталып, қалған мұрасы ұмытылған. Өлеңге ден қойып, қолына қалам алған Абай әуелі өз еліндегі Байкөкшеге қарап бой түзеді. Келе-келе ақындығын, шешендігін қадірлеп «Байкөке» деп құрметпен атаған. Диссертацияда Абай мен Байкөкше арасын байланыстыратын бірнеше өлеңге ден қойылып, бүгінге дейін әдеби айналымға түспеген Байкөкшенің «Тобышақ торы» дастанына әдеби талдау жасалды.

Осы тарауда Абайдың әдеби ортасын құрайтын тағы бір ерекше топ өкілдері – шайқы мінезді, ел ішіндегі күлдіргі, сөзі қисық, қисық та болса түзу Қиясбай, Мұқамораз, Қарасақау сияқты ел ішіндегі жамандықты өлеңге салып, әшкерлеп, іс-қимылымен мазақ етіп жүретін орта өкілдерінің Абаймен арасындағы рухани жақындықтың көріністеріне назар аударылды. Жалпы қазақ даласында Қиясбай, Мұқамораз, Шәукембайлар сияқты шәлдуар мінезді шайқы адамдар аз болмағаны белгілі. Бірақ, солардың бәрі тарихта қалған жоқ. Олардың Қиясбайлардан әлгіндей тосын өнері артық болуы да мүмкін, бірақ Қиясбай, Мұқамораздардың бағы – Абайдың қасында болуында десек, еңбекте осы мәселеге баса көңіл бөлінді.



«Абайдың ақындық мектебі: поэзиядағы рухани байланыс көздері» деп аталатын үшінші бөлімнің «Ақындық өнер және ұстаз сыны» деген тарауында ақындық мектеп аясындағы поэзия көздерінің сабақтастығына мән беріле отырып, Абай арнауларындағы шәкірттерге қаратыла айтылған сын табиғатына талдау жүргізілді. Ақын шәкірттер поэзиясындағы ұстаз Абайдың тұлғасы жан-жақты ашылды.

Диссертацияда Абай арнаулары кеңірек сөз болып, ащы сынға құрылған өлеңдердің шығу тарихы, кейіпкер табиғатын ашудағы автор позициясы деген мәселелер қамтыла келіп, Абайдың өз шәкірттеріне, дәлірек айтқанда олардың ақындығына қарата айтқан сыны, сол сынды ақындардың қабылдауы деген сияқты ұстаз бен шәкірт арасындағы әдеби қарым-қатынастардың сипаты анықталды. Абайдың ақындық өнер туралы, ақындар туралы өлеңдері әдебиетке, оны жасаушыларға үлкен жаңашылдықпен бірге биік талабын ала келді. Өлеңге қойған талабы биік Абайдың сынына жарағаны – Бұхар, Дулат, Шортанбайлар десек, ендігі жерде «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген қағиданы ту еткен ақын қасындағы шәкірттеріне талабын мейілінше күшейте түседі. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп басталатын өлеңінде «сөзімді тасыр ұқпас» деп талапты жас ақындарға салмақты ескерту жасап, үш ақынды, өзінің ең талантты деген үш шәкіртінің өлеңдерін сынаған. Шәкәрім, Көкбай, Әріп – үш шәкірті де ұстаздың сынын қалай қабылдады, қандай нәтиже шығарды деген мәселелер диссертацияда егжей-тегжейлі сөз болды.

Абай шәкірттерінің өлеңін ғана сынап қоймай, мінезінен мін, жасанды бір оғаш қылық көрсе, өлеңге қосып екіншілей қайталамастай етіп ұялтып, тыйып тастап отырған. Абайдың «Бұралып тұрып» деп басталатын, Көкбайдың «Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша» тағы басқа өлеңдерінің шығу тарихы дисертацияда кеңірек талданып, Абай мен Көкбай арасындағы шығармашылық байланыс көздері айқындала түсті. Көңіліне қаяу түсірген Ақылбай деген баласының қылығына қатты налып шығарған «Ата-анаға көз қуаныш» деп басталатын өлеңіне, Әбдірахманды жоқтап шығарған туындыларына әдеби талдау жасалды. Сондай-ақ, Әсетке, Баймағамбетке арналған өлеңдерінің туу себептері, шығу тарихы ғылыми тұрғыда қарастырылды.

Ақынның арнаулары қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған көркем персонаждарды дүниеге әкелді. Оның басты өлшемі сыншылдық пен шыншылдық деп білсек, ақын «толық адам» биігінен қарай отырып, өз айналасындағылардың адамсыздық қылықтарын поэзия шеңберінде аса биік көркемдік шеберлікпен содап, типтік бейнелер жасады.

Абайдың эстетикалық талғамының бір көрсеткіші болып табылатын ақындық өнер туралы толғаныстары ақын арнауларымен, дәлірек айтқанда ақын шәкірттерге, олардың туындыларына қарата айтылған сындарымен байланысып жатыр. Абай сыны – оның ақындық қиялының көрінісі емес, өмірлік ұстанымдары мен күнделікті қарекетінің жемісі. Шәкәрім, Көкбай, Әріп сынды шәкірттерінің шығармаларын сынға алғанда Абай тек шәкірттерін үйретуші, түзеуші деңгейінде ғана емес, қазақ өлеңіне биік меже қоюшы, өзінен кейінгі әдебиетке жаңа, классикалық поэзияның үлгісін ұсынушы, Ұстаз-ақын дәрежесінде көрінеді. Өлеңді, оның иесін сынаған Абай ұстанымын өзінен кейінгі бүкіл қазақ ақындарына қойылған талап деп ұғынсақ қателеспейміз. Ақынның «өлеңі бар өнерлі ініге» қарата айтқан сын-ескертпесі оның ұстаздық қарекетін айқын аңғартып тұр. Ақындыққа баулуы биік меже, қатал сыннан бастау алып, өлеңге әуес жастарды құдіретті сөз патшасымен ширықтыра сынап, ширата сілкіп жарата түсуінде Абайға ғана тән өзгеше тәрбие жатқандай. Осы тарауда тұжырған ой-түйіндеріне келсек, Абайдың ұстаздық қарекеті деген мәселе Абай мен оның шығармаларында кеңінен көрініс тауып жатыр. Абай өлеңдерінің шығу тарихына тереңдеп барған адам, ақынның көп туындыларының шығу төркіні оның әдеби айналасымен тығыз байланыста екенін аңғарады. Абайдың шәкірттерін сынауы, жеке бас мінездерін әшкерелеуі, өлеңдерін түзеп, қайта жазғызып, үлгі боларлық қып өзі шығарып көрсетуі сияқты құбылыстар Абайдың ақындық құдіретімен қоса ақындық өнерге баулу, тәрбиелеу сияқты ұстаздық қарекетін де байқатады. Абай мен оның шәкірттері арасындағы поэзиялық байланыс, тек Абайдың біралуан өлеңдерінің шығуына түрткі болып қана қойған жоқ, ақын шәкірттердің ұстаз алдында ысылып, нағыз ақындық жолға түсу процесін анықтайтын дәлді дерек көзі де бола алды.

«Поэзиядағы Абай тұлғасы» деген екінші тарауда Абайдың айналасындағы, яғни, ақын шәкірттерінің шығармашылығындағы ұстаз бейнесінің болмыс-бітімін жан-жақты ашып көрсетуді, сол арқылы Абай есімінің шәкірттер поэзиясында ғана емес, ақындық жолдағы мән-маңызын, орнын айқындап беруді мақсат еттік.

Әдебиетке Абай бейнесін алғаш әкелген оның айналасындағы ізбасар ақындар. Абайдың қасында жиырма бес жыл жолдас болған Көкбай ақынның, Шәкәрімнің өлеңдерінде ұстаз-Абай бейнесі мейілінше жан-жақты сомдалған. Әрине, Абай бейнесінің жалпы қазақ әдебиетінде жырлануы одан кейін шыққан ірі ақындар Сұлтанмахмұт, Мағжандардан бастап бүгіні әдебиетке дейін өрісі кеңге жайылған мейілінше үлкен тақырыпты қамтиды. Ал, біздің нысан ақынның қасында жүрген ізбасар шәкірттердің ұстазбен арадағы қарым-қатынасын тереңірек аша түсу мақсатында олардың поэзиясындағы Абайдың орнын айқындап, ұстаздық болмысын аша түсу. Абай бейнесінің ақын шәкірттер шығармаларында сомдалуы, былайша айтқанда Абай тақырыбы, оның ұстаздық тұлға-тұрпаты деген мәселелердің шәкірт ақындар шығармаларында алатын орны бүгінге дейін жүйелі зерттелген жоқ. Ғалым Б.Мамраевтың төмендегі пікіріне көңіл бөлсек: «Следует особо отметить, что тема Абая как высокий и постояный орентир проходит через все творчество Шакарима... Оправданность реминисценции заметна и в том случае, когда поэт, напоминая читателю художественную концепцию Абая, синхронно выражает свою собственную» [47, 202-б.] ,- дегені тек Шәкәрім поэзиясына ғана емес, Абайдың маңындағы өзге де шәкірттер шығармашылығына тән екендігін ескеруіміз керек. Осы орайда Абай бейнесін өз өлеңдерінде сомдап, оның ұстаздық құдіреті, өз ортасындағы орны туралы сөз айтқан Ш.Құдайбердіұлы, К.Жанатайұлы, Ә.Тәңірбергенұлы, Ә.Найманбайұлы, Б.Айтқожаұлы, У.Шондыбайұлы, М.Әділханұлы сынды ақындардың поэзиядағы дәстүр жалғастығы, ұстазбен арадағы рухани үндестік қырларына диссертацияда тиісінше көңіл бөлінді.



«Абай мектебіндегі әдеби дәстүр және тақырыптық-көркемдік ізденістер» деп аталатын бөлім төрт тараудан тұрады. «Абай мектебіндегі айтыс жанрының өзіндік даму ерекшеліктері» деген тарауда ақын шәкірттердің әдеби дәстүрді ұстану жолындағы шығармашылық-көркемдік ізденістері Абай мектебінің біртұтас тақырыптық бірлігі аясында қарастырылып, ақындардың айтыс жанрын игерудегі жетістіктері, тарихи тақырып пен нәзирагөйлік дәстүрді қолданудағы ерекшеліктері, аударма өнерін дамытудағы шеберліктері талданып, мектеп шеңберіндегі Абай дәстүрінің даму жолдары анықталды. Бұл тұрғыда, айтыс жанрын көркем шығармаларына арқау еткен Шәкәрім Құдайбердіұлының, Әріп Тәңірбергенұлының, Тұрағұл Абайұлының, Әубәкір Ақылбайұлының жанрлық жағынан мысал айтысқа жататын өлеңдермен қоса, Әріп ақынның «Тәуке мен Ұрқия», Уәйіс Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс негізінде жазылған көлемді поэмаларына әдеби талдау жасалды.

Абай айналасындағы айтыс өнерінің дамуына, айтыс жанрының өркендеп қанат жаюына Абайдың өзі тікелей себепкер болып, қасындағы ақын шәкірттердің айтысты шебер меңгеруіне ықпал етті. Айтыс өнеріне тән негізгі белгі суырыпсалмалық өнер болса, Абайдың жас кезіндегі өлеңдері - нағыз суырып салып айтқан дүниелер. Жазба поэзиясының асқан шебері болуымен қатар Абай бойында далалықтарға тән хас өнер – табан астында тауып өлең ұйқастыру өнері ерекше дарыған-ды. Қазақтың суырыпсалмалығын жасынан бойына сіңірген ақын өмір бойы бұл машықтан қол үзген емес. Тек өзі ғана емес, соңынан ерген ақын шәкірттерін тосыннан сөз табуға, табан астында «айналасы теп-тегіс, жұмыр келетін» өлең құрауға баулыды. Айтысқан ақындардың сөзін түзеп, қазылық төрелігін айтты.

Айтыс өнеріне етене жақын құбылыс бір өлеңді бірнеше ақынның жарыса құрауы Абай айналасында кеңінен тарап, Абай шәкірттері Әріп, Көкбай, Уәйіс сынды ақындар осы бір дәстүрді өз орталарында жиі қолданып отырды. Айтыс өнерінің қыр-сырына осылайша терең бойлап, шебер игерген Абай мектебінің өкілдері екі ақынның айтысын көркем шығармаларына арқау етті. Кәдімгі айтысты көз алдыңа әкелер Абайдың «Жігіт сөзі» мен «Қыз сөзі» сияқты өлеңдерінің үлгісі Шәкәрімнің мен Тұрағұлдың, Әріп пен Әубәкірдің мысал айтысын арқау еткен өлеңдерінде жалғастық тауып жатыр. Ал, Әріп Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия», Уәйіс Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс негізінде жазылған көлемді поэмалардың да дүниеге келуі – ақындардың айтыс табиғатын терең игерудегі соны жетістігін айқындайды. Сондай-ақ, болып, ел арасында жұрнағы ғана қалған айтыс, сөз қағыстарын өңдеп, көркем шығарманың талаптарына жауап беретін туындылар жазған Әріптің «Біржан – Сарасын», Әсет ақынның Ырысжанмен айтысын өңделген айтысқа жатқызуымыздың себебі – өңдеуші ақындардың авторлық үлесін көрсету. Қалай десек те, айтыс өнерін жетік меңгерген Абай шәкірттерінің дені айтысты көркем шығармаға арқау етті. Бірі болған айтысты өңдесе, екіншілері қолдан жаңа айтыс-поэма жазып, ауыз әдебиетінің озық үлгісін жазба шығармаларында аса шеберлікпен пайдалана білді.

«Тарихи тақырып және нәзиралық сипаттың соны үлгілері» деп аталатын тарауда Абай мектебіндегі тарихи тақырыпта жазылған шығармалардың идеялық-көркемдік табиғаты Абай дәстүрлерінің аясында қарастырылса, ақын шәкірттер шығармашылығында кеңінен орын алған нәзиралық сипаттың Абай қолтаңбасына тән өзіндік, оқшау белгілерін айқындап беруге ден қойдық. Абай шәкірттерінің шығармашылығына арқау болған Еңлік пен Кебек тақырыбының интерпретациялық сипатына әдеби сараптаулар жүргізілді. Абай тапсырмасымен жазылған Ш.Құдайбердіұлының «Қалқаман – Мамыр», К.Жанатайұлының «Сабалақ», «Қандыжап», У.Шондыбайұлының «Жошы – Алаша хан» дастандары әдеби мектеп аясында өзара сабақтастырыла қарастырылып, Абайдың түпқазық идеяларының табиғаты анықталды. Шәкәрімнің «Ләйлі – Мәжнүн», Уәйіс ақынның «Бір қыздың оқиғасы» шығармаларын талдау барысында Абай нәзирасының жаңашылдық сипаты айқындалды. Абай тапсырмасымен шет жұрттықтардың өміріне арнап жазған Ақылбай мен Мағауия поэмаларындағы құлдар тақырыбы, отаршылдық идеялары Абай көзқарастарымен байланыстырыла байыпталды.

Абай мектебіндегі тарихи тақырыптардың бастау көздерін Абайдың тарихи шығармасы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы», Орта жүз қазақтарының рулары туралы» еңбектерінен іздесек, Шәкәрімнің шежіресі Абай еңбегінің заңды жалғасы ғана емес, жазылу мақсаты бір, ұстаз идеясының толықтырылған нұсқасы деп қабылдауға болады. Сондай-ақ, Шәкәрімнің діни-философиялық «Мұсылмандық шарты» еңбегі де Абай тапсырмасымен жазылған. Тарихи тақырыпта көркем шығарма жазбағанымен Абайдың бұл мәселедегі назары ақын шәкірттеріне тапсырма беруімен ерекшеленді. Шәкәрімнің «Жолсыз жаза», «Қалқаман – Мамыр», Мағауияның «Еңлік – Кебегі», Көкбай ақынның Абылай тақырыбындағы тарихи жырлары, Уәйістің «Жошы – Алаша ханы» сияқты шығармалардың жазылуына Абай тікелей себепкер болды. Мәселен, Еңлік пен Кебек оқиғасы туралы бірнеше интерпретациялық үлгідегі көркем туындылардың басында Абай тұр. Абайдың әдеби тапсырмасымен бұл оқиғаны Мағауия адал махаббат иелерін өлімге қиған қазақтың қатігез салт-санасын сынап, лирикалық бояуы қанық ғашықтық поэма етіп берсе, Шәкәрім екі жастың трагедиялық халін жеке адамдардың шеңберінде қалдырып қоймай, ел ішіндегі әлеуметтік-қоғамдық қайшылықтар аясына апарады. Сөйтіп, идеялық-тақырыптық аясы кең нағыз реалистік поэма ұсынады. «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөзінде» әңгіме болатын Қалқаман мен Мамыр оқиғасының Шәкәрімнің көркем шығармасына арқау болуын жоғарыдағы поэмамен байланыстыра қарасақ, екі поэманың идеясындағы ортақ белгілерді жеке автордың қолтаңбасына тән құбылыс деп тану қажет. «Жолсыз жаза», «Қалқаман – Мамыр», «Қодардың өлімі» поэмаларын бір арнаға тоғыстырып тұрған идеялық бірлік бар. Ол – қазақтың салт-дәстүрін бұзғандарға кесілген ең ауыр жазаның себеп-салдарын ашып көрсету, жаза кескендер мен жапа шеккендердің ақ-қарасын анықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Абайдың көңіл қойып, Көкбайға жаздырған тарихи тақырыптарының бірі – Абылай хан тақырыбы. Көкбай Жанатайұлы Абайдың тапсырмасымен Абылай және оның ұрпақтары туралы циклды дастан жазып, Абай «Сабалақ» дастанының көркемдік қуатына ғана емес, тарихи мән-маңызына да аса ден қойып, сынап, түзеген. Көкбай ақын өмірінің соңғы жылдарында Абылай тақырыбына қайта айналып соғып, «Қандыжап» дастанын жазады. Алғашқыдағы Абылай бейнесі кейінгі шығармасында айқындала түсіп, жаңа қырынан көрініп, мейілінше шебер сомдалды. Уәйіс Шондыбайұлының «Жошы-Алаша хан» поэмасы – Абай ықпалымен жазылған тарихи шығармалардың бірі. Ертеден келе жатқан қазақ аңызын негізге алған Уәйіс Абай еңбегіндегі Алаша хан туралы аңызды поэмасына арқау ете отырып, өзіндік өрнекпен көркем туынды қашай білген.

Қазақ әдебиетіндегі нәзира үлгісін еркін меңгерген Абай мектебінің өкілдері бұл үрдіске де өзіндік тың үлгі ұсына білді. Ақын шәкірттердің нәзирасында авторлық позиция айқын көрінді. Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүні», Уәйістің «Бір қыздың оқиғасы» шығармалары бұрынғы сан мәрте жырланған тақырыптар болғанымен, туындының жаңашылдық қырын сипаттайтын авторлық идея айқынырақ көрінеді.

Абай шәкірттерінің шет жұрттықтардың өмірінен шығармалар жазуы Абайдың отаршылдыққа қарсы идеяларымен астасып жатыр. Осы тұста ғалым Ш.Елеукеновтің: «Біз бұған дейін Абайды отаршылдыққа қарсылық ойлаған күрескер ретінде зерттемедік» [48, 90-б.] ,- деген пікірін басшылыққа ала отырып, Абай шәкірттері шығармашылығындағы отаршылдық тақырыбына ден қойдық. Мағауияның «Медғат – Қасым», Ақылбайдың «Зұлыс», «Дағыстан» поэмаларын біріктіріп тұрған тақырып ортақтығы ғана емес, отаршылдыққа, үстемдікке қарсы күресті жырлаған идеялық бірлік бар. Қысқасы, қай ел, қандай оқиға, нендей тәсілмен жазылсын Абай шәкірттерінің әуелден көздеген мақсаты адам бойындағы ізгілік пен зұлымдық, қатыгездік пен мейірбандық, махаббат пен ғадауаттың майдандасқан көріністері арқылы қоғамдағы әділетсіздікті әшкерелеу, сөйтіп соры қалың қазақтың көзін ашу сияқты хәкім Абайдың ұлы идеяларын жалғастыру.

Көлемді шығармалар жазуды Абай әуел баста қолға алып, артынан бұл түрден тез суынып кетті дегенімізбен, өз шәкірттерін поэма жазудың соны үлгілеріне баулыды. Ақын шәкірттердің поэма жанрын игеріп, сол салада қандай да бір тақырыпты жырламасын оның артында Абай тұрып, Абай игерген мол мұраның іргесі байқалады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет