Еркіндік пен шығармашылық – адамның мәдениетте шын мәнінде өмір сүруінің тәсілі . Мәдениет – адамның өз қолымен, ақыл-ойымен жасағандары және жасап жатқандарының бәрін түгел қамтиды. Жай ғана сауат ашудан және тазалық ережелерін сақтаудан бастап, өмірдің асқан үлгілі шығармаларын жасағанға дейінгі ұғымды қамтып жатқан – мәдениет саласының өрісі кең.
Мәдениет – тарихи құбылыс. Оның дәрежесі мен сипаты қоғамдық өмірдің жағдайларына байланысты өзгеріп отырады. Тарихи дәуірлердің алмасуы мәдениеттің мазмұны мен формаларына сөзсіз терең өзгерістер енгізеді.
Ал еркіндік осы шығармашылық таңдау жасай алуымен анықталады. Шығармашылық еркіндік – бұл еркіндіктің ең жоғары формасы. Шығармашылық – ол адам және қоғам үшін жаңа пайдалы, сапалы жаңа нәрсені ойлап шығаруы. Шығармашылық еркіндігі берілген қоғамның дамуы көш ілгері болады.
Шығармашылық еркіндігі адам өмірінің көптеген салаларын қамтиды: ғылыми, өндірістік-техникалық, шығармашылық, саяси және т.б. салаларының дамуына және жаңалықтарының ашылуына ықпал етеді. Философия шығармашылық ұғымының мәнін яғни адамзат дамуының әр кезеңіндегі шығармашылық ұғымының қалай өзгергенін көрсетеді.
Ағылшын ғалымы Г.Уоллес (1924) шығармашылықты процесті 4 фазаға бөліп қарастырды: дайындық, пісіп жетілуі (идеялар), жаңалық ашылуы, және тексеру. Осы процестің басты бөліктерін (пісіп жетілуі және жаңалық ашу) саналы-ерікті бақылауға алуға мүмкін емес болғандықтан бұл тұжырымдама шығармашылықты бесаналы және иррационалды факторға жатқызды. Шығармашылық бір бірін толықтырады. Өз ндивид өзобъектісіне берілгені соншалық өз-өзін бақыламайды, тек өз ойларының жалпы бағытын бақылайды: болжау, кездейсоқ шешімге келу, ашу, кездейсоқ шешім шығару сәттері сананың жарқын сәттері ретінде қабылданады.
Еркіндік – бұл таңдаудың болуы. таңдауыңыз көп болған сайын сіз соншалықты еркінсіз. Шынайы еркіндік ол шығармашылық қабілеті, жаңалық шығару қабілеті. Қарапайым тілмен айтқанда шығармашылық еркіндігі - бұл бар мүмкіндіктер арасынан қажеттісін таңдап алу ғана емес, сол жаңа мүмкіндіктерді жасап шығару. Адам өз алдына мақсат қояды, құралдарын өзі жасайды, әрекеттерді өзі анытайды. Алынған нәтиже тұлғаның қасиеттерін көрсетеді. Шағармашылық барысында адам алдында кездескен кедергілерді жеңіп өтеді, жаңалықтар ашады. Еркін адамға шығармашылыққа ден қояды. Шынайы еркіндік қана нағыз шығармашылыққа жол салады.
Қазақ халқының дүниетанымында еркіндік болмыстың іргетасы ретінде қарастырылады. Адам мен әлемнің қатынасы контексінде еркіндік мәселесі адамның табиғаттан ажырамайтын төл туындысы ретінде қарастырылуынан туындайды. Алдымен бұған дейінгі тарихи-әлеуметтік ағышарттар мен осы дәстүрдің қалыптасу барысына шолу жасағанымыз ләзім. Өйткені хандар – еліміздің тұтастығы мен ұлттық мемлекеттілікті орнықтыруда еркіндік рухын сезініп, басқа халықтармен теңдікте болған кезеңдерді қамтамасыз еткен ұлы тұлғалар еді. Олардың тәуелсіздік жайындағы идеяларын, ұстанымдарын, бағдарларының тарихи философиялық сарапталуы бүгінгі ұлтымызды ұлт ететін құндылықтарды байытуда өз үлесін қосары даусыз. Басқаға тәуелділікте болу ең жеңіл жол, ал, еркіндікті таңдау, ең қиыны. Ел басымыз бұл мәселенің өзектілігі жайында: «Алашқа айбын болған, азаттық ұғымының айдынын кеңейткен тұлғаларымызды ел санасына, тарихи беттеріне қайыра алып келген тәуелсіздікті осындай ұлтқа пана болар аруақтарымызды тірілтіп бергені үшін асқақтатуымыз керек емес пе?» [1, 355 б.] – деп жазды. Сондықтан да тәуелсіздік, бостандық, еркіндік туралы ұғымды философиялық тұрғыдан жан-жақты зерделеу бүгінгі қазақстандық қоғам үшін ерекше маңызды. Қазақ халқы еркіндікті, әсіресе жеке басының азаттығы мен ой еркіндігін бәрінен жоғары қояды. Сөздің жаны бар деп есептеген, сөзге тоқтаған, кітапханасы мен мұрағаты өздерінің жады болып табылатын халықта демократиялық құндылықтар басымдық танытқаны белгілі. «Бұрынғы қазақ қоғамындағы «Дат» деп алып, ханға да қарсы уәж айта беретін дәстүрді қоғамтанушылар «далалық демократия үрдісі» немесе «көшпелі демократиясы» деп атап жүр. Хан да, батырда, сұлтан да, бай да қара халықтың осы уәжімен есептесуге мәжбүр болған...Бұл орайда, ел сыйлаған жыраулар мен ақындардың пікірі елеулі әлеуметтік күшке айналған. Осылайша дәстүрлі қазақ қоғамындағы сөз бостандығы, ой еркіндігі Абай айтқандай «бас басына би болуға», анархияға ұласуға дейін барды. Сірә, қазақ қоғамының кезінде қатаң билік үстемдік құрған елдерден кенже қалуы, сөйтіп өзгенің боданына айналуы осы еркіндіктің шектен шыққан әрекеттерге ұласуынан да болар», [2, 83 б.] – деген Ә. Нысанбаевтың тұжырымдары еркіндікті пайдаланып елдің шырқын бұзуға дейін барудың келеңсіз тұстарына берілген дұрыс баға деп есептейміз. Адамдық мәнділік еркіндікте. Өмірде адамдық мәнділікті еркіндік жағдайында таңдай алады. Адам таңдау жасау арқылы алдағы өмір сүру жоспарын анықтайды. Өзінің идеалдарын, нені құндылыққа балап, нені өмірінің мәні ететінін осы таңдау еркі болмаса жүзеге асыруы мүмкін емес. Ал таңдау жеке тұлға үшін үлкен сын болып табылады. Осы таңдау жасауларымыздың өзі еркіндіктің болуымен анықталады. Адамдар күнделікті қатынастарында табиғат жағдайларына ғана емес, өздері жасаған күштерге де тәуелді болып жүреді. Ол күштер әлеуметтік ұйымдар, әлеуметтік институттар, салт-
дәстүрлер мен сана түрлері болып табылады. Осы кезге дейін философия тарихында зертеушілір еркіндікті бар деп дәлелдеп жүрсе, оған қарама-қарсы пікірдегілер еркіндікті жоққа шығарады. Дәстүрлі қазақ мәдениетінің негізгі мәселелері мейрімділік пен қатыгездік, шындық пен өтірік, адамның әлемдегі орны, оның тағайындылығы, өмірдің мәні, адамның қоршаған ортамен, жоғары күшпен, рухтармен қарым-қатынасы болып табылады. Қазақ халқының дүниетанымы,
дүниеге көзқарасы өмір сүрген кезеңдерінде әр түрлі сипатқа ие болды. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде «Әлем-Жер-Адам» қатынасы тұтастықты қамтиды. Қазақ философия тарихында ақын-жыраулар шығармашылығында өздерінің болмысын категориялар арқылы кескіндеп кейіптемей, поэтикалық қалыптағы образды ойлар арқылы айшықтады. Халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы еркіндік рухы мәселесі тарихи-әлеуметтік деңгейде таразыланды. Оның негізгі ұғымдарымен түбірлес, тектес түсініктері ұсынылып, олар тарихи сана тұрғысынан байыпталатын еді. Бұл зерттеуде билер мен хандар және жыраулар дүниетанымындағы еркіндік категориясының мәнін философиялық тұрғыдан ашып көрсетуге талпыныс жасалды. Алайда қоғам еркіндігі туралы мәселеде «еркіндік» тәуелсіздік, егемендік, азаттық, бостандық ұғымдарымен астасып кетеді.Сондықтан, еркіндік категориясының қазақ қоғамындағы жалпы мазмұнын таразылау барысында хандардың ролі зор екендігін, ел мүддесі мен азаттығы соған тікелей байланыс-ты болатындығын ескере отыра, оның осы мәселедегі ақыл парасаттылық деңгейі мен нақты іс-тәжірибелік әрекеттерін тарихи сана тұрғысынан таразылауды жөн көрдік. Осы орайда, қазақ хандарының жалғасуының басты буындарының бірі болғандықтан, екіншіден, біз қарастырып отырған мәселе ХVІІІ ғасырдағы еркіндіктен бастау алатындықтан – Абылай ханның жеке дара тұлғасы арқылы әлеуметтік азаттық мәселесін таразылауға мүмкіндік аламыз.
ХVІІІ ғасыр оқиғалары қазақ халқының әлеуметтік-саяси және философиялық ой-жүйесіне ерекше бір шабыт беріп, қозғау салған еді. Өркениеттің бір белгісі еркіндік. Қазақ атқа мінсе болды, демін еркін алып, жан-жағына қарап, өзін еркін сезінген. Қайда барамын, қалай жүремін ол өз еркінде. Бүкіл айнала аймақты ол өз жері сияқты сезінген. Өмірі өзін емін-еркін ұстаған қазақтың дүниеде қорқатыны бостандықтан айрылу болған. Абақтыға қамалу ол үшін өлімге тең көрінген. Соғыста қорқу, үрку дегенді білмеген. Ата-бабасынан қалған оның бір ерекшелігі соғыста өлемін деп қорықпаған. Оның қорқатыны тұтқын болмау, зынданда отырмау, не құл болмау. Иә, өмірлерінің мәні болған еркіндік пен еркіндігінің материалдық негізі болып есептелген малынан айырылған қазақ мүсәпір ғана емес, аштықтан қырылды, – дейді Д. Кішібеков [3, 46 б.]. Көшпелілер көзқарасында жаугершілік заманда ат жалын тартып мінген ер азамат, жауынгер майдан алаңында жаумен шайқаста шейіт болса, оған еш өкінбеген. Өйткені олардың түсінігінде бұндай өлім «ақ өлім» деп саналған. Мәселен, Ақтамберді жырау қартайған шағында, төсек тартып жатып:
қайтейін» – деп армандаған екен. Бұл арман, еркіндік үшін өлімге де бас тігетінін айғақтайды. Елі мен жерін қорғау жолында жан берудің өзі олар үшін өлімнің ең қадірлі-қасиетті түрі болып түсінілген. Адам үшін мына жарық дүниені қию қандай қиын болса, оны да осы жолда құрбан етуге бар. Оларға еркіндік жоқ жерде өмірдің мәнісі де қалмайды. Сондықтан жауынгер-жыраулар өздерінің жалынды жырларында «жалаңаш бар да жауға ти, Тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр» деп сарбаздарға рухтандырушы күш бере, өздерінің азаттығы жолындағы соғыста қайтпас қайсар болуға шақыра толғайды. Еуразиялық кеңістіктегі Қазақ Ордасының осы бір кезеңінің тарихи хал-ахуалын жазушы, жыраулық поэзияның білгірі М. Мағауин «Түркістан бастаған жиырма бес қаладан айырылу Қазақ Ордасының қанатын қырқып, өрісін тарылтып қана қойған жоқ, оның алдағы замандардағы тіршілік кебін бір жақты мал шаруашылығымен ғана айналысатын көшпенді кепке түсірді. Түркістандағы Әзірет Сұлтан дүрбесінен бастап, Сауран, Шымкент, Сайрам, Ташкент, Созақ және басқа қалалардағы мешіттер қоймасында сақталған бай кітапхана, ондағы діни-фәлсафалық еңбектер, ескі тауарихтар мен шежірелер, біз бар деп білмеген тағы қаншама мұра өртке кетті, талан-таражға түсті, жойылды» – деп сипаттайды: [4, 100–101
бб.]. Сахара жұртына соншалақты қымбат құндылықтардың күйрей бастауының нышандары айқын көріне бастаған кез басталды. Осындай алмағайып заманда, қазақ халқының өмір сүруі мен жойылып кетуінің алдында тұрған неғайбіл шақтарында ұлттың айбынды да асқақ жоғары рухының арқасында еркіндікке деген құштарлық бәрін де жеңіп шықты.
Бабаларымыздың көзсіз жанқиярлық ерлігі жайында көптеген аңыздар, өлең-жырлар, толғаулар дүниеге келгені белгілі. Ол туындылар сол кездегі өмір шындығы, жүректердің тебіренісі, халықтың арман-тілегі. Біздің жадымызды екі ғасыр бөліп тұрса да, бабалар үні құлағымызда тұрғандай. Бұрынғы мәдениеттен қиратындылар, ал түптің түбінде күлдің үйіндісі қалады, бірақ осы күлдің үстінде рух қалқып жүретін болады деген Л. Витгенштейн сөзінің жаны бар екенін тарих дәлелдеп отыр. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп аталатын жылдар мен «Қаратудың басынан көш келеді», «Елім-ай» атты әндер қазақ елінің дербестіктен айырылып қалу қаупі туған кезеңнің туындылары. Осындай қауіпті ең алғаш сезіне бастаған халықтың ең сезімтал ұлдары – жыраулар, билер, ақындар, осындай күйреудің үрейлі ұшқындарын өздерінің шығармаларында көрсетіп, халықты, билік басындағы хандарды бірлікке шақырды. Олардың негізгі үні – отаншылдық, ерлік, жерін, атамекенін қорғау т. т. бір кездегі Түрік империясының дәуірлеген кезіндегі рухтың өрлігі бәсеңсігенін жандандыруға арналды. Ұсақ мүдделердің, билікке таласудың, тайпалық, рулық, т. б. пиғылдардың белең алғандығы қатаң сыналып, тұтас халықтың бірлігінің мүдделерін алға тарту басым.
Дәуірдің геосаяси жадайына келетін болсақ, қазақ даласын Қытай мен Ресей бөліп алуға даярланып жатқан еді. Ресей екі жақты, қалмақтармен және қазақтармен «саяси ойын жүргізу» саясатын ұстанды. Абылайдың Қытаймен одағы сол кезеңдер үшін бірден-бір дұрыс шешімдер болды. Қазақ халқының мәдени құндылықтарының өсіп-өркендеуіне елеулі кедергілер келтірген XVІІІ ғасырдағы тарихи жағдайлар бір жағынан ұлттың намысын оятып, халықты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға бірауыздылыққа, бірлікке жұмылдырды. Екінші жағынан, осынау сахараны мекен еткен, ешкімнің жеріне, байлығына көзінің қырын да салмаған, ешкімге өзі тарапынан соғыс жариялап, шабуыл жасамаған ұлттың саяси мәдениетін қалыптастырды. Саяси мәдениет тек ұлттық мемлекеттілік құрылымның пайда болуына байланысты қалыптаса бастайды. Тайпа, ру аралық қатынастар, ел ішіндегі ірілі-уақты болып
жататын өкпе-наз, барымта, шаруашылыққа байланысты жер дауы, әлеуметтік мәселелердің ішіндегі қазақ қоғамының ең бір өзектісі – жесір дауы, бұлардың барлығы дерлік халықтың өзінің ішкі қатынастары болып табылады. Олар саяси сфераға жатпайды. Халықтың халық ретінде одан кейінгі дәуірлерде ұлт ретінде бірігу үдерістері. Әрине бұл құндылықтар негізгілер. Бірақ оларда саяси қатынастардың белгілі бір нышандары болғанымен, шын мәніндегі саяси қатынастар жоқ деуге болады. Саяси қатынастар халықтық және ұлттық құрамаларға айнала бастағанда, ол құраманың басқа сондай құрамалармен қатынас аясында өрістеуі тиіс. Осы халықтық құрама тұтас елді біріктіретін күш, мемлекеттің пайда болуымен байланысты, сол арқылы күшейе түседі.