ЕРТІС БОЙЛАП ЕРТЕҢГЕ ОЗҒАН АҚЫН
Ұмытпасам, 1954 жыл болуы керек, «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз» журналы ол кезде солай аталатын) журналының кезекті бір санынан:
«Обь тасыды жаз шығып,
Суда тұрды жас шілік»,- деп басталатын өлең өзінің ойнақы, жеңіл окылуымен қатар, көктемдегі тасыған өзен бейнесін, ондағы су кешіп тұрған жас шыбық бейнесін қарапайым да жатық тілмен өрнектегені әсер етіп еді маған. Қырық жылдай уақыт өтсе де, осы өлең жолдары жадымда қалыпты. Өлең авторы - Мүбәрак Жаманбалинов.
Көп жылдар бойы Мүкеңнің өзімен кездесіп, жүздеспесем де, «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінен өлеңдерін жиі кезіктіріп, сырттай қанық болдым.
70 - жылдары Мүкеңмен сұхбаттасып отырып, аталмыш өлеңін есіне алып, «Обьтың тасығанын қайдан көріп жүрсіз, өзіңіз Ертіс жағасында тұрасыз ба?» - деп сөз арасында сауал қойдым. Сонда Мүкең: «Ертіс жағасында туғаныммен, бала күнім, жігіт шағым Обь маңында өтті. Алғашқы өлең жазуым сол өңірде басталған еді»,- деп көп хикая айтқанды.
Мүкең жазған оннан аса өлең жинақтарының екеуі ғана ересектерге арналса, қалғандары түгел балаларға арналған. Егер осы жинақтар өлең құмар, ақындықты армандаған шәкірттердің қолында болса, олар өздері аңғарып, байқай бермейтін мінез-құлықтарын, күлкілі қылықтарын сезініп, жақсылыққа ұмтылар еді. Өлең құрылысы, оқиғасы жайында мағлұматалып, ойларына түрткі болар жайларды кезіктірер» еді.
Астарлы ой салатын өлең де болады. Мұндай өлең мысал түрінде жазылады. Балалардың мінез - құлқын жақсы білетін Мүбәрак Жаманбалинов ақын шығармаларында ондай мысал көптеп кездеседі. «Ошаған мен қошақан» өлеңін оқып шығайықшы.
Сүйкеп өтті Қошақан
Іліп қалды ошаған.
Өршеленді Қошақан:
Өш, алам,- деп,- өш алам.
Басын шайқап: «Ме-ме-леп»,
Қойып кетті Қошақан.
Өне бойын шеңгелдеп,
Жауып кетті ошаған.
Бұдан туған кеңес не?
Тек тұрғанмен егеспе!
Осы өлеңді былайша түсінуге болады. Сотқар бала жай тұрған баланы қаға - маға, тиісе өтсе, анау да сыбағасын жібермей, аяқтан шалары даусыз. Өзіне қарсылық көрсеткені қорлағандық деп сотқар төбелеске бұрады. Бірақ өршелене ұмтылғанына кедергі - басым күш. Сондықтан су сепкендей басылады.
Мүбәрак Жаманбалиновтың өлеңдерінен тәрбиелік, яғни еңбекқорлыққа, тапқырлыққа, қоршаған ортаны танып білуге бағытталған туындыларды молынан кездестіреміз. Біраз мысал:
- Қайда болдың, бал ара?
Жүрдім бақта, далада.
Неге жүрдің далада?
Қонақтадым аралап.
Күллі - күллі атырап
Жайыпты гүл - жапырақ.
Жауқазын дәм татырды,
Райхан гүл де шақырды.
Раушанның, алманың
Бәрін - бәрін шарладым.
Бәрінен де бал алдым,
Жомарттығы - ай далаңның! Міне, еңбекқор бал арасымен екеуара болған әңгіме осылай. Баланың қойған сауалына араның жауабынан көп мағлұмат аламыз. Ол дала жомарттығына тіреледі. Ал оның еңбекқорлығынан да мәлімет аламыз. Бірақ, жай әңгімелегеннен гөрі өлеңді оқыған анағұрлым тартымды. Сөз дәмдісі өлеңде қолданылады ғой. Бұл орайда халық тілін жақсы білетін ақын тиісті орнына қиюластыра қойып, өлеңге көрік, ойға бояу беретіндей құрайды. Әрі балаларды еңбексүйгіштікке бағыштаған ой көңілге оралады.
«Той. Мереке. Салтанат.
Думандады шартарап,
Келіп қалды Жаңа жыл
Тартуларын арқалап».
(«Жаңа жыл»)
«Жапырағы салалы
Бейне қаздың табаны.
Гүлі сары алтындай
Көз тартады жалтылдай.
Жемісін ел қалайды
Қара көзге балайды».
(«Қарақат») Жоғарыда айтылған пікірімізге осы жыр жолдары шынайы жауап бере алады деп ойлаймыз. «Жаңа жыл» өлеңінен келтірілген шумақ - сурет. Көз алдыңызға шат - шадыман жай елестеп, табыстарын арқалап жыл келе жатқаны ғажап.
Теңізде жоқ,
Балықта бар.
Семізде жоқ,
Арықта бар. Бұл жұмбақ өлеңді «Балдырған» журналынан кездестіреміз. Бірақ бастауыш класс оқушыларына да қатысты. Алты жасар бала үшін емес, 3 - 4 кластың оқушыларын ойландырады. Шешіп көрсек А, Ы, Қ әріптері екен. Осы орайда бір жайға тоқтала кетейік. «Балықтың» теңізде болатындығы, «арықтың» семізге қатыстығы ақынның жай жұмбақ өлең құра салмағандығын дәлелдейді. Жұмбақ өлеңді шеше отырып, балықтағы әріптер теңізде болмағанымен, балықтың өзі теңізде болатындығын біліп отырамыз. «Арық» сөзі семіздің антонимі екенін, балық пен арық, теңіз бен семіз ұйқастарының өз орнын табуы, шеберліктен деп білеміз. Яғни ақынның еңбекқорлығының, ізденгіштігінің жемісі екені айқын көрінеді. Асылы, Мүбәрак Жаманбалинов ағайымыз өлеңдегі жемісті еңбегін құрметті демалыста жүріп те жалғастырып келеді. Ақын ағаны үнемі өзі тұрып жатқан Ертіс қаласының балалары арасынан жиі кезіктіреміз. Кейде балағын түріп, қолына қармағын алып, балалар арасында өзенге де шомылып жүргеніне куәгер боласың. «Мұның не?» десеңіз, «Балаларға өлең жазады екем, тақырыптың өзі солардың өзі ғой. Олардың ойы - әңгімесі, мінез - құлқы - зерттейтін объектім. Әңгімелерінде естімеген, тіпті ескермей жүрген сөзді естимін, тың ойлар туындайды», - дейді Мүкең. Бұған келісесіз. Өйткені дәлелді. Нәтижесі ақын шығармашылығында айқын көрініп, мәлім болғаны анық.
Есентай Ерботин,
ақын, Қазақстан Жазушылар одагының мүшесі.
«Ұлан» газеті 1992 жыл 28 қазан
Достарыңызбен бөлісу: |