Эссе
Т. Рысқұловтың Сталинге хаты – ащы әрі шынайы шындық
Т. Рысқұлов – публицистиканың эпистолярлық жанрында кеңінен қалам тербеген қарымды қайраткер. Оның хаттарында көтерілген мәселелердің ауқымды болуы – саяси-идеологиялық, қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарды қозғағандығы. Қалың бұқара назарын аударғандағы мақсаты – тұйыққа қамалған түйінді бірлесе шешу, ел болып бірлесе үн қосу еді. Әдетте баяндау стилінде жазылған хаттарында Т. Рысқұлов қоғам үшін өзекті проблеманың дөңесінің түзуленуіне ықпал етіп отырған. Мәселен, Бішкектегі ауылшаруашылық училищесін тәмамдар тұста жазған хаты арқылы, заманында өзі сияқты балалардың басындағы халді баяндай отырып, көңіл бөлуді сұрайды. Алғашқы хатта шынайы тіршілік болмысын боямасыз бейнелеген жас шәкірт – Тұрар болашаққа деген сеніміне селкеу түсірмей, алға адымдауына батыл талпынысына, мектеп басшылығы қолдау көрсетуін өтінеді.
Тұрар сол уақыттарда тағдырына асқан жауапкершілікпен қараған қазақ жастарының бірі болғаны даусыз. Әкесі Рысқұлдың Алматы түрмесіндегі мехнатты күндерін, әділетсіздікпен күрестегі теперішін көзбен көрген ол алдағы өмірінде ешкімнен қолдау болмайтындығын, тек адал еңбек пен әділетті қадам ғана алға жетелейтінін түбегейлі сезінген. Ұлы Абайдың:
«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап»
деп айтқан ғақлиясы Тұрар Рысқұловтың өмірлік ұстанымына айналған. Сондықтан да Тұрар кеудесіндегі жанайқайын замана көшіндегі өткір мәселелермен өріп, қоғам назарын аудартуды парыз санаған.
Достарыңызбен бөлісу: |