Естен кетпес есімдер



Дата07.02.2022
өлшемі18,23 Kb.
#85787
Байланысты:
Біз Ғайни ұрпақтары


Естен кетпес есімдер.....
«Біз Ғайни ұрпақтары»- мектебіміздің әнұраны болатын.Сөзі, директорымыз Оқу ісінің үздігі Амантай Жүнісовтікі, әні, ғалым, мектебіміздің бұрынғы директоры Қабділрашид Қайымовтікі. Амантайдың ақынжанды ақын екенін осыдан-ақ біле беріңіз. Әдебиетші болғандықтан ба, мені жанына жақын тартатын еді...
«Сен қазақ саз аспаптары туралы айтып та, жазып та , жасап та жүруші едің ғой, ал енді бәрімізге сыналатын кез келді. Ақсуат ауданы бойынша тұңғыш рет мектеп оқушыларынан құралған фольклорлық- этнографиялық ансамбль құратын болдық». Мен қуандым,басқалардың ойы сан-саққа жүгірді.
Республикамызға белгілі музыка зерттеуші ғалымы, сыбызғышы, профессор Болат Сарыбаевтан дәріс алғанымды білуші еді. «Еңбек туы» газетіне басылған «Сыбызғы сыры» деген өлеңімді де оқыған болатын:
Сызылтса сыбызғының сырлы әуенін,
Елітіп есің кетіп тыңдар едің.
Бейне бір тіл біткендей қуыс жезге,
Үуілдеп «Илигайды» төгілткенде.
Сырлы саз тербеткендей дүниені,
Көңілге ыстық сезім үйіреді,
Келтірген сыбызғыны кемеліне,
Бас идім сыбызғышы өнеріне.
Домбыра, дауылпаз, даңғыра, дабыл,кепшік, жетіген,тастұяқ, қоңыраулы асатаяқ,шаңқобыз,сыбызғы, тоқылдақ аспаптарын жасап шықтым. Осылардың ішінде дауылпазды қалай жасағанымды айта кетейін, қайыңның безін (тамыр томарын) қазып алып, ішіне шоқ салып отырып, ыңғырумен ойып сыртқы түрін жасадым.Бетіне керетін тері керек болды. Амангелді Лепесов ағамыздың үйінің алдында жабайы шошқаның терісі жататын еді. Соны сұрап алдым.... « Тері өңдеу технологиясын» бастан аяқ жазып, оқушыларға үйрету мақсатында Сайраш Әбішова арқылы «Қазақстан мектебі» журналына бастырған болатынмын. Ауданнан тағайындалған дирижеріміз Рахымбек Ноғайбаев ағамыз дауылпаздың дыбысын тексеріп көріп, « Мынау біздің оркестірімізге керек екен, бізге сат»,- деп жатып жабысты.Іске Амантай ағамыз араласып,бергізбей алып қалды.
Ансамбліміздің атын «Тоғыз тарау толқындары» деп, менің досым, мектебіміздің художнигі, ақын Мақсат Әбубәкір қойды.Мақсаттың өлеңдерін екеуміз бірге талқылайтын едік; «Сарымсақты», «Сардоңғал», «Сылдырма», «Қаражал», «Шаған шыққан», «Құс мұрын», «Итэмелім» тағы басқалары.
Тізілген таулары бар кіндіктінің деп кете беретін...
Сардалада сағымдар айқастаған,
Алыстан бұлдырайды «Бөртостаған»
Ырғыз далам өзіңе келген сайын,
Жұмыр тастар жұмбақтау ой тастаған,- деп Күмістау жырларын төгіп өтті.
« Бұлт ұйықтаған жұмақ жер» Алтай әуендеріне ойысты, Алтайға қалай барды екен деп ойлайтынмын...
Алматыға барғанда телеарнада «Көркемдік жетекші кім болады?»деген талқылау болды. Сол кезде, телестудияда музыкалық редактор Оралбек Сарбасов аспаптарды жасаған мен екенін біліп, мені «көркемдік жетекші» етіп тағайындатты.Онысына рақмет айттық. Ансамбльде сыбызғыда ойнайтын бала болмағандықтан Рахымбек ағамыз бір шетінде тұрғызып маған ойнатып қойды.Тағы да бір есіме алатыным, Айдар Абылкасымовтың домбыраның құлағында ойнайтын шебер күйшілігі. «Әлқиса», «Атамұра»
күй поэмасын орындайтыны. Әрі баянист( сырнайшы) болатын.
Мектебімізде « Жас қалам» қолжазба журналы, «Ұстаз үні» қабырға газетін шығаратын едік. « Жас қаламның» шығарушысы Бағила Аубакирова болатын.
... Осы бір сырды оқып ем,
«Жас қаламның» бетінен,
Енді жазып отырмын,
Жүрегімнің отымен.
... Сұм соғыс- дауыл сілкілеп,
Үзді ақынның гүл сөзін.
Тірі қалса кім білед,
Әлі ешкім білмеген,
Ашар ма еді жыр көзін.
Уыз жас кеттің білінбей,
Бүгін мен сені ұғындым,
Көктемнің көкше гүліндей,
Қалыпты жазған туындың!
Ақсуат аудандық «Еңбек туы» газетіне «Көктемнің көкше гүліндей» осы өлеңім шығысымен Амантай аға мені тіпті жақсы көріп кетті ғой деймін. «Ұстаз үні» газетіне шыққан мұғалімге « достық әзіл» жазасың деді. Газетіміздің көркемдік жағын басқарушы мектебіміздің қыл қалам шебері Мақсат, Көшен (Көшербай) Ерлан, Аманжол керемет суретші, мүсінші, талантты, өз мамандықтарының нағыз мықты иелері «әр қазақ менің жалғызым « болып өсті. Менің бір сөзімді өзгертпей жазатын;
«Сабындыкөл сапары әлі есімде
Біздің жаққа тағы да келесің бе?»
(Оқу ісінің Үздігі Рая Әбішева) немесе:
Сабындыкөл Текейде бәдізделген,
Бал-бал тастың тарихын бәрін білген,
Бақытбек (Жылқыбаев) МинПростан мақтау алған,
Тарихты Кіндіктіде жаттап алған.
Мектебіміздің оқу-ісінің меңгерушісі Қыдырбек Төлеков «Оқу ісінің Үздігі» атағын алғанда «Ұстаз үніне» шығаратын болдық. Көзінше «Қыда», «Қыдыаға» дейтінбіз. Қазақтың жалпақ сөзі деп жүрсек астарлы мағынасы да бар болып шықты. Сейсенбин Жеңіс тарихшы мұғаліміміз жаспен де кәрімен де қалжыңға жүйрік,әзілқой адам. «Қыдаңның» «қыдиып» отыратынын жазшы деді. Одан соң маған қыдиып алады ғой десем «Қорықпа, өзім қорғап алам»,- деді.
Алған марапатымен құттықтап,жылы-жұмсақтап келіп:
... «Қыдаң отыр «қыдиып»,
Кәріне ілікпей тұрғанда,
Қой тезірек құриық... дегем ғой. Ертеңіне жайсыздана мұғалімдер бөлмесіне кірсем, Жеңіс мұғалім екеуі отыр екен. Сәлемімді салғырттау алып,маған қадала қарағанда Жеңіс ағамыз қарқылдап күліп жіберді.»Ах, оңбаған! Сен екенсің ғой жаздырған»,- деп өзі де қоса күлді...
Қоғамдық пайдалы еңбек деген шығып, мектеп ауласына бау-бақша, көкөніс өсіретін болдық.Өмірімде көкөніс өсіріп көрмеппін. Биолог мұғаліміміз Сайлат Мұқаметжанов ағамыз көмекке келді. Тақтаны қашап,тыңайтқыштарын араластырып, енді егуін көрсеткенде: «Ойбай, мынау бір тозақ қой»,-дедім. Келе –келе үйреніп алып, Сайлат ағаның әдісімен тұқым сепкенде, күні бүгінге дейін Сәкеңді еске алатын болдым.
Аманкелді Лепесов ағамыз жайлы айтқанда, қызы Лепесова Мақпалдың «Өшпес іздер» кітабында толыққанды бейнесі жазылған болатын. «Әнім- Семей» әні еді деген новелла жазғам. Жаза бергім келеді, жаза бергім!...
Амандай ешкім айта алмайды,
«Қайырымды аға қартаймайды».
Аңшылығы бір басқа,әншілігі бір басқа,
Ұстаздығын айтсақ жетер-ау,...
«Әнім-Семей» әні қалды біз жақта.
«Кіндікті» аулының іргетасын қалап, совхоз етіп құрған, Ғани Мұратбаев мектебін салдыртып, тұңғыш онжылдық мектеп аштырған совхозымыздың директоры, өз сөзімен айтқанда «бір күн ұстаз болмасам да», «Халыққы білім беру ісінің озық қызметкері» атағын алған, Малдыбай қажы Рахманұлының «Ізгілікке ұмтылыс» кітабында есімдері тасқа басылған, сл кездегі өрімдей жас қыз-жігіттердің, қазіргі еңбектері елеулі ардагер ұстаздар менің де «естен кетпес есімдеріме» айналды. Олар: Бейсенбаева Зұлқия, Нұрсейітова Күләш,Нұрбеков Мұқтар, Алшынбаева Нұршай, Түсіпханов Кеңесбек, Мұқашева Шакиман,Абылкасымов Мұратбек,Құйқалақова Ақжарқын,Уалханова Раушан...
Қазіргі «Рухани жаңғыру», «Жаһандану» дәуірінде де айтылып, жазылып жаңғыра береді бұл есімдер. « Алдарынан білім алған сан шәкірттерінің рухани ағасы мен апайлары болаа білді бұл жандар!»
Менің осы есімдегім,
Ұмытылмас есімдерім.
Ұмыт қалсам кешіріңдер,
Өздерің жазып өсіріңдер.
Ендігі жасқа аманат,
Бәріне де қанағат!

Болатов Әділхан Нұриманұлы


ардагер ұстаз, Ғ.Мұратбаев мектебінен

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет