Индивид және қоғам. Биологиялық түр болғандықтан әр адамның туа біткен ерекше-ліктері бар, мысалы, дене құрылысы тік жүруге мүмкіндік береді, ми құрылымы интеллектің дамуын қамтамасыз етеді, қол құрылысы еңбек құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді, т.с.с. Осы белгілер адам баласын хайуанан ажыратады. «Индивид» ұғымы адамды белгілі биологиялық қасиеттерді иеленуші ретінде сипаттайды.
Индивид ретінде туылған адам қоғамдық өзара қатынастар мен процестер жүйесіне қосылады, нәтижесінде ерекше әлеуметтік сапа иеленеді, тұлға болып қалыптасады. Бұлай болу себебі, қоғамдық байланыстар жүйесіне қосылған адам – субъект, іс-әрекет процесінде қалыптасатын және дамитын сананы иеленуші. Индивид жеке, нақты адам, оған Homo Sapiens-тің тектік белгілерімен қатар жекеше белгілер де тән. Бұл оның табиғи тума қабілеттеріне, психикалық қасиеттеріне (жады, қиялы, темпераменті, мінезі) және оның ойлау (көқарастары, пайымдаулары, пікірлері) ерекшеліктеріне, қажеттіктері мен сұраныстарына қатысты. Жеке даралық – бұл индивидті басқалардан ерекшелендіретін қасиеттер мен қабілеттердің жиынтығы ретінде анықталуы мүмкін.
Тұлға – бұл нақты қоғамдық тарихи қатынастардың жай ғана тасымалдаушысы емес, оларға өзінің жеке-дара қабілеттерімен және бейімділіктерімен, саналылығымен және ұйымшылдығымен, еңбектік және саяси-қоғамдық белсенділігімен елеулі ықпал ететін адам.
Әлеуметтануда «қоғам» категориясына әр түрлі тұжырымдамалық көзқарастар жасалған. Мысалы, «атомистикалық» теория бар, оған сәйкес қоғам әрекет етуші адамдардың немесе олардың арасындағы қарым-қатынастардың жиынтығы болып шығады. Бұл тұжырымдаманы шегіне жеткізген Г.Зиммель теориясы болды, ол «қоғам» жеке адамдардың өзара іс-қимылын білдіреді деп ұйғарды. Г.Зиммельдің пікірінше, өзара іс-қимыл әрқашан белгілі бір нәрсеге берілу немесе белгілі бір мақсат үшін қалыптасады. Инстинкттер, іскерлік мүдде, діни импульстер, қорғаныс немесе шабуыл, ойын немесе кәсіпкерлік, көмектесуге, үйренуге ұмтылу, сондай-ақ көптеген өзге де уәждер адамды басқа адамдар үшін, басқа адамдармен бірге, басқа адамдарға қарсы әрекет етуге, ішкі жан дүниесін үйлестіруге және келістіруге, яғни ықпал етуге және өз кезегінде ықпалына көнуге итермелейді. Осы өзара ықпал ету жеке қозғаушы импульстер мен мақсаттардың жеке көздерінен бірлестік, «қоғам» құралатындығын білдіреді.
«Әлеуметтік топтар» теорияларында қоғам - бір басым топтың сан алуан түрі болып табылатын адамдардың түрлі топтарының жиынтығы ретінде түсіндіріліп келді. Қоғамды адамдардың неғұрлым жалпылама жиынтығы ретінде қарастыра отырып, бұл тұжырым-даманың авторлары «қоғам» ұғымын «адамзат» ұғымымен теңестіреді.
«Қоғам» категориясының анықтамалар тобы әлеуметтік институттар мен ұйымдар жүйесін білдіреді. Қоғам - тұтас бір институттар мен ұйымдар шегінде бірлесе отырып, әлеуметтік өмір құрайтын адамдардың үлкен тобы. Қоғам тұтас жүйе ретінде мынадай ішкі жүйелерден тұрады: экономикалық, әлеуметтік, саяси және идеологиялық.
Әлеуметтанушылар қоғамның мынадай жалпы әлеуметтанулық анықтамасын береді: «Қоғам - адамдардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің тарихи қалыптасқан нысандарымен біріккен әрі тұрақтылығымен және тұтастығымен, өзін-өзі байытуымен, жеткілікті болуымен, реттеп отыруымен және өздігінен дамуымен, мәдени дамуының өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің негізін құрайтын ерекше әлеуметтік нормалар мен құндылықтар көрініс табатын деңгейімен сипатталатын жиынтық».
Достарыңызбен бөлісу: |