Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі


II тарау. Р. Бердібай – халық өнерінің жанашыры



бет2/3
Дата23.10.2016
өлшемі0,61 Mb.
#37
түріДиплом
1   2   3

II тарау.

Р. Бердібай – халық өнерінің жанашыры.

Р.Бердібай фольклор туындылары жырды, толғауды таратушы, дамытушы, сақтаушы жыршы, жырау, ақын, өлеңшілер туралы "Жыршылық дәстүр" және "Халық ауыз әдебиетін жасаушылар мен дамытушылар" деген зерттеу еңбектер жазды. Ғалым бұл зерттеу еңбектерінде Е.Ысмайловтың "Ақындар", Ә.Х.Марғұланның "Ертедегі жыр аңыздар", К.Сыздықовтың "Ақын-жараулар" деген еңбектеріне көп сүйінеді. Жырау, жыршы, ақын, термеші, өлеңші - бұлардың әрқайсысына ғалым анықтама беріп, олардың қызметтеріне, өзіндік қасиеттеріне жеке-жеке тоқталып, жан-жақты түсіндіріп отырады. Мысалы, "Жыраулардың негізгі орындайтын жанр түрлері толғау мен арнау" екендігін ал "жырау" деп осы күндері де қарақалпақтарда және Қазақстанның кейбір жерлерінде қаһармандық жырларды орындаушыларды айтатындығын" - көрсетеді. /6.286-288./

Р.Бердібай "ақын" деген сөздің шығу төркіні жөнінне түрлі пікірлердің бар екендігін атап, мынадай қорытынды жасайды: "Өленді жанынан шығарып, төгіп айтатындарды ақын, хатқа түсіріп шығаратындарды шаир деп атау өзінен-өзі сұранып тұрған нәрсе". /6.291./ Сонымен бірге ақындық адамға "түсінде аян беруі" арқылы, "өнер иесінің батасы" арқылы және "тұқым қуалау" арқылы даритындығын айтады.

Қазақстанның кең далаларында қалыптасқан жыршылдық мектептерін төрт топқа "Батыс Қазақстан, Сыр бойы, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу, Орталық-Шығыс Қазақстан өңірлеріне" бөліп қарасытарады. /6.295./ Бұл мектептердің өзіне тән ерекшеліктерін атап көрсетеді. Мысалы, Батыс Қазақстан жыршыларында қаһармандық жырларды ("Қырымның қырық батыры") айту басым сарын болса, Орталық-Шығыс Қазақстан атырабында лиро-эпос ("Қозы Көрпеш - Баян сұлу", т.б.) жанрындағы шығармалары кең тараған. Ал Сыр бойы мен Оңтүстік Қазақстан аймағында осы екі топтағы жырлар аралас келіп отырған, оның үстіне мұнда арғы тегі шығыс әдебиетінен ауысқан ғашықтық, қаһармандық діни хикаялар да ("Рустем-Дастан", "Көрұғлы", "Әміре-Әмзе") күрделі орын алған деген сияқты.

Ғалым қысқа ғибрат өлеңдерді айтушыларды термеші деп, олар "қазақтың халық жырларын да, нақыл толғауларын да, мысал, шығамаларын да, сонымен қатар жеке авторлар туындыларының ел арасына тарап, халықтық сипат алған нұсқаларын да ұмыттырмай, әр бір буынның құлағына құйып, әдет, әдеп, дәстүр, кісілік, адамгершілік, имандылық сабақтарын дарытып келген" - деп баға береді. /6.299-300./

Термешілік туын кейінгі жылдарда көтерген дарын иелері қатарына К.Рустембеков, Ш.Төлепова, Қ.Орашева, А.Алматов сынды жүйріктерді атайды.

Р.Бердібай жыршылардың эпикалық дәстүрді жалғастырушы ретінде еңбегін бағалауда төрт түрлі ерекшілікті атайды. "Біріншіден, жыр нұсқаларын көп өзгеріске түсірмей, дәстүрлі поэтикалық көріктеу құралдарын сақтай отырып айтушылық. Екіншіден, жыршылардың репертуарындағы айырмашылық мәселесі. Әрбір өлкеде бұрыннан келе жатқан эпикалық дәстүріне орай айтушылардың жыр құрамы да өзгеріп келеді. Жыршылардың репертуар жалғастығы да берік сақталғандығын мысалдар келтіріп дәлелдейді. Үшіншіден, жыршылардың орындаушылық шеберлігінің түрліше болушылығы. Бұл айтушының дарын қуатына, тәжірибесіне және көрген тәсіліне байланысты нәрсе. Төртіншіден, дастан, эпостарды алғашқы түр негізінен күрделі өзгеріске түсіріп айтушылық дәстүрі". /13.15-17./ Оған Ж.Жабаев, К.Әзірбаев, Н.Байғаниндердің айтқан жырларын жатқызады. Ақын-жыршылардың эпос орындау алдындағы әзірлік, "шабыт шақыруы" туралы да мысалдар келтіреді. Жыраулық, ақындық, жыршылық, темершілік арасында үзілмеген байланыс жатқанын ескертіп, мысалдармен дәлелдей түседі.

Р.Бердібай "Жыршылардың өмірбаяндық мағлұматтарын неғұрлым толық желіге түсіру, орындаушылық мектебін, дара ерекшілігін, репертуарын, дәстүрін анықтау - фольклортанудың кезек күттірмейтін міндетінің бірі" - дейді. /10.13./

Ұзақ жырдың сөз бедерін бірден төгіп айту, әлбетте екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл үшін кем дегенде бірнеше жағдай сәйкес келуі керек. Оған Р.Бердібай мына жағдайларды жатқызады: "Біріншіден, жыршыда суырыпсалма талант, тәжірибе болуы, екіншіден, айтушы жадында сюжет кұраудың, тұрақты стилистикалық формулалардың, теңеу, эпитеттің, көркемдеудің түрлі тәсілдерінің қаншама қабаты жатуы керек. /3.25./

Ғалым жырды жазып алудың шарттарын көрсетіп, мына жағдайды: "өзінің әдеттегі халық алдында шабыттана айтатын сәті болмаса, жыршылардың оңаша жазып алушыға эпостың жалпы сарынын ғана жеткізумен іркіліп калатынын" ескеру керектігін баса көрсетеді. /3.25./

Көп елдерге қарағанда біздің елімізде жыршылық дәрстүр әлі күнге дейін кездеседі. Жазба әдебиеттің әсерінен әрі жазып шығаратын, әрі ауызша толғайтын айтушылар пайда болуда. "Әрі бұрынғы эпикалық жырдың көркемдік өрнегін сақтай отырып, әрі жазба әдебиеттің озық қасиеттерін бойға сіңіріп жырлайтын ақын-жыршының жаңа типі қалыптаса бастады" – деп ғалым мысалға И.Байзақовты келтіреді. /3.28-29./

Өнердің осы заманғы алуан түрлерінің күрт дамуына байланысты және ірі орындаушы, айтушылар буыны өмірден өтуі себепті жыршылдық біршама азайып, шағындалғаны белгілі. Бірақ соңғы бірнеше жылдың ішінде ғана мәлім болған жыршылар есімдері бар. Жыршы - жыраулардың көбі Сыр бойында, Қарақалпақстанда тұратын қазақ ақын - жыршылары. Оларға ғалым Ж.Аралбаев, Қ.Исманғалиев, Қ.Қалжанов, А.Тасқынбаев, Қ.Әділбеков, М.Байжанов, А.Нысановтарды жатқызады. Соның ішінде Омар Байымбетовке ерекше тоқталып, онын өмірбаянына, қызметіне шолу жасап өтеді. О.Байымбетовтен жазып алған Исақұл Ақылбековтың есімін ілтипатпен, үлкен құрметпен сөз қылады.

Өзге ақындар мен шешендердің сөздері болып табылатын О.Байымбетов айтқан мұралардың бірнеше ерекшеліктерін Р.Бердібай атап көрсетеді. "Біріншіден, көп ақындардың өмірбаяндық деректері хатқа түскен. Екіншіден сол ақындардың сөздері де алғаш рет зерттеушілер назарына ұсынылып отыр. Үшіншіден, О.Байымбетов материалы ауыз әдебиетінің түрлі жанрын өлең, терме, толғау сәлемхат, айтыс, арнау, жоқтау, шешендік сөз т.б. қамтитынын, сол жанрлардың ел арасанда сақталу, даму дәрежесін анықтауға көмектесетінін ескермесек болмайды". /10.32./

Кеңес заманында жыршалар репертуарында сапалық өзгерістер пайда болған. Олар халық арасында айтылған жырлардың идеялық көркемдік мазмұнына ерекше мән беріп, бұрыннан келе жатқан дастандардың ең таңдаулысын толғаған. Ғылым оның басты шартын - "Эпостың бүгінгі қауым тілегі, мұратымен үндес келетіндігі. Сондықтан да айтушылар ертедегі заманның кейбір көркемдігі кем, мазмұны саяз жырларынан бас тартып, биік мұрат асып арман үшін күрескен қаһармандар өмірі мен өнегесін мадақ еткен" - деп көрсетеді. /3.35./

Жырдың эстетикалық, тамашалық қызметі мен мәнін ғалым былай түсіндіреді. "Әншілік, актерлік, күйшілік, әңгімешілік, тарихтың бас қосатын өнер-жыршылдық ерте кезде театр, филормония орнына жүріп, елдің көңіл көтеретін, сұлу сөз бен саздан ләззат алатын сүйікті ермегіне айналған". Ал жыршы тұлғасын өте күрделі етіп көрсететін қасиетке мынаны жатқызады: "Айтысқа, төкпе өлеңге қабілеттілік секілді мыңдаған жол өлеңді шашау шығармай жаттауға, оны тиісті сазымен толық күйінде айтуға оңтайлық - дарындылықтың үстіне мақсаттылықты, талғампаздылықты, биік саналылықты қажет еткен. Эпосты шартты түрде өлеңмен тізілген тарих десек, жыршы сол тарихтың насихатшысы, түсіндірушісі, үгітшісі қызметін қатар атқарған". /3.37./

Беріректе Ұлы Отан соғысындағы батырлар туралы, ондағы ерлікті, батырлықты дәріптейтін жаңа, қысқа өлеңдер де, ұзақ дастандар да туылғандығын айтады.

Жырды, толғауды, термені атадан балаға мирас етіп, жалғастырып айтушылық дәстүрін Қ.Рүстембековтің табиғи талантын, Ә.Батырбековтың жыршылдық өнері мен айтқыштық дәстүрін, С.Аққожаевтің өнерін шығармашылығын, жырды айтушылық дәстүрін, өзіндік ерекшеліктерін, жыршылдық қыр-сырын жан-жақты ашу үшін кеңінен сөз етеді.

Жыршы сөзінің түп-төркінін ашу мақсатында Е.Ысмайловтың еңбегін басшылыққа алып, соңында мынадай қорытындыға келеді: "жырдың түбірі шьер (өлең) яғни көршілес өзбек, түркімен, тәжік халықтарында, "шьер" осы күнде де "өлең" мағынасында қолданылады". /3.52./

Ежелден жыр айтқан жерлерде әрбір дастан, қиссаның өзіне лайықты саздары болады. Қандай асқан әнші, термеші болса да, сол дәстүрден аулақ кете алмаған.

Р.Бердібай: "қазақ эпосын ғасырлар сілемінде жоғалтпай жеткізген құдіреттің бірі - шығарманың өз қасиеті болса, екіншісі - толқын атқан жыршы сазы..." - дейді. /3.58./

Әрине осындай табиғатының арқасында жыршылдық әлі күнге дейін өзінің тартымдылығын жоймай келе жатқандай. Сонда да бұл күндері эпостың сөзі сақталып, айтушылардың әуен-сазы ұмытылғандығын ғалым өкінішпен айтып, мұндай кемшіліктерді де ескертіп отырады.

"Халық нендей әңгімелерге қызығатынын жіті бақылап жүретін жыршылар өзінің репертуарын тек өлеңмен ғана емес, ертегілермен шежірелермен, аңыздармен, шешендік сөздермен, мысал-тәсілдермен ұдайы толықтырып отырған". Сонымен оларды "...әдебиеттің өзге жанрларындағы ескерткіштерін де айтып таратушылар" - деп жыршылар қызметін терең қарастыра сөз етеді. /6.298./

Бұл күнде ұзақ жырды айтушылар азайып, бірақ орнына қысқа толғау насихат, ғибрат өлеңдерді жатқа, жыр сазына қосып орындайтын термешілер баршылық. Термешілік дәстүр - жиын-тойларда, сахнада өзіне тиісті орын алып келеді. Өмірдің сан тарап сұрауларына көркемдік жауап айтатын үгіт тәлім өлеңдер жаңа заман репертуары қатарынан тұрақты да кең орын алуы кәміл. Р.Бердібай осы термешіліктің әсерлі күйінде сақталуы мен көркеюінің өзіндік түбірлі себептеріне назар аударып, терме саздарын зерттеудің, оның пайдаға асырудың жолдарын көрсетеді. "Тыңдаушыға адамгершілік ғибратын бере алатындығы - терменің басты сипаты болса керек. Асылы термешілердің ең сүйікті жырлары - әр заманда да мәні кемімейтін, болмыстың мәңгілік сауалдарын, өмір мен өлім, жастық пен кәрілік, жақсылық пен жамандықты сипаттайтын өлеңдер болды" - дегенді айтады. /10.55./

Ғалым терменің қазіргі жағдайын, оны айтушы, орындаушылардық есімін ілтипатпен атап, мәдениетімізге қосар үлесінің салмағын белгілеп, бұл дәстүрлерді қолдау керектігін, жалғасын табуына демеушілік етуді ескертеді.

Ауыз әдебиетінің ең өміршең жанрының бірі - айтыс. Соның ішінде ақындар айтысы бүгінде кең көлемде даму үстінде. Осы бір киелі өнерді зерттеудегі Р.Бердібайдың да ұшан-теңіз еңбегін айту ләзім. "Айтыс өнері" аталатын зерттеудің өзіндік салмағы ерекшелігі айтарлықтай. М.Әуезов, С.Мұқановтар жүргізген зерттеу жұмыстары жанр табиғатын ашуда аз роль атқармаған. Олар айтыс үлгілеріне тарихи тұрғыдан келіп, әлеуметтік салмағын парақтаса, Р.Бердібай өзіне дейінгі айтылған ой, пікірлерді жинақтап, айтыстың даму сипаты, дәстүрі, келешегі деген мәселелерге арнайы тоқталып, бүгінгі айтыс ақындарының шығармашылығына ой жіберген. Ол төкпелік өнердің табиғатына, оның айтыстағы көрінісін ашуға көңіл бөледі.

Ол айтысты "сегізінші ғажайып" деп біледі. "Өйткені мұндай өнер дүниеде жоқ. Ғасырлар бойы дамыған, мектебі қалыптасқан. Ол - әрі тапқырлық мектебі, әрі қоғамдық ақиқатты айтудың мінбері. Ақындық айтыстың шыншылдығы романнан да артық. Көздеген жерге дөп тиетін бір ауыз өлең қуанышқа бөлейді. Айтысты бағалауда алалық болмауы керек. Алалық болған жерде айтыс құриды" дейді. /11/

Айтыс ежелден ел тұрмысында ақынның ақын аталатын бірден-бір өнер мектебі болып келген. Тіпті жаңа талап, жас ақынның өзі аты әйгілі жүйрік ақыннан кейде тосылып жеңілсе де, сол оқиғадан соң, оның да аты шығып танылатын болған. Осыған байланысты Р.Бердібай: "Айтыс - ақын боламын деп талаптанғандардың күш сынасар майданы, ақындыққа аттестат алар жері болған" - дейді. /10.71./

Кеңес өкіметі жылдарында жаңа мазмұнды мол айтыстар пайда болды. Айтыс сарқылмай, ешбір таластамай, қайта жанданып жаңа сапа тапты. Ғалым осы кездің айтыстары туралы жан-жақты сөз етіп, оны зерттеуші – М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Е.Ысмаилов, М.Жармұхамедовтердің еңбектерін бағалап, олардың есімдерін ілтипатпен атайды.

Айтыстағы тапқырлықтың, қиыннан қиыстырып өлең шығарудың, шешендіктің небір ғажап үлгілерін Біржан-Сара айтысынан, атақты ақындар үлкен айтысқа түсіп, елге танылғанға дейін ауыл арасында болып жататын сансыз кештерде жаттығу кезеңінен өтуін Жамбыл ақынның өмірінен, ал әдеттегі екі ақынның белгілі бір рулардың атынан сөз сөйлеп, өз тұсындағы мол шындықты ақтарып айтып салатындығын Біржан-Сара, Ысқақ-Қадиша, Сауытбек пен Ақбөпе айтыстарынан мысалдар келтіріп дәледей түседі.

Р.Бердібай айтыстың басты ерекшелігіне - "өнер шындығын ешбір жалтақсыз, тұспалсыз көрсете білетіндігін" - жатқызады. /10.79./

Біржанның Сараны іздеп келгенде аттан түспей, өлең бастап кетуін және Жамбыл мен Досмағамбет айтысындағы Досмағамбеттің сөз бастауын мысалға келтіре отырып, "ақынның шу дегеннен бастырмалатып, өзінің қарсысындағы әріптесінің апшысын қуыра, сексендіре сөйлеп, екпіндеп, ес жиюға, дәлелді сөз табуға шамасын келтірмей тұқырта, айбат шеге сөйлеп, жеңіп кетуді мақсат етуі - айтыс өнерінің ерекше әдісі десе де болады" - дейді. /10.84./

Алма кезек сөз сайыстырғанда қоғамдық өмірдің әншейінде көзге түспейтін құпия қаптарлары жария болып, жұртшылықтың талқысына түседі. Бірақ ондай сын ақындық тілмен өткір, әсерлі берілмесе, жұртшылықтың қолдауын таба алмайды. "Бейнелі өткір теңеу, эпитет, метафораның мол кездесуі ақындық дарынның анық көрсеткішінің бірі" - деп Р.Бердібай бірнеше ақындардың түрлі тақырыптағы айтыстарының ерекшеліктеріне, көркемдігіне мысалдар келтіреді. /10.92./

Бүгінгі айтыс бұрынғы импровизация дәстүрінің жалғасы, соның жаңа өмірдегі жарқын көрінісі болып табылады. Ежелгі, көне теңдесі жоқ жанр мән-мазмұнын жаңартып тың сапаға ие болды. "Жаңа айтыстарда ақынның жеке басын мазақтап не мұқатудан гөрі елдің өміріндегі қуанышты оқиғалар қамтылып, шаруашылық, мәдениет саласындағы табыстар мен жемістер мазақталып, кедергі мен кеселдер таңбаланатын салт туды. Мұның аты - айтыс жанрының жаңаруы еді" - дейді Р.Бердібай кеңес дәуіріндегі жаңа сападағы айтыс туралы. /10.100./

Ғасырлар бойы үздіксіз дамып елеулі жанрға айналған бұл өнер 1943 жылы республикалық айтысқа дейін кібіртіктеп бой жаза алмай келді. Басы Жамбыл болып бір топ халық ақындары сол жылы бізде айтыстың әлі тоқырап-тоқтап қалмағанын айқын дәлелдеп берді. Р.Бердібай да бұл айтысқа қатысқан. Ол айтысты өткізіп тұру үшін белгілі шаралар ұйымдастыру керек екендігін айтып, оның себебін былай түсіндіреді: "өлең сайыстары неғұрлым жиі болса, ақындардың тапқырлық әдістері, машығы, амал-тәсілдері соғұрлым молырақ қалыптасады, сөздік қоры, поэтикалық синтаксисі ұлғая береді. Қазақтың классикалық ақындар айтысының дәстүр шындығы осындай". /10.109./ Ғалым бір кездегі жазбаша айтыстың (газет, журналда, телевидение, радио арқылы беріліп отыруын) дамуын, оның маңызын сөз етіп, жалпы айтыстың газет, журналда, телевидение, радио арқылы беріліп отыруын қолдайды. Жұмбақ айтыстың бүгінгі маңызын "білімділік сынасудың, ғылым мен техника жаңалығын насихаттаудың бір алуан тәсіліне айналар еді" деп ерекше айтып, ескертіп өтеді. /10.112./ Сонымен бірге айтыскер ақындарды, жыршыларды қолдау керектігін, оларға атақ берілсе дұрыс болар еді дегенді ұсынады. 1980 жылы өткен екінші республикалық айтысқа облыстық жарыстарда озып жүлде алған ақындар қатысты. Бұлар 60-70 жылдарғы суырып салма дәстүрді үзбей жалғастыра дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Ғалым осындағы Манап Көкеновтің, Көкен Шәкеев, Қалихан Алтынбаев, Қалдыбек Әлімқұлов т. б. ақындардың жүйріктігін атап, айтыстың өзіне ерекше қымбат белгілерін көрсетіп отырады. Алдағы кезде айтысты іске пайдалы, тартымды, қызықты етіп жүргізудің бірнеше мүмкіндігін ескертеді. Біріншіден айтысқа түскен ақындарға қойылатын талаптарды, екіншіден, әрбір жұп айтысушыларға берілетін уақыт мөлшерін белгілеуді, үшіншіден, ақындар айтысының әні, сазы қандай болу керек дегенді, төртіншіден, айтысқа әзірлік уақыты берілуін, бесіншіден, әріптес етіп бір-біріне тең ақындарды сайлау керектігін, алтыншыдан, ақындар айтысының жеңімпазын анықтау шарттарын да жетілдіру керектігін айтып, тиімді шарттарды ұсынады.

Р.Бердібай қазақтың сөз өнерін дамытуда әйел затының да ер кісілермен қатар бірдей үлесі бар, әсіресе жоқтау айтуда ерекше екенін айтады. Ал айтыс өнерінде де әйел ақындардың елеулі үлес қосқандығы, олардың да шеберлік, сөзге шешендіктері дау тудырмайтын нәрсе. Ғалым мұны "айтыстың бұдан былайғы кең тыныспен жандануға мүмкіндігінің мол екендігі және осы айтыстың туын көтеруде қыз, келіншек ақындардың күрделі орын алып отыратындығы" - деп, айтыс өнерінің шебер үлгісін қазіргі кезде көрсетушілердің есімдерін атайды. /12.90./ Фольклордағы формулалық дегенді түсіндіріп, бұл заңдылықтан кейде ақындық айтыс та шет тұра алмайтынын сөз етеді. Айтыс өлеңдерін өзіндік жанрлық ерекшелік тұрғысынан бағалау керектігін айтып, оның синкретті өнер екендігін есте ұстауды ескертеді. Жазба мәдениетінің біржолата орныққан кезінде, ғылыми-техникалық төңкеріліс дәуірінде ауызша айту өнерінің көркеюге бет алуы - фольклор дәстүрінің бірте-бірте жойылатыны туралы бұл кезге дейін үстем болып келген пікірлерді жоққа шығарғандай. Ақындар айтысының да, жыршылдық, термешіліктің де бұл күнде жұртшылық арасына аса танымал болуы қазақ халқының жазбаша және ауызша көркемдік мәдениеті қатарласа дамып келе жатқанын сипаттайды.

Сонау ежелден келе жатқан түркі халықтарына ортақ саналатын төл мерекеміз Наурыздың ұмытылмай, қайта жандануына Р.Бердібай қамқоршы бола білді. Ол наурызға қатысты ауыз әдебиеті шығармаларының танытқыштық қасиетін айқындай, олардың сыр-сипатын түсіндіруді де мақсат тұтады. Халықтың осы күнді күллі жақсылық басы деп қалтқысыз сенетіндігін, өмір, молшылық, тыныштық туралы арманына жеткізетін киелі маусым деп карайтындығын ескертеді.

Р.Бердібай: "Наурыз мейрамы күнінде ойын-сауықтың, тамашаның түр - түрлері болып тұрған. Палуан күрестіру, қыз бен жігітті айтыстыру, жұмбақ шешісу, түс жорыту, тақпақ, жаңылтпаш айту секілді алуан қызықтар орын тепкен" - деп, бір мейрамның өзінде қаншама халық мұраларының үлгісі мен өнерлері көрініс беретін ерекше атап өтеді. /13/

Халық ауыз әдебиеті мұраларының ішінде лирикалық өлеңдердің зерттелінбей, назардан тыс қалып келе жатқанын ескертіп, оның өзі түрлі кемшіліктерге душар ететіндігін баса көрсетеді. "Біріншіден", - дейді Р.Бердібай - "ауыз әдебиетінің ең бай әсем көпшілік қолды үлгісіне көңіл бөлінбеуі зерттеушілік мәдениетіміздің балаңдығын танытса, екіншіден, халық өнерінің кітаптары жарық көрмегендіктен, бүгінгі кәсіби әншілеріміз ғана емес, жер жердегі талапкер өнерпаздар да табиғи түпнұсқа шығарушылардан қол үзіп, анық тапшылық көре бастады". /13/

Соңғы кездегі қара өлең зерттеушілеріне Ақселеу Сейдімбеков пен Оразақын Асқарды жатқызып, "Мың бір өлең" мен "Қара өлең" жинақтарын атайды. Ғалым қазақтың белгілі ең алғашқы қара өлең үлгісіндегі поэзияға "Елім-ай" әнінің сөзін жатқызады. Қара өлең қасиетін бағалағанда, ғалым "халықтың жан жүрегінен жарып шыққан, ешбір ресми "сүзгіден" өтпеген, өзінің шыншыл, өміршеңдігімен, көркемдігімен, жұртшылықтың терең аңсарына жауап бере алатын демократиялық сипатымен, ең түбірлі, жанды тақырыптарын күллі адамзаттың деңгейге жеткізе жырлаумен ауыздан -ауызға таралып, меруерттей екшеліп жеткен қара өлеңге жетпейді. Бұл өмірдің мәңгілік әніндей, адамның ақтық сырындай, тіршіліктің көркем сөзбен берілген философиясындай таусылмайтын армандай болып әсер етеді. Қара өлеңдерде сыршыл ғазалдардың да, ойлы рубаиидің де, драмалық айтыстардың да қасиеттері табылады десек артық емес. Өмір мен өлім, жастық пен кәрілік, ізгілік пен жауыздық, парасат пен күйкішілік, бар мен жоқтық, пәни мен бақи, ерлік пен ездік, адалдық пен арамдық парқы мұнда қарапайым даналық болып жырланады. Халықтың басынан кешірген өмір сабақтары эпоста үлкен тартысты оқиғалар арқылы берілсе, мақал-мәтелде ғибрат, қорытынды түрінде айтылса, қара өлеңде адамның жан сыры болып төгіледі. Елдің туғаннан өлгенге дейін айтып жүретін, барша жанға ортақ байлық болып саналатын, ешкімнің авторлығына тәуелді емес, сахараның еркін желіндей қара өлең халыққа етене өнер мүлкі деуге болады" – деп ерекше ой түйеді. /14.63./

Қара өлеңді жанр сипатында қарауға болады ма дегенге Р.Бердібай, В.Г. Белинский, А.Н. Веселовский, В.Я. Пропптың еңбектерінен дәлел келтіріп, "қазақтың қара өлеңін де халық лирикасынының арналы бір жанры ретінде қарастыруға әбден болады деп ойлаймыз" - деген пікірін ұсынады. /14.69./

Жоқтау жанрының да көп қырлы ерекшеліктерін, танытқыштық, тарихтық, ғұмырнамалық сапиттарын мысалдар келтіре отырып сөз етеді. Жоқтау жанрындағы шығармағаларда исламдық ұғымдар мен сенімдердің орындалу дәрежесі туралы байқауларын білдіреді. Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан салтында өлген адамды еске түсіру, оған арнап жоқтау шығару елеулі орын алған. Р.Бердібайдың сөзімен айтсақ, "өмірден өткен адамның атақ-данқын, барша істерін тізіп, кейде әсірелеп, ағынан жарылып айту - жоқтауларға тән хас белгілердің бірі". /13.124./ Шыншылдық, қайталанбас даралық жоқтауларда мол болады. Белгілі бір дәуірде өмір кешкен адамдардың тіршілік жолынан қымбат мағлұмат беретін жоқтаулар да аз емес.

Кейде ондай өлеңдерден басқа жазба немесе ресми кұжаттарда кездеспейтін деректер ұшырайды. Осындай жоқтаулар қатарына ғалым Мамай батыр өлгенде анасы Қараүлектің айтқан жоқтаулары мен "Орманбет" деп аталатын жоқтауларды жатқызады. Олардан ғылымда белгісіз тың тарихи деректерді ашып, мол мағлұмат алуға болатынын көрсетеді. Ғалым зерттеуінде Қаз дауысты Қазыбек бидің қызы Қамқаның, "Кеңгірбай би", "Әбдіғаппар", "Әйекеге" арналған жоқтауларына сөз арналады. ""Әбдіғаппар" өліміне шығарылған жоқтау 1926 жылғы А.Байтұрсыновтың "23 жоқтау" кітабында кездеседі, ал "Әйекеге" жоқтауын Бұдабай Қабылұлы шығарған" - делінген. /15/

"Қазақтағы кейбір батырлар жырының біраз әңгімелері жоқтау негізінде туған" деген М.Әуезовтің пікірін Р.Бердібай да қоштай келе "Эпикалық жыршының дәстүрі сақталған жерде мұндай жоқтаулар үлкен дастандарға сұранып тұрғаны кәміл деп білеміз" - деген қорытынды жасайды. /3.116./

Сонымен бірге жоқтаулар көркемдік, жинақтық қасиеті жағынан алып қарағанда, түрлі деңгейде көрінеді. Оны ғалым: "өмірде болған шындықты қоспасыз санамалап айтып шығатындықпен, болған істерді қиял қуатымен қорытып, жаңа сапаға көтерушілік қатар келе береді. Сондай-ақ мұнда классикалық эпосқа мән асқақтық та, нақтылы тарихи жырға хас байсалдықта ұшырайды" - деп атап өтеді. /3.126./

Ғалым жоқтау жанрының өміршең сипатын дүниеден өткен жандарды сөз ете отырып, келешек қауымға ғибрат аңғарту сияқты нәрселерімен түсіндіреді. Жоқтаудың ғибраттылығы оны мәңгілік құндылықтар қатарына қосады.

Р.Бердібайдың ерекше атап өтетін зор еңбегінің бірі - шертпе күйшілік өнерін насихаттауы. 1965 жылы Халық университетін басқарып жүргенде құрып кетуге айналған шертпе күйді іздеп, жүзден артық күйді, оннан артық күйшіні тапқан. Оны ғалым былай түсіндіреді: "Соңғы жылдарда... ұмытылыңқырап қалған бір қымбатты дәстүр жиі сөз бола бастады. Ол - ерте кезде Қазақстанның кең аймағында тартылып келген, орындаушылары біздің заманымызға дейін жеткен шертпе күйлер. Әртінде Байжігіт, Тәттімбет, Саймақ, Тоқа, Баубек, Қыздарбек, Әбді, Бапыш, Әлшекей секілді күй дүлдүлдері, кеңестік дәуірде Сүгір, Әбікен, Жаппас тәрізді майталман тартушылары болған бұл шығармалар ондаған жылдар бойы көпшілікке белгісіз болып келді. Бір қуаныштысы сол - кейінгі кезде жұртшылық шертпе күйді іздей бастады. Шертпе күйдің шеберлері әлі де болса ел арасында бар екен. Бұған бір ғана мысал - Қаратаудың атақты күйшісі Төлеген Момбековтің таңғажайып, қайталанбас өнері. Төлегеннің және басқа күйшілердің тартуынан соңғы бес-он жылдың ішінде көптеген күй жазылып алынды. Ән-күй бағдарламасында шертпе күйлердің үлесі барған сайын көбейіп келеді, шертпе күйлерді жинау, зерттеу, насихаттау, оркестрге үндестіру, өнер институтында, музыкалық училищелерде оқыту, мамандар даярлау жөнінде атқарылатын істің көбі алда..." . /3.41-42./

Р.Бердібай шертпе күй, оның философиялық тереңдігі, орындалу мәнері жөнінде сабақтар өткізіп, сол сабақтарда қаратаулық Төлеген Момбековтің дарынын ашуға тікелей көмек жасады. Ғалым Төлеген Момбековті алып келіп, күйлерін жаздырып, орта мектептің бағдарламасына кіргізген, теледидарға шығарып, жұртшылықтың кұлақ құрышын қандырған. Тәтімбеттің елінен ізбасарларын іздеген, соның нәтижесінде ғажайып композитордың 150 жылдығы аталып өтіп, екі күйтабағы халыққа жеткен.

Д.Тұрантегі "Ғалым мұраты" атты мақаласында ғалымды " кәдімгі күйді жанрға, аймаққа бөле зерттеудің методалогиясын ашты " - дейді. /16/

Күйші, домбырашы Әбікен Қасеновтің 100 жылдық мерей тойының аталып өтуіне тікелей басшылық жасап, осы кешті жүргізген. Р.Бердібай Қазақ әдебиеті газетіне "Аманаттай сақталған асыл мұра" атты мақала жариялайды. Онда ғалым тұтас бір күйшілік мектебі бар, кейінгі ұрпаққа асыл қазынамызды жеткізген Ә.Қасенов туралы ой қозғап, домбырашылық өнердің үлкен бір саласы - шертпе күй туралы әңгімеге ұластырады.

Өнер жанашыры Р.Бердібай: "Егістік жерді жаздың ыстық айларында бірнеше рет суармаса, шыққан егін мүлде қурап кететіні секілді дер кезінде жалғастығын таппаған дәстүр де жоғалады" - дейді. /17/




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет