Ғылым тарихы және философиясы



бет22/181
Дата08.11.2023
өлшемі1,74 Mb.
#190332
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   181
Байланысты:
Ғылым тарихы және философиясы-emirsaba.org

ғылым мен техникада да өзгерістер орын алды. Қытайда VI ғасырдан бастап фарфор өндірісі дамыды, ал 1041 жылы алғашқы баспа станогы пайда болып, шарап спирті өндіріле бастады. Солер- нода (Италия) 1010 жылы алғашқы медициналық мектеп ашылды. XII ғасырдан бастап темір соқа шығып, енді жер өңдеу түбегейлі жақсарды. Жел тиірмендері, сәл кейін су тиірмендері ойлап та- былды. XIII ғасырдан бастап адамдар көзәйнектердің шыныларын тегістеуді үйренді, оқ-дәрі пайдаланылатын құралдар пайда болып, механикалық сағаттар жасалды.
Университеттердің ашылуы тамаша жаңалық болды. 1215 жылы Париж университетінің Жарғысы жарияланып, кейіннен Падуа, Бо- лонья, Флоренция, Оксфорд, Прага университеттері (салыстырыңыз: Ресейде – 1725 ж., Қазақстанда – 1934 ж.) есіктерін айқара ашты. Осы фактілердің барлығы Орта ғасырларда қоғамның қарқынды дамығанын дәлелдейді.
Шын мәніндегі теориялық жаратылыстануға келер болсақ, онда ортағасырлық ғалымдар алдымен антикалық ойшылдардың еңбектерін зерттеп білумен, кейіннен соларды түсіндірумен айналысты. Өмір ғалымдардың алдына әртүрлі заттардың қасиеттерін зерттеу мәселесін қойды, бұл, бірінші кезекте, олардың меншікті салмағын анықтауға байланысты болды. Хорезмнен шыққан ғалым Әл-Хазани тиісті техникалық аспаптар мен құрал-жабдықтарды жасап алып, 50 заттың меншікті салмағын анықтауға қол жеткізді және өз жетістіктерін
«Даналық салмақтары туралы кітап» (1121 ж.) деген еңбегінде егжей- тегжейлі сипаттап жазды. Егер арабтардың әлемдік ғылым мен мәдениетке сіңірген еңбегі туралы айтсақ, онда Әбу-Миамардың
«Зидж Әбу-Миамар» атты еңбегі сол замандағы астрономияның биік шыңы болды. Әл-Батанидің астрономиялық кестелері (алғаш рет ол енгізген синустар мен косинустар) латын тіліне аударылып, Батыстағы оқу орындарының негізгі оқу құралына айналды. Ибн-Юнус маятникті сағаттар ойлап тапса, ал Әбу-Мұса Жабыр химия ғылымының негізін салушы болып саналады. Зәкәрия Разидің медицина саласындағы еңбегі де оқулық ретінде латын тіліне аударылды. Ал философияға келсек, ол жайында біз кеңірек айтатын боламыз.
Ортағасырлық ғылымда қозғалысты ары қарай зерттеуге ерекше назар аударылғандықтан, олардың кинематикалық және динамикалық
түрлері ажыратылатын болды. Т.Брадвардайн «Қозғалыстардағы жылдамдықтар тепе-теңдігі туралы» деген еңбегінде (1328 ж.) себептеріне байланысты болатын қозғалысты оның нәтижесіне бай- ланысты қозғалыстан ажыратып көрсетуге әрекет етеді (қараңыз: В.П.Котенко. История и философия классической науки. – М.: Акаде- мический проект. 2005. – 48-52-беттер).
Париж университетінің ректоры Жан Буридан өз оқушыларымен бірлесіп, тасталған дененің, сонымен қатар қозғалыстың салыс- тырмалылығы мәселелерімен айналысты. Ол: «Ғаламның қақ ортасын- да Жер әрқашан тыныштық күйде болды ма?» – деген сұрақпен басын қатырса, ал Николай Орем бұл сұраққа жауап ретінде: «Жер тәулік бойы қозғалады, ал аспанның ондай қасиеті жоқ», – дегенге жол беруді жөн санайды. В.П.Котенконың: «Нақ осы зерттеулер XV ғасырда Ко- перник теориясының пайда болуының нақты негізін құрайды», – деген тұжырымымен келісуге болады (жоғарыда аталған жұмыс, 50-бет).
Ортағасырлық ғалымдар физиканың оптика сияқты саласына да айтарлықтай үлес қосты. Әбу Әли ибн әл-Хайсанның (еуропа- ландырылған есімі – Әлхазен) «Оптика қазынасы» атты еңбегі біздің заманымызға да жетті. Онда ол әлемдік тарихта алғаш рет физиологиялық тұрғыда көз жанарының жұмыс атқаруы механизмін көрсетіп берді. Оның мәні мынада: заттардан шашыраған сәулелер көздің қарашығына, содан кейін ғана нерв талшықтарына түседі. Әлхазен темірден айналардың әртүрлі: томпақ, иілген, цилиндр іспетті, сүйір және тұйық беттік тұрпаттарын жасады. Сондықтан бүгінгі күні де Батыс ғылымына, оның ішінде Роджер Беконға, Иоган Кеплерге, Исаак Ньютонға зор ықпалы болған Әлхазен араб әлемінің ірі физигі саналады.
Табиғаттың эмпириялық (тәжірибеге ғана негізделген) филосо- фиясының алғашқы бүршіктерін біз Оксфордтан табамыз, онда квадривизм – арифметика, геометрия, музыка және астрономия құрметтелетін.
Ағылшын ғалымы Роберт Гроссетест (Үлкен бас) XIII ғасырда-ақ физика саласындағы өз жаңалықтарымен танымал болып үлгірген- ді. Мысалы, «Кемпірқосақ туралы» атты еңбегінде кемпірқосақтың жарық сәулелерінің су тамшыларына шағылысуы нәтижесінде пайда болатынын көрсетіп, табиғаттың осы құбылысы туралы толғанған.
Оның шәкірті Роджер Бэкон (1214-1292) сол уақытта-ақ үш (үлкен, кіші және үшінші) шығармадан тұратын білімдер энциклопедиясын жасауға әрекеттенген. Оның бірінші бөлімінде Р.Бэкон Шындықтың жолында тұрған кедергілерді өзінің көзқарасы тұрғысында баяндайды
(кейіннен екінші Бэкон – Френсис Бэкон еңбегінде бұл тақырып пұтқа табынушылар теориясында жаңаша аталатын болды).
Роджердің пікірінше, адамның надан болуының төрт себебі бар:
  • Күмәнді беделге сенім арту.


  • Әдет, дағды.


  • Әбес ақымақтық.


  • Бәрін білетін кейіп танытатын надандық.


Адамдар арасынан Бэкон Аристотельді ғана кемеліне келген адам санайтын. Бірақ шындық – уақыттың еншісі. Р.Бэконның сендіруі бо- йынша, шындық – уақыттың жемісі, ал ғылым – біреудің немесе екеудің емес, тұтас адамзаттың туындысы. Білімге жеткізетін екі жол бар: дәлелдеу және тәжірибе. Дәлелдер қорытынды бергенмен, күмәннан арылтпайды. Сондықтан шындықты тәжірибе жолдары- нан іздеу керек. Танымның ең жақсы және қауіпсіз жолы – тәжірибе. Тәжірибелік ғылымның пайда болуына белгілі бір дәрежеде Альберт Великий, Целек Витело, Теодорик Фрайбургский де еңбек сіңірді.


Компасты қытайлар VI ғасырда-ақ ойлап тапқанмен, магниттің қасиеттері әлі толық зерттелмеген-ді. Бұл іске Пьер де Марикур өз үлесін қосты, оның ойынша, компастың тілі, бұрынғылар ойлағандай, Поляр жұлдызына емес, Жер полюсіне қарай бұрылады.
Орта ғасырлардың аяғына қарай тауар өткізудің жаңа нарықтарын іздестіруге байланысты туған географиялық зерттеулер қарқынды дами бастады. Бұл астрономиялық зерттеулердің өркендеуіне, навигациялық аспаптардың әзірленуіне, механиканың дамуына оң ықпал етті.
Алхимия, магия, оккультизм, астрология, каббала деген терминдер баршаға таныс, бірақ көпшілік адамдар оларды ортағасырлық жалған ғылым құбылыстары деп қабылдайды. Алайда Орта ғасырларда табиғат құпияларын іздестірудің осы формаларынан өтпесе, осы заманғы ғылым қазір болар ма еді? Мүмкін, болмас еді. Алғашқы қауымдық қоғамда-ақ пайда болған магия Орта ғасырларда шығар шыңына жетіп, Жаңа заманда өше бастағанмен, құрып кетпей, біздің заманымызға да келіп жетті. «Магия» сөзі грек тілінен аударғанда, «ғажайыптық, сиқырлық, дуалаушылық» дегенді білдіреді. Магия құпия ілім- білімдері, қасиеттері бар адамның дүниеге, аламдарға, рухтарға қалаған бағытта ерекше, табиғаттан тыс әсер етуі деп жорамалда- нады. Мысалы, құрғақшылық болып тұрған жазда жаңбыр шақыру ғұрпы адамдардың өнім алудағы шаруашылық мұқтаждықтарын қанағаттандыруға арналған. Адамға бүлдіргі жасау (қара магия) –
адамды құртуға немесе оның ерік-жігерін әлсіретуге бағытталады. Магияның білгір маманы Дж.Фрезердің ойынша, магиялық ғұрып- тар – табиғаттың бір-біріне ұқсас немесе бірінің артынан бірі бо- лып жататын, себепті-салдарлы, бірі-бірімен астасып кеткен әртүрлі құбылыстарын жалған, бұрыс түсіндірудің нәтижесі. Бұл тұрғыда астрология да магияға жақын, өйткені жұлдыздар мен планеталардың орналасуы бойынша жер бетінде болатын болашақ оқиғаларды, бір не- месе басқа мемлекеттердің, адамдардың тағдырларын алдын ала көруге тырысады. Оккультизм (лат. – құпия, жасырын) де жай адамдар жете бермейтін, тек арнаулылар ғана қол жеткізе алатын адамдағы және ғарыштағы жасырын күштерді тани білетін магия мен астрологияға тым жақын. Оккультизм негізінде әлем – рухтанған, бойындағының бәрі өзара байланысқан әлдебір тірі организм деген сенім жатыр. Сөйтіп, барлық осы ілімдерде адамның жасырын әлеуеті, оның табиғат құпияларын тану және оған қалаған бағытта әсер ете алу қабілеті танылады.
Қазіргі замандағы химия ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы алхимияның рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Ортағасырлық ал- химиктер қорғасынды алтынға айналдыра алмағанмен, тәжірибе жа- сау жолымен көптеген заттардың қасиеттері зерттелді, ғаламат зор эмпириялық материал жинақталды.
Сонымен, ақырында, каббала (ертедегі еврейлер тілінде – аңыз, хикая) туралы да бірер сөз айтқанымыз дұрыс болар. Бұл мистикалық ілім дүние-әлем негізінде 10 саннан және ертедегі еврейлер әліпбиінің 22 әрпінен тұратын 32 элемент жатқанына сендіреді. Каббала Құдайды мүлдем сапасы жоқ және белгісіз шексіздік деп түсінеді. Алайда ол барлық заттарға және табиғат денелеріне еніп, олардың мәнін құрайды. Каббалашылар әртүрлі салт-ғұрыптар, дұғалар және ерік-жігерді іштей ширықтыру арқылы, сандар мен ертедегі еврей әліпбиінің әріптерімен әртүрлі айла-шарғылар жасау көмегімен ғажап ғарыштық үдерістерге әсер етуге болатынына сенеді. Сөйтіп, жоғарыда аталған ілімдердің барлығы жаңа еуропалық ғылымның тууы мен дамуына себепші болған заңды кезеңдер болды деген қорытынды жасауға бо- лады. Өкінішке қарай, сословиелік-заңдық тәуелділік, шығармашылық үшін еркіндіктің болмауы, таусылмас діни қақтығыстар сол кезеңдегі ғылымның дамуына айтарлықтай кедергі келтірді.
Алайда шын мәніндегі философиялық ізденістер саласын- да түбегейлі өзгерістер болды. Олар рухани ахуалдың түпкілікті өзгерістеріне байланысты еді. Өзгеше ғажап құбылыс орын алды:
адам өзінің ішкі жан-дүниесінде рухты және өзінің бірбүтін Құдай- мен байланысын тапты. Ол рухты зерттеп білуге байланысты сенімдегі философияның жаңа түрінің пайда болуына жеткізді. Бұл философия діни дүниетаныммен тығыз байланысты еді, екінші жағынан, адамның тағдыры, қоғам мәселелері және мемлекет оның өзекті мәселелері болды.
Міне, оның бірнеше мысалы төмендегілер:
Егер ертедегі гректер: «Құдайлар көп пе, әлде ол жалғыз ба?» – деп өздеріне сұрақ қойса, ал енді қазір Құдайдың жалғыздығы үзілді- кесілді расталады, яғни монотеизм (бірқұдайлық) негіздері салынады. Креационизм (лат. – creatura – шығармашылық, туынды) «ежел- ден бар материяның» ажырап шығуы және Құдайдың шығармашылық
қуаты нәтижесінде дүниенің жоқтан пайда болуының мойындалуы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   181




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет