§5. Сіз қаншалықты жиі өтірік айтасыз?
Адамдар үнемі өтірік айтқан соң, сол айтып жүрген өтірігі шынымен өмірде болған сияқты көрінеді, сол өтірікке өздері де сене бастайды.
Психолог мамандар адамдардың өтірік айтуға неге бейім екенін түсіндірді. Психология ғылымдарының PhD докторы Балабек Сақтағановтың айтуынша, өтірік айтудың көптеген себебі бар. Соған қарай адамның мінез-құлқы да анықталады.
"Адам шындықты айтсам, жағдайды бақылаудан шығарып аламын, одан да өтірік айтып қарым-қатынасты бұзбайын деген пікірге сенімді болады. Бұндай адамдардың "мен" концепциясы төмен, олар айналадағы болып қалуы мүмкін қақтығыстардан қашады".
Бұдан бөлек, адамдарға ықпал ету үшін өтірік айтып мақтанатындар бар. Олар өз беделін көтеретін оқиғаларды құрастырып отырады. Ал айтып отырған өтірігі шындыққа қарағанда өтімдірек болатынына сенеді. Осы санаттағы өтірікшілердің өз-өзіне деген сенімділігі төмен, фобиясы жоғары болады екен.
"Үнемі өтірік айтқан соң, оларда сол айтып жүрген өтірігі шынымен де өмірде болған сияқты көрінеді, олар сол өтірікке өздері сене бастайды. Бұл типтегі адамдардың миында патологиялық бұзылыстар үрдісі жүре бастайды. Бұлар өтірігім білініп қалмасын деп өтірікті айта береді", - дейді Сақтағанов.
Психологтың сөзіне қарағанда, адам бала кезінде үлкендердің өтірік айтуына куә болып өседі. Ересектер балаға бір сыйлық алып берем деп алып бермейді, басқа ересектерге өтірік айтады. "Мені үйде жоқ деп айта сал" деген сөзбен өз баласын өтірік айтуға үйретеді. Ержеткен соң ол бала үшін өтірік айту қалыпты нәрсеге айналады.
Ғалымдардың айтуынша, адамның мұрнының температурасы оның жалған сөйлегенін білдіріп қояды.
Гранада университетінің ғалымдары анықтағандай, адамның мұрнының температурасы оның өтірік айтқанын білдіріп қояды.
Тәжірибе барысында қатысушылар тобына өзінің жақындарын телефон арқылы алдауға тапсырма берілді. Еріктілерді адам денесіндегі жылудың таралуын бақылайтын арнайы құрылғымен бақылайды. Адам өтірік айта бастағанда, мұрнының температурасы 1,2 градусқа төмендеп, маңдайы бір жарым градусқа қызған.
Ғалым Эмилио Гомеза Миланоның айтуынша, температураның төмендеуіне адам жалған сөйлегенде бойын билейтін қобалжу сезімі алып келеді екен. Бұдан бөлек, өтірік айтқанда адам ой еңбегін атқарады, сол себепті шекесі қызып кетеді.
Милано атап өткендей, бұл нәтиже тәжірибенің 80 пайызында расталған, демек бұл әдіс жалғандық детекторынан он пайызға сенімдірек.
Ғалымдар өтірік айтудың денсаулыққа зиян екенін анықтады. Әрі өтірік айту екіжүзділікке алып барады, ол екеуі де үлкен күнәға жатады.
Біреудің сізге өтірік айтқанын білудің бірнеше тәсілі бар. Сөйлеп тұрған адамның сөзі мен қимылына талдау жасап, оның қай жерде өтірік соққанын анықтауға мүмкіндік бар.
Мәтіннің лингвистикалық анализі технологиясы адамның өтірік айтып тұрғанын анықтаудың 4 тәсілін ұсынады:
Өтірік айтушы көбінесе "ол, пәленше, олар" деген 2, 3-ші жақтағы сөздерді қолданады. Осылайша өзін өтірігінен аулақ ұстауға тырысады.
Ол көбіне негативті болып келеді. Себебі, санасының түбінде бәрібір өзін кінәлі сезінеді. Мысалы: "Менің мына жаман телефонымның қуаты сөніп қалыпты, жек көрем оны" дейді.
Олар, әдетте жағдайды түсіндіру үшін толыққанды өтірігін құрастырып болғанша әңгімесінің басында қарапайым сөздерді қолданады.
Әдетте өтірігін білдірмеу үшін ұзақ, шұбалаңқы, түсініксіз сөздер айтады. Сөйлемдерінің арасына керексіз сөздерді жиі қосады.
Осылайша, бір өтірікке бір өтірік жамалып, өтірік айту әдетке айналып кетеді. "Денсаулығыңызды түзегіңіз келсе, алдымен өтірік айтуды доғарыңыз" дейді ғалымдар.
Олар өтірік айтудың денсаулыққа зиян екенін анықтады: өтірікті жиі айтатын адамдар ашуланшақ келеді, басы жиі ауырады, қан қысымы жоғарылап, жүрек ауруларына да бейім келеді. Өтірік айту екіжүзділікке алып барады. Ол екеуі де үлкен күнәға жатады.
Алла тағала Қасиетті Құранда: "Өзің білмейтін (әрі өзіңе қатысы жоқ) нәрсеге елікпе (яғни, білмегенді білдім, көрмегенді көрдім, естімегенді естідім деп айтпа). Шындығында, құлақ, көз және жүрек сынды дене мүшелерінің бәрі де (Алланың алдында) жауапқа тартылады" ("Исра" сүресі, 36-аят).
"Жалған сөзден аулақ болыңдар!" деп бұйырады ("Хаж" сүресі, 10-аят).
Сондай-ақ, біреудің сізге өтірік айтып тұрғанын сезсеңіз, оған күдікпен, жек көрушілікпен қарамаңыз. Керісінше, оның дұрыс емес екенін айтып, түсіндіріңіз. Бір рет өтірік айтты, енді оған ешқашан сенбеймін деп сенбеушілік танытуға тағы болмайды. Бір істің анық-қанығын білмейінше біреуге күмәнданып қарауға да тыйым салынған.
Достарыңызбен бөлісу: |