Ғылыми конференциясының материалдары


ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ



бет37/131
Дата28.03.2024
өлшемі5,96 Mb.
#200351
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   131
Байланысты:
treatise40297

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ


Жақан Мөлдір (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Нусупбаева С.А.

XX ғасырдың басында Қазақстан Ресей империясының отар аймағы еді. Қазақ халқы отарлық езгінің-құқықсыздық пен кемсітушіліктің, ұлттық тәуелсіздіктің бұғауында болатын. Патша үкіметінің отарлау саясаты өзінің шарықтау шегіне жеткен еді. Отарлау саясаты күшейген сайын халықтың қарсыласу қозғалысы да арта түсті. Қалыптасып келе жатқан қазақ зиялылары бұл қозғалысқа ұйымдасқан түр беріп, оны жаңа сапалық деңгейге көтерді. Туған халқын азаттық жолындағы күреске бастаған қазақ зиялыларының көш басында тұрған аса ірі саяси жетекшілердің бірі – Тұрар Рысқұлов.


Т.Рысқұлов – Қазақстан мен Орта Азия халықтарының 20-30-жылдардағы тарихында ерекше зор рөл атқарған саяси қайраткер. Ол туралы 1922 жылы 20 қарашада М.С.Эпштейн былай деп жазды: «Рысқұлов Тұрар жолдас есімімен Түркістандағы кеңес үкіметінің даму тарихының тұтас бір дәуірі байланысты болған қайраткердің бірі Тұрар Рысқұлов (26 желтоқсан 1894, Жетісу облысы, Верный уезі Шығыс Талғар болысы – 10 ақпан 1938, Мәскеу) – мемлекет қайраткері. Оның әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 19 ғасырдың 80-жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы) Верный уезіне қоныс аударып келген болатын. Жаңа қонысында да әділетсіздік көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіреді. Түрмеде жатып өш алушылардың жалғыз ұлы Тұрарға зияны тиер деп қауіптенген ол оны өзінің қасына алдыртады. «Түрме баласы» деп аталған Рысқұлов түрме үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп орыс тілін үйренеді. Әкесі 10 жылға сотталып Сахалинге жер аударылған соң Рысқұлов – «Қырғызбаев» деген жалған фамилиямен нағашыларының қолына келіп, Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқиды. Мұндай аралас мектептер белсенді миссионерлік мақсат ұстаған болатын. Әкесімен бірге Верный қаласының түрмесінде болған кезінде түрме бастығын Приходько жас Рысқұловты шоқындыруға әрекеттенсе, Меркідегі шәкірт кезінде де осындай әрекет оның алдынан тағы да шығады. 1910 жылы Рысқұлов бірінші 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұл мектепті үздік бітірген оған Самара қаласындағы орта дәрежелі ауыл шаруашылығы училищисіне түсу үшін арнайы жолдама беріледі, бірақ училище директоры «қазақ – көшпелі, оған жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ», – деп қабылдамай қояды. Тауы шағылған Рысқұлов 1915 жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсуге тырысады, бірақ оны мұнда да «бұратана» деген сылтаумен қабылдамайды.
Ақыры ол оқу министріне арыздана жүріп, арнайы рұқсатпен емтихан тапсырады да, оқуға қабылданады. Күн көру үшін оқумен қатар Ташкент қаласының іргесіндегі Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып істеді. 1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанады. Ол Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған болатын. Ол Аққөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетін ұйымдық сипат беріп, саяси бағдар сілтеді. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып, жіберуге мәжбүр болады.
1917 жылғы ақпан революциясынанкейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. «1916 жылғы көтерілістен күйзелген қазақ халқының ішінде кулак террорының, байлардың сатқындығы тоқталмай тұрған уақытта қазақ бұқарасын дұрыс революциялық жолмен алып жүру үшін біз» Қазақ жастарының революциялық одағын» құрдық», – деп жазды Т.Рысқұлов. Одаққа 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың от-жалынынан өткен, саяси сауатты, революциялық ниеттегі 30-ға тарта қазақ, қырғыз және орыс жастары бірікті. Одақтың саяси басшысы Т.Рысқұлов болды.
Т.Рысқұлов 1917 жылы қыркүйек айында РСДРП мүшелігіне қабылданды. Оның большевиктік бағыттағы саяси ағымға қосылуына басты себеп: бұл идеяға сеніп, большевиктер партиясын қазақ халқын теңдік пен бостандыққа жеткізе алатын бірден-бір саяси күш ретінде қабылдауы болатын, әрі өзі шыққан әлуметтік орта оны осы бағытта қабылдауға итермеледі. 1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланып, өз күш-жігерін ашаршылыққа ұшыраған халықты төніп тұрған ажал тырнағынан арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңестерге жергілікті халық өкілдерін көптеп тартуға жұмсады.
Әулиеата уездік төтенше комиссия ұйымдастырып, қарулы отрядпен бірге уезді аралап, орыстар мен қазақтардың өзара қырқысын тиюға, контрибуция ретінде тартылып алынған қазақтардың мал-мүліктерін өздеріне қайтарып бергізуге тырысты. Рысқұловтың ықпалымен Әулиеата уездік кеңесінің құрамы мен жұмыс тәсілі тез өзгере бастады. 1918 жылы 21 сәуірде уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау мақсатымен Әулиеата қаласында Рысқұлов ұйымдастырған қазақтардың жиыны болып өтті. Жиналыстың шешімі бойынша Әулиеата уездік кеңесінің 26 мүшесінің 15-і жергілікті халық өкілдері болды. Рысқұловтың жетекшілігімен Әулиеата қаласы маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, онда 20 мың адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтандырылды. 1918 жылы шілдеде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасы болып сайланды. Уездік кеңестің сан түрлі қызметін ұйымдастыра отырып, Рысқұлов бұрынғысынша негізгі күш-жігерді ашаршылықпен күрес ісіне бағыттады. Сырттан келер көмектің жоқтығы оны тек ішкі резервтерді тиімді пайдалана білуге мәжбүр етті. Рысқұлов Әулиеата қаласының 52 орыс капиталисіне ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына 3 млн сом салық төлеттірді. 1918 жылы қыркүйекте Рысқұлов Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Бұл комиссариатқа денсаулық ісімен шұғылданумен қатар аштықпен күресу міндеті де тапсырылған еді.
Аштықпен күресуге Денсаулық сақтау халық комиссариатының күш-қуаты мүлдем жеткіліксіз болатын. Сондықтан да Рысқұлов аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына түрлі комиссариаттардың өкілдері кіретін арнайы ұйым құруды талап етеді. 1919 жылы наурыз айында өткен Түркістан Республикасы Кеңестерінің төтенше VII-ші сьезінде Т.Рысқұлов аштықпен күресетін Орталық комиссияның 5 айлық қызметінің негізгі қорытындылары туралы арнайы бірнеше баяндамалар жасады. Комиссия қорына бөлінген 42 млн сом қаржының (оның 10 млн сомы транспорт жүйесін ретке келтіру үшін Отын ісін басқарушы директорияға берілген болатын, ал 2 млн сом ақша жұмсалмай қалды) жұмсалуына есеп береді. Қаржы аштыққа ұшыраған тұрғындардың санына қарай жергілікті, уездік комиссиялар арасында барынша әділетті бөлінген болатын.1920 жылы 21 қаңтарда Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды.
Ол атқару комитетін Түркістанның тарихи-объективті жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналдырды, жергілікті халықтардың құқығын қорғайтын ұйым дәрежесіне көтерді. Атқару комитетінің төрағасы ретінде Түркістан Республикасының Конституциясына сай берілген құқықтарын пайдалана отырып орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізді.
Ол Түркістан Республикасының саяси-мемлекеттік егемендігі жолында табанды күрес жүргізді. Республиканы түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарына ие болуға бар күш-жігерін жұмсады.
Т.Рысқұлов Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінде қызмет атқара жүріп, бүкіл федерациялық істерге де белсене араласты. Әсіресе, КСРО-ның құрылуына байланысты процестерге ерекше жігермен ат салысты. 1923 жылы 10 наурызда ТКП Орталық Комитетінің пленумы КСРО Конститутциясының жобасы туралы мәселені талқылап, құрамында: Т.Рысқұловтан басқа В.И.Соловьев, Киселев, Н.Айтықов бар арнайы комиссия тағайындалды. Т.Рысқұлов кабинет қызметкері емес болатын. Ол шаруашылық және ұйымдастыру емес мәселелерін шешу үшін республиканың түрліше аудандарына жол сапармен шығып отырды. 1923 жылы қаңтар айының екінші жартысында Т.Рысқұлов ТКП Орталық Комитетінің жауапты хатшысы М.С.Эпштейнмен бірге Сырдария және Жетісу облыстарын аралады. 1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға жіберіліп, Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы жылы 19 сәуірде Рысқұлов Қазақ өлкелік БКП (б) комитеті қаулысымен «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болып бекітілді. Көп ұзамай 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді. Бұл қызметіне қоса Рысқұлов Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы болып, оны 5 жылда аяқтаудың орнына 3 жылда пайдалануға берілуін ұйымдастырды. Маманданған қазақ жұмысшыларын қалыптастыруға, қазақ жастарын Ресей мен шет ел орындарында көптеп оқытуға көп көңіл бөлді.
Тұрар Рысқұлов тек Түркістан Сібір темір жолын салуға белсене араласып қоймай, сонымен бірге Қарағанды көмір бассейнін салуға, Балқаш мыс қорыту, Семей консерві комбинаттарын, Шымкент қорғасын зауытын салу ісіне жан-жақты көмек көрсетіп, қамқорлық жасады. Сол кеңестік Қазақстанды индустрияландыру ісіне өзіндік үлесін қосты.
25 жасында Түрікаткомның жергілікті халықтан шыққан тұңғыш төрағасы ретінде республиканың саяси және мемлекеттік егемендігі жолында табанды күрес жүргізді; 26-27 жасында РСФСР Ұлт Істері жөнінде халық комиссариатында қызмет атқарып, осы комиссариаттың төрағасының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Комиссаритта жүріп бүкіл елдегі жоғарғы оқу орындары жүйесіне басшылық жасады. 27-28-ге қараған шағында Т.Рысқұлов Түркістан Республикасы Халық Комиссиарлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ал, Түркістаннан біржолата кетіп 1924 жылы күзде Коминтерннің өкілі етіп Моңғолияға жіберілген кезде ол әлі отызға да тола қоймаған болатын. Моңғолиядан келген архив мамандары, үлкен басшылар қазір Монғолияның ата заңының авторларының бірі ретінде Тұрар Рысқұловты атауда. Ол онда Моңғол Халық Республикасының аяғынан нық тұрған мемлекеттік ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ол Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп қоюды ұсынған Рысқұлов болатын.
Ф.И.Голощекиннің 1925-1933 жылдары Қазақстандағы басшылығы тарихымыздағы 20-30 жылдардағы қоғамдық-саяси өмірдің күрт өзгеруіне әкеліп соқты. Ол «Кіші Қазан» саясатын И.В.Сталиннің қолдауымен байлар мен орта шаруалардың мал-мүлкін тәркілеуден басталды. Ал 20-шы жылдардың аяқ шенінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанын бастап, зорлық күштеумен қазақ халқын отырықшыландыруға кірісті. Зорлап отырықшыландыру барысында бұрмалаушылық, асыра сілтеушілік орын алып, өрескел қателіктер жіберілді. Ұжымдастыру нәтижесінде Қазақстандағы 40 млн мал саны 4,1 млн-ға дейін кемиді. Елде аштық жайлап, жұқпалы аурулар тарады. Елдегі қалыптасқан жағдайды үкімет тарапынан жіберіліп жатқан өрескел қателіктерді айтып Тұрар Рысқұлов И.В.Сталинге қазақ өлкелік комитеттерінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянға бірнеше рет хат жолдайды.
Тұрарды өз халқы үшін өлімге бас тіккен бұл әрекеті теңдессіз ерлік. Мұны көрнекті жазушы, драматург Ш.Мұртаза: Рысқұлов Сталинге жазған хатында «ұстараның жүзімен» жүріп отырған, сәл тайқып кеткенде – бітіп еді. Әйтсе де, Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хаты үшеу: біріншісі – 1932 жылдың қыркүйегінде, екіншісі – 1933 жылдың қаңтарында жазылған, үшінші хаты 1933 жылдың наурызында жазылған. Рысқұловтың үшінші хаты ерекше көзге түседі. Тұрар хатының осы тұсында Рысқұлов саясаткер – Сталин және оның айналасын басқыншылықты туындатып отырған өз бақылауларының нәтижесіне бет бұрғызады. Қазақ жұртына қаралы күн туғызған, барысында оның ұлттық ерекшелігі ескерілмеген коллективтендіру саясатын Қазақстанның жағдайында мүлде өзгерту қажет екенін түсіндіреді. 1937-1938 жылдары террор барша елді жайлады. Қазақстанда 100 мыңнан астам саяси адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңнан астамы атылды. 1937 жылы қазақ халқының ардақты ұлы Тұрар Рысқұлов та қуғын-сүргін құрбаны болды. Зерттеушілер Н.Жағыпаров пен В.Осипорвардың көрсеткендеріндей Тұрар 1937 жылдың 21 мамырында Кисловодскіде демалып жатқан жерінен тұтқындалып Мәскеуге аттандырылды. Мәскеудегі Любянка түрмесіне қамалғаны оны НКВД капитаны Глебов пен лейтенант Нейман деген жендеттер бірнеше ай бойы тергеп, РКФСР-дегі қылмыстық кодексінің 57 бабының 7,8,9,11 тармақтары бойынша қылмысты деп тапты. Халықтың біртуар ұлы болған аса ірі мемлекет және саяси қайраткер, білікті зерттеуші, әрі публицист Тұрар Рысқұлов «Халық жауы» деген айыппен 1938 жылдың 10 ақпанында атылды. Оның төрт қызы: София, Мая, Сәуле, Рита және 1940 жылы аурудан қайтыс болған ұлы Ескендір болған. Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды.
Қазіргі кезде Жамбыл облысының бір ауданына Рысқұлов есімі берілген. Тараз қаласында Рысқұлов есімімен аталатын демалыс паркі бар, онда Рысқұловқа ескерткіш қойылған. Қызыл граниттен жасалған Рысқұлов ескерткішінің архитекторы – А.Рыспаев, мүсіншісі – Ю.Баймұқашев. Алматы қаласындағы Басқару академиясына Рысқұлов есімі берілген. Көрнекті қазақ жазушысы, мемлекеттік қайраткері Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» (1-2 кітабы), «Жұлдызды көпір», «Қыл Көпір», «Тамұқ» атты романында Рысқұлов келбеті сомдалған.
Сәуле Рысқұлова (Тұрар Рысқұловтың қызы): 1937 жылы мамыр айының басында әкем мен анам Кисловодскіге демалуға барады. Анамның айтуынша, әкем сол жақта жұмыс істеу үшін өзінің 1000 беттік «Қазақстан тарихы» атты монографиясының қолжазбасын алып барады. Жалдамалы пәтерге тоқтайды. 21 мамыр күні таңертең НКВД-ның үш қызметкері келіп тұтқындауға рұқсат беретін ордерлерін көрсетіп, пәтерде тексеру жүргізеді. Әкемнің «Қазақстан тарихы» атты монографиясының қолжазбасын да алып кетеді. Сол күні арнайы конвоймен, бөлек вагонзакта Т.Рысқұлов Мәскеуге жөнелтіледі. Әкемді тұтқындағанда анамның аяғы ауыр, ішінде сегіз айлық баласы болған. 40 күннен кейін, 1937 жылы 30 маусымда Мәскеуде Рида деген сіңлімді босанды, арада бірнеше ай өткенде емшектегі сәбиімен АЛЖИР-ге айдалды. Анам лагерьде 10 жылға жуық болды. Одан кейін әкемнің Наталья Алексеевна Колосовскаядан туған ұлы, 17 жасар Ескендір Рысқұловты тұтқындап, Онеглагқа жіберді. Лагерьде ол өкпе құрты ауруының ауыр түріне шалдығып, 1939 жылы босатылды да, Мәскеуге оралды. 1940 жылы 20 жасында қайтыс болды. Ескендірдің өртелген сүйегінің күлі салынған қобдиша Мәскеудегі Дон крематорий-зиратындағы колумбарийде.
Шын мәнінде, Т.Рысқұлов 58-бапта қарастырылған төрт тармақша бойынша: «Отанға сатқындық жасаған», «террор», «диверсия», «төңкеріске қарсы қызметке қатысқан» деп айыпталған. В.Ульрих төрағалық еткен сот 15 минутқа қана созылып, «Ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесілсін!» деген үкім шығарған.
Қорытындылай келгенде, 1918 жылдардан бастап 1937 жылға дейін Қазақстан, Орта Азия, жалпы КСРО комитетінде аса жауапты қызметкер атқарған Тұрар Рысқұлов аса көрнекті мемлекет қайраткері, халқымыздың арғы-бергі тарихының өзекті мәселелерін зерттеуші. Ол өз ұлты үшін бар күш-жігерін жұмсап күрескен, өзін сол жолда құрбандыққа шалған үлкен тұлға.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   131




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет