17.03.2021 ж. Жүсіпбек жайлы зерттелген материалдармен таныстық
Осы ретте біртуар қаламгер Жүсіпбек Аймауытовтың есімі мен елі үшін еткен шығармашылық, қайраткерлік еңбегі 1920-30 жылдардан бастап түрлі сипатта сыналып, баға беріліп келгендіктен тәуелсіздік алғанға дейін арнайы зерттеу нысанына айналмағаны тағы белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейін шығармашылық мұрасын зерттеуге кеңінен жол ашқан зерттеушілердің Жүсіпбектің алғашқыларының бірі ретінде көрнекті ғалым Қ.Мұхамедханов, академик С.Қирабаев, әдебиеттанушы ғалым Ш.Сәтпаева, сондай-ақ Т.Қожакеев, Р.Нұрғали, Б.Майтанов, Б.Байғалиев, Қ.Жарықбаев, Т.Жұртбаев, Б.Құндақбаев, М.Атымов, Р.Тұрысбек, А.Тасымбеков, Д.Ысқақұлы А.Зейнуллина, Д.Қамзабекұлы, Қ.Әбдікова, Р.Досжанова, т.б. әдебиетші ғалымдар мен жас қаламгер, зерттеушілердің тынымсыз ізденістерінің арқасында жаңа қырынан толыға түсуде.
Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығын зерттеген ғылыми диссертациялар қазіргі таңда біршама деуге болады. Атап айтсақ: Р.Тұрысбек «Жүсіпбек Аймауытұлы және 20-жылдардағы қазақ прозасы», Қ.Әбдікова «Ж.Аймауытов романдарындағы тұлға концепциясы», А.Досыбаева «Ж.Аймауытұлының шығармашылық шеберлігі», Г.Кәріпжанова «Ж.Аймауытұлы прозасы тілінің көркемдік ерекшелігі», Л.Мекебаева «Ж.Аймауытұлы прозасындағы көркемдік ізденістер», т.б. ғылыми зерттеулер қаламгердің шығармашылық шеберлігін әр қырынан танытқаны белгілі. Десек те, жазушының шығармашылық тұлғасын одан әрі танытып, дәріптеуде бұл зерттеу еңбектер толығынан жеткілікті деп айту қиын.
Ж.Аймауытов өмірі, шығармашылығы жайында әдеби теориялық тұрғыдан диссертациялар қорғалғанымен, жазушы туындыларын мектепте оқытуға байланысты зерттеу еңбектер жоқтың қасы. Қаламгер шығармаларын тиімді әдіс-тәсілдермен оқыту әдістеме ғылымының ауқымын кеңейтіп, мазмұнын байытары сөзсіз. Оның шығармалары 1990 жылдан бастап оқу бағдарламаларынан орын алғанын білеміз. Осыған орай, 2010 жылы қорғалған Н.Қ.Тлебалдинаның «Ж.Аймауытов шығармаларын орта мектепте оқыту мәселелері» кандидаттық диссертациясы және де мектеп мұғалімдерінің әр түрлі басылымдарда жарық көрген санаулы мақалалары, сабақ үлгілері жазушы шығармаларын оқытуда қазіргі білім беру жүйесінің талабына сәйкес келе бермейтіні тағы мәлім.
Достарыңызбен бөлісу: |