Ғылыми-техникалық терминдерді аудару және ғылымда қазақ тілін дамыту проблемалары



Дата08.09.2017
өлшемі58,74 Kb.
#31799
ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ТЕРМИНДЕРДІ АУДАРУ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ДАМЫТУ ПРОБЛЕМАЛАРЫ
Шилібек Кенжеғали Қошқарбайұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Мұнай, газ және механика» факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты
Елбасы Жолдауында айтылғандай 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызға жеткізу қажет. Ал, қазақ тілін ғылымның әр саласына енгізу алдағы тұрған үлкен міндеттердің бірі болып табылады.

Қазіргі уақытта техникалық ғылымда қазақ тілі аударма тіл ретінде қолданылып келе жатқаны жасырын емес. Қазақша оймен, қазақ тілінде жазылған ғылыми мақала, не ғылыми еңбектің үлесі өте аз. Жоғары оқу орындарындағы техникалық мамандықтар үшін қазақ тіліндегі оқулықтардың көбі аударма оқулықтар. Ғылыми-техникалық аудармаға ғылыми мақалалар, монография, техникалық сипаттама жатады. Әр саланың өзіндік қолданылатын қалыпты стилі, термині, мәтіндік құрылымы бар. Бұл саладағы шығармаларды аударуға сөздік те аздық етеді, кәсіби маман біліміне, тәжірибесіне де сүйенген дұрыс. Ғылыми мәтіндер қатаң морфологиялық және синтаксистік құрылымға ие, сөздің бірыңғай орамдары, біркелкі стиль қалыптасқан[1]. Ғылыми-техникалық еңбектерді аудару көп салалы білімді қажет ететіндіктен, бұған білікті кәсіби маман ретінде бейімделген жөн. Мұнда белгілі мәселеге қатысты терминология ұғымын дұрыс беру көзделеді. Ал, біз сол аударманы қалай жасаудамыз!?

Ғылым мен техниканың қарқынды дамуы ақпараттық ағынды аса қарқынмен үдете түсті. Бүгінде компьютерлерлік бағдарламалар тұрмысымыздың барлық саласы мен жас пен кәрінің санасында орын алған. Сондықтан да бүгінгі қоғам мүшесі жан-жағын қоршаған техникада өз орнын таба білгені, оның тілін түсіне білгені дұрыс. Компьютермен тілдесу, ондағы бағдарламаларды еркін игеру көпшіліктің күнделікті қажеттілігіне айналып отыр. Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болған кезден бастап, мүмкіндігінше барлық салалар бойынша терминдердің казақша баламаларын қолдану дәстүрге айналды. Осы жақсы дәстүр аясында күнделікті шығып тұратын газет-журнал беттерінде, теледидар, радио хабар-ларында, сондай-ақ, көпшілікке арналған ғылыми еңбектер мен арнаулы сөздіктерде қазақша жаңа терминдер мен атаулар жиі ұшырасатын больш жүр. Олар апта сайын болмаса да, ай сайын көрініс тауып, біртіндеп көбейіп келеді. Алайда, кейбір аудармалар компьютерлік сөздіктермен жасалынып, мәтіннің сапасын жоғалтып алады да, аудармалар тұпнұсқаға сәйкес бола бермейді.

Кеңестік білім нәрімен сусындаған ғалымдар ғылыми еңбектерінің аудармасында сапасы ғылыми сарапталған 2000 жылы «Рауан» баспасынан шыққан ғылым, мәдениет және экономика салаларының негізгі терминдерін қамтитын «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздігін» және 2009 жылы «Таймас» баспа үйіне Р.Құдайбергеновтің ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында шығарылған «Техникалық терминдер сөздігін» сөздіктерді жиі қолданады. Ал, кейінгі жас ғалымдардың көпшілігі аудармаға ат-үсті қарап, мемлекет тарапынан шығарылған сөздіктерді емес, аудармасы көңілге қонымсыз бағдарламалық аудармашыларға арқа сүйейді. Бұл жайт әсіресе үш тілде талап етілетін гранттық жобаларды, ғылыми есеп берулерді әзірлегенде кездеседі. Неліктен? Мүмкін жоғары тұрған тиісті өкілетті ұйымдардың тек қазақ тілінде талап етпеуінен болар!?


Академик М.О. Әуезов атап көрсеткендей аударманың үш түрі бар. Бірінші – сөзбе-сөздік – әріпқойлыққа негізделген аударма. Екінші – еркін аударма, аудармашының өзіншелеп әңгімелеп отырғанына өте ұқсас келеді. Соңғысы аударманың өте-мөте қонымды ғылыми дәлелденген түрі – шығарманың мазмұнын да, формасын да толығырақ беретін ғылыми дәл, балама аударма [2].

Қазіргі таңда, жоғарыда айтылғандай ғаламтор жүйесінде пайдаланылып жүрген сөздік аудармалар, жоғарыды аталған сөзбе-сөздік аудармаға жатады. Күнделікті пайдаланып жүрген http://sozdik.kz, http://kaz-rus.kz/ , http://mtdi.kz/audarmashyga-komek/ сайттары техникалық ғылыми еңбектерді аударуда біздің қажетімізді қанағаттандырмай келеді.

Бағдарламалардың кейбір аудармалары терминологиялық комитет бекіткен аудармаларға сай келе бермейді. Мысалы : кнопка – батырма; заглушать – тұмшалау; юстировка – осьті туралау; стопор - тежегіш деп келтірілсе, ғаламторда тиісінше шыртылдақ, ілгек; өшіру, өшірісу; дәлдеме; стопор деп берілген [3;4]. Ал, орыс тілінде қос сөз ретінде берілген шунтирование, быстроток, волногаситель, лавиногаситель, водорастворимый полимер және т.с.с. сөздердің аудармасын іздегенде, «Өкінішке орай, бұл сөздің аудармасы табылмады» деген жазуды оқуға мәжбүрсін.

Бүгінгі күні елімізде индустрияландыру жоғары қарқынмен жүргізілуде. Осыған байланысты инженерлік-техникалық мамандарды дайындауға көп көңіл бөлінуде. Орта және жоғары оқу орындары техникалық мамандықтар бойынша оқитын студенттерді қажетті оқулықтармен қамтамасыз етуге дайын ба? Мысалға, біздің университетте кітапхананың қоры 1 млн. 400 мыңға жуық болса, соның 255687 данасы ғана қазақ тілінде. Қордың жаңаруы (электрондық ресурстарды қоспағанда) орташа есеппен алғанда 1,2 % көрсетсе, ал қазақ тіліндегі әдебиеттердің жаңару көрсеткіші 7,2% құрайды.. Міне сондықтан, ғалымдарымыз аса ізденіспен төзімділікті қажет ететін аудармадан қашпай, орыс тіліндегі техникалық оқулықтарды көптеп аударуға, қазақ тілінде оқулықтар жазуға көңіл бөлуі қажет.

Қорыта келе қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үшін төмендегілерді ескеруді ұсынамын:



  1. Біздің географиялық орналасуымызда тіл саясатына әсер етпей қоймайды. Орыс тілі қазақ үшін керек болған, керек те болып қала береді. Тек қазақ тілін біліп қана қойсақ, онда біз әлемдік қауымдастықтан ажырауымыз мүмкін. Қазіргі таңда оңтүстік аймақтарда кеңес дәуіріндегідей қазақ балаларын орыс мектептеріне беру қылаң бере бастады. Оған түрлі саяси, әлеуметтік жағдайлар себеп. Егерде қазақ жерінде ағылшын мектептері ашыла бастаса, әр нәрсеге еліктегіш қазақ балалары таласа оқып, ана тілін ұмытып, ағылшын тілін ағылшындардан озық игеріп, озбайтынына кім кепіл!? Бұл жерде аралас мектептерді жауып, орыс тілді мектептер санын азайтып, қазақ мектептерінде орыс, ағылшын тілдерін терең оқыту қажет. Менің ойымша қазақ баласы өз ана тілін шешен сөйлей алатын дәрежеде, ал басқа тілді кемінде түсіне алатындай дәрежеде игеруі қажет. Біз ана тіліміздің қажеттілігін тек тұрмыста ғана емес, ғылым мен өнерде, әдебиетте арттыруымыз қажет.

  2. Тілімізде көптеген сөздер мен сөз тіркестерін қолдануда ала-құлалықтар көп болуда. Сондықтан да бұл салада біршама жұмыстар атқарылуы қажет-ақ. Терминология мәселесі қай қоғамның өзекті мәселесі. Заман ағымына байланысты туындап жатқан қарапайым және күрделі ұғымдарға лайықты сөз тауып, талқыға салуды, үнемі дамытуды, қалыптастыруды жалғастыра беруіміз қажет.

  3. Мемлекеттiк тiлдi дамыту институты сайтында аударма жасау үшін қажетті материалдар қолжетімді. Алайда, техникалық сала терминдері қамтылмаған. Сондықтанда сайтқа жоғарыда аталған «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктің» және «Техникалық терминдер сөздіктің» электрондық нұсқаларын сөздік ретінде орналастыруды кешіктірмеу қажет. Қызмет түрлеріне сайт, компьютерлік бағдарлама жасау, аударма істері және ақпараттық технология мен шет тілдерінен білім беру кіретін, қазақ тілінде білім беруші, интернетте қазақ тілді контентті дамытумен айналысушы «Жаңа-Ой» орталығы сөздіктер бұл мәселені шешуді қолға алу керек.

  4. Ғылымда қазақша еркін ойлау, еркін сөйлеу, еркін жазу үдерісін жандандырып, «Қазақ тілінде ғылымды жасауға болмайды, қазақтың тілі – ауылдықтар қолданатын тіл» деген сияқты өз тілімізді қорлайтын пікірлерге тосқауыл қою қажет.

Қазақ тілінің мәртебесін өсіретін де, өшіретін де өзіміз. Сондықтан да, Елбасы айтқандай «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесетін болса», халықаралық деңгейде өтетін ғылми іс-шараларда қазақ баласы тек ана тілінде сөйлеуді мақсат етсе, біздің тіліміздің, Мәңгілік Ел Тілі болып қалатынына сенімдімін.

Әдебиеттер :



  1. Жұмабекова А.Қ. Аударматанудың негіздері : Оқу-әдістемелік құрал. - Алматы, 2012. - 296 б.

  2. Көркем аударманың кейбір мәселелері (мақалалар жинағы). –Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1957.

  3. Қазақша - орысша, орысша – қазақша терминологиялық сөздік: Электроника, радиотехника және байланыс/ жалпы редакциясын басқарған п.ғ.д., профессор А.Қ.Құсайынов – Алматы: Республикалық мемлекеттік «Рауан» баспасы, 2000.- 240 б.

  4. Қазақша - орысша, орысша – қазақша терминологиялық сөздік: Экология/ жалпы редакциясын басқарған п.ғ.д., профессор А.Қ.Құсайынов – Алматы: «Рауан», 2000.- 296 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет