Кіріспе
Химияның негізгі түсініктері
Химия қоршаған ортаны зерттейтін жаратылыстану ғылымдарына жатады. Химияның зерттеу объектісі – заттар. Химия заттардың құрамын, қасиеттерін және өзгерістерін зерттейді. Сонымен қатар ол заттардың өзгерістерге ұшырауы барысында байқалатын физикалық құбылыстарды да зерттейді. Мысалы: реакция нәтижесінде жылудың бөлінуі мен сіңірілуін, ерітінділердің электрөткізгіштігінің өзгеруін, қайнау және қату температураларының төмендеуін және жоғарлауын, химиялық энергияның электр энергиясына айналуын және т.б.
Химия көптеген дербес салаларға бөлінеді: бейорганикалық химия, аналитикалық химия, органикалық химия, биологиялық химия, физикалық химия, коллоидты химия, электрохимия, радиохимия, геохимия, полимерлер химиясы, кванттық химия және т.б.
Стехиометрия - заттардың арасындағы массалық және көлемдік қатынастарды қарастыратын химияның бөлімі.
«Стехиометриялық мөлшер» деген ұғым химиялық реакцияның теңдеуіндегі немесе формуладағы заттың мөлшеріне сәйкес келеді. «Стехиометриялық есептеулерге» заттардың түрлері мен олардың арасында жүретін теңдеулері бойынша әр түрлі есептеулер және оған заттардың түрлері мен химиялық реакциялардың теңдеулерін құрастыру да жатады. Стехиометрияның негізін стехиометриялық заңдар құрайды. Бұларға:
заттар массасының сақталу заңы;
құрам тұрақтылық заңы;
эквиваленттер заңы;
еселік қатынас заңы;
көлемдік қатынас заңы;
Авогадро заңы жатады. Бұл заңдар заттардың атомдар мен молекулалардан тұратынын және атом – молекулалық ілімнің дұрыс екенін дәлелдесе, ал атом молекулалық ілім стехиометриялық заңдардың мәндерін толық түсіндіріп береді.
Достарыңызбен бөлісу: |