Дүниетаным, дүниеге көзқарас дегеніміз – айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктің мән-мағынасы туралы көзқарастардың, пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы. Дүниеге көзқарас адам қоғамымен бірге пайда болған қоғамдық тарихи құбылыс. Оның шығуының қайнар көзі – өмірдің өзі, адамның тіршілік болмысы. Дүниеге көзқарастың негізгі ұғымдары – «дүние» және «адам». Олар ажырамас бірлікте. Яғни, адамнан бөлектенген дүние және табиғат, сондай-ақ сыртқы дүниемен салыстырылмаған адамның іс-әрекеті, ішкі рухани өмірі, әрқайсысы өз бетінше дүниетанымды құрай алмайды. Дүниеге қатынасы арқылы адам өзінің тағдыры мен өмірлік позициясын, сүйіспеншілігі мен сенімі туралы белгілі бір көзқарастар аумағын кеңейтеді.
Адам мен дүние арақатынастары бір-бірімен жаңа байланыста қаралған сайын, сыртқы материалдық әлем және ішкі рухани дүние туралы түсініктер тиянақталынады. Осыдан келіп дүниеге көзқараста, біріншіден, әлем, табиғат және қоғам туралы, олардың бірлігі туралы, екіншіден, адам және оның дүниедегі орны туралы, үшіншіден, болмыс пен болашақтың мән-жайы туралы көңілге қонымды түсініктер қалыптаса бастайды.