Түсіндіру әдісі жаңа тақырыпты түсіндіргенде жиі қолданылады, бірақ бекіту кезінде оқушылар білімді дұрыс меңгермегенде де қолданылады.
Химиялық, физикалық, математикалық есептерді шығарғанда теоремаларды оқығанда, табиғат және қоғам құбылыстарының түбірлі себептерін және салдарын ашу кезінде түсіндіру әдісі жиі қолданылады.
Түсіндіру әдісіне қойылатын талаптар:
сұрақтарды дәл және аңық тұжырымдау;
себеп-салдар байланысын ашып, дәлелдер келтіру;
салыстыру, қатар қою, ұқсату, жарқын мысалдар қолдану;
жүйелілік.
Түсіндіру – оқыту әдісі ретінде әр жастағы балалар тобымен жұмыста кең қолданылады. Бірақ орта және жоғары сатыларда оқу материалының күрделеніп, оқушылардың ақыл-ой жұмысының мүмкіндіктері өскенде бұл әдіс кіші жастағы оқушылармен жұмысқа қарағанда көбірек қолданылады.
Әңгімелесу – оқытудың диалогтық әдісі, мұғалім оқушыларға мұқият ойластырылған сұрақтарды жүйелі қою арқылы олардың жаңа оқу материалын меңгеруіне жағдай жасап, бұрын оқылған материалдарды қалай меңгергенін тексереді. Әңгімелесу — дидактикалық әдістің ескі түрі, оны Сократ шебер түрде қолданған, сондықтан әңгімелесу әдісін Сократ әдісі деп атайды.
Оқу материалының мазмұны, оқушылардың шығармашылық танымдық қызметіне қарай дидактикалық процестегі әңгімелесу әдісінің көптеген түрлері бар. Олар: кіріспе, немесе сабақты ұйымдастыратын әңгіме, жаңа білімді қалыптастыру (сократ, эвристикалық), жинақтаушы, жүйелеуші және бекітуші әңгімелер арқылы оқушылардың іс-әрекеттің жаңа түріне, жаңа білімді тануға дайындық деңгейі анықталады.
Әңгіме – оқу материалын ауызша баяндау. А. Байтұрсынов «Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне үқсас» дейді. Сөз өнерінің айшықты болуы сөздің дұрыстығына, тілдің анықтығына, дәлдігіне, көркемділігіне, тіл тазалығына байланысты екенін дәлелдеп, алмастыру, кейіптеу, бейнелеу (ұқсату), әсірелеу тәсілдерінің мәнін ашады. Міржақып Дулатов Оқытудың баяндау, әңгіме, түсіндіру әдістеріне ерекше мән беріп, тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрыпқа байланысты тақырыптарды әсерлі баяндаудың тәсілдерін көрсетіп берді. Ол «баланы толық жауап беруге әдеттендіру керек», — дейді. Сөйтіп, оқытушы көркемдеп оқытудың жаңаша жолдарын ұсынып, мұғалімдерден соны іс-әрекеттерді талап етеді. «Балалар дұрыс оқи алмай, қиналған жерде мұғалім өзі оқып, көрсету лайық», — дейді.
Әңгімелесу әдісі. Оқушыны жаңа білімді алуға белсене қатыстырып, оны білім алу әдістеріне, мұғалім қойған сұрақтарға өз бетімен жауап беруге үйретеді. Эвристикалық әңгімелесу барысында мұғалім оқушылардың білімі мен тәжірибесіне сүйеніп, олардың жаңа білімді түсінуін, қорытынды жасауын жеңілдетеді. Бірлескен іс-әрекет арқылы оқушылар өздері еңбектеніп, ойланып жаңа білім алады.
Білімді жинақтайтын, бекітетін әңгіме оқушылардан теориялық білімдерін, оны қолдану тәсілдерін жүйелеуге бағытталған. Оқушы өз білімін жаңа оқу және ғылыми мәселелерді шешуге қолданады.
Достарыңызбен бөлісу: |