Фонетиканы оқыту. Фонетика (грекше phonetikos — дыбыстың) дыбыс туралы ілім, тілдің дыбыс жүйесін зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Қазақ тіл білімінің атасы А. Байтұрсынұлы фонетиканы дыбыс жүйесі деп атаған.
Дыбыс жүйесі қарастыратын мәселелер: тіл дыбыстарының пайда болуы, олардың түрлері, іштей жіктелуі, сөз ішінде біріне-бірі ықпал етіп, үйлесіп, үндесіп тіркесіп түрудың тетігі, буын, екпін, сөйлеу мен жазудың арақатынасы, орфография, орфоэпия т. б.
Зерттеу мақсатына қарай фонетика сипаттамалы, тарихи, салыстырмалы және салғастырмалы болып келеді.
Сипаттамалы (синхрониялық немесе статистикалық деп те аталады) фонетика тілдің өмір сүріп тұрған дәуіріндегі дыбыстық жүйесін қарастырады: дыбыстарды сандық, сапалық жақтан айқындау, олардың тіркесу, үндесу заңдылықтары, буын, екпін, орфоэпия мәселесі осы саланың объектісі болып табылады.
Тарихи (диахрониялық) фонетика тілдің дыбыс жүйесін тарихи тұрғыдан қарастырады. Дыбыстардың түрлері, олардың дамуы, тарихи өзгерістер, буын, екпін мәселелері, үндестік заңдары әр дәуірдегі жазба ескерткіштер материалдары бо¬йынша айқындалады.
Тілдің дыбыс жүйесін қазіргі және тарихи тұрғыдан қарастырған кезде туыс тілдердің фонетикасын да ескерген абзал. Мұның өзі дыбыстардың өзгеру, даму жүйесін айқындауға мүмкіндік береді. Туыс тілдердің дыбыс жүйесін салыстыра зерттеп, олардың ұқсастықтары мен айырым белгілерін айқындау салыстырмалы фонетиканың міндетіне жатады. Салыс¬тырмалы және тарихи фонетика көбіне бір-біріне тығыз байланысты болады да, зерттеулерде қатар қолданылады. Туыстығы жоқ, құрылымы әр басқа тілдердің дыбыстық жүйесін салғастырып зерттеу салғастырмалы фонетиканың үлесіне тиеді.
Қазақ тіліндегі дыбыстардың айтылуы мен жазылуын үйрету мұғалімнің шеберлігін ғана емес, бірнеше тәсілді қатар меңгерген әуесқойлығын да қажет етеді. өйткені сабақта оқытушы тек дыбыстардың айтылуымен шектелсе, сөйлеуді үйрету мақсатына жетпейді. Сондықтан ұстаз дыбыстардың ерекшеліктерін сөз ішінде, буын құрамында, сөйлем арасында меңгерте отырып, жалпы тілдік қатынастың қағидаларын естен шығармайды және тілді үйретудің жинақтық әдісін пайдаланады. Фонетикалық тұлғалардың естілуі дыбыс ырғағы, күші, созылыңқылығы, әуені сияқты ерекшеліктерімен ажыратылады. Олар лингвистикалық әдебиеттерде талданып көрсетілген.