Қорытынды. Тәлім-тәрбие кез келген қоғамда адамның іс-әрекетінің өлшемі болып саналатыны даусыз. Сондықтан да тұрақты қоғам деп тәрбиелі адамдардың өмір сүретін қоғамын айтамыз. Сол халықтың қалыптасқан әрі сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан құндылығының сақталуы сол қоғамның даму деңгейін, өзара байланысын және бір жүйеліктің бар екендігін көрсетеді.
Ал, адамның белгілі бір қоғам сатысында немесе жеке тұлға деңгейінде өз іс-әрекетін басқарып тұратын біртұтас әдеп-тәлімі болмайынша өмір сүре алмайды. Тәлім-тәрбиенің көзі әр алуан, бір-біріне кереғар болса, онда қоғам қирайды. Адам іс-әрекетінің біртұтас, бірегей басқаруда болуы оның басқалардан айырмашылығын көрсетеді. Бұл о бастан-ақ тәлім-тәрбие біртұтас, бірқалыпты, өнегелі істерге жетелейтін санасы бар тәлім-тәрбие болғанын дәлелдейді әрі ғасырлар бойы сол тәлім-тәрбиенің арқауы үзілмей келе жатқанын көрсетеді. Тәрбиенің түп қазығы адам болу жолында әркімнің ата-ана тілін алу, зұлымдық пен қиянат істеуден және өтірік айтудан бойын алшақ ұстау, қайырымды болып, әділдік пен шындықты тұтқа етуден тұрады. Әрине, бұл әрбір халыққа тиесілі, тұрақты тәрбие. Бұл – адамзат баласы пайда болғалы бері қолданылып келе жатқан абсолюттік тәрбие. Сол себепті де тәлім-тәрбиенің алға қойған мақсаты барша адамзат баласына ортақ. Алайда, бұл принципке адам баласының дамуы мен технологиялық, инновациялық үрдістер кері әсерін тигізеді. Өйткені, жаһандасу өзге дәстүрлер мен салттарды, діни сенімдерді, пайда табу жолындағы айла-әдістерді қоса әкеледі. Бұл біртұтас қалыптасқан тәлім-тәрбиеге дұрыс та, бұрыс-та әсер етері ақиқат. Оны біз қазірдің өзінде көріп те жатырмыз.
Түптеп келгенде, әдеп дегеніміз «адамдармен қатынас барысында сыпайылық шегінен шықпау, адамның жеке ерекшеліктерін ескеру, өзгенің де, өзінің де ар-намысын қадірлеумен бірге, шама мен шекті де сезіне білу». Бұл қағиданы терең түсінген қазақтар әрбір адамды өзімен тең көрген. «Осынау рухани мұралар жүйесі жинақтала келе ұлттық болмыс ерекшелігін құрайды. Бұл – бір халықтың есте жоқ ескі заманаларды бедерлеген даналық сүрлеуі. Бұл – бірінші жағы, екінші тұсы дәл осынау ұғымдар мен пайымдарды, уақыт тезінен, ғасырлар сарасынан өткен ойларды ана сүтімен бойына сіңіріп өскен өскін-болашақтың парасатты азаматы болары анық» [11, 5-6 бб.]. Міне, осы бастаулардың тамыры тереңге кеткендіктен, қазақ халқы басынан небір зобалаңдарды өткізсе де, сол бастаулардан ешуақытта да қол үзген емес.
Сайып келгенде, дәстүрлі құқықтық мәдениет пен ұлттық тәлім-тәрбиенің өзегі, тарихи тамырлары халықтың этнографиясынды, өткенінде, болмыс-бітімі мен рухани әлемінде, шаруашылық қаракеттерінде, әдеті мен ғұрпында, дәстүрі мен жосын-жоралғыларында жатыр. Бүгінгі күні мемлекетімізде мәдени мұраларға ерекше мән беріліп отырған кезде халқымыздың әдет-ғұрпындағы тәлім-тәрбиелік қағида-ережелерді қайта түлету, оның негізгі принциптерін тәжірибеде қолдану қоғамымызда тәлім-тәрбиені жетілдіруге септігін тигізеді әрі кіршіксіз пәк, адамгершілік-имандылықтарды бойына сіңірген қоғам мүшелерін қалыптастыруға игі әсерін, өзіндік тарихи-этнографиялық ықпалын тигізеді деген ойдамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |