«Гуманитарлық білім» факультеті «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет12/13
Дата10.11.2019
өлшемі364,26 Kb.
#51493
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
хал ау ад прак 2018

2.Бозжігіт дастаны


Ертеден-ақ Дешті Қыпшаққа, кейін қазақ, башқұрт, татар, өзбек халықтарына мирас болып қалған, сюжеті шығыс халықтарының көбіне ортақ және кең тараған ғашықтық дастандардың бірі. Жырдың қазақ арасындағы ең көне нұсқасы – 1842 жылы жазылып алынып, 1870 жылы В.В.Радлов жинағында жарияланған. Мұнан кейін «Бозжігіт» Қазан, Орынбор, т.б. қалалардың баспаларынан 14 рет жеке кітап болып басылып шыққан. Шығыстанушы ғалым Н.Ф.Катановтың қазақ кітаптары жайында сол кездің өзінде жарияланған бір мақаласында «Бозжігіт» дастанының 1896 жылғы басылымы 10 мың дана болып шыққаны хабарланған. 1911 жылы қиссашыл ақын Ақылбек Сабалұлы «Бозжігіт» жырын өңдеп, Қазан қаласында қайта бастырған. Жыр мен қара сөз аралас жазылған қисса түріндегі нұсқасымен қатар таза өлеңмен жазылған дастан – поэма түрінде кездеседі. Дастан қазақ даласына қолжазба түрінде ғана емес, ауызша да айтылып, кең тараған. Дастанда Бозжігіт пен Қарашаштың адал да берік махаббаты жырланады. Махаббат жолында қаншама қиындықтардың бәрін жеңіп, сүйгенін тапса да, қыз әкесінің қатал, рақымсыз қыңырлығын жеңе алмай мерт болғаны тебіреніспен баяндалады. «Бозжігіт» жырының қай нұсқасын алсақ та, Бозжігіт пен Қарашаштың махаббаты әсерлі жырланған. Жырдың қолжазба нұсқалары мен басылымдары Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Алматы қалаларының кітапхана қорларында сақтаулы. Ескі қолжазбаның бір нұсқасы Британия музейінде сақталған. Ақан серінің шәкірті, халық ақыны И.Жылқайдаров «Бозжігіт» жырының сюжетіне 1940 жылы поэма жазған. Оның қолжазбасы Қазақстан Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қорында сақтаулы.

Мұңлық-Зарлық дастаны


Мұңлық– Зарлық – Шығыс сюжетімен құрылған жыр. «Мұңлық– Зарлық» ел арасына тараған ауызша нұсқаларымен қатар қолжазбалары Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Алматы қалаларының мұрағаттары мен кітапхана қорларында сақтаулы.
Сюжеті жағынан «Мұңлық– Зарлыққа» ұқсас «Алтын Айдар», «Зарлық», «Шапшар хан», «Қиссауылыи Мұңлық – Зарлық» секілді жырлар бізге жеткен. Жырдың халық арасына кеңінен таралуына қиссашыл ақын Жүсіпбек Шайхысламұлы көп еңбек сіңірді. Ол ауызша тараған үлгісі негізінде жырды қара сөзбен қайта жырлап, 1896–1916 жылдары Қазан қаласында «Хикаят Рисале-и Мұңлық – Зарлық» деген атпен бірнеше рет жариялады. Жыр сюжеті қазақтың ертегі, аңыздарымен сарындас, онда батырлық эпоста кездесетін сөз оралымдары мен бейнелеу тәсілдері кеңінен қолданылған.

1. Шаншар ханның перзентті болуы:
Қазақ даласының қасиетті жерінде , он сан Ноғайлы елінде, Сыр өзені жағасын Шаншар деген хан мекендеген. Ол өзі батыр, мейірімді, қайырымды болған себебі оны халық құрметтеп хан сайлаған. Ол алпыс жасқа келгенше, алпыс әйел алса да бір перзентке зар болып, қайғы құшқан.
Соның зарынан Шаншархан әулие аралап, Құдайдан бала сұрап, табаны тасқа ойылып, шаршап, дәрмені құрып жатып, көзі ілініп кетсе, ақ сақалды бір кісі : «Үйіңе қайт, тағы да бір әйел ал, ол саған бір ұл, бір қыз тауып береді», -дейді. Шаншархан жаны ұнатқан ісі - аңшылықпен айналысқан. Сонау көз ұшында батыстан мұнартқан Мұрынқарақ деген таудың етегінде саят құрған екен. Арқар, құлан, киік атып, ит жүгіртіп аң алады. Қанжығаны толтырып, көңілді оралып келе жатқан бір саятшылығында Мұрынқарақтың баурайында мал бағып жүрген бойжеткенді көреді. Жалбағай киімді болса да жанарынан адам сескентер нұр байқайды. Жүрегіне шоқ түседі.
Сол түні түсіне әлгі қойшы қыз кіріп:
- Хан ием , тұяқсыз кетіп барасыз – ау! Мен сізге перзент сыйлар едім, -дейді.
Ұйқысынан шошып оянған күйі Шаншархан шабармандарын Мұрынқараққа аттандырады. Қойшы Жаудырдың жалғыз қызын құдандалатып, ата-анасының ризашылығымен алады.Жылға таянып, тоқалдың босанатын күні жақындағанда Шаншархан бас нөкері Барынды шақырып алып:
- Менің шарана дауысын естімегеніме қанша болды! Анау неме шар ете қалғанда жүрегім жарылып кетер. Саған осы елдің амандығы аманат. Сосын, тау баурайына сүйінші жіберуді ұмытпағайсың, - дейді де тау етегіне аттанады.
Осылайша хан тау етегінде айлап жатып қалады. Елден келер жақсы жаңалық кешігіп кетеді. Шыдамы таусылған Шаншархан өзі қайтады. Ал, осыған дейін ханшайым егіз бала – бір ұл, бір қыз табады. Ұлдың басында алтын айдар, қыздың басында күміс айдары болып дүниеге келеді.

1.1. Мұңлық – Зарлыққа Шаншар әйелдерінің жасаған қастандығы.

Есен аман босанған Қаншайым ананың күндестері алпыс қатын ақылдасып, мыстан кемпірге алтын беріп, егіз туған балалардың көзін құрт деп мыстанды жұмсайды. Егіз туылған перзенттерін етегінің астына алып:
- Аралға апарып таста - деп беріп жібереді де, олардың орнына дәл сол күні күшіктеген ақ қаншықтың екі күшігін әкеліп салады.Күшіктерді әйелдің қанына малып, құшағына қыстыра салады.Ұл мен қызды дарияға тастайды.

1.2. Шаншар ханның Қаншайымға жасаған үкімі.

Шаншар хан оралғанда Қаншайымның қос күшікті әлпештеп отырғанын естігенде:
- Көзіме көрсетпей тоғайға құртыңдар! – деген бұйрық береді. Хан пәрмені орындалады.
Барын уәзір Қаншайымды екі күшігімен дарияның жеті қабат бір аралына апарып тастайды.
Оның қасындағы екі күшігі өсіп, аналарын аң етімен асырайды. Бір күні екі күшігінің бірін қабылан жаралап, күшіктің жарасын емдеп отырған Қаншайым қатты қынжылған екен.
- Мен бейшара кембағал, 
Дәргаһна қылдым зар.
Құдай рақым қылмасаң, 
Кең дүние болдың тар.
Өмірім өтті қайтейін, 
Ит күшігі балам боп, 
Сөйлеуге де тілі жоқ, 
Бұлармен бірге өскен
Мен бейшара қайран боп...
Жаратқан қыдыр , құдайым
Ит пен құстың ішінде
Өте ме күнім қараң боп...
Қаншайымның бұл сөзін Ғайып ерен , қырық шілтен естіп, оған ханнан екі нәресте тапқанын естіртеді. Сөйтіп, Қаншайым ұлының аты Зарлық, қызының аты Мұңлық екенін біледі.Бірақ мұның бәрі түсінде баяндалған екен. Жазықсыз жапа шеккен ана екі құлыныма жолықтыр деп құдайға зар қылады.

1.3.Мұңлықтың Зарлықтың тірі қалуы.


Балалардың шырқыраған дауысын біреу естіп қалар деп қауіптенген мыстан кемпір оларды Ғазар дариясына суға атып жібереді. Сонда нәрестелер кемпірге өлтіре көрмеңіз деп жалыныпты
Тіл бітіп бала сөйлейді:
-Мыстан кемпір анамыз, 
Біз де сіздің балаңыз.
Тастамай суға алыңыз, 
Өзіміз адам болған соң, 
Өлгенше сізді бағамыз.
Ажалың жетіп сен өлсең , 
Басыңа шырақ жағамыз, 
Болжалды мезгіл болғанда, 
Ажал жетіп өлеміз.
Құртуға бізді жіберген , 
Тумай жатып не қылдық
Алпыс өгей анамыз?
Тастай бергін қайтейік, 
Уа, дүние-ай, амал не , 
Бір құдай болсын панамыз...
Алайда Ғайып ерен қырық шілтен балаларды суға жеткізбей қағып алып, Шөгірлі деген тау үңгірінен пана жасап, бір киікті ана қылып, баланың атын Зарлық, қыздың атын Мұңлық қойып, екі жетімнің аман-есен ер жеткенше өсуіне барлық жағдай туғызады.
Шөгірлі сұлу киіктерімен аты шыққан арал еді. Осындай әсем аңының бірі абайсызда қодықтарынан айырылады. Желіні сыздап, жер бауырлап келе жатып, аузын ашып , көк қармаған кішкентай шараналарға кез болады.
Денесі иіп, жанарынан жас парлап, жантайып, жата кетеді. Жез киіктің сүтіне тойынған екі бала уілдеп ән салады.Ерекше жаратылысқа таңырқай көзін тоңкере қуанған ана киік халық аңызына «Жез киік » деген атпен енеді.Ал, қос жетімді аңызшылар «Мұңлық пен Зарлық » деп атайды. Сөйтіп екі бала аман қалып, тауда өмір сүріп ер жетеді.
Арада көп жыл өтіп Шаншархан Шөгірлінің тауына аң аулап жүріп, ұйықтап жатқан алтын айдарлы балаға кезігеді.Баланы ұстамақ болғанда, бала ханды лақтырып жібереді де, садағын кезене қорқытып қашып кетеді.
Хан аңшылықта көргенін үйіне айтып келеді.Алпыс қатын Қаншайымнан туылған баланың өлмей қалғанын түсініп, мыстанды қайта жұмсайды.Мыстан Шөгірліге келсе, Зарлық аң аулап кеткен екен.Мұңлық үңгірдің аузын таспен бекітіп, мыстанды кіргізбейді.Мыстан Мұңлықты: «Ағаңа айт, Күлмесханның аулына барып, өзі ат мініп қайтсын, саған киім-кешек әкелсін» деп үгіттейді.Мұңлық мыстанды қолдаушы піріміз деп ойлап қалады. Зарлық келген соң, Мұңлық болған жайтты айтады.Зарлықтың: «Ол мыстан мені өлсін деп, келместің жолына әдейі жұмсап отыр», - дегеніне қыз иланбайды, жылап, жалынады.
Мұнан әрі Зарлық ұзақ жол жүріп, көп азаптанып Күлмесхан
ның еліне жетеді.Зарлық Күлмесханнан жез айыл қыран мылтықты, алтын пышақ найзаны, алтын айдар садақты, аспаһани қылышты, шарайна белді қалқанды, Гүлсары атты тұлпарын сұрайды. Сонда Күлмесхан миығынан күліп, жауап бермейді.Қасындағы жігіттері: «Өмірі күлмеген соң Күлмесхан атанып едіңіз, бір баланың сандырағына неге күлдіңіз?», -дейді.Сонда Күлмесхан: «Ол баланың әкесі бізден құдіреті он есе басым патша, сөйте тұра, жалғыз баласын қайыр сұратып қойғанына күлдім», - дейді.
Зарлық Күлмесхан еліне ірілік қылып, мазасын алады. Хан амалсыз Зарлықтың сұрағанын береді және оған қоса Құралай атты сұлу қызын бермек болады. Бірақ, қызға ғашық Қарадәу Құралайды ұрлап әкетеді.Зарлық артынан қуып барып, Қарадәуді өлтіріп, Құралайды алып қайтады. Күлмесхан үлкен той қылып, қызын Зарлыққа қосады.Ойын-сауықпен алаңсыз жатқан Зарлықтың түсіне Мұңлық кіріп: «Көке, мені ұмыттың ба? », -дейді. «Аһ, дариға» деп оянған Зарлық тез қайтуға қамданады. Күлмесхан Құралайға көп құл, күң қосып, іші алтын, сырты күміс ақ орда береді.
Зарлық Шөгірлі тауына жетіп, Мұңлықты тауып, ақ ордасын тігіп, алаңсыз өмір сүреді.

1.4.Зарлық пен Мұңлықтың әкесі Шаншар ханға жолығуы.

Шаншар хан Мұрынқарақ тауында өткізген күндерінде Қаншайыммен кездескен өңірлерді көріп, жүрегі ауырады.
Содан ол аң аулайтын жайын Сырдың шығыс жағалауындағы Шөгірлі аралына ауыстырады.
Бір күні Шөгірлінің тауына аң аулай келеген Шаншархан басы алтын, арты күміс киікке кезігіп, оны тірідей ұстап алмаққа қамалайды. Киік ханның басынан секіріп қашып, аңда жүрген Зарлыққа жетеді.Киікті Зарлық та қуады.Бір жартасқа секіріп шығып, ақ сақалды шал бейнесіне енген киік Зарлыққа: «Әкең Шаншархан келе жатыр, сонымен табыс», - дейді.Киік бейнесінде, әкелі-балалы екеуін табыстырғалы жүрген пірлері екен.
Зарлық әкесіне өзінің тауда өткен жетімдік тағдырынан мағлұмат беріп, күндестер тіліне еріп, жазықсыз ана , күнәсіз періште-балаларды тентіреткен әкесіне өкпе-назарын білдіреді.
Атамыз Шаншар патша мерген екен, 
Аң аулап бір күн тауға келген екен, 
Жалаңаш қара таста ұйықтап жатсам.
Шаншар хан сонда мені көрген екен.
Оянсам жатыр екен мені басып, 
Оянған соң мен қалдым жаман сасып.
Садағымды қолыма алып оған кезеп, 
Құтылдым өз әкемнен өзім қашып.
Шаншар хан осы сөзді тыңдап тұрды, 
Айтқан сайын еңіреп жылап тұрды, 
Аһ дариға құдай деп Шаншар патша, 
Басынан алтын тәжін лақтырды.
Құдайдан жүруші еді бала сұрап, 
Патша сөзді естіп тұрды жылап.
Жақсылар перзент ісі жаман екен, 
Қалыпты Шаншар патша аттан құлап.
Баланы қырық жігіт тұр ортаға алып, 
Кезек-кезек көрісті бәрі барып.
Онсан Ноғай билеген Шаншар патша, 
Ұлын көріп есінен қалды талып...
Разымын құдайға, 
Құшақтасып тұрғанда, 
Алса менің жанымды.
Іші жанып күйеді, 
Төсіне төсі тиеді, 
Алпыс екі тамырдың бәрі, 
Бәрі тегіс иеді.
Тамағынан иіскелеп, 
Зарлықты патша сүйеді.
Патша қойнын ашады, 
Жалғыз жанын пида қып, 
Аймалап мауқын басады...
Әкелі – балалы екеуі табысып, Мұңлыққа келеді.
Бірақ Мұңлық атасына көріспейді.
- Менің анамды көрсетсең, көрісемін, болмаса, көріспеймін. Өлсе сүйегін, тірі болса өзін көрсет, көрмейінше, мен сізді ата демеймін, -дейді.
Патша бұл сөзді естіп, Қаншайымды іздеуге кіріседі.Бәрі Қаншайымды іздеп дариядан аралға кемемен өтеді.
Қаншайымның екі күшігі бұлардың іздеп жүргенін сезіп, Қаншайымның жаулығын тістеп алып қашқанда, Қаншайым күшіктердің бұл қылығын түсінбей, жылап айтқаны:
-Құтырып өлгір құтырма, 
Ойының келіп отыр ма?!
Ойнарға аң таба алмай
Енді ауызды салдың ба, 
Мен секілді пақырға
Сен де болдың сор маңдай, 
Мен де болдым сор маңдай, 
Жеті қабат аралда, 
Жатушы едік көңіл жай.
Мұнша неге құтырдың, 
Мұрадың қасіл болғандай
Неге бүйтіп есірдің ?
Мұңлық пенен Зарлығым, 
Екеуі келіп тұрғандай...
Күшіктерін ұрайын деп ұмтылғанда, күшіктер өздерін асыраған анасын оның туған балаларына апаруға себепкер болды.
Сонда күшік қорқады, 
Алдына түсіп жортады.
Кім көнбейді тарлыққа, 
Жеткізген Алла барлыққа, 
Қашып барып екі ит, 
Қаншайымды апарды
Мұңлық пенен Зарлыққа.
Қашып күшік тығылды, 
Аяғына жығылды.
Шаншар ханның қасында, 
Қаншайым мұны көреді.
Қаншайым хаққа жалынды, 
Жүрегі оттай қабынды.
Мұңлық пенен зарлықты, 
Көрмесе де таныды.
Жетіп келді Қаншайым, 
Таныды Шаншар патшасын.
Қамқор анам келді деп, 
Балалар салды айқайын.
Алды анасын ортаға, 
Қаншайым күйіп барады.
Бұларды көріп Қаншайым, 
Есінен мүлде танады.
Танғанының белгісі, 
Ақылы кетіп қалады.
Тағы өзіне келеді, 
Шаншар ханды көреді.
Қанатын жая береді.
Дұшпандардың тілімен, 
Арманда болдым мен дейді.
Сонда патша сөйлейді:
Аманбысың, Қаншайым!
Басыңа гауһар шашайын, 
Бұл іске енді сабыр ғып, 
Қазынам аузын ашайын.
Дұшпандық қылған залымның, 
Қанын судай шашайын!...
Тағын беріп Зарлыққа, 
Орнына патша қылады.
Осылайша Шаншар хан
Ұлына елін билетті.
Әділдігі Зарлықтың
Жүз қисса болды қайраты.
Әділеті тағы артық, 
Асып кеті айбаты.
Сөйтіп, тірі жетімдер өздерінің ерлік іс-әрекеттері арқылы мұратына жетеді.
Қазақтың ауыз әдебиетінің асыл мұраларының бірі саналатын «Мұңлық – Зарлық » эпикалық төл дастаны ең қызықты оқиғалардың бірі болып саналады.Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы сияқты үлкен сөз зергерінің туындысы болғандықтан да дастанның көркемдік деңгейі жоғары.Сөз орамдары кестелі. Ерекше тартымды. Перзентке деген ынтызарлық, жетімдік пен жалғыздық қасірет-қайғысы жандүниені баурап аларлықтай үлкен шеберлікпен баяндалады.
Шығыс сюжетінде құрылған бұл дастанның мазмұны ертегі аңыздармен сарындас, онда батырлық эпоста кездесетін сөз оралымдары мен бейнелеу тәсілдері кеңінен қолданылған. Алайда дастан бозбала жасына жеткен қос перзентімен табысқан Шаншар хан Қаншайым асыраған қос арланмен Мұрынқараққа қайта аттанып бақытты өмір сүреді деп біткен.Көпті көрген қариялар аузынан бұл дастанның жалғасын сұрағанда, олардың тамаша дәуренін қалмақтың тосын шабуылы ойран-асыр етеді екен.
Күші басым қалмақ әскерлері:
-Түбімізге жететін осылар болады!-деп Шаншар хан мен ұлы Зарлықты найзалап өлтіреді.
-Аман қалса ер жүрек, кекшіл батыр туып жүрер, -деп Қаншайымды жебенің ұшына байлап жібереді де:
-Қалың әскерге қызмет етіп, тамақ әзірлейді, -деп Мұңлықты аман алып қалады екен.
Содан Мұңлық қалың әскерге тамақ әзірлеп жүріп: «Ата-анамды, Зарлықтай ағамды аямаған бұлар мені де өлтіреді. Сол күнді күтіп жүргенше, бақи кеткендердің кегін алып өлейін», -деп ойлайды. Осы шешімге келген күннен бастап улы шөптен аз-аздап тамаққа қосып отырады. Бір күні әскер басы Мұңлыққа:
-Анау жапырағыңнан өзің де салып жесеңші, -дейді. Сөйтіп бұл айтқанын бақылап отырады. Алдыңғы күндері ішкен ас-тағамдарының әсерінен әскер тобы түгел қырылады да, Мұңлық олардан 20-30 күннен соң көз жұмады.
Сондықан да Шаншар хан, Қаншайым және Зарлық үшеуі «Зарлық» әулиесіндегі бір қорымға жерленіп, Мұңлықтың денесі олардан бөлек «Мұңлық» әулиесінде жатыр. Осы әулие қорымның сәл жоғарғы жағында, дария ортасында Қаншайымарал деген арал бар.Сырдария аралдарының ішіндегі көлемі жағынан үлкені.Ағашы, бұтасы қалың өскен, аң мен құсқа бай арал. Ежелден келе жатқан аңыздарда Шаншарханның жігіттері «бала емес, күшік тапты» - деген соң, хан жарлығымен Қаншайымды екі күшігімен осы аралға әкеліп тастаған. Қашан қос перзенті – Мұңлық-Зарлыққа табысқанша, Қаншайым осы аралды мекендеген екен.Осы арал бүгінгі күнге дейін Қанашайымарал аталуда.Ал соның маңындағы Ханарал Шаншарханның құс салып, аң аулайтын аралы болған.
«Мұңлық – Зарлық» дастанында бастан – аяқ Шөгірлі тауы сөз болады.Шаншарханның аң аулайтын, Мұңлық-Зарлықты киіктің емізіп асырайтын, жырдың ең соңында қасірет көрген екі жетімнің әкесі Шаншарханмен табысқан жері де – Шөгірлінің тауы.
Қыдыр қонып, бақ дарыған Шөгірлі тауы да осы Мұңлық-Зарлық қорымынан қашық емес. Қаншайымаралға тұстас, дарияның оң жақ бетінде, Қожатоғай ауылының терістік шығысында «Задарья» кеңшарының мал жайылымы бар. Көптеген шопанның құт қонысы. Үлкен көлік жолы Қожатоғай ауылына жақындағанда, жолдың Сыр жақ бетінде Шөгірлі ауылы бар.Шөгірлі ауылының жері бір жағы Шөгірлі тауына, бір жағы Сырдарияға жалғасады.
Жырда кездесетін басқа жер-су аттары да біздің бұл болжамымызды қуаттай түседі. Мына бір шумаққа назар аударайықшы:
Өлер болдым Арал шөл, 
Жанған шоқтай құмында.
Немесе:
Жері сортаң, оты ащы
Ащыкөл мен Тұщыкөл, 
Бұдан да өтіп барады.
Бұл жердегі Арал-Арал теңізі. Жанған шоқтай көрінген құмы – Қызылқұм. Әсте Зарлық Күлмесханды іздеп шыққанда, дарияның төменгі жағына, Арал бағытына жүрсе керек. Өйткені, дастандағы жері сортаң, оты ащы Ащыкөл мен Тұщыкөл сол жолда.
Көне Отырар қаласы мен Иасы қаласының аралығында Сыр бойындағы Майлытоғай деп аталатын бір шұрайлы жердің қыр жақ жиегінде Мәслихаттөбе аталатын төбе бар.Ол - жаугершілік заманда үш жүз өкілдері Ордабасыдағыдай бас қосқан, бәтуәға келген тарихи орын.Сол Маслихаттөбенің оңтүстік-шығысында арасын ит арқасндай ғана дөң бөліп Ащыкөл мен Тұщыкөл жатыр. Бұл көлдер өңірінің топырағы сортаң, оты ащы екені де шындық.
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты қазіргі атауы «Шәуілдір» кеншарында Көксарай деген жер бар. Ол Көксарай қай ханның ордасы, қашан болған, қазір қайда – ешкім де білмейді. Қалың құмның ішінде Төрткүл деген жер бар . Онда адам қолымен жасалған алып құрылыстардың орыны анық байқалады. Осы Төрткүлден бір көш жерде, Қарақтың беткейінде керіздің орыны сақталыпты. Қарақтың терістік шығысында Шаншар дейтін жер аты ұшырасады.Көпті көрген қариялар ол жерде Шаншарханның ордасы тұрған дейді. Ал топографиялық карталарда тек Шаншар құдығының аты ғана аталады.
Осы Шаншархан ордасының орыны мен «Мұңлық-Зарлық» әулие бейітінің арасы қырық шақырымдай.Осыдан бұл дастанның Сыр бойында өткендігіне көз жеткізгендей боласың.Қиссада айтылатын дария да Сырдария екеніне күмән жоқ. Себебі, қазақта Сырдан басқа дария жоқ.Сонымен қатар дастанда «Ғазар деген дарияның» аталуы Х ғасыр ғалымы Сухрабтың (ибн Сарабийун) Яксарт – Сырдарияны хазарлар өзені деуімен сәйкес келуі аңыздың пайда болған уақытын көрсетеді. Жоғарыда келтірілген материалдардың негізінде аңызды оғыз дәуіріне жатқызуға болады. «Мұңлық-Зарлық» оқиғасына кем дегенде мың жыл болған деуге негіз бар. Зарлық қабірі В.С. Рудневтің 1903 жылғы мақаласында көрсетілген екен. Әрбір атау тарихи болғандықтан, топономика тарихпен тікелей байланысты.
Ауылымыздағы топонимдердің тарихи факторларына талдаулар жасай келіп, олардың өте ежелгі, кейінгі дәуірлер мен кезеңдерге жататынын байқайсың.
Жырда кездесетін адам, жер, су, тау аттары да осы уақытқа дейін Сыр бойында, халық аузында сақталып келеді.Ал, Ноғайлы деген ру қоңыратта әлі бар.
Бұл күндері халық әулие деп санайтын Қаншайым мен Зарлық мазарына күмбез орнатып, ел қамқорлығына алынған. Мұңлық қыз моласы бұл қорымнан бөлек жерге қойылған, оның басында да лайықты белгі орнатылған. Бір топ тарихын зерттеушілер, «Байырқұм», «Жиделі» мекен – жайының көнекөз қарияларымен жүздесіп сөйлесіп, аталған дастан оқиғасының сол жерде өткенін анықтадық.
Қорытынды.
Қорыта айтқанда, «Мұңлық-Зарлықты» да, оның «Алтын Айдар», «Зарлық», «Шаншар», Қисса «Мұңлық - Зарлық» деп аталатын алғашқы нұсқаларын да араб, парсы, үнді ертегілерінен келген туынды деп қараудың ешқандай қисыны жоқ . «Мұңлық-Зарлық»дастаны желісіндегі аңыз өзіміздің қазақ даласында, дәлірек айтсақ, Байырқұм, Жиделі, Аққала өңіріндегі Сыр бойында туылғаны анық.
Барлық аңыздың түбегейлі түбінде шындық, тарихи болмыс жатады. Қазақтың қандай да бір дастан-жырын алып қарасақ та, белгілі бір кезеңдегі тарихи оқиғаға негізделгенін көреміз. Егер Мұңлық – Зарлық жайлы аңыз түбі жат, кірме дүние болса, оның кейіпкерлеріне байланысты Сыр бойында жер, су аттары қойылмас та, сақталмас та еді.
Осындай қилы- қилы тарихы бар елді мекендердің аттарымен танысу, өткенімізді танып білу – ұлттық санамызды оятады , тіліміздің, дініміздің қадір – қасиетін арттырады.
Тіршілігіміздің тірегі-тарихи қазыналы байлығымызды, ескерткіштерімізді қалпына келтіру мәселесіне саналылықпен қарайтын кез келді. Өзіміздің өңіріміздегі бар байлығымызды қадірлей білуге, оны аялап күтуге баршамыздың міндетіміз. Сондықтан қазақтың әрбір азаматы қабырғалары қайыса, ұлтарақтай қара жердің қамын ойласа, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.
Қазақстандықтардың егемендік алған жылдары ішінде Байырқұм өңірі халықтарының өз өткеніне, тарихи және мәдени бастауына бет бұруы, тарих қойнауындағы терең сырларға ден қоюуы, қызығушылығы арта түсуде.
Cырдың сырлы тарихы жайында , қазақ әдебиеті тарихындағы оқиғалар ізі туралы осы жазылған жұмыста айтылды.
Аудан көлеміндегі Мұңлық-Зарлық, Қаншайымарал, Шаншархан хан билік құрған қаланың орны, Байырқұм төбе, Аққала, Мұрынқарақ қорғандары, Монтай әулие, Кемпіртас үңгірі, Ақын- Жақып, Жекен-Шайық сынды тағы да басқа көпшілікке кие тұтып, зиянат ететін қасиетті орындардың тарихы әлі де болса зерттеліп , ел елегінен өткізуді қажет етеді.
Қалай десек те ең көне жырлардың бірі, баға жетпес рухани байлық – «Мұңлық - Зарлықты» мәңгілік құндылығымен дараланатын дастан жас ұрпақты жалғандықпен, жаман қылықпен, жауыздықпен күресуге шақырып, батырлыққа, бауырмалдыққа, ізгілікке, адалдаққа тәрбиелейтіні даусыз.Бір сөзбен айтқанда, қазыналы қара шаңырағымыздың тілге тиек етер, тереңірек танып- білер, тәрбиеге тәлім етер тарихы аса бай, өзгешеліктері өнегелі, жан-жақты.
Өткен жылы күзде Арыстың қақ ортасындағы Әл-Фараби атындағы жаңа алаңда «Мұңлық - Зарлық» дастанын дәріптейтін ескерткіш – монумент ашылды. Монументке бір шетінен көз қиығыңды салсаң, өздерін сүтімен асыраған киіктің үстінен Мұңлық пен Зарлық бейнесі назарға іліксе, қарсы бетінен қарағанда қыздың қолындағы қынапты қылыш болып көрінеді.
Лиро- эпостық жырдың негізгі символы киік саналатындықтан ескерткіш тұрғызылғанда да айырықша ескерілген.
«Ескі заманды еске алмасаң, балаң есті болмайды», - дейді қариялар. Өткен тарихты білмей тұрып, қазіргінің қадіріне жетіп болашақты болжау қиын.

  Студенттің орындайтын тапсырмалары

1.Шығыс елдерінің өмірінен алынған қазақ дастандары

2.«Бозжігіт», «Мұңлық-Зарлық», т.б. дастандарының сюжет тік желісі

3.Романдық эпостағы ертегілік, мифтік сарындар

4. «Мұңлық-Зарлықтың басынан өткен жәйттар

5. Зарлықтың отау құруы



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет