«Хабар» арнасы "Қызық Times” жобасы қазіргі таңдағы "Хабар" арнасының сұранысы көп бағдарлама. Айтқан әзілге, жасаған қалжыңына өкпелемей, езу тартып, күлімдеп қабылдайтын болсаңыз, әзілді түсінесіз деген сөз. «Қызық Times» жоба авторлары осындай әзілді түсінетін, жайма-шуақ мінезді адамдарды көгілдір экран алдына шақырады. Жоба продюсері Ақылбек Досжанов. Ал жүргізушілері Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек. Олардың айтуы бойынша, үнемі қабағы ашылмайтын адамдарды да күлдіру қолдарынан келеді. Себебі көтеріңкі көңіл-күй мен күлкі – жанға шипа болатын нағыз дәрумен. Бағдарлама форматы әдеттен тыс қызықты сұхбат мен әзіл-сықақтан, ерекше жанрдағы көрсетілімдер мен күлкілі бейнебаяндардан тұратын болады. Студияға шақырылған мәдениет және саясат қайраткерлері мен шоу-бизнес жұлдыздары немесе театр және кино актерлері де бағдарламаның басты талабы бойынша ойынды көтеріп, кез келген жағдайға, тіпті жасырын камераға түсіп қалса немесе өзіне жасалған пародияны көрсе, күлкімен қарап, әзілдесе білуі тиіс. Жоба 16 жастан асқан жандарға арналған. Аудиториясының көбі жастар болып келеді. Жоба әр жексенбі күні сағат 18.30-да эфирге шығып тұрады.