ӘОЖ 811.512.122΄373 Қолжазба құқығында
ХАБИЕВА АЛМАГҮЛ АЛТАЙҚЫЗЫ
Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер
(Махамбет шығармашылығы негізінде)
Мамандығы – 10.02.02 – қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы 2007
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды.
Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы,
профессор Ж.Манкеева
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
профессор Б.Шалабай
филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Әнес
Жетекші ұйым: Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
Диссертация 2007 жылы 14 қыркүйекте сағат 1400 ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06 – түркі тілдері және 10.02.02 – қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).
Автореферат 2007 жылы 14 тамызда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы міндетін атқарушы
филология ғылымдарының докторы М.Малбақов
Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Тіл-тілдің сөз байлығы әрқашан мағына байлығымен астасып, тығыз байланыста болатыны белгілі. Сондықтан да лексикалық жүйенің дамуы жаңа сөздердің, терминдердің пайда болуы, өзге тілден енген лексикалық бірліктердің көлемі негізінде ғана жүзеге аспай, ол тілде бұрыннан бар сөздердің семантикасының дамуы, әр түрлі үстеме мағыналардың пайда болуы, тілдік бірліктердің ассоциативті-бейнелі әлеуетінің жүзеге асуы негізінде де көрініс табады. Ал тіл көріктігінің, сөз мағынасы өрісінің кеңейіп, жетілуі, әсіресе, көркем шығарма тілінен байқалатыны сөзсіз. Бұл тұрғыда қазақ халқының өмірінде өшпес із қалдырған тарихи оқиғаларды, халқының тіршілігін, мәдениетін, дүниетанымын бейнелеуімен, ана тіліміздің мол мүмкіншілігін айқындай түсуімен, тілдің тарихи даму барысын көрсете білуімен ерекшеленетін ақын-жыраулар поэзиясының тілі айрықша болып табылады. Сондықтан да қазақ көркем сөз дәстүрін жалғастырып, әдеби тілге жаңа образдар мен жеке сөздерді әкелген Махамбет ақынның асыл мұрасын танып-білу тіл тарихы үшін, жаңа сапаға жаңғырып жатқан ұлттық сана үшін де өте маңызды.
«Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті. Әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоқ. Оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан» (З.Қабдолов); «Махамбет шығармашылығы – тілі мен көркемдік стилі жағынан өзіне дейінгілерден де, өзімен тұстастарынан да, өзінен кейінгілерден де, тіпті тақырыптас, жанрлас ақын-жыраулардың өлең-толғауларынан да көрінеу оқшауланып тұрған дүние. Бұл оқшаулық тек тілдік-стильдік ерекшеліктерінде ғана емес, суреткерлік дағдыларынан, өзгелерде жоқ сонылығынан, белгілі бір поэтикалық мектепті барынша жаратып, екінші бір шығармашылық бағыттың көшбастары болғандығынан көрінеді…» (Р.Сыздықова), - деп жоғары бағаланған Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің көркемдік, тілдік ерекшеліктері, дәстүрлі жыраулық поэзиямен сабақтастығы т.б. біршама зерттеліп келді (Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұмалиев, Б.Аманшин, Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Ә.Құрышжанов, Қ.Мұқаметқанов, Б.Шалабай т.б.). Бұл тұрғыда ақын мұрасын лингвистикалық жағынан зерттеген Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Ғ.Әнес, Ш.Ниятованың еңбектерін айрықша атап өтуге болады.
Ғалым Қ.Өмірәлиев «XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» атты еңбегінің бесінші тарауын Махамбет Өтемісұлының шығармашылығына арнайды. Ол ақын поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі поэзия үлгілерімен байланысын, Махамбет тілінің лексикасын (ономастикалық, қару-жарақ атауларының, туыстық қатынас пен әкімшілік жүйеге қатысты ұғымдардың, өзге тілдерден енген кірме сөздердің қолданысы, сөздердің ұшырасу жиілігі), ақын өлеңдеріндегі сөздердің стильдік-мағыналық қолданысын, Махамбет поэзиясының синтаксистік жүйесін т.б. сипаттайды. Ал «Махамбет поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі поэзия үлгілерімен байланысы», «Махамбет поэзиясындағы философиялық-психологиялық параллелизм» атты мақалаларында ақынның шығармашылығына халық ауыз әдебиеті мен жыраулар поэзиясының үлкен әсері болғанын нақты мысалдар арқылы көрсете келе, қажетті жерінде бұрынғы жыраулар сөзін қайталап отырғанын дәстүрлі жалғастық, мұралану ретінде тану қажеттілігіне назар аудартып, Махамбеттің бірқатар өлеңі өзіне дейінгі философиялық және философиялық-психологиялық әдіспен жасалғанымен, өзінің лексикасы жағынан да, ұйқастық түрі жағынан да қазақ поэзиясында жаңа сападағы көркем дүниелер ретінде танылады.
Профессор Р.Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты еңбегінің бесінші тарауында Махамбет өлеңдерінің тіліне тоқталып, ақын тіліндегі көне сөздер, әдеби-көркемдеу тәсілдері, Махамбеттің өзіндік тың образдары жөнінде сөз қозғаса, «Махамбет өлеңдерін оқығанда», «Махамбеттің әр сөзін түсініп оқысақ», «Хатқа түскен сөз тағдыры» атты мақалалары мен «Сөздер сөйлейді», «Көркем тексті лингвистикалық талдау» сияқты еңбектерінде суреткер шығармаларында молынан кездесетін мағынасы күңгірт тартқан сөздердің әуелгі мағыналарын ашып, түп-төркінін жан-жақты талдайды.
Ғалым Ғ.Әнес «Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің лингвотекстологиясы» атты кандидаттық диссертациясында жұмыстың негізгі мақсатына орай «автор – мәтін – қабылдаушы» тізбесі бойынша Махамбет өлеңдеріне тілдік тұрғыдан ғылыми сипаттама береді. Ол әр жылдағы басылымдарды бір-бірімен салыстыра келе, канондық мәтіннен ауытқулардың пайда болу себебін, мәтінтанудағы автордың рөлі мен қызметін, Махамбет өлеңдеріне тән ерекше мәтінтүзуші белгілерді айқындау деген сияқты мәселелер төңірегінде зерттеу жүргізеді.
Зерттеуші Ш.Ниятова «Махамбеттің тілдік тұлғасы» атты кандидаттық диссертациясында Махамбеттің тілдік тұлғасын лингвокогнитивтік және прагматикалық тұрғыдан сипаттай келе, оның өзіндік ерекшеліктерін, шығармалары арқылы түзілген көркемдік әлемін ғаламның тілдік бейнесімен байланыстыра айшықтайды. Ол ақын өлеңдеріндегі этномәдени мазмұны күшті, концептуалдық әлеуеті аса жоғары тілдік бірліктерді тезаурус тәсілімен талдап, ондағы өзек қызметін атқаратын концептілердің этноэйдемдік сипатын айқындайды.
Бұл зерттеу жұмысында қажетіне қарай жоғарыда көрсетілген ғалымдар еңбектерінің тілдік деректерін және алдыңғы буын ғалымдар тарапынан ұсынылған бірқатар теориялық тұжырымдарды, нақты айтқанда, тілдік тәсіл-тұлғаларды, жеке тілдік элементтерді жалаң алып қарамай, «жалпы көркем контекспен, басқа да әр алуан бейнелеу құралдарымен» (Е.Жанпейісов) байланыстыру, «өлең тіліндегі жеке сөздің поэтикалық қызметімен қатар, оның информативтік қызметтерін, яғни өлеңнің мазмұны мен оның тілдік көрінісі арасындағы сәйкестікті анықтау», «шығарманың мазмұнымен, идеясымен» байланыста қарастыру (Р.Сыздықова), «бейнеленетін болмысқа автор қатынасының сипатын ескеру», «ғылыми дамудың жаңа бағыт-бағдарларына сүйену» (Б.Шалабай) деген сияқты басқа да құнды пікірлерді басшылыққа ала отырып, Махамбет ақынның көркем шығарма тілі лингвостилистика, лингвопоэтика, психолингвистика, тіл мен таным, тіл мен ұлттық мәдениет сабақтастығы, тіл мен тарихи орта сабақтастығы тұрғысынан қарастырылмақ.
Тақырыптың өзектілігі. Махамбет поэзиясы – аса күрделі дүние. Ақынның өткен заман шындығын, белгілі бір ортаның мәдени, саяси, әлеуметтік сипатын, ұлттық болмысын, ділін, танымын әр алуан көркем образдар арқылы таныта білген экспрессивті поэзиясы біраз зерттелгенімен, ақын тілінің өзіндік табиғаты, терең ұлттық-мәдени, тарихи мәні толық танылып, мән-мағынасы ашылып болған жоқ. Сондықтан да ұлттық мүддеге негізделген Махамбет шығармаларының поэтикалық өрісін қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарымен ұштастырып (лингвостилистика, лингвопоэтика, психолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, этнолингвистика тұрғысынан), арнайы қарастыру – өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Екіншіден, белгілі бір уақытқа сай келетін тарихи шындықты, халық өміріне, ұлттық санасына елеулі әсер еткен оқиғаларды, қазақтың ұлттық болмысын, дүниетанымын, өршіл рухын, дүниенің ағы мен қарасын (өмір – өлім, қуаныш – қайғы, сенімділік – опасыздық, әділдік – әділетсіздік, дос – жау т.б.) танытуымен, адам жанын жандандырып, «ұлттық идея», «намыс», «ерлік», «ақиқат», «өршіл рух», «елім, жерім» деген ұғымдарды айшықтай түсуімен ерекшеленетін және солардың бәрін көркем бейне, астарлы ой, үстеме мағына негізінде таныта білген Махамбет ақынның шығармашылық тілін зерттеу – көркемдік шеберлігімен, ұлттық дүниетаным тереңдігімен, бейнелі де экспрессивті тілімен айырықша келетін көркем мәтін тілін зерттеу деген сөз.
Үшіншіден, тақырыптың зәрулігі Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің тілі, оның ішінде коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздердің қолданылуы арнайы қарастырылып, көлемді түрде зерттеу объектісі болмағанынан туындайды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Коннотация құбылысының ерекшеліктерін айшықтап, лингвистикалық табиғатын нақтылап дәйектейтін Махамбет лексикасының үстеме мағынасын ашуға байланысты ақын шығармашылығындағы коннотаттық семантиканың орын алу деңгейін, мақсатын, жүзеге асу жолдарын анықтау – жұмыстың негізгі мақсаты. Белгіленген мақсаттың орындалуы төмендегідей міндеттердің шешілуін қажет етеді:
коннотация құбылысына арналған теориялық еңбектерге шолу жасау;
коннотация микрокомпоненттерін нақтылау;
ақын тіліндегі екінші дәрежелі коннотаттық сема (К2) мазмұнын қамтитын тілдік бірліктерді мысалға ала отырып, семантикалық деривация мен коннотация категорияларының байланысын көрсету;
Махамбет шығармашылығы негізінде коннотаттық компонент және астарлы мәтін арақатынасын анықтау;
коннотаттық мағына мазмұнына тең келетін сөзқолданыстардың коммуникативтік-прагматикалық мәнін түсінудегі пресуппозицияның рөлін көрсету;
ақын тіліндегі мәдени коннотация мазмұнын қамтитын тілдік бірліктерді тақырыптық топтар тұрғысынан саралап, көркем мәтіннің лексикасын ұлттық-танымдық тұрғыдан қарастыру;
нақты тілдік деректер негізінде Махамбет поэзиясындағы көріктеуіш құралдардың қызметін прагматикалық үстеме мағына және мәдени ақпарат таныту тұрғысынан сипаттау.
Зерттеу нысаны. Көркем сөз шебері Махамбет ақынның ұлттық-танымдық, тарихи, прагматикалық сипатымен ерекшеленетін поэтикалық тілі.
Зерттеу пәні. Махамбет поэзиясындағы коннотаттық компонент мағынасына тең келетін бейнелі сөзқолданыстар мен ұлттық-мәдени ақпарат мазмұнына ие тілдік бірліктер.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының екінші кітабында жарық көрген Махамбет Өтемісұлының өлеңдер жинағы (Алматы: Арыс, 2001. – 160бет), Махамбет ақынның тарихи лексикасымен сабақтас халық ауыз әдебиеті мен жыраулар поэзиясының тілдік қолданыстары, ғалымдар зерттеулерінің деректері (Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Қ.Мұқаметқанов, Ә.Нұрмағамбетов, Ғ.Әнес, Харузин А., Досмұхамедұлы Х., Ы.Шөрекұлы, Аманшин Б., Кенжалиев И., Құлкенов М., Отарбаев Р., Ә.Сараев т.б.), қазақ тілінің түсіндірме, фразеологиялық, этимологиялық, аймақтық сөздіктері.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері. Тіл біліміндегі лексикалық мағынаның коннотаттық компонентін, поэтикалық тіл ерекшеліктерін тануға байланысты В.И.Говердовский, В.И.Шаховский, М.М.Копыленко, Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев, Е.Жанпейісов, Б.Шалабай, М.Оразов, Ғ.Әнес т.б. ғалымдардың зерттеулері мен монографиялары басшылыққа алынды.
Зерттеу жұмысында қолданылған әдістер. Жұмыстың мақсаты мен міндеттеріне орай түсіндіру, сипаттама, салыстыру, топтау, талдау (компоненттік, семантика-стилистикалық, контекстік, этнолингвистикалық, салыстырмалы-тарихи, дефиниционалдық), қорыту т.б. әдістер қолданылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері:
- Махамбет туындыларындағы коннотаттық семантиканың жүзеге асу жолдары, мақсаты анықталып, олардың көркем мәтін тіліндегі мағынасы ұлттық-танымдық, мәдени-тарихи тұрғыдан қарастырылады;
- Махамбет поэзиясының тілдік деректері негізінде көркем шығарманың астарлы мәтіні (подтекст) мен коннотаттық компонент арақатынасы қарастырылып, оның (коннотацияның) астарлы мәтін қалыптастырудағы маңызды рөлі айқындалады;
- белгілі бір тілдік деректердің коннотаттық мағына мазмұнын айшықтау барысында өзге зерттеушілер тарапынан бұрын сипатталмаған Махамбет сөзқолданыстары мен өлең жолдарының үстеме мағынасы мәнмәтін мен тарихи орта (предметно-событийный фон (К.А.Долинин)) байланысында талданады;
- Махамбет өлеңдерінде көрініс тапқан жыраулар поэзиясының сөз үлгілері (жеке сөз, сөз тіркестері немесе өлең жолдары) таза лингвистикалық себептер мен дәстүрлік сабақтастыққа байланысты танылып, сыртқы формасы, құрылысы жағынан сай келгенімен, өзге тың мазмұнды, ерекше мәнді қамтитын дүниелер екеніне назар аударылады;
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Махамбет ақын поэзиясының коннотаттық семантикасын зерттеу барысында алынған нәтижелер мен ұсынылған тұжырымдар көркем шығарма тілін талдау, мәтін лингвистикасы, поэтикасы және лингвостилистика теорияларын толықтыруға өзіндік септігін тигізеді.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Көркем мәтін лингвистикасы, стилистикасы, когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану бойынша оқылатын дәрістер мен арнайы курстарда, Махамбет шығармаларын талдауға арналған семинар сабақтарында, Махамбет сөздігі мен қазақ тілінің түсіндірме сөздігін құрастыруда пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- коннотация – күрделі де кешенді құбылыс. Оның Махамбет тіліндегі коммуникативтік мәні негізінде көрініс табатын мәдени коннотациясы прагматикалық, сипаттауыштық, бейнелеуіштік, эстетикалық, символдық т.б. коммуникативтік қызметтерімен ерекшеленеді;
- Махамбет поэзиясы ұлттық нақышы басым астарлы ой, үстеме мағыналы көркем бейне, экспрессивті де тың мазмұнды соны бейнелер түзейтін коннотациялық жүйе ерекшелігімен танылады;
- Махамбет тілінің үстеме мағына мазмұнын сипаттайтын көркем лексикасы біріншілік коннотативті сема (К1), екіншілік коннотативті сема (К2) және үшіншілік коннотативті сема (К3) мағыналарын қамтитын тілдік бірліктер деңгейінде көрініс табады;
- Махамбет поэзиясының лексика-семантикалық аспектідегі коннотаттық көрінісі топоним, антропоним, жан-жануар, құс, өсімдік, киім, түр-түс, қару-жарақ атаулары, түрлі фразеологиялық оралымдар негізінде көрініс тауып, олар сөйлемде белгілі бір қосымша стилистикалық жүк арқалап, сонымен қатар халықтың дүниетанымы, мәдениеті, тарихы т.б. жөнінен мол мағлұмат бере алатын лингвомәдени тілдік бірліктер болып табылады;
- Махамбет туындыларында кеңінен қолданылатын метафора, эпитет, теңеу, метонимия, гипербола сияқты көріктеу құралдары арқылы қалыптасқан коннотациялық жүйе белгілі бір объектіні жай анықтап немесе сипаттап қана қоймайды. Олар көркем поэзия тілінде прагматикалық үстеме мағына таныта келе, айтылмақ ойға сай көркем бейне сомдайды, шығарманың эстетикалық құндылығын арттырады, автордың көзқарасын танытып, дүниенің ассоциативтік бейнесін көрсетеді.
Зерттеу жұмысының жариялануы мен мақұлдануы. Зерттеу жұмысының нәтижелері «Махамбет поэзиясындағы ерлік пен елдік рухы және қазіргі дәуір» (Алматы, 2003), «Қазақтың ұлттық әдеби тілі: бүгіні мен болашағы» (Алматы, 2004), «Академик Рәбиға Сыздық және қазақ тіл білімінің мәселелері» (Алматы, 2004), «Мемлекеттік тіл саясаты: терминология, аударматану, ресми құжат тілі» (Алматы, 2007) атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында өтетін лингвистикалық семинарда (Алматы, 2007) баяндалды. Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда диссертация тақырыбына қатысты 8 мақала жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Жұмыстың мазмұны
Жұмыстың бірінші тарауы «Коннотацияның теориялық аспектісі» деп аталып, оның мазмұны төрт тармақта сипатталады.
1.1 Коннотацияның лингвистикалық табиғаты. Коннотация – бұл «connotation» - қосымша мағына деген латын тілінен алынған термин. Бұл тараушада коннотацияға қатысты Л.Ельмслев, Р.Барт, Ю.Апресян, Н.Комлев, А.Леонтьев, Л.Васильев, Е.Шендельс сияқты сынды ғалымдардың пікірлері мен А.Уфимцева, Л.Сергеева, В.Говердовский тарапынан ұсынылған коннотаттық макрокомпонентінің типтеріне шолу жасалынады.
Қазақ тіл білімінде коннотация құбылысы теориялық тұрғыдан арнайы қарастырылмаған. Дей тұрғанымен, бұл мәселенің танылуы зерттеушілер еңбектерінің лексикалық мағына, екіншілік номинация, лингвопоэтика, лингвостилистика аспектісіне сәйкес қамтылып, М.Оразов, А.Салқынбай, Е.Абақан, Р.Авакова, Ғ.Хасанов, Г.Байгунисова, Д.Әлкебаева сияқты ғалымдар тарапынан берілген анықтамалар негізінде айшықталады.
Коннотация құбылысына арналған еңбектерді шолу барысында ғалымдар тарапынан коннотацияның құрылымдық бөліктері әр түрліше танылып, коннотация ұғымы кең мағынада және тар мағынада қарастырылатындығы байқалады. Бұл тұрғыда зерттеушілерді толғандыратын негізгі мәселелердің бірі – бұл бағалауыштық, экспрессивтілік және эмоционалдылық микрокомпоненттерінің денотация және коннотация аспектілерінде орын алу деңгейі. Мысалы, В.И.Говердовский, К.А.Долинин еңбектерінде аталмыш категориялар толықтай коннотацияның микрокомпоненттері ретінде танылса, проф. М.Оразов көрсеткендей, Э.Азнаурова, В.Звегинцев, И.Арнольд сияқты ғалымдар «сөздің эмоционалды-экспрессивтік қызметін стилистикалық мағына құрамында қарап, оны коннотаттық (негізгі мағынаға қосымша) мағынаның қатарына жатқызады» [1,109]. Ал ғалым А.В.Филиппов коннотация ұғымына тек эмоционалдық және стилистикалық мазмұндағы семантикалық мағына жатады деп есептейді де, бағалауыштық және экспрессивті семаларды ол денотацияның белгілі бір бөлшегі ретінде қарастырады. Ғалымның пікірінше, бағалауыштық сема – ұғымның (түсініктің) прагматикалық компоненті, сондықтан да ол денотация аспектісінің объектісі. Ал экспрессивтілік әрқашан сөздің (денотаттың) әдеттен тыс, жаңа тұлғасында көрініс тауып, нормадан ауытқыған окказионалдылықпен байланысты [2].
Сондай-ақ, қазақ тіл білімінде семантика мәселесімен арнайы айналысқан ғалым М.Оразовтың: «… сөздердің эмоциялық мағынасы сөздің негізгі мағынасы болмайды, негізгі мағынаға қосымша мағыналық реңк болып саналады дейтін болсақ, онда тентек, ақымақ, дана, сараң, нас, топас (бұлардың тура және ауыспалы мағыналары да) деген сияқты сөздердің мағынасын түсіндіріп бере алмаған болар едік» [1,109], - деген пікірі де аталған ғалымдардың ұстанымын құптамайтындығын байқатады.
Осындай әр қилы көзқарастардың орын алуы – бұл ғалымдар тарапынан аталмыш мәселеге бір жақты және белгілі бір тұрғыдан ғана қарауынан туындаған жағдай болса керек. Осыған орай коннотация табиғаты, нақты айтқанда, экспрессивтік, эмоционалдық және бағалауыштық микрокомпоненттер «толықтыру, үстемелеу қағидасы» («принцип дополнительности») негізінде сипатталу қажет сияқты. Бұл қағида физика ғылымынан бастау алып, қазіргі кезде лингвистикада да кеңінен қолданылып жүрген әдіс. «Толықтыру, үстемелеу қағидасы» бойынша бір объектіге қатысты қарама-қарсы келетін екі немесе одан да көп ғылыми теориялардың болуы – заңды құбылыс. Себебі: «…айтарлықтай күрделі таным объектісі бір ғана үлгіде толықтай танылуы мүмкін емес. Ол оны жан-жақты көрсете алатын, онымен байланысты құбылыстардың түрлі тобын, түрін ашып бере алатын бірнеше үлгіден тұруы қажет» [3,202] және «кез келген тұжырым – бұл күрделі және іштей қарама-қайшылықтарға толы объектінің біржақты идеализациялануы, санадағы біржақты көрінісі» [4,112] екенін ескеретін болсақ, «әрбір тұжырым тек өз орнында, өз құбылыстар тобын түсіндіру кезінде орынды» [4,112] болып табылатынын ұғамыз. Сондықтан да бағалауыштық, экспрессивтілік және эмоционалдылық микрокомпоненттерді тек денотацияға тән немесе коннотацияның ғана бөлшектері деп бөлмей, олар осы екі макрокомпоненттің объектілері бола алады деген ұстанымды құптаймыз.
Көбіне мырза, жынды, пысық, жек көру, масқара, жауыздық, тентек,
бақыраю, зымырау іспеттес лексика-семантикалық бірліктер тілдік коннотациялар ретінде танылып жүр. Дегенімен, бұл сөздердің коннотация аспектісіне тікелей қатысты болуы күмән тудырады. Себебі, коннотаттық мағына екіншілік, ол денотаттан пайда болады деген қағиданы басшылыққа алатын болсақ, аталмыш сөздердің коннотативті деп танылуы үшін олардың денотаттық мағынасы айқын көрініп тұру керек. Яғни, осы іспеттес сөздердің мағынасы коннотаттық компонент мағынасына тең келеді десек, онда олардың денотаттық мағынасы қандай деген сауал туындайды. Осыған орай көрсетілген сөздердер эмоционалды, экспрессивті және бағалауышты бояу танытып тұрғанымен, олар денотация аспектісінің объектілері болып танылуы қажет деп есептейміз. Аталмыш лексемалардың табиғатына тән микрокомпоненттер сөздің заттық-логикалық мазмұнымен тығыз байланыста болып, белгілі бір ұғым ретінде көрініс табады. Бұны зерттеушілер еңбектері де байқатады. Мысалы, ғалым В.И.Шаховский льстец, негодяй, эгоист, вздыхатель (поклонник), красться т.б. сөздерін мысалға ала отыра, «в этих примерах коннотацией является образное представление, зафиксированное в денотативной сфере семантики слов и соотносящееся с понятием, которое оно замещает в языке» [5,33] деп, сөз семантикасының экспрессивтік, эмоционалдық және бағалауыштық компоненттері денотативті де бола алады деген ой түйеді. Немесе, бірқатар зерттеушілер тарапынан бағалауыштық бірліктер екі түрге бөлініп, оның бірі рационалды (интеллектуалды) баға (ұнату, жек көру, қуаныш, қайғы, сыйлау т.б.) ретінде қарастырылуы – олардың (бағалауыштық бірліктердің) ұғыммен, демек десигнатпен тығыз байланыста танылатындығын көрсетеді. Сондай-ақ лексикалық бірліктер мен фразеологиялық жүйенің құрамындағы эмоционалды, бағалауышты және экспрессивті компоненттердің екі сипатта болатынын байқап, олардың семантикалық ерекшеліктерін денотативті және коннотативті аспектілерде қарастыру қажеттілігіне назар аудартқан тілші-ғалымдар Т.Трипольская мен В.И.Шаховскийдің көзқарастары да ерекше орын алады.
Жалпы лексика-семантикалық бірліктердің денотация және коннотация аспектілерінің объектілері ретінде танылуы шарттылыққа негізделеді. Себебі сөз жеке-дара тұрып коннотаттық мағына таныта алмайтындығы белгілі (тек жалпыхалықтық сипат алған сөз-символдар жөнінде толықтай олай айта алмаймыз). Сөз мағынасының бұл бөлігі (коннотаттық компонент) тек коммуникацияда (мәнмәтінде, ситуацияда) жүзеге асып, тілдегі сөздердің семантикалық құрылымындағы белгілі бір семаның өрістілігімен және қолданыстық сипатымен байланысты болып келуіне орай ерекшеленеді. Оның айшықты көрінісінің өзекті аясы – көркем мәтін. Мысалы, Махамбеттің: «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, // Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен, // Атқанын қардай боратқан, // Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан // Арыстан еді-ау Исатай!», - деп келетін өлең жолдарындағы көк шыбық тіркесіне назар аударайық. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» шыбық сөзі: «1. Ағаштың бұтағы, жапырағы жоқ, ұзын да жіңішке, солқылдақ жас өркені. 2. Бір нәрсені жүргізу, ұру, жазалау үшін, қамшы орнына қолданылатын жіңішке ағаш. 3. Жаңа өсіп келе жатқан жас өркен; көшет. 4. Ауыс. Таяқ, соққы» - деп көрсетілген. Алайда, шыбық сөзінің бұл семантикалық мағыналары ақын тіліндегі көк шыбық тіркесінің семантикалық сипатын ашып бере алмайтын сияқты. Аталмыш сөзқолданыстың мағынасын дәл айтып беру қиындау. Дегенмен, мынадай үш болжам жасауға болады: 1. Көк шыбық – бұл қылыш (семсер). Осы орайда біз ғалым Қ.Мұқаметхановтың зерттеуіндегі мынадай деректерге сүйенеміз. Зерттеуші «Әділ сұлтан» жырынан: «Орақтың ұлы Қарасай, // Шалқасқаны мінеді енді, // Көк шыбығын байланып, // Ғаскерінің Қарасай // Басы болып жүрді енді», - деген үзінді келтіре отыра, «Осы өлеңнің мазмұнына қарағанда, «көк шыбық» – «қылыш» деген сөз болып шығады. Олай деуімізге тағы бір толығырақ дәлелді татар әдебиетінен табамыз. «Чура батыр хикаяте» атты дастанда Шағали ханның қызы Сарқани батырларға әр кімнің өз дәрежесіне қарай сыйлық үлестіргені баяндалады. Шора батырға бір алтын қобди береді. Бұл сыйлыққа батырдың көңілі толмай, өкпелеп, қобдиды ашып та қарамай тастай салады. Бірнеше күн соғысқа шықпай жатып алады. Шағали хан қызы Сарқаниды батырға жіберіп, соғысқа неге шықпай жатқан себебін сұратады.
«Сарқани барып сұрағанда, Шора батыр айтты:
Мен саған өкпелеп жатырмын, сен маған құр қобди бердің, ал басқа батырларға сауыт бердің, - деді.
Сонда қыз айтты:
- Қане, сол қобдиды ашып қарашы, - деді. Шора батыр қобдиды ашып қараса, ішінде «Көк шыбық» («Кук чыбык») деген қылыш бар екен. Шора батыр мұны көріп, қызға риза болып, әскерімен аттанып, көп жауды қырып салды» дейді. Сөйтіп, батырға әдейі арнап соқтырған әйгілі қиғыр қылыш – «Көк шыбық» деп аталып, ерлік жырларында ежелден қолданылатын бейнелі сөз екен», - деп түйіндейді. Сонымен, зерттеуші Қ.Мұқаметханов келтірген тілдік деректер негізінде көк шыбық мықты (көк) қылыш ретінде айшықталатынын көреміз. Дәлірек айтқанда, «көк шыбық» деп өткір, темірден жасалған (көк) семсер (шпага) аталса керек: «Шпага – семсер. Скрестить шпаги – біреумен семсерлесу» [6,1126]. Бұған, біріншіден, визуалды-бейнелі ассоциация негіз болса, екіншіден, түркі халықтарының тіліндегі кесіп, шауып, тіліп жіберетін қару-жарақ атауларының (меч, сабля, шпага) «семсер» және «қылыш» тұлғаларында келіп, бір ұғымды танытатындығы дәлел бола алады. 2. Көк шыбық деп садақ та аталуы мүмкін. Ол мынадай өлең жолдарынан танылады: «Орақтың ұлы Қарасай // Шалқасқаны ту астында жықтырып, // Көк шыбықты орта белден бүктіріп, // Көк сырлы оғын төктіріп, // Баданадай сауытын // Тері тондай жырттырып…» (Әділ сұлтан), сондай-ақ, «Жас шыбықтан жай тарттың, // Жалғыз шиден оқ аттың…» (Ер Тарғын). Көк шыбық – заттың тура атауы емес, яғни денотат емес. Ол «садақ» мағынасына қосымша, ономасиологиялық уәжі бар, тарихи сипаттағы коннотат. Яғни, ол қарудың жасалған материалы атауға уәж болған. Екіншіден, көк шыбық сөз тіркесінің коннотаттық сипатын анықтайтын микрокомпонент – «көкке» қатысты. Бұл арада «көк» сын есімі «жасыл» деген түс атауымен және содан туындайтын «жас» деген ауыспалы мағынамен синонимдес. Себебі садақтың серпімділігі мен қүштілігімен сипатталатын, әлі ағаш бұтағы боп бекімеген шыбықтан жасалғаны мәлім. Қараңыз: «... садақты тобылғы, үйеңкі т.б. ағаш шыбықтарынан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды» [7,VII]. 3. Біздің ойымызша, Махамбет тіліндегі көк шыбық – бұл жебе (садақтың оғы). Бұған дәйек ретінде жоғарыда көрсетілген Махамбет шумағын қайта келтіріп, салыстыра талдап, мазмұнына үңіліп көрелік: «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, // Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен, // Атқанын қардай боратқан, // Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан // Арыстан еді-ау Исатай!». Байқап отырғанымыздай, шумақтың мазмұнына сәйкес атқан оғы, атқаны деген сөздермен мағыналық байланыс бұл арада «көк шыбық» сөзінің мағынасы – «жебе» (садақтың оғы) деп болжауға негіз береді. Екіншіден, «көк» микрокомпонентінің коннотаттық құрылымының түзілуіне «көк» түстің мифтік танымға сәйкес «ерекше тылсымдық күш» деген мағынаның да әсері болуы мүмкін. Үшіншіден, көк шыбық тіркесінің «жебе» деген мағынасы «қандыауыз» сөзіне байланысты айшықтала түседі. Қандыауыз сөзінің бірнеше мағынасы бар. Соның бірі – қару-жараққа қатысты. Мысалы, «Тасада мерген кезенген // Қанды ауызға жолығар» (Ауыз әдебиеті); «Қатынасы биік көлдерден // Қатар түзеп қу ұшар. // Алғасап тез оқ ата көрмеңіз, // Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай» (Шалкиіз); «Аударылмас қара кемедей, // Қандыауызға сырлап салған жебедей» (Ер Шобан). Келтірілген өлең жолдарының мазмұнына қарағанда, қандыауыз – бұл «садақ». Осыған орай Махамбеттің: «Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан», - деп келген өлең жолындағы «қандыауыз» сөзі – «садақ» деген мағынаны танытса, «көк шыбық» тіркесі – «жебе» мағынасында жұмсалуы мүмкін. Қалай болғанда да көк шыбық – бұл бейнелі сөзқолданыстардың бірі екені анық. Оның аталмыш контекстердегі көрініс табуы коннотаттық компонент мағынасына тең келеді.
Байқағанымыздай, коннотаттық компонент мағынасы көркем бейненің дамуы барысында пайда болып, контекст шеңберінде жүзеге асады. Сонымен қатар контекст ерекше семантикалық өріс, ассоциативті ая туғыза келе, әр түрлі мағынаның ішінен қажеттісін ғана таңдап, коннотаттық компонент мағынасының эстетикалық құндылығын арттыруына себепкер болады.
Белгілі бір сөздің денотаттық мағынасын денотаттық семалар танытса, коннотаттық компонент мағынасы коннотаттық семалар негізінде жүзеге асады. Денотаттық семалар объективті шындық дүниедегі заттар мен құбылыстардың бейнесін ассоциациялайтын, яғни тілдік тұрғыдан көрініс тапқан денотаттардың бейнесін танытатын семалар болып танылса, коннотаттық семалар лексемасы өзара ортақ болып келетін денотаттық семалардан туындай келе, белгіленген затқа деген жаңа көзқарасты, өзге қатынасты білдіретін семалар ретінде көрініс табады. Осы мәселенің теориялық-әдіснамалық қағидасын белгілеген М.Копыленко мен З.Попова еңбектерінде [8] жасалу жолына қарай денотаттық семаның екі түрі (Д1, Д2) және коннотаттық семаның үш түрі (К1, К2, К3) ажыратылады. Жұмыста осы семаларға түсініктеме беріле келе, нақты мысалдар негізінде олардың Махамбет тіліндегі көрінісі қарастырылады. Сондай-ақ «біріншілік номинация» және «екіншілік номинация» деген терминдердің ұғынылуы мен аталмыш семалардың қамтылуы көрсетіледі.
Сонымен, коннотативті сөздің ішкі формасында берілген бейне денотаттан алынып, сөйлеуші тарапынан берілген ойдың барынша нақты, ықшам, психологиялық жағынан әсерлі болуын қамтамасыз етеді. Екінші жағынан, коннотаттық макрокомпонент сөздің мәнерлілігін, көркемділігін күшейту, айтар ойдың ерекше әсерлігін, эстетикалық жағын арттыру, объективті шындық дүниедегі затқа не құбылысқа субъективті көзқарасын білдіру мақсатымен қолданылатын мағына бөлшегі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |