Халел досмұхамедов


«Бүкілқазақтық халықтық «Алашорда» кеңесі кеңес өкіметін



бет2/20
Дата05.02.2022
өлшемі0,77 Mb.
#1694
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
«Бүкілқазақтық халықтық «Алашорда» кеңесі кеңес өкіметін Россия федеративтік республикасын мойындады және Халық комиссарлары кеңесімен байланыс орнатты. Халық комиссарлары кеңесі жанынан таяу күндері Қазақ ісі жөнінде комиссариат құрылады, көп өтпей Қазақ автономиялы өлкесі туралы декрет жарияланады. Халық комиссарлары кеңесінің 1 сәуір күнгі №335 қаулысына сәйкес Уралдан сыртқы облыстар бұрынғы өзінің қызметіне кіріссін. Бұл туралы төменде қол қойғандар сіздерге хабарлай отырып, мынаны ескертеміз: барлық қазақ жер комитеттері мен ұйымдарын, сондай-ақ Уралдың сыртындағы Орал облысының қазақтарын кеңес өкіметіне қарсы қандай да бір қарсы әрекетке бармауын және ешкімге ешқандай жағдайда көмек бермеуін өтінеміз. Қазақ ағайындар, естеріңізде болсын, сендердің ерікті ұлт болып өмір сүру құқықтарыңды еңбекшілдердің кеңес өкіметі мойындар отыр, орыс пролетариятының осы саяси парасатын бағалай біліңіздер!» – деген сүйінші хабарды жеткізген Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер болатын.
Бұл ұлт үшін ұлы тарихи нысана. Жаңылысып қойылса да төрдегі түпкілікті қасиетті орынын тапқан ту – Сол Ту. Ал мұндай нысаналы адамдардың азаттықта жүруі кеңес өкіметі үшін «намыс» болатын. Оның үстіне «Алашордашылардың» алдыңғы тобына 1930 жылы 4 сәуір күні үкім шығып, Мәскеуге жөнелтілген болатын.
Сондықтан да: 1930 жылы 14 қыркүйек күні: ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің Каз ССР бойынша өкілі Попов, 58/7 58/33 59/3 баптары бойынша айыпталған Мұхамеджан Тынышбаевтің үстінен қозғалған №2370 істі қарап шығып, осы істе тергелетін қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымының мүшесі ретінде 1883 жылы Гурьев округінің Қызылқоға ауданында туған, Алматы қаласының тұрғыны, ұлты қазақ, шаруадан шыққан, жоғары білімді, мамандығы дәрігер, КазГУ-дің профессоры, партияда жоқ, үйленген, қарамағында асырайтын 5 адамы бар, 1920 жылдан Қазақстанда тұру құқы шектелген, сотталмаған және тергеуде болмаған Халел Досмұхамедовті:
астыртын ұйымға белсене қатысқаны үшін, өкімет пен партияның Қазақстанда жүргізген шаралары мен науқандарына бөгет жасау үшін жерге орналастыру, мәдени-ағарту мен оқу орындарындағы, баспасөз мекемелеріндегі қызметкерлерді өз ықпалдарында ұстағаны үшін, Орта Азиядағы басмашылар қозғалысына жетекшілік еткені үшін, сондай ұйымды Қазақстанда құруға ұмтылғаны үшін, көмек алу үшін шет елмен байланыс жасағаны үшін, соның ішінде капиталистік елдерден қару алуға ұмтылғаны үшін, сөйтіп ақырында кеңес өкіметін құлатып, оның орнына буржуазиялық –демократиялық мемлекет орнатпақ болғаны үшін ҚІК-нің 128 бабына сәйкес»
Шынәлі Мұсаевпен, Серікбай Ақаевпен бірге тұтқынға алу туралы қаулы шығарды.
Ерекше назар аударатын құжат – Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық кеңестің 1920 жылғы 5 наурыздағы №10 Қаулысы. Онда:
«1. ...Баяндаманы тыңдай келіп, құжаттармен танысып шығып, батыс алашорданың көптеген жауапты қызметкерлері Орал облысында Орал казактарымен және басқа да буржуазиялық құрылымның қорғаушыларымен тізе қосып соғысқанын ескере отырып, оларға жасалған кешірімге қарамастан, олардың бұдан кейін қазақ даласында тұруы қазақтарды кеңес өкіметіне тартуға кесірін тигізуі мүмкін екендігі атап өтіліп. 2. Екінші жақтан алғанда, олардың біразы қылмыскер ретінде олардан жапа шеккендер азаматтық сотқа беруі мүмкіндігі ескеріліп, Ревком:
1. Қазақ өлкесінде кеңес өкіметі барынша орныққанша Батыс «Алашорда» ұлттық үкіметінің төмендегі жауапты жетекшілері: 1) Жаһанша Досмұхамедов;2) Халел Досмұхамедов; 3) Иса Қашқынбаев; 4) Кәрім Жәленов; 5) Беркінғали Атшыбаев еңбекші қазақ бұқарасынан аластатылсын: келген жауапты қызметкерлерді Москваға немесе орталық губерниялық қалаларға жіберілсін... кеңес өкіметін жақтайтын қазақ тұрғындары мен қоныс аударушылардың Батыс «Алашорданың» белсені қызметкерлеріне өштікпен қарайтыны ескеріліп, алашордашылардың ұсынысына қарамастан олар ревком мүшелігіне де және басқа да жауапты қызметтерге алынбасын» – деп Қаулы етті.
Сөйтіп, олардың Қазақстанда тұруға құқы болмады. Ал бұларға тағылған «қылмыстың» бастысының бірі – «кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйым құру үшін Ташкентте бас қосқандығы». Сонда олар қайда өмір сүру керек? Не Троцкий сияқты шет елге заңды түрде эмиграцияға аударылуы керек еді, не қазақ тұрғыны көп Түркістанды таңдауы тиіс болды. Оларға мұндай таңдау берілмеді. Сонда олардың ауада асылып тұрып өмір сүруі қажет пе еді?
Міне, сондай алмағайып заманда Х.Досмұхамедов Түркістан республикасына баспаналап барып, бастапқыда Ташкентте Орта Азия университетінің медицина факультетінде ординатор, содан кейін Түркістан республикасы халық ағарту комиссариятының жанындағы Қазақ ғылым комиссиясының төрағасы болып қызмет істейді. Міне, сол кезде Орынбордан «астыртын ұйымның партизаны» Д.Әділев келеді де «құпия мәжіліс» өткізеді:
Д.Әділевтің: «Дулатовтың қонақүйдегі бөлмесінде өткен Ташкенттегі ұйым мәжілісіне Дулатов, Иса Қашқынбаев, Халел Досмұхамедов, Ермеков (– ?), Кәрім Жәленов, Ақмолда Ізтілеуов қатысты. Уәлихан Омаров пен Дулатовтан басқасын бұрын танымайтынмын. Сіз білесіз бе, білмесеңіз айтайын, содан кейін Ташкентте Орта Азиядағы үйлестіруші топ ретінде ашылған ұйымның бас қосуы өтті. Орынбордағылар бұл топтан хабарсыз болатын. Олар орынборлықтардың мақсатын қолдады. Ұйымдастыру шарасы қаралып, әр қаладан сенімді адам тауып, сол қалада шағын топ құру мәселесі талқыланды. Ақмоладан, Семейден бөлімше ашу ұсынылды. Ондағы басты сенгеніміз Ермеков пен Ғаббасов болды. Айтпақшы Петропавл мен Семейде ұйым бұрыннан бар екен ...» деген көрсетіндісі Х.Досмұхамедовті түрменің табалдырығынан аттатты.
Тергеу, қалыптасқан дәстүр бойынша, анкеталық сұрақтарға жауап беруден басталған:
1883 жылы 14 сәуірде Тайсойған қонысында туған. Шаруа отбасынан шыққан. Әкесі мен шешесі кәдімгі көшпелілер, орташа қожалығы бар, үйелмен-сүйелмені көп, күн көрісін күйттеген жандар. Әкесі жоғары оқу орынын бітірерден бір жыл бұрын дүние салған. Артында 10 бала қалған, бұл 7- бала және екі ұл бар. Үлкен ағасы әкесі қайтқан жылы өкпе ауруынан көз жұмған. Орал казктарының реальдық училищесін бітіріп, Петербургтің медицина академисына түскен. Бірінші орыс революциясы тұсында студенттік қозғалысқа қатысып, демократиялық бағыттағы саяси-ағарту білімін игеруге ұмтылған, түрлі партиялардың бағдарламаларымен танысқан, бірақта олардың ешқайсысы, тіпті, қазақ студенттерінің де ұстанымы оны қанағаттандырмаған. Социал-демократтар – тек жұмысшылардың, социал-революционерлер – шаруалардың, кадеттер – ұлыорыстық өктемдіктің мүддесін көздеген, олардың ешқайсысы өзге халықтар туралы тіл-жағын ашпаған, керісінше, оларды арандатқан. Милюковтың: патша үкіметі бұратаналарды тұрпайылықпен және өркөкіректікпен қанап отыр – деген сөзі қатты әсер еткен. 1905 1906 жылдары арасында қазақ студенттерімен бірігіп осы бағытта үгіт-насихат жүргізген, «Фикр», «Уральский листок» газеттеріне мақала жазған. Сол үшін абақтыға отырып шыққан. Бақытжан Қаратаевтің мемлекеттік думаға депутат болуына ықпал еткен. 1910 жылдан бастап ақпан төңкерісіне дейін ауылда дәрігерлік еткен. Оқу-ағарту саласына ынта қойған. А.Байтұрсынов пен М.Дулатов шығарып тұрған Орынбордағы «Қазақ» газетіне белсене араласқан. Ұлттық-демократиялық ұстанымды жақтаған. Кейін Ә.Бөкейханов жетекшілік еткен ұлттық партияның, яғни, «Қазақ» газетінің бағдарламасын қолдап саяси пікір алысуларға қатысқан. Жауабының соңын:
«17-жылға дейін қазақ ішінде соц.демократиялық та, соц.революциялық та партия болған жоқ деп сеніммен мәлімдеймін, ал большевиктер туралы айтпаса да болады. Егерде, большевик болдым дейтін қазақ табыла қалса, демек оның – әуелде монархист, одан кейін антифедералист, федералист, содан кейін 1920–1924 жылдары коммунист болған, соңынан барып «Мен Лениннен бұрын да коммунист болдым» дейтін Бақытжан Қаратаевтан еш айырмашылығы болмағаны» – деп аяқтайды.
«Мұхамеджан Тынышбаев және басқалардың кеңес өкіметіне қарсы астыртын контрреволюциялық ұйымы» туралы іс алдыңғы Д.Әділев тен бастап А.Байтасовпен аяқталатын тергеудің заңды жалғасы ретінде қарастырылған. Д.Әділевті, Ә.Байділдинді – А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Есполов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, А.Бірімжановпен бірге Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жібермей алып қалуында үлкен мән бар. Д.Әділевтің «астыртын ұйымның кестесі» мен Ә.Байділдиннің әшкерелеуші көрсетінділерінің негізінде «Алашордашылардың» екінші тобын тұтқынға ала бастаған. Мәскеуге жөнелтілген тергеу ісінің уақытша кері қайтарылуын өтініп жазған ОГПУ бастығының қызмет бабындағы хаты соған дәлел. Ал Х.Досмұхамедовке қарсы Д.Әділевтің:
«Халел Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Иса Қашқынбаев, Омаров Уәлихан отырыс өткізіп, ұйымды кеңейтудің жолдарын қарастырды, оның әдіс-тәсілдерін ойластырды. Бағдарламаны Халел Досмұхамедов жасады. Мақсаты: большевиктер құлаған соң Қазақстан буржуазиялық демократиялық ұлттық тәуелсіз республика болмақ. Құрылтайда Ата заң қабылданады. Әскери құрылым бір орталықтан – Түркиядан басқарылады. Бағдарламаның аты – «Алаш еріктілері» партиясының платформасы деп аталады – десті ғой деймін. Бағдарламаның түснұсқасы ұйым хатшысы, қазір Орал қаласында жүрген Кәрім Жәленовте сақталды. Жас оқытушылар мен студенттерді ұйымға тартты. Орынбормен байланыс үзілген жоқ. Бірақ онда тек қана Байтұрсынов қалды. Өйткені Дулатов пен Әлихан Бөкейханов Семейде тұтқындалып, кейіннен Орынборға айдауылмен әкелінген болатын. Сәрсенов пен Елдес Омаров та жоқ болатын. Олардың Семейге барған-бармағанын білмеймін. Өзбектерден ұйымға Миржалилов өкіл ретінде қатысып, Жәленовпен бірге жүрді. Бұл оқиғаның барлығы 1921-жылдың аяғында, 1922-жылдың басында өтті» деген көрсетіндісі айғақ ретінде пайдаланған.
Тергеу барысында қилы-қилы қитұрқы арандату тәсілдері қолданылған. Алдыңғы тергеулердің тұсында тақыстанған «төтенше комиссияның мамандары» екінші топта жауапқа тартылғандарға ерекше дайындықпен келген және жауаптарын тиянақты түрде хаттап, бірден Д.Әділев көрсеткен «астыртын ұйымның жұмысы» туралы сұрақтан бастаған. М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовке тағылған айып та, қойылған сұрақ та, олардың реті де бірдей. Соған орай қайтарылған жауап та мазмұндас. Олардың алғашқы көрсетінділерінде абдырап қалғаны байқалады. Қалай дегенмен де, олардың берген көрсетінділерінде астыртын ұйымның болғанын мақұлдауға бейімділік бар. Ал кейінгі жауаптарында: ешқандай да ұйым болған емес, тек көзқарасы ұқсас адамдардың екеуара пікір алысуы ғана болды – деген уәжді ұстанады. Мұндағы қарастырылған жайлардың мазмұны мен қисындары, себеп-салдары алдыңғы тарауларда, әсіресе, Д.Әділевке қатысты тұстарда барынша қамтылғандықтан да және қайталауға ұрынбас үшін біз мәтіннің өзін бөліп-жармай толық беруге ұмтылдық. Сондай-ақ бір сарынды, қайталана тәптіштелген хаттамалардың ішінен негізділерін таңдап тәржімаладық. Біздің пайымдауымызша, сондай кең ауқымды мәтіннің бірі қарашаның 6 жұлдызындағы жауап. Мұнда алдыңғы және кейінгі сұрақтарға берілген жауаптың басы қосылып, тұтастық сыпат алған. Сонымен...



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет