Халық ауыз әдебиетінің тәрбиедегі орны



бет1/2
Дата24.05.2020
өлшемі29,21 Kb.
#70907
  1   2
Байланысты:
халық ауыз әдебиетінің тәрбиедегі орны


Халық ауыз әдебиетінің тәрбиедегі орны.
Сеилбаева Раушан Кәртайқызы

қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Нұр-Сұлтан қаласы «№3 мектеп-гимназия» КММ


 Халық ауыз әдебиеті — халық шығармашылығының айрықша саласы, ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем-әдеби туындылардың жиынтық атауы. Қазақ халқының мұндай сөз өнерін ғалымдар ауыз әдебиеті деп атаған. Адамзат баласы табиғаттың сыр-сипатын, жұмбағын, қоғам өміріндегі түрлі болмыстың мәні мен мақсатын, шындығы мен қайшылығын ой-сана қуатымен, ғылыми-диалектикалық әдіспен зерттеп білсе, енді бірде көркем сөз өнері, соның ішінде өмір құбылыстарын образдық ой арқылы жеткізетін халықтың ұжымдық творчествосы - фольклор шығармаларынан танып біледі. Халық поэзиясын көпшіліктің өзі тудырғандықтан. Ол елдің тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыста болған. Әр ел өз басынан өткерген оқиғаларды құмарта жырлайды. Олай болса, фольклор шығармалары өзінің тарихилығы жағынан авторлық сипаты бар кез келген туындыдан анағүрлым шыншыл, әсерлі де көркем. Сол жырларға қарап, елдің әдет-ғұрпын, ой-сапасы мен түрлі сезімдерін дәл танып білуге болады. Қазақ фольклорының тарихилығының басты бір көрінісі осында.

Көрнекті қоғам қайраткері, ғалым-педагог, жазушы-публицист Мәлік Ғабдуллиннің бүкіл ғылыми шығармашылық қызметі негізінен қазақтың дәстүрлі ауыз әдебиетін зерттеуге арналған.

Мәлік Ғабдуллиннің "Қазақ халқының ауыз әдебиеті” атты оқулық-монографиясының ғылыми мәні ерекше зор. Ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен айырмашылығы, көп варианттылығы, тұрақты тіркестердің қайталанып отыратындығы және ақын, жыршы, әнші туралы жан-жақты талдау жасаған.



Ұлы ғалым Мәлік Ғабдуллин мақал-мәтел, жұмбақтар жайында да үлкен ойлар айтқан. М.Ғабдуллин Алдар көсе, Жиренше, Асан қайғы, Қожанасырдың тарихта қашан болғаны, нақты өмірбаяны белгісіз тұлғалар жөніндегі аңыздардың да өмірдің өзінен алынғанын, оқиғаларының нанымды екенін тілге тиек етеді.

Халық ауыз әдебиеті - талай ғасырлардан келе жатқан мұра, сарқылмас бай, асыл қазына, халық шежіресі. Онан халқымыздың өткенін білеміз, сол арқылы бүгінгі заманымыздың ұлылығын танимыз, халқымыздың батырлық, ерлік тарихын көреміз. Мектепте оқушыларды ауыз әдебиеті үлгілерімен таныстырып, олардың рухани өмірін байыта түсу мұғалімінің міндеті болып табылады.
Балалардың ой - өрісін дамытуға, қиялын шарықтатып, тіл байлығын дамытуда ауыз әдебиет үлгілері - ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштардың тигізетін пайдасы ұшан - теңіз.

Ертегілер әрқашанда қазақ халқының өмірінде маңызды роль атқарып келген. Себебі, ертегілердің мазмұнында халықтың тұрмыс тіршілігі салт-дәстүрі, әдет- ғұрпы, бүкіл болмысы, адамдардың өзара қарым-қатынасы, мінез-қүлқы т.б. бейнеленген. Ұрпақ тәрбиесінде ең тиімді тәрбие құралы ретінде ертегілер тілі жеңіл, түсінуі оңай болғандықтан, ертегілердің балаларға отансүйгіштік, еңбексүйгіштік, т.б. тәрбиелер беруде ғана емес, олардың тілін дамытуда да атқарар қызметінің маңызы өте зор. Ертегілер бастауыш мектеп оқушыларының ой-өрісін жетілдіріп, Отанын сүюге, елін қорғауға, өнерді игеруге, жалпы адамгершіліктік құндылықтарды бойына сіңіруге септігін тигізеді. Сонымен қатар баланың сөздік қорын да молайтуда қызметі өте зор. Ал сөздік қоры мол, тілі дамыған бала - үздік оқушы, себебі жоғарыда аталғандар - жақсы үлгілердің негізі. Ой өрісі дамып, сөздік қоры молайған баланың айтар ойы да, істер ісі де өнегелі болмақ. Демек, бала тілін дамыту - қоғам дамыған сайын күнделікті қажеттілікке айнала беретін ең өзекті мәселелердің бірі. Оның үстіне еліміз егемендік алғалы бері мемлекеттік тілде сөйлеу соны оқыту әдістемесін жетілдіру, соның ішінде, бала тілінің дамуы мен сөздік қорының молаю мәселесі әдіскер ғалымдардың зерттеуінен түспей, назардан тыс қалмай жүрген мәселелердің бірі. Сондықтан диплом жұмысы өзекті мәселеге арналған деп білеміз және де ертегілер арқылы бастауыш мектеп оқушыларының тілін дамыту енді-енді ғана қолға алынған мәселе екендігін ескерсек, біздің жұмысымыздың көкейкестілігі даусыз екендігіне ешқандай күмән жоқ.

Қиял дүниесінен туған ғажайып оқиғалы ертегілер, батырлық жырлар, өмір тәжірибесінің қысқаша қорытындысы – мақал - мәтелдер, ойға түрткі салатын сыр сандықты жұмбақтар, қиыннан қиыстырылған тақпақ – жаңылтпаштар - бәрі де мектепте кеңінен пайдаланатын дүниелер. Бұлар балаларды елін сүюге, батылдыққа, адамгершілікке үйретеді. Мектепте оқылған ертегі, әңгіме мазмұнын жүйелі байланыстырып, әңгімелеп беруге үйрету, ертегі мазмұнында кездесетін кейіпкерлердің іс - әрекетіне сай образды сөздер мен диалогтарды, кейбір өлең шумақтарды бұлжытпай жатқа айта білуге, екі адамның диалогында кездесетін сұрақ, қорқыныш, талап тілектерді білдіретін сөздерге дауыс екпінін дұрыс қойып, мәнерлі айта білуге тәрбиелеу болып табылады.
Қазақ халқының тұрмыс салтын, арман үмітін, өткен өмірін кеңінен танытатын ауыз әдебиеті үлгілерінің көлемді саласының бірі – ертегілер. Ертегілер өте ерте заманда, тіпті жазу сызу өнері болмаған кездің өзінде – ақ туған. Бұларды халқымыз күні бүгінге дейін ұрпақтан ұрпаққа ауызша да, жазбаша да жеткізіп келеді. Ертегінің өзіндік құрылысы, көркемдік ерекшелігі бар. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір сюжетке құрылады, оқиға желісінің басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі болады. Ертегі баяу басталып, оқиға желісі күрделене түседі. Кейіпкерлер арасындағы қайшылықтар өрістей келе, әділдік үстемдік құрып, зұлымдық жеңіліс табумен аяқталып отырады. Әсіресе, адам өміріне байланысты іс - әрекеттер өткір сықақ - мысқылмен беріліп, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге мәз етеді.
Балалар жағымсыз кейіпкерлердің жаман әрекеттерінен бойларын аулақ ұстап, жақсылыққа құмартады. Ертегінің осындай әр жақты сырын қызықты, тартымды бала санасына лайықтап жеткізу айтушының шынайы шеберлігіне қарай бірнеше түрге бөлінеді. 
Ертегілер балалардың жас ерекшелігіне сай жоспарланады.
Мұндағы мақсат – ертегіні әңгімелеуге үйрете отырып, оқылған ертегіні шыдамдылықпен тыңдай білуге үйрету болып табылады.

Ертегілердің ішіндегі баланың қиялын шарықтатып, бала шақтың болашағын елестетіп, келешекке сеніммен қарауға тәрбиелейтін ең әсерлі ертегілер – қиял-ғажайып ертегілері. Ертеде «Ұшқыш кілем» ойлап шығарған халық енді «Зымыранның» өмірде бар екенін тілге тиек етіп, жұлдыздар мен планеталарды еркін аралайтын алыптар туралы ертегілер шығарды. Тұрмыс-салтқа байланысты ертегілер халықтың тарихи талаптарына байланысты туған. Онда бай баласы мен жарлы баласының таптық айырмашылықтары сөз болады, ақылды кедей мен сараң бай, қанағатсыз саудагер, ақымақ хан мен данышпан шаруаның іс-әрекеттері, мінез-құлықтары суреттелінеді. Батырлық ертегілерде елін қорғап, халқын қадірлеген ерлердің таңғажайып іс-әрекеттері баяндалады ,олардың ерліктері мен еңбектері, адамгершілік іс-әрекеттері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп айтылады.     Күлдіргі ертегілер, негізінен, Алдар көсе мен Жиренше шешеннің, Қожанасырдың есімдерімен байланысты. Ондағы кейіпкерлер сараң бай, зұлым хан, қаныпезер уәзір, қуақы құл, еріксіз қыз, еңіреп туған ер-азамат болып келеді. Онда зұлымдықты тапқырлық жеңіп отырады.Естігендерін қайталап айтып, қандай кейіпкердің бар екенін балалар айтып береді. Сонымен қатар сөздік жұмыс жүргізу, сұрақ-жауап ала отырып, сөздік қорларын байытып, әңгімелей білуге үйрету.Көркем шығармалармен балаларды ерте кезден таныстыру, оқыту тәрбиелеу істерінде қолданып отыру арқылы балаларды еркін сөйлеуге, түсініп, мәнерлеп айтуға дағдыландыру керек.

Отбасында, ертегілер күнін белгілеп, сол күні әженің, не атаның ертектерін тыңдау немесе ертегі оқу, ертегілерді теледидардан көру, ертегі айтысу т.б. тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыру қажет. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары ертегілерді құмарта тыңдайды, үлкендердің ертегі айтып беруін өтінеді, ондайда баланың сағын сындырмай, бағын қайтармай, оларға ертегі айтып беруді үлкендер (әжелер, аталар, әкелер, аналар) борышым деп түсінуге міндетті. Халық ертегісі  балалардың  барлық ықыласымен сүйсіне тыңдайтыны, оның ғасырлар  бойы ұрпақтан-ұрпаққа айтылып, халықтың даналық, тапқыр ой-пікірлері жинақталып, әрі көркем, әрі жеңіл тілмен берілетіндігінде. Басталған жерден ақ оқиғасы қызықты, ұшқыр қиялды болып келеді де, баланың ойын бірден қызықтырып, жетектеп әкетеді.

Халықтық әсем сөз өрнектері балалар түсінігіне лайықты, тілге орамды, көркем әдеби тілмен жазылған. Сазда халық әуенімен айтылатын бесік жырларынынң сан-алуан түрлері, тұсау кесу жырлары ойнақы тілмен жазылған санамақтар, ойын өлеңдері балалардың жас ерекшеліктеріне қарай тиімді пайдаланылса, баланың тіл әлеміне деген қызығушылығы артып, ана тілден байлығын меңгертуде үлкен қызмет атқарары сөзсіз. Қай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір сюжетке құрылады, оқиғаның басталуы, аяқталуы болады. Ертегі тілінің көркемділігі, қызғылықты оқиғалар желісінің баяндалуы образдардың шебер суреттелуі баланың ертегі дүниесіне қызығушылығын арттыра түседі.

Халық ертегілері ішінде балалар арасына кең тарағаны, әсіресе сүйіп тыңдайтыны хайуанаттар жайындағы ертегілер. Хайуанаттар жайындағы ертегілердің қай түрін алсақ та балалардың ұғымына сай, түсінуіне жеңіл, күлкілі де қызықты болып айтылады. Ертегілерде балаларды қызықтырарлық және оларға ой саларлық  сипаттар бар, яғни, олардың мінез өзгешіліктерін, сырт көріністерін, күн көрісін байқайды. Есіту арқылы олар енді тікелей білуге, зерттеуге құштарланады. Мысалы: «Түлкі мен тауық», «Түлкі, қойшы, аю», «Түлкі мен ешкі», «Түлкі мен қарға», «Түлкі мен арыстан», «Түлкі мен қаз», «Түлкі мен құмыра» .т.б.  Мұнда  балаларға үлгі, өнеге боларлық терең ойлар айтылған. Айлалының қолына түсіп, мерт болудан сақтандырудың жолдары көзделген. Әсіресе, қиын-қыстау кезеңде асып-саспауға, не нәрсені болса да алдымен ақылға  салып шешуге үйретеді. Тапқырлыққа баулиды. Сондай-ақ, хайуанаттар жайындағы шағын ертегілер көбіне  мектеп жасына дейінгі балаларды әсіресе,  тапқырлық күлкілер мен қызықты жеңіл түйіндер мәз-мейрам етеді. Олардың эстетикалық талғамын күшейтіп, сөйлеу мәдениеттілігін арттырады. 



Халық ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан, өзіндік ерекшеліктерімен танылған халықтың асыл ойының көркем жиынтығы - мақал мен мәтелдер арқылы да беріледі. Қазақтың мақал - мәтелдері негізінен елдікке, ынтымақ - бірлікке, адамгершілікке, инабаттылыққа тәрбиелейді. Халықтық шығармалар ішінде жұмбақтар үлкен рөл атқарады. Жұмбақтар баланы байқағыштыққа, тапқырлыққа баулып, ой - қиялын ұштастыруға көп әсер етеді. Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыс та, айқын сөйлеуге үйрететін, тілін жаттықтыруға бейімдейтін жанр – жаңылтпаш. Балалар жаңылтпаш арқылы сөздерді дұрыс сөйлеуге, жеке дыбыстарды алмастырмай дұрыс айтуға үйретеді.

Бала тілін дамытуда, ой - өрісін кеңейтуде халық ауыз әдебиетін пайдаланудың маңызы зор.

Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тағы бір саласы – аңыз әңгімелер. Аңыз негізінде әңгіме, кейде өлең, жыр түрінде болуы да мүмкін. Аңыз белгілі бір адамның атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Мысалы, қазақ аңыздарында  Асан қайғы, Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр, Қорқыт, т.б кейіпкерлердің ұлағатты істері баяндалады. Аңыз әңгімелер балаларды батырлыққа, елжандылыққа тәрбиелейді. Ондағы кейіпкерлерді өздеріне үлгі тұта отырып, балалардың патриоттық, отансүйгіштік сезімдері оянады.

Ойымызды түйіндесек, «халық айтса қалт айтпайды» демекші тәрбие басын тал бесіктен бастағанның өзі де еліміздің ертеңін ойлаған, яғни, атадан балаға жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызды, салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қадірлеу, балаға сәби кезінен қалыптастырған жөн.

Бүгінгі жас жеткіншектердің бойына халқымыздың ғасырлар бойы қастер тұтып келе жатқан ар-намыс, ождан, атамекені мен ана тіліне деген сүйіспеншілік, әдет-иба, қайырымдылық, үлкенді, ата-ананы құрметтеу қасиеттерін дамыту балабақшаның негізгі міндеті боп отыр. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі жайындағы озық ұлттық мұраны бүгінгі тәлім-тәрбие жұмысына енгізуді аса маңызды міндет деп қарастыру қажет.



Егеменді еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі алға қойылған басты міндет. Ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушысы. 
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің негізгі идеялары Елбасының "Қазақстан-2030" стратегиялық жолдауында: "Олар... күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады",-делінсе, ҚР-ның "Білім туралы Заңында" "Білім беру жүйесінің басты міндеттері азаматтық пен ел-жандылықты, өз Отаны ҚР-на сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін қастерлеуге, әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгеру" делінген. Осыған орай, бүгінгі жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, жеке тұлға талабы, қоғам қажеттілігі. 
Ерте заманда елім деп еміреніп, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, өз елін жаудан қорғау үшін қасықтай қаны қалғанша, ақтық демі біткенше алысқан, Махамбетше айтқанда "Қара қазан, сары баланың қамы үшін соғысқан" батырларымыз аз болмады. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Исатай, Махамбет, тағы басқа батырларымыздың ерен ерліктерін ерекше айтуға болады. 
Халық ауыз әдебиетінің бір саласына жататын ел қорғау, батырлық істер жайында туған халық мақалдары да халықтың бұл ой-тілегі, арман-мүддесі, патриоттық сезімі, ұлттық мақтанышы қандай екенін көрсетіп отырады. Осы тақырыптағы мақалдар, ең алдымен кімге болса да, туған жер, өсіп-өнген ел – Отанды аса қажетті, қадірлі, қымбат деп көрсетеді. Мысалы: "Ел іші – алтын бесік", "Туған жердің топырағы да ыстық", Туған жерден топырақ бұйырсын деп, отансүйгіштік сезімді дәріптеген халқымыз "Отанды қорғау – азаматтық парызың"дейді. 
Ал "Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі", "Елін суйген ер болар", "Ерлік білекте емес, жүректе" т.б. мақалдар өз елін жаудан қорғау үшін қасықтай қаны қалғанша, ақтық демі біткенше алысу, сөйтіп дұшпаннан Отанын қорғап қалу нағыз халқын сүйген әрбір адамның міндеті болатынын танытады. 
Ұлттық зердеміз бен ой-санамызға бойтұмар болар қасиетті рәміздеріміздің тарихын, мән-мазмұнын білу Отанын сүйген әрбір азаматтың перзенттік борышы. Себебі, мемлекеттік нышандар арқылы да оқушылардың бойына еліне сүйіспеншілік, мақтаныш, патриоттық сезімдер табанды сіңері хақ. Сондықтан да Туымыз, Елтаңбамыз сияқты халықтың қасиетті белгілерін оқушы қауымға қайталап оқытып отырудың артықтығы жоқ. Тарих тағлымына адалдық, би-шешендеріміздің үлгі-өнегесін беріктік, шешендікке, өз елін сүюге деген құштарлық сөз өнерінің бір саласы әдебиет пәні арқылы жүзеге асады. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет