174-бап. Адамның ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) және (немесе) тiндерiн, қан мен оның компоненттерiн әкелудiң, әкетудiң тәртiбi 1. Осы Кодекстiң 172-бабының 3-тармағында және 173-бабының 4-тармағында көрсетiлген денсаулық сақтау ұйымдарының адамның ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) және (немесе) тiндерін, қан мен оның компоненттерiн Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуі және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкетуі тауарлардың сыртқы саудасын лицензиялау саласындағы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен берілетін лицензия негізінде жүзеге асырылады. 2. Уәкілетті орган адамның тіндерін, қан мен оның компоненттерін әкелуге, әкетуге арналған лицензияны беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді үш жұмыс күні ішінде, ал адамның ағзаларын әкелуге, әкетуге арналған лицензияны беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді бір жұмыс күні ішінде қабылдайды. Ескерту. 174-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.06.2013 № 107-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТ 29-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІ 175-бап. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі 1. Денсаулық сақтау жүйесі үшін кәсіптік ғылыми-педагог, медицина және фармацевтика кадрларын даярлау, олардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің міндеттері болып табылады. 2. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарында және білім беру ұйымдарының медициналық және фармацевтикалық факультеттерінде жүзеге асырылады. Ғылыми ұйымдармен және денсаулық сақтау ұйымдарымен жасалған шарттар негізінде жұмыс істейтін университеттік клиникаларды және (немесе) интеграцияланған академиялық медициналық орталықтарды қалыптастыру клиникалық мамандықтар бойынша медициналық білім беру бағдарламаларын іске асырудың міндетті шарты болып табылады. 3. Мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарттар мен медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникалық базалары туралы ережені және оларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді. 4. Резидентураның тыңдаушыларын қоспағанда, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген адамдар үшін мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат, ал клиникалық мамандықтар бойынша маман сертификаты да олардың медициналық ұйымдарда лауазымдар атқаруы үшін негіз болып табылады. 5. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтикалық білім резидентураны, магистратураны және докторантураны қамтиды. 6. Қосымша білім беру қосымша білім берудің білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын медициналық білім және ғылым ұйымдарында жүзеге асырылады. Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қосымша білім берудің негізгі нысандары болып табылады. Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау тәртібін, сондай-ақ қосымша медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын уәкілетті орган айқындайды. 7. Медицина және фармацевтика кадрларын даярлауды жоспарлауды уәкілетті орган, сондай-ақ денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары саланың қажеттіліктерін ескере отырып, өз өкілеттіктері шегінде жүзеге асырады. Ескерту. 175-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 171-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 208-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.