21-2-бап. Апелляциялық комиссияның шағымды қарау тәртібі 1. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар шығарған тексерулер нәтижелері туралы актілерге жоғары тұрған органға шағым жасалуы мүмкін. 2. Тексеру нәтижелері туралы актіге шағымды қарау үшін жоғары тұрған мемлекеттік орган апелляциялық комиссияны құрады, оның құрамына халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері міндетті түрде кіреді. Апелляциялық комиссияның регламентін, ережесін және құрамын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды. 3. Шағымды апелляциялық комиссия халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның тексеру нәтижелері туралы актісіне шағым жасалатын мәселелер шегінде қарайды. 4. Тексеру нәтижелері туралы актіге шағым Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімдерде жазбаша нысанда беріледі. 5. Апелляциялық комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады. 6. Апелляциялық комиссия жыл сайын тексеру нәтижелері туралы актіге шағымдарды қарау нәтижелерін қорытуды жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдайды. 7. Апелляциялық комиссияның тексеру нәтижелері туралы актіге шағымды қарау нәтижелері шағымды сотқа жіберуге кедергі болмайды. 8. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сотқа жүгіну сот шешім шығарғанға дейін апелляциялық комиссияның тексеру нәтижелері туралы актіге шағымды қарауын тоқтата тұрады. Ескерту. 5-тарау 21-2-баппен толықтырылды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).