59-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама 1. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жеке тұлғаның еңбекке жарамсыздығын ресми тану және оны ауыру кезеңінде еңбек міндеттерін орындаудан уақытша босату мақсатында жүргізіледі. 2. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын беру тәртібін уәкілетті орган белгілейді. Ескерту. 59-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
60-бап. Әскери-дәрігерлік сараптама 1. Әскери-дәрiгерлiк сараптама денсаулық жағдайы бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарындағы әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтегі, iшкi iстер, қылмыстық-атқару жүйесi, өртке қарсы қызмет органдарындағы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегі, прокуратура органдарындағы, мемлекеттік кіріс органдарының экономикалық тергеу қызметіндегі қызметке (бұдан әрi – әскери қызмет немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы, құқық қорғау органдарындағы қызмет) жарамдылықты анықтау үшiн, сондай-ақ азаматтардың әскери қызметтi немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы және құқық қорғау органдарындағы қызметтi және әскери жиындарды өткерумен (мiндеттердi орындаумен) байланысты ауруының, мертiгуiнiң (жаралануының, жарақаттануының, контузия алуының) (бұдан әрi – мертiгу) және қайтыс болуының себептi байланыстарын айқындау үшiн жүргiзiледi. 2. Әскери-дәрiгерлiк сараптама: 1) мыналарды: шақыру учаскелерiне тiркелетiн, әскери қызметке немесе әскери жиындарға шақырылатын және әскери (арнайы) оқу орындарына, республикалық әскери мектеп-интернаттарға (лицейлерге) түсетiн азаматтарды; әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметке, оның iшiнде келiсiмшарт бойынша қызметке кiретiн азаматтарды; әскери қызметтi шақыру бойынша немесе келiсiмшарт бойынша өткеретiн әскери қызметшiлердi; арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін; әскери (арнайы) оқу орындарының, арнаулы мемлекеттік органдары оқу орындарының курсанттарын, кадеттер мен тәрбиеленушiлердi; радиоактивтiк заттармен, иондандырушы сәулелену көздерiмен, зымыран отыны компоненттерiмен, электр-магниттiк өрiс көздерiмен қызметке (жұмысқа) iрiктеп алынатын және қызмет өткерiп (жұмыс iстеп) жүрген әскери қызметшiлердi (Қарулы Күштер қызметшiлерiн), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін (жұмыскерлерін); мемлекеттiк авиацияның авиация персоналын; әскери жиындарға, арнаулы мемлекеттік органдар жиындарына немесе әскери қызметке, арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызметке шақырылған кезде немесе есепке алу мақсатында запастағы азаматтарды медициналық куәландыру кезiнде; 2) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына қызметке кiретiн азаматтарға психологиялық-физиологиялық iрiктеудi жүзеге асыру кезiнде; 3) әскери қызметтi (әскери жиындарды) немесе арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметтi (жиындарды) өткерген әскери қызметшiлердiң, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің немесе азаматтардың мертiгуiнiң, ауруының себептi байланыстарын айқындау кезiнде; 4) азаматтар әскери қызметтен немесе арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметтен босатылған кезде олардың денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметке жарамдылық санатын айқындау кезiнде; 5) әскери қызметшiлердiң, әскери мiндеттiлердiң, қызметкерлердiң әскери қызмет (әскери жиындар) немесе арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметі кезеңiнде не әскери қызметтен (әскери жиындардан) немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы, құқық қорғау органдарындағы әскери қызметтен (жиындардан) босатылғаннан кейiн әскери қызметтi (әскери жиындарды) немесе арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметтi (жиындарды) өткеру кезеңiнде мертiгуі, ауруы салдарынан қаза табуының (қайтыс болуының) себептi байланыстарын айқындау кезiнде жүргiзiледi. 3. Әскери-дәрiгерлiк сараптама органдары Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында, арнаулы мемлекеттік органдарда және iшкi iстер органдарында әскери-дәрiгерлiк сараптама жүргiзедi. Арнаулы мемлекеттік органдар үшін әскери-дәрігерлік сараптаманы Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери-дәрігерлік сараптама органдары жүргізеді. 4. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы, арнаулы мемлекеттік органдардағы, ішкі істер органдарындағы және мемлекеттік авиациядағы қызмет үшін денсаулық жағдайының сәйкес келуіне қойылатын талаптарды уәкілетті органмен келісу бойынша қорғаныс, ішкі істер саласындағы орталық атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары және Мемлекеттік күзет қызметі бекітеді. Ескерту. 60-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.01.2015 № 275-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.