Гераклиттің көптеген идеялары Пифагоршылдарға қарсы мағынада айтылғаны байқалады. Әсіресе соғысты дәріптеу, қайшылықты жақсылық ретінде түсіндіру Пифагорға ұнамағайтыны анық. Өйткені, Пифагордың өзекті тақырыбы екеу: Сан және Гармония. Логосты қайшылық күресінің бірлігі заңы бойынша түсіндіру арқылы Гераклит дүниенің оттай лаулаған қиян-кескі арпалысты шындығын елестетеді.
Діни көзқарасы
Дін жөнінде арнайы пікір айтпағанымен, оның идеяларынан Ксенофан секілді дәстүрлі діни түсінікке сын айтуды, астыртын мазақтауды байқаймыз. Ол діни құрбандық шалуды, тасаттық беруді, мүсінге табынушылықты соқырсенім ретінде бағалады. Гераклит Құдай бар деп сенгені анық, бірақ оның сенген құдайы «Логосқа бағынатын Мәңгілік От» болды. Ол құдайды салт-жосын мағынасында емес, ақылдық мағынада түсінуге тырысқан ойшыл. Дегенмен кейінгі грек-рим философиясындағы Стоик ағымы Логос пен Мәңгілік отты Құдай ретінде танып, философияны дінилестіруге тырысқанын көреміз.