Халқымыздың асыл мұрасында баланың физиологиялық тұрғыдан жетілуіне ғана емес, қағылез, епті, алғыр болуына себін тигізетін ойындар баршылық. Өз кезегінде ол дана бабамыздың балаға, оның тәрбиесіне бей-жай қарамағанын, баса назар аударғанын білдірсе керек. Ал бұл ұлттық тәрбие, ұлттық білімнің түп-тамыры біз ойлағаннан анағұрлым тереңде жатқан тәрізді.
Ойынның баланың жетілуіне, ой-санасының дамуына, ептілігіне қосар үлесі мол. Ол әсіресе баланың биологиялық дамуы үшін де аса пайдалы. Ол бұлшық еттерін ширатып, дамытып қана қоймай, қырағылыққа, тез шешім қабылдауға, санауға, топтауға үйретеді. Сонымен қатар көздің көруін жақсартып, көз жанарын жетілдіреді. Ойын адамды тыныштандырып, сабырлылыққа үйрететін қасиетке ие.