ХХ ғасырдың басында Қазақстанның тарихы көптеген өзгерістерге толы болып, аса бір маңызды оқиғалар болған еді. Нақты айтқанда, бұл уақытта Қазақстанның көптеген жері Ресей империясының ішкі отарына айналып, өзінің саяси-экономикалық дербестігінен айырылған, орыс мемлекетінің бір бөлігі ретінде танылды. Бірнеше ғасыр бойы ұлы далада қалыптасқан көшпелі цивилизацияның рухани, мəдени, саясиқұқықтық жүйелері дағдарыс шырмауығына маталып, қазақ халқында бұрын мүлде белгісіз болып келген құбылыстардың орын ала бастағанына Ресей ықпалы тигендігі анық еді. Атап айтқанда, орыс, шетел капиталдарының енуі мен өнеркəсіп ошақтарының пайда болуы, жұмысшы табының қалыптаса бастауы, қалалар мен поселкелердің көбеюі, т.б. Құбылыстар қазақ даласына буржуазиялық қатынастардың алғашқы нышандарын таныта бастаған. Ресей капитализімінің кеңістік шеңберінде өсуі – Қазақстанда тауар айналымының күшеюіне тікелей жағдай туғызып, қазақ қоғамында да капиталистік қатынастардың дамуына ықпалын тигізді . Қазақстанның негізгі халқы ауылдық жерде тұрып, жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Оған мал ұстаудың жайылымдық-жартылай қолда бағу жүйесі, егіншілікпен, шөп шабумен жəне басқалар шұғылдану тəн болды. Қазақтар жылқы, қой, ірі мүйізді мал, түйе жəне ешкі өсірді . XIX ғасырдың аяғында – ХХ ғасырдың басында Қазақстанда егіншілікпен айналысу барған сайын кең тарады. Егіншілік Сырдария облысының Шымкент пен Əулиеата уездерінде басым болды. Бұларда əрбір тұқым себуші шаруашылыққа егістік жер орта есеппен 10,7 десятинадан келді. Жетісу облысының Қапал уезінде 1910 жылы қазақ шаруашылықтарының 81 проценті, ал Верный уезінде 79,3 проценті егіншілікпен айналысты. Қостанай уезінде егіншілікпен қазақ үй қожалықтарының 88 проценті 31 шұғылданып, олар əрбір тұқым себуші шаруашылыққа 22,2 десятина жерден келетін 107440 десятина егісттікке тұқым сепкен. Егіншілікті дамытуда қоныс аударғандар елеулі рөл атқарған. Егіншіліктің қазақ халқы арасына тез тарауы, жаңа ауылшаруашылық құралдары мен жер өңдеу тəсілдерін меңгеру, рыноктар астықтық жəне жемдік дақылдарға сұранымы егістіктерде бидайдың, арпа мен сұлының барған сайын көп орын алуына көмектесті. Күріш, бақша дақылдарының егістіктері кеңейтілді. ХХ ғ. Басында өлкеде қала халқының өсу бағыты байқалды. 1897-1914 жылы аралығында барлық облыстарындағы қалалар халқы 1,5 еседен астамға өсті. Қалада неғұрлым ірі əлеуметтік топ сауда буржуазиясы болды, олар тұрғындардың 20,3 процентін құрады. Қалалықтардың 33,1 проценті тау-кен, кең қазып шығару жəне тамақ өнеркəсіптерінде істеді, 20 проценті ауыл шаруашылығымен жəне кəсіпшіліктермен шұғылданды. Қазақ жерлерінде тау-кен өнеркəсібі даму үстінде болды. Өйткені, қазақ жерінің қазба байлығын игеруде жақсы жолға қойыла бастаған еді. Таукең өнеркəсібі түсті металдар мен темірдің өте бай кен орындары пайдаланылып жатқан Алтай мен Орталық Қазақстанда өркендеді. ХХ ғасырдың басында мыс, алтын, темір жəне басқа қазба байлықтары шығаратын тау-кен өнеркəсібі кəсіпорындары шетелдік акционерлік қоғамдардың қолына көшті. Мысалы, 1904 жылы Лондонда пайда болған Спасск мыс кендерінің ағылшын-француз акционерлік қоғамы Спасск-Успенск мыс кені мен заводын, Саран-Қарағанды таскөмір кенін, темір рудниктерін сатып алды. Қоғамның акциялары ұстаушылар американдықтар, немістер, шведтер, австриялықтар жəне басқалар болды. 1914 жылы Риддер руднигінің, Екібастұз қорғасын-мырыш заводының құрылыстары басталды, темір жол салынып жатты. «Спасск мыс кеніші» акционерлік қоғамының төрағасы ағылшын парламентінің мүшесі Артур Фелл, ал төрағаның орынбасары Франция президентінің жиені Эрнест Жан Карно болды. Орыстық-Азиялық деп аталатын Риддер мен Екібастұз кеніштерінің корпорациясы ағылшын компаниясының иелігіне беріліп, оған болашақ АҚШ президенті Герберт Гувер мен ағылшын қаржыгері Уркварт қаржы салды. Өлкенің ХХ ғасырдың басында тау-кен өнеркəсібінің басты салаларының бірі алтын шығару болды. Екібастұз, Қарағанды, Саранда көмір кен орындары пайдаланылды. Өндірілген көмір темір жолмен жəне су жолдарымен Перьм губерниясына, Омск мен Барнауылға сондай-ақ өлкенің Павлодар, Петропавл жəне басқа қалаларына жеткізіліп отырды. Қазақстанның экономикалық өмірінде негізінен өлкенің батыс жəне солтүстік-шығыс аймақтарында орын тепкен тұз өндіру кəсіпшіліктері маңызды рөлге ие болды. Тұз жергілікті мұқтаж үшін де, сол сияқты шетке шығару үшін де өндірілді. Олардың неғұрлым ірісі Ішкі Ордадағы 5 мың қазақ жұмыс істеген Басқұншақ, Семей облысының Павлодар уезіндегі Коряковск, Қарабас кəсіпшіліктері болды. Тұз кəсіпшіліктері артельдерге, серіктестіктерге жəне қоғамдарға арендаға берілді. Батыс Қазақстанда, Орал-Ембі аймағында мұнай шығарылды. 1912-1914 жж. Мұнай кен орындарын пайдаланумен иелері ағылшын капиталистері болған «Батыс – Оралдық мұнай қоғамы», «Орал-Ембі қоғамы» жəне «Солтүстік-Каспий мұнай компаниясы» айналысты. Арзан жұмысшы күні, бақталастықтың болмауы, мұнайдың бай кен орындары жыртқыштықпен пайдаланған кезде қожаларына ұшан-теңіз пайда əкеліп жатты. Тұтас алғанда өлке өнеркəсібінде ауылшаруашлық шикізаттарын өңдейтін: теріден былғары жасайтын, май шығаратын, сабын қайнататын, арақ, спирт шығаратын, май шайқайтын жəне басқа кəсіпорындар басым болды. Жетісу, Ақмола жəне Семей облыстарында өнімдеріне əскери ведомтсвалар ерекше ынталық танытқан жүн-шұға фабриктері, ет-консерві зауыттар, сондай-ақ ұн- 32 жарма өнеркəсібі дами түсті. Оңтүстік Қазақстанда шикізаттар өңдейтін майда кəсіпорындардан басқа мақта тазарту өнеркəсібі қанат жайды . ХХ ғ. Басында Шымкентте төрт, Түркістанда – екі мақта тазартатын зауыт салынды. Балық аулау кəсіпшіліктері Еділ-Каспий бассеинінде, Орал-Ембі өлкесінде, Арал теңізінде, Ертісте, Балқаш пен Зайсан көлдерінде дамыды. Қазақстанның капиталистік өнеркəсіптің шикізат көздері мен оны сыртқа шығару базарына айналуында темір жолдар салу маңызды рөл атқарды. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда Орныбор-Ташкент, Троицк, Алтай мен Жетісу темір жолдарын салу кеңінен өрістетілді. Революцияға дейінгі Қазақстанның негізгі темір жол магистралі 1901-1905 жж. Салынған Орынбор – Ташкент темір жолы еді. Өлкенің экономикалық өмірінде темір жолдар болудың зор маңызы болды. Өйткені темір жолдар өлкені Ресейдің өнеркəсіп орталықтарымен байланыстырып, оны жалпыресейлік экономикалық саудаға тартты. Қазақстанның əртүрлі өнеркəсіп шикізаттары, мал шаруашылығы өнімдері, мал, астық сыртқа шығарылып, өлкеге фабрика зауыт бұйымдары, галантерея, бакалея таулары əкелінді. Темір жолдардың сондай-ақ əскерлерді бір жерден екінші жерге тез жеткізіп, халық қозғалыстары мен толқуларын басу үшін əскери-стратегиялық маңызы болды. 1917 жылға дейін Қазақстанда барлығы 2793 шақырымы темір жол төселді, соның 2557 шақырымы жалпылай пайдаланатын жəне тек 236 шақырымы ғана жергілікті маңызы бар жолдар еді. Семей облысында темір жолдар болмағандықтан су жолдары пайдаланылды. Ертіс арқылы жүктерді «Пароход шаруашылықтары мен сауданың Батыс-Сібір серіктестігінің» пароход компаниялары жəне басқалар тасыды. 1911 жылы Ертіспен 73 пароход жəне 214 бусыз кемелер мен баржылар жүзіп жүрді. Бұлардың негізгі бөлігі Омбы мен Семей арасында жүк тасумен шұғылданды. Өлкеде көлік арбалар кеңінен пайдаланылды. Олармен Семей – Верный – Ташкент, Орынбор – Гурьев, Петропавл – Көкшетау – Ақмола жолдарымен жүк тасылды. Өнеркəсіптің дамуы, темір жолдардың салынуы, су жолдарының кеңінен пайдаланылуы Қазақстанда жұмысшы кадрлары қалыптасуының экономикалық негіздерін қалады. Мұндай өзгерістер негізінен алғанда XIX ғасырдың орта тұсынан басталды. Өлкеде оларды қазақ шаруаларының кедейленген бөлігінен шыққан жалданушылар мен қоныс аударған орыс шаруалары, қайыршылық күйге түскен қолөнершілер мен жергілікті қалалардың жарлы-жақыбайлары төменгі əскери шен адамдары, сондай-ақ Ресей империясының ішкі жəне басқа губернияларынан келген маман жұмысшылар мен кедей шаруалар құрады. Өлкеде патриархалдық – феодалдық қатынастар үстемдік құрған жəне жергілікті өнеркəсіп əлсіз дамыған жағдайда ірі капиталистік өндірістің бір түрі ретінде – жұммысшылардың шоғырлануы жоғары болған темір жол шеберханалар мен деполар көрінді. Мұның, əсіресе, Қазақстанда жұмысшы жəне социал – демократиялық қозғалыстың дамуы үшін ерекше маңызы болды. Теміржолшылар осы қозғалыстың алдыңға қатарлы отрядына айналды. Солтүстік Қазақстанда 1905 жылы маусым айында бір өзінде 460 адам жұмыс істеген Петропавл станциясы шеберханалары мен депосының жұмысшылары Омбы теміржолшыларымен бірдей осындай рөл атқарды. Басқаларына қарағанда бұл жұмысшылар неғұрлым көп шоғырланған ірі кəсіпорын еді. Орынбор, Орал, Ақтөбе, Қазалы, Перовск, Шалқар, Түркістан тағы басқа станциялардың теміржол шеберханаларының жұмысшылары осындай рөл атқарды. Демек, өнеркəсіп жəне теміржол жұмысшыларының негізгі бұқарасы теміржол тораптары бойында орналасқан қалаларда шоғырланған . 33 Фабрика-зауыт жұмысшыларының арасында əдетте жергілікті тұрғындар басым болды. Неғұрлым жоғары мамандық дəрежесі жəне техникасы барларды талап ететін теміржол транспорттарында жұмысшылардың басым бөлігін орыстар құрады. Теміржолдардың күндік жəне уақытша жұмысшылары арасында жегілікті ұлт өкілдері кездесетін 1917 жылы шілдеде Орынбор – Ташкент теміржолының Тоғыз – Сапақ станциялары аралығындағы учаскіде 467 теміржолшының 381-і жұмысшы, ал солардың 47 проценті қазақтар болды. Бір күндік мерзіммен істейтін 248 жұмысшының 173-ін, яғни 70 процентін қазақтар құрады. Бұл негізінен алғанда аз ақы төленетін жол жөндеуші жұмысшылар, жүкшілер, ат айдаушылар жəне əртүрлі қара жұмысты істейтіндер болатын. Тұтас алғанда 1917 жылы өлкенің 30 мың теміржолшысының 5-6 мыңдайы немесе 20 проценті қазақтар болды. Кəсіп иелерінің қызметіне бақылау мен фабриктер инспекциясы болмаған жағдайда өлкенің өнеркəсіп жұмысшыларының хал-ахуалы Ресейдің өнеркəсібі дамыған аудандарымен салыстырғанда əлде қайда ауыр болды. Жұмыс күнінің ұзақтығы кəсіпорын қожайындарының озбырлығымен белгіленіп, ол Ембінің мұнай кəсіпшіліктерінде 12 сағатқа дейін, алтын алынатын кендерде - 10-12 сағат, тұз өндірілетін кəсіпшіліктерде 14-16 сағатқа дейін созылды. Теміржолшылардың көпшілігі үшін ресми түрде 12 сағаттық жұмыс күні белгіленді, соған қарамастан олардың бұдан да көп уақыт бойы жұмыс істеулеріне тура келді. Ресей жұмысшылары жалақыларын төмен болғанның өзінде, өлкенің өнеркəсіп орындарында жұмысшыларға тұтас алғанда елдің орталық аудандарындағыдан 3-4 есе кем жалақы төленді. Жұмысшылардың осы өте аз жалақыларының өзі озбырлық штрафтарымен, жалақының бір бөлігін азық-түлікпен жəне тауарлармен т.б. Берген кездегі алдаумен жəне кем есептеумен онан сайын кемітіліп отырды. Тау-кен кəсіпорындағы жабайы еңбек құралдары, еңбек қауіпсіздігін сақтаудың қарапайым шараларының болмауы жұмысшылардың зақымдануы мел өлімге ұшырау оқиғалары жиі кездесетін жаппай жарақаттануға əкеліп соқтырды. Жұмысшылардың көбінің тұрғын үйлері болмады, тек 40 процентке жуығы ғана құранды лашықтарда, жер үйлер мен барақтарда жайласты. Сондықтан əрі дəрігерлік көмек көрсетудің, санитарлық – тазалық жағдайының жоқтығынан жұмысшылар мен олардың жанұяларының арасында эпидемиялар мен жұқпалы аурулар жиі шығып тұрды. Өздеріне алалаушылық жасалып, құқықтарынан айыру қолданылған қазақ жұмысшылары ерекше ауыр жағдайда болды. Теңдей атқарған жұмысы үшін қазақ жұмысшылары жалақыны орыс жұмысшыларынан əлде қайда кем алды. Осының бəрі: төмен жалақы, көптеген салықтар, кем өлшеп, кем есептеу жəне өкімет пен қожайындардың тағы басқа озбырлық жасау түрлері, еңбектің, тұрғын үй тұрмыстық айыр жағдайлары жұмысшыларды өздерінің экономикалық жəне саяси жағдайларын жақсарту үшін күреске итермеледі.
XX ғасырдың басында Ресей империясының отарлау саясаты қарқынды жүргізілді: Ресейдің дүниежүзілік империалистік соғысқа кірісуі өлкені тонауды күшейтті.Соғыс елдегі жалпы ұлттық дағдарысты терендетіп, 1916 жылы Қазақ өлкесінде, Орта Азияда, Сібір мен Кавказдың бір бөлігінде көтеріліс басталды. Басталу себебі: 1916 жылғы 25 маусымдағы патша үкіметінің «Түркістан мен Дала өлкесінен 19-43 жас аралығындағы 500 мың адамды қара жұмысқа алу туралы» жарлығының шығуы болды. 1916 жылғы қозғалыстың ең ірі орталықтарының бірі Торғай облысы болды. Торғай уезінің қазақтары Әбдіғапар Жанбосыновты өздерінің ханы етіп сайлады. Амангелді Үдербайұлы Имановты сардар етіп сайлады.Көтерісшілердің ұлы жиыны 1916 жылы күзде Торғай өзеніне таяу «Қоғалыкөл» деген жерде өтті. Әбдіғапар Жанбосынұлы мен Амангелді Үдербайұлы көтеріліс басшылығына өздерінің ақыл-парасаты, табандылығымен, қайсарлығы, ел алдындағы үлкен беделділігі арқылы сайланды. Бұған қоса қазақ дәстүрі бойынша Әбдіғапардың арғы атасы Орта жүздің ықпалды биі Нияздың хан атануы, Амангелдінің атасы Иманның Кенесарының оң қолы бас батырларының бірі, ақылшы, кеңесшісі, болғаны ескерілмей қалған жоқ. Торғай көтерілісінің ерекшелігі – бұқаралық сипатта ең ұзаққа созылған, ең табанды және бір орталыққа бағынған ұйымдасқан түрде жүргізілгендігі еді. Көтеріліс барлық уездерді: Торғай, Ырғыз, Ақтөбе, Қостанай уездерін қамтыды, Облыста көтеріліс қамтылмаған ауыл немесе елді мекен болмады. Көтеріліске, сондай – ақ, Сырдария, Ақмола, Семей болыстарының көтерілісшілері де қатысты.
1916 жылы тамызда көтерісшілер саны 20 мыңға жетсе, ал қарашада 50 мыңға жетті.Торғай көтерілісіне кедей — шаруалар ғана емес, дәулетті, ақыл -парасатты адамдар да, атқа мінерлермен билерде қатысты.
1916 жылы 22 қазанда Амангелді басшылығымен 15 мың көтерілісші Торғай қаласын қоршады. Оған генерал А.Лаврентьевтің 9 мын адамдық жазалаушы тобы жіберілді. Көтерілісшілердің негізгі бөлігі Амангелдінің штабы орналасқан Батпаққара жазығы мен Аққұм құмының маңына шоғырланып, партизандық күрес әдісіне көшті. 1916 жылы қарашасы – 1917 жылғы ақпаны аралығында, Аманкелдінің серігі, атақты мерген Кейкі батыр жасағы ерекше ерлік көрсетті.
Негізгі шайқастар: Татыр (1916), Құмкөшу (1916), Торғай қаласына шабуыл (1916 жылы 25 қазан) , Шошқалы қопа, Күйік қопа (1917 жылы 13-17 қантар), Доғал -Үрпек (1917 жылы ақпанның 22 — 24 аралығында) болды. Торғай көтерісшілер өз жерінің ұлан — ғайыр кендігін стратегиялық, тактикалық мақсаттарға жақсы пайдалана білді. Сарбаздардың қаша жүріп ұрыс салу, тұтқиылдан шабуыл жасау жер ыңғайын тиімді пайдалану барлаушы топпен әскер шетіне араласып кетуге күш салуы сияқты әскери тактиканы қолдана білуі таңғалдырды. Көтерісшілер үкіметінің шешімімен сарбаздарды ат көлік азық — түлікпен қамтамасыз ету әр ауылда сайланған ел билеріне соғыс ісі жүзбасы, мыңбасыларға жүктелді. Сарбаздардың негізгі қару — жарағы қылыш, шоқпар, айбалталарды жергілікті ұсталар қолдан соқты. Торғай көтерісшілерінің жазалаушы патша әскерлеріне қарсы ең күрделі әрі шешуші шайқасы — Доғалдағы соғыс. 1916 жылғы Торғайдағы Әбдіғаппар хан мен Амангелді сардар бастаған 1916 жылғы көтеріліс ақпан төнкерісіне ұласып сәтті аяқталды. Қазақ еліндегі, оның ішінде Торғай даласындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс дүйім қазақ жұртын дүр сілкіндірген ұлы оқиға болды. Қазақ халықының ата-бабадан келе жатқан жауынгерлік рухының әлі жоғары екенін танытты. Қолына өз заманының қару-жарағын берсең қандай жаумен де шайқаса алатынын көрсетті. Халықымыз отаршылдыққа қарсы азаттық жолындағы күрестің үлкен мектебінен өтті.
Достарыңызбен бөлісу: |