II. Тарау: Инновациялық оқыту технологиясы арқылы оқушыларға білім берудің әдістемесі.
2.1. Жаңа педагогикалық технология - модульдік технологияның мазмұны және оны пәнді оқыту сапасын арттыруда.
Мектепте, жоғарғы оқу орнында сапалы оқу бағытын айқындайтын жаңа жолдардың бірі – пәндерді модульдік технология арқылы оқыту екендігі теориялық және тәжірбиелік жағынан дәлелденуде. Бұл мәселені ғалымдар Дж.Рассель, П.Юцявичене, Р.Бекирова, Г.Лаврентьева, М.Жанпейісова, К.Жақсылықова, Е.Тұяқов, т.б. дәлелдеп келеді /5-8 /.
Модуль ұғымының этимологиялық мәні білімді қолданысқа, меңгеруге ыңғайлы етіп жүйелеу, шоғырландыру, жинақтау болып табылады.Білімді, яғни оқу материалын дидактикалық мақсатқа сай әр түрлі қалыпта (ақпарат блогі, пакет, түйіндер жүйесі, алгоритм, бағдарлама) ұсынуға болады. Модульмен оқыту – толық немесе жекелей түрде модульге негізделген оқыту. Модуль – іс-әрекеттің мақсатты бағдарламасы белгілеген деңгейіне жету үшін сұрыпталған, дидактикалық өңделген білім, білік, дағдының белгілі бірлігі және оның әдістемелік нұсқауы, яғни аяқталған оқу ақпараты болып табылатын модульмен оқытудың негізгі құралы.
Модульдік оқытудың құрамында дидактикалық мақсаттардың таксономиясының жіктелуі деңгейіне қарай (кешенді,кіріктірілген дербес) және түрі жағынан (танымдылық және операциялық) жүйелеуді ұсынады.
Модульдің көптеген анықтамаларына қарамастан, олардың барлығын үш түрлі бағытта топтастырып, жүйелеуге болады:
Mодуль – біліктілік мінездемесінің талаптарына жауап беріп, мамандық бойынша оқу пәндерінің жиынтығын ұсынатын мемлекеттік білім беру стандарт бірлігінің үлгісі;
модуль – пәнаралық әдістемелік-ұйымдастыру құрылымы болып, әр түрлі оқу пәндерінің тақырыптық жиынтығы ретінде бір мамандықты меңгеруді және оқу үрдісінде пәнаралық қатынасты қамтамасыз етеді;
- модуль – бір ғана оқу пәнінің шеңберіндегі ұйымдастыру-әдістемелік құрылымының бірлігі.
Оқыту мазмұнын таңдап алғаннан кейін сол мазмұнды жүйелеу мәселесі туындайды. Әсіресе, бұл оқу мазмұнын дербес модульдерге жіктеудегі модульдік оқытуға байланысты.
Модульдік оқытудың дидактикалық жүйесі басқа да дидактикалық жүйелер сияқты оқытудың мақсаттарына сай жалпы-дидактикалық ұстанымдар мен негіздеріне сүйеніп, оқу материалдарын құрылымдауды меңзейді. Даралық модульдердің мазмұны оқыту мазмұнын құрылымдау ұстанымдарын сақтай отырып жасалады және жинақы, әрі көрнекілік түрінде беріліп, дидактикалық материалдармен, білгірлік және қолданбалы міндеттермен қамтамасыз етілуі керек.Модульдік оқытудың кәсіби білім беру жүйесінде модулдік бағдарламалардың операциялық түрі кәсіби икемділікті қалыптастыруға бағытталған.
Мұғалімнің алдын ала жұмысы төмендегідей әрекет – қадамдардан тұрады:
1-қадам: Берілген тарау, блок немесе тақырып бойынша бағдарламада меңгерілуі тиіс деп көрсетілген міндетті білім, білік және дағдыларды, сондай-ақ оқыту мақсаттары мен міндеттерін айқындау.
2-қадам: Берілген модуль бойынша негізгі мағынаны білдіретін түйінді ұғымдарды, тақырып бойынша негізгі ақпарат беретін рельефтік (код сияқты) сөздерді табу . Олардың өзара байланысы мен өзара бағыныштылығын анықтау.
Достарыңызбен бөлісу: |