Кіріспе
ХХI ғасырдың бет-бейнесі біліммен өлшенбек. Ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Қай елдің болсын өсіп-өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына тікелей байланысты.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясы мен инновациялық әдіс – тәсілдерді енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» – деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді [1] . Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының, әрбір мұғалімінің күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды.
Бүкіл дүниежүзілік білім әлеміне кіру мақсатында қазіргі кезде Қазақстанда білімінің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар жүргізіледі. Елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, оқушылардың шығармашылық әлеуметін дамытудың, мұғалім іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды талап етеді.
Мектеп тәжірибесінде жаңаша жұмыс істеп жаңашыл технологияларды пайдаланып жүрген мұғалімдер бар. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелерінің бірі [2,3].
Инновациялық үрдісті зерттеу барысында жүйенің бір жағдайдан екінші жағдайға көшуі және жаңалықты енгізу прцесіне басшылық жасау мәселелерін зерттеу маңыздылығы М.В.Кларин, А.В.Лоренсов, М.М.Поташник, Т.И.Шамова, О.Г.Хомерики, Н.Р.Юсуфбекова және т.б. ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылған [4,5,6,7,8,9,10].
Қазақстанның білім беру жүйесін реформалаудың жаңа кезеңі ел басы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық жолдауында, Үкіметтің, Білім және Ғылым министрлігінің құжаттарында көрсетілген идеялар кешенін енгізуді талап етеді. Мұның мәні 1999 жылы маусымда қабылданған ҚР «Білім туралы» Заңында, 30 қыркүйек 2000 жылғы «Білім» мемлекететтік бағдараламасында көрсетілгендей қоғамның экономикалық және әлеуметтік жағынан ілгерлеуінің маңызды факторы ретінде білім берудің ұлттық моделін дамыту, шығармашыл тұлға қалыптастыруға дағдылану, ақыл-ой қорын жинау сияқты мақсаттарды көздейді [11].
Жалпы білім берудің Қазақстандық моделі негізі болуы үшін оқушылар санасына өз халқының тарихи тамырын, рухани және адамгершілік қағидаларын азаматтық және отан сүйгіштік идеяларын басқа халықтарға деген ізгі көзқарастарын сіңіру қажет [12,13,14].
Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшелігі - баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы.
Педагогикалық технология - мұғалім мен оқушының іс-әрекеттерінің біріккен жүйесі арқылы іске асатын, ақпаратты білім беру нәтижесі және рефлекция негізінде білім алуға бағытталған, бір үлгідегі педагогикалық жүйе. Педагогикалық жүйенің мынадай құрылымы бар: 1) оқу және тәрбиелеу мақсатында нақты жүйелі дидактикалық, педагогикалық зерттеу жүргізу; 2) оқушы меңгеруге тиісті ақпарат мазмұнын толықтыра отырып, жүйелеу; 3) қажетті дидактикалық, техникалық оқу құралдарын дұрыс қолдануын қадағалау; 4) тәрбиелеу және диагностикалық оқыту жүйесін дамыту; 5) оқушыларға жоғары деңгейде сапалы білім беру.
Педагогикалық технологияға – В.П.Беспалько «Практикада іске асатын нақты педагогикалық жүйе» – деген анықтама берген. Ал педагогикалық жүйені тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін арнайы ұйымдастырылған, мақсаты бір – бірімен өзара байланыстағы әдіс-тәсілдер деп қарастырады [15].
Бүгінгі таңда П.Э. Эрдниевтің дидактикалық бірліктерді шоғырландыру технологиясы, Д.Б.Эльконин мен В.В.Давыдовтың дамыта оқыту технологиясы, Ш.А.Амонашвилидің ізгілікті – тұлғалық технологиясы, В.Ф.Шаталовтың оқу материалдарының белгі және сызба үлгілері негізінде қарқынды оқыту технологиясы, М.Чошановтың проблемалық модульді оқыту технологиясы, П.И.Третьяковтың, К.Вазинаның модульді оқыту технологиясы, В.П.Беспалько, В.М. Монаховтың және т.б. ғалымдардың технологиялары кеңінен таралған.
Қазақстанда Ж.А.Қараевтың, Ә.Жүнісбектің, Ш.Т.Таубаеваның, Қ.Қ.Қабдықайыровтың, С.Н.Лактионованың, М.М.Жанпейсованың, Қ.М.Нағымжанованың және т.б. ғалымдардың ұсынған оқытудың жаңа технологиялары оқу үрдісінде белсенді түрде қолданылуда [16].
Достарыңызбен бөлісу: |