Ақтөбе Хром Қосындылары Зауыты – хром қосындыларын өндіруге мамандандырылған кәсіпорын. Ақтөбе қ-нда орналасқан. 1995 жылдан “Ақтөбе хром қосындылары зауыты” акционерлік қоғамы (АҚ). Зауыттың бірінші кезегі 1957 ж. іске қосылды. Толық жобалық қуаты 1960 ж. игерілді. 1963 ж. екінші кезегі (монохромат және бихромат өндірісі) іске қосылып, кәсіпорынның қуаты үш есе артты. 1965 ж. хром ангидридін өндіретін бөлімше мен күкіртті натрий цехы пайдалануға берілді. 1966 ж. мемлекеттік комиссия реактивті тұздар цехын қабылдап алды. Оның өндірістік алаңында 1974 ж. алюмо-хромфосфат қоспасы өндірісі ұйымдастырылды. Бұдан соң да өндірістің өзекті буындарында технологияны жетілдіру, еңбек жағдайын жақсарту, өндірісті автоматтандыру мен механикаландыру, өндіріс қалдықтарын пайдалану саласында жарақтандыру жұмыстары атқарылды. Зауытта натрий монохроматы және натрий бихроматы, хром ангидриді, хром тотығы, хром малмасы және күкіртті натрий өндірістері жұмыс істейді. Хром кені барабанды айналмалы пештерде доломит және кальциленген содамен бірге тотықтыра күйдіру жолымен өңделеді. Хром қосындылары халық шаруашылығының сан алуан саласында: тоқыма, былғары және тері өңдеу өнеркәсібінде тері илеуге, авиация, машина және приборлар жасау, газ, мұнай және мұнай өңдеу өнеркәсібінде катализатор және ингибитор ретінде, лак-бояу, парфюмерия, дәрі жасау және химия өнеркәсібінде тотықтырғыш әрі бояу ретінде, жол құрылысы және басқа да өндірістерде қолданылады. 1997 ж. 83418 т хром тұздары өндірілді. Зауыттың өнімдері 31 шетелге (АҚШ, Жапония, Англия, Бельгия, Франция, Германия т.б.) шығарылады. Кәсіпорынның жылдық қаржы айналымы 3003,9 млн. теңге. Жеке меншік түрінде басқарылады. Акциясының 31%-і мемлекет қолында.