Байланысты: І бөлім. Мектеп жасына дейінгі бала тілін дамыту әдістемесі-emirsaba.org
Тіл дамыту әдістемесінің басқа ғылымдармен байланысы Тіл дамыту әдістемесі қазақ тілімен тығыз байланысты мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорын дамыту қазақ тілінің лексика тарауының ережелеріне сүйенеді. Сонымен қатар балабақшада мектепке барғанға дейін бала ана тіліміздің барлық грамматикалық формаларын мысал түрінде меңгеріп баруы қажет. Сондықтан тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің грамматика тарауыменен тығыз байланыста дамиды.
Мектеп жасына дейінгі балалардың жай және құрмалас сөйлемдердің түрлерін толық ажырата алатындай дәрежеге жеткізілуі қажет. Бала бұл сөйлемдерді мысал түрінде меңгергенмен тәрбиеші құрмалас, жай сөйлемдердің қолданылу ерекшеліктерін, ережелерін өзі толық меңгеруі тиіс. олай болса тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің синтаксис саласында да сүйенеді. Бақшада бала тілінің дыбыстық мәдениетін қалыптастыру, тіліміздегі дыбыстарды толық айтуға үйрету, жеке сөздерді буындарға бөліп үйрету жұмыстары да тіл дамыту сабақтарының басты бөлігі болып саналады. Олай болса тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің фонетика тарауының ережелерімен тығыз байланысты. Әрбір топты балаларға сөздердің дұрыс айтылуын меңгерту тәрбиеші алдына қойылатын басты міндеттердің бірі. Олай болса тіл дамыту әдістемесі қазақ тілінің орфоэпия тарауының заңдылықтарына да сүйенеді.
Тіл дамыту әдістемесі психологиямен тығыз байланыста дамиды. Психология – психикалық құбылыстарды атап айтқанда түйсік пен қабылдау, елес пен ой, сезім мен тілек, бейімділік пен қабілет, ерік сапалары мен мінез белгілерін зерттейді. Осы аталған психикалық құбылыстардың, мысалы түйсік пен қабылдаудың, елес пен ойдың сөйлеу процесіне тікелей қатысы бар. Сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасау, пікір алысу, басқаның сөзін ұғыну психологияның жәрдемін керек етеді. Өйткені тілдік жүйе адамның санасында сақталады. Заттың біздің санамызда сақталған атауымен байланысты психологияның байланысты болып табылады. Адам ауызекі тіл арқылы қарым-қатынас жасағанда да немесе жазба тіл арқылы қатынас жасағанда да белгілі бір мазмұнды білдіріп қана қоймайды. Сонымен бірге сол мазмұнға өзінің қатынасын да білдіреді. Сонда тіл ойды білдірудің құралы ғана емес, көңіл-күйді білдіретін де құралы болып есептелінеді. Сондықтан мектеп жасына дейінгі бала тілін дамыту оның санасына, сезіміне, еркіне, есте сақтауына, қабылдауына байланысты жүргізіледі. Яғни тіл дамыту әдістемесі психологиямен тығыз бірлікте жүргізгенде ғана мектеп жасына дейінгі бала тілінің дұрыс жетілуіне ықпал етеді.
Тіл дамыту әдістемесі адам анатомиясы және физиологиямен тығыз байланысты. Сөйлеу әдетте тіл дыбыстарынсыз және олардың айтылу, қабылдау процестерінен тыс болуы мүмкін емес. Ал процестерді сөйлеу аппаратында тіл дыбыстарының жасалу жағынан да сөйлеген сөздерді, есту мүшелері арқылы қабылдау жағынан да анатомиямен физиология зерттейді.
Тіл дамыту әдістемесі мектепте дейінгі педагогикамен тығыз байланысты. Мектепке дейінгі педагогика мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу, білім беру, дамыту туралы және оның негізгі заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Тіл дамытудан ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде балаларда үйретілетін көркем шығармалардың әрқайсысының тәрбиелік мәні бар. Сол көркем туындылар арқылы берілетін тәрбие мектепке дейінгі педагогика қамтитын тәрбиенің түрлеріне байланысты болады. Олай болса тіл дамыту әдістемесі бала тілін дамытуда педагогиканың негізгі заңдылықтарын ескереді.
Тіл дамыту әдістемесі мектепке дейінгі педагогика тарихымен тығыз бірлікте дамиды. Өйткені педагогикада бір күнде пайда болған ғылым емес, оның да өзіндік даму тарихы бар. Сол педагогиканың әр кезеңдегі оқыту, тәрбиелеу әдістерінің ішінен мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуға әсер ететіндерін таңдап алып, оқу іс-әрекетінде пайдалану тәрбиешіден үлкен шеберлікті қажет етеді.
Тіл дамыту әдістемесі көркем әдебиетпен тығыз бірлікте дамиды. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдердің барлығы көркем әдебиет мысалдары арқылы жүргізіледі. Яғни тәрбиеші қай топта болмасын тіл дамытудан ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін өткізгенде негізгі құрал ретінде сабақ мазмұнына сай ертегілерді, әңгімелерді, мақал-мәтелдерді, жаңылтпаштарды, жұмбақтарды, тақпақтарды кеңінен пайдаланылды.
Тіл дамыту әдістемесі бастауыш сыныпта ана тілін оқыту әдістемесі мен бірлікте дамиды. Өйткені балабақшада сөздік қоры дамыған, байланыстырып сөйлеуге үйренген, дағдыланған, грамматикалық формаларды мысал түрінде меңгерген әріптерменен буындарды ажыратуға үйренген бала мектепке келгеннен кейін сол алған түсініктерін ережелер арқылы толықтырып әрі қарай кеңейтеді. Сондықтан бастауыш сыныпта ана тілін оқыту әдістемесі балабақшадағы тіл дамыту әдістемесінің жалғасы болуы қажет.