1 жүргізуші: "Жас келсе, іске" демекші бұл мектеп ұстаздарының дені-жастар. "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы" деген ғой.
2 жүргізуші: "Ақылды басшың болса, елдің алды боларсың, ақылсыз басшың болса, елдің азы боларсың" дегендей мектеп басшылығына да ел дән риза, сеніммен қарайды.
жүргізуші: Біз осы мақал-мәтелдер сайысында тұрған жоқпыз ба?
жүргізуші: Иә, "Аталар сөзі ақылдың көзі" демекші, қара қылды қақ жарған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің ұрпағы емеспіз бе?
1 жүргізуші: Сен білесің бе қазақта "Сөздің көркі-мақал" деғен ұғым бар. Олардың қайсысын алсақ та, замана қиындықтарын танытарлық құдірет бар.
2 жүргізуші: Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің пайда болу тарихын, қай кезде тұңғыш рет кім айтқанын білу қиын. Дегенмен, кейбір мақалдардың шығу тарихы жөнінде аңыздар да жоқ емес.
жүргізуші: Ата-бабамыз сөздерінің нәрі мен мәні, ұрпағына айтар өсиетінің мазмұны, "тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні" осы мақал-мәтелдерде жатыр.
жүргізуші: Ендеше, құрметті қауым, сіздерді "Ырыс алды-ынтымақ" атты қойылымды тамашалауға шақырамыз.
(Сынып бөлмесі. Жұмыс столында мұғалім қағаз жазып отыр)
Ата-ана:
- Сәлеметсіз бе, кіруге рұхсат па екен?
Мұғалім:
- Есенсіз бе? Төрлетіңіз. Ата-аналар үшін есігіміз ашық. (орындық ұсынады)
Ата-ана:
-"Еңбек түбі-береке, көптің түбі-мереке" демей ме халқымыз. Бала үшін жасап жатқан еңбектеріңіз үшан-теңіз.
Мұғалім:
-"Жақсы сөз-жарым ырыс" демекші, сізге үлкен рахмет. Бұйымтайыңыз болса, айта отырыңыз.
Ата-ана:
-"Илегеніміз-бір терінің пұшпағы", түпкі мақсатымыз бір болған соң, сізбен балам жайында сырласқым келіп еді.
Мұғалім:
-"Ырыс алды-ынтымақ"
Ата-ана мен ұстаз арасындағы байланыс жалғасын тауып жатса, "нұр үстіне нұр" емес пе? Келіңіз, сырласайық.
Ата-ана:
-"Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға" дегендей, баламыздың жақсы азамат болып қалыптасуында сіздердің еңбектеріңіз зор деп білем.
Мұғалім:
-"Оқу инемен құдық қазғандай". Оқушы мен мұғалім бірлесіп ізденген жағдайда жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" дегендей, сіздердің бағыттарыңызды, жақсы ниеттеріңізді жалғастырып, одан әрі дамытуға біз дайынбыз.
Ата-ана:
- "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы" дегендей, олар сіздерден көп тәлім алады, сіздерден үйренеді, сіздерге арап өсіп келеді.
Мұғалім:
- "Ата көрген оқ жонар, ене көрген тон пішер" дегендей,баланың ашуда бастапқы баспалдақтағы ата-ананың ролі зор.Баланың өзіңізге ұқсаған, әрбір іс-әрекетінен "үлкенге құрмет, кішіге ізет" байқалып тұрады.
Ата-ана:
-"Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада",-дегендей, балам-ның жүріс-тұрысы, білім деңгейі қалай екенін білгім келеді?
Мұғалім:
-"Оқу-білім бұлағы, білім өмір шырағы" емес пе? Балаңыз үздік оқиды, қабілетті, дарынды, жолдастарының арасында беделді. Өзіндік пікірімен ой бөліскенді қалайды, соған қарағанда үйде жауапты қызметтер атқаратын болу керек.
Ата-ана:
-"Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі кетеді", бұл бірлесе жасаған еңбектің жемісі деп білемін. Баламның шабытын оятып, жүрегіне шоқ салып жіберсеңіздер, адам жанған от айналасына тек жылу ғана береді емес пе?
Мұғалім:
-"Бірлік болмай, тірлік болмас" деген. Ата-ана мен мұғалімдер қауымы бірігіп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса», алынбайтын асу бар ма?
Ата-ана:
-"Келісіп пішкен тон келте болмас", біз сіздермен үнемі ақылдасып отырамыз ғой.
Мұғалім:
-"Ырыс алды-ынтымақ", ортақ тәрбиеде абыройға ие болайық, балаларыңыз үлкен азамат болсын!
1 жүргізуші: -Аталар өсиетімен өсіп-өнген, мақал-мәтелінен сусындаған балалардың бойында халқымыздың кең тараған өнері
де бар шығар.
2 жүргізуші: -Ендеше, "Өнерлі өрге жүзеді" ән-күйлеріңді төгіңдер, балалар! Тамашалайық! (оқушылар кезек-кезек өнерлерін көрсетеді)
1 жүргізуші: Аталар сөзімен өсіп өнген,
2 жүргізуші: Балалар бұлағынан нәр алған.
жүргізуші: Даналар өсиетінен тәрбие алған.
жүргізуші: ұлылар тәрбиесіне тағзым еткен.
Екеуі бірге: Ұрпағымыз халықтың ғибрат еткен!
1 жүргізуші: "Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер", үлкен кісіден бата сұрайық. (Бата беріліп, тәрбие сағаты аяқталады)
Осы сияқты тәрбие сағаттары барлық сыныптарда өткізілсе тәрбиенің мұратына жеткені.
Ана тілі пәнінен өткен аралас сабағының үлгісі.
Сабақтың тақырыбы: Арыстан мен тышқан
Сабақтың мақсаттары:
1.Тәрбиелік: Баланы батырлыққа, еңбекқорлыққа, мейірімділікке, бауырмал-дыққа тәрбиелеу. Эстетикалық тәрбие беру.
2.Білімділік: Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы мағлұмат беру, «Арыстан мен тышқан» мысал өлеңін оқып түсіндіру. Мәнермен оқу дағдысын жетілдіру.
3.Дамытушылық: Логикалық ойын, танымдық белсенділігін, қызығушы-лығын арттыру.
Сабақтың түрі: Аралас
Сабақтың әдісі: үсіндіру, сұрақ-жауап, Венн диаграммасы.
Сабақтың көрнекілігі: Оқулық,сурет, арыстан мен тышқанның қуыршақ түрлері.
Сабақтың барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі.
- Сәлем бергенде біз бір-бірімізге жылы жүзбен, шын пейілмен хал-жағдай сұрап, жылы сезімімізді білдіреміз.
ІІ. Үй жұмысын тексеру
Үйге қандай тапсырма берілді?
Әңгімедегі балалардың есімдері кім?
Олардың әкесі Жапар неге сонша абыржыды, әбігерленді?
Балалар анасының тапсырмасын қалай орындады?
Олар кімге, қандай көмек беруге асықты?
Оқиға қалай аяқталды?
Осы әңгімедегі Жеңіс пен Бауыржан қандай балалар?
ІІІ. Жаңа сабақ. Кіріспе.
Бүгін, біз сендермен С.Торайғыровтың өлең шығармаларымен танысамыз. С.Торайғыров 1893 жылы дүниеге келіп, 1920 жылы дүниеден ерте қайтқан кемеңгер кісі. Соның өзінде балаларға арнап көптеген өлең, жыр кітаптар шығарды. Осы биылғы жылдың ішінде қандай өлеңін оқыдық?
Оқып жүрген жастарға, Туған еліме, Арыстан мен тышқан. Осылардың ішінде бүгін «Арыстан мен тышқан» мысал өлеңін оқып танысамыз. Өлеңді мәнерлеп оқушыларға оқытамын (2 оқушыға).
Сұрақ қою арқылы өлеңнің мазмұнын сұрап, әңгімелету. Өлеңді қара сөзбен әңгімелеп айту.
Сөздік жұмысы. Зиян-залал,зақым, азат—еркін, өз еркі өзінде, ерікті.
Рөлдерге бөліп оқыту . Сахналық көрініс.
ІҮ. Сабақты бекіту. Мысал өлеңге байланысты мақал айтқызу. Өздері шығарған өлеңдерін оқыту.
Ү. Сабақты қорыту. Оқушылардың өздеріне мінездеме бергізіп, Венн диаграммасын жасату. Тышқан мен арыстанға әр оқушы бір-бір сөзден мінездеме береді. Бір оқушы тақтаға шығып жазады.
ҮІ. Үйге тапсырма. Үйден С.Торайғыровтың өлеңін жаттап, өзіңше дәптеріңе суретін салып кел.
ҮІІ. Бағалау.
Шешендікке құрылған әңгімелерді, аңыздарды және өлеңдерді т.б. бастауыш сыныпта оқыту баланың тілін ұштайды, сөздік қорын байытады, өмірге көзқарасын оятып, дүниетанымына жол ашады. Бастауыш сынып оқушысының жас ерекшелігіне сай таным мүмкіндігін, белсенді сөздік қорын қалыптастырып, сөйлеудің, оның ішінде шешендік сөйлеудің негізін игеріп, қарым-қатынас жасауда қолданып, әңгімелесуге, ана тілін құрметтеуге, адамгершілікке тәрбиелеуге, шыншылдыққа және шығармашылық қабілетін дамыту.
Қорытынды
Ұсынылып отырған дипломдық жұмысымызда адамдардың (оқытушы мен оқушының) бір-бірімен қарым-қатынастағы көңіл күйі, эстетикалық мінез-құлық дағдылары, олардың қалыптасып, кемелдену бағыты көрсетілді. Дала ғұламаларының: жыраулардың, шешен-билердің адамның адам болып қалыптасуында басты роль атқаратын адамгершілік құндылықтары жөніндегі өсиет-ақылдары мен өлең-жырларының мазмұны баяндалып, мазмұны бойынша түсінік берілді.
Оқу-тәрбие процесінде балаларды әсемдікке, оның ішінде жан сұлулығына тәрбиелеу мақсаты ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Ал, бүгінгі күнгі тәрбиенің - ұстаздық басты мақсаты - өзіндік эстетикалық құндылықтарды бала бойына дарыта отырып, оның жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру үшін оның бойындағы бар құндылықтарын дамыту. Осылайша ұлттық мәдениетті бала бойына сіңіру көзделіп отыр.Жас ұрпақтың бойынан ұлттық мәдениеттің нағыз жасампаздығын дамытуды арман етіп отырған адамзаттың асыл қасиеттер жиынтығын алдымен мұғалім өз бойынан тауып алмай, оларды баламен қарым-қатынаста іске асыра алмайды. Өйткені мұғалімнің сабақты ұйымдастырар алдындағы жауапты ісін, бойындағы бар қабілет-мүмкіндігін жарыққа алып шығатын күш - осы біз қарастырып отырған эстетикалық құндылықтар. Ф.М.Достоевскийдің "Өзіңнен өзіңді ізде, өзіңе өзің бағын, өзіңді өзің тани біл" - дегеніндей әр мұғалім өз халқының тарихи терең тамырына бойлап, халықтық тәрбиенің озық үрдістерін ой елегінен жиі-жиі өткізіп отырса, жауапкершіліктің сыры айқындала бастайды
Ұлттық поэтикалық шығармаларды оқып, жаттап не болмаса, оны түсініп өспеген бала өз ұлтына қалай қызмет ете алады? Ал эпикалық санасы оянған азаматтар өз халқына аянбай қызмет етіп, елін сүйіп ерлік жасағандар тарих сахынасынан жүздеп, мыңдап кездесіп жатады. Ондай батырлар ғылымда немесе кез-келген қызмет саласында әрқашан ерлік жасап, өмірде кездесіп жатады. Біздер жүргізген зерттеуімізде эстетикалық тәрбиенің кейбір проблемалаларын шешуге өз үлесімізді қостық деп есептемейміз.
Мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда – ақыл-ой тәрбиесі, өлең, жыр-дастандарда - әсемдік тәрбиесінің негізгі принциптері. Сондықтан ұлттық поэтикалық шығармашылығын тәрбиенің сан-алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдалануға болады.
Бүгінгі мектеп оқушылары жоғары мәдениетті, ой-өрісі кең, мамандығын еркін таңдай алатын, білімді болумен қатар, өз халқының, өз ұлтының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ата-баба мұрасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен әдебиетін, өнерін, адамгершілік пен имандылықты дәріптейтін қарым-қатынас, мінез-құлық қасиеттерді бойында қалыптастыру керек. Бұл қасиеттер халықтық педагогиканы самғатып тұрған алып күштер. Сондықтан да біз халық – тәрбиеші, тәлімгер деп айтамыз. Себебі өскелең ұрпақты тәрбиелеу ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арман тілегі.
Қорыта келе, батыр ағамыз Б.Момышұлы айтқандай “Әрбір үйде отбасы реликвиясының бұрышы болғаны жөн. Бұрындары жасалған ерліктерді сыйламай, қадірлемей тұрып, жаңа ерлікке шақыру бекершілік”.
Сондықтан жас ұрпақты ата-баба дәстүрі рухында тәрбиелей отырып, оларды адамгершілікке, инабаттылыққа баулыған абзал. Ол үшін әр отбасында қалыптасқан тұрмыс, салт-дәстүрі жүйелі тәртіптің болуы тиіс.
Жалпы адамзаттық құндылықтарды болашақ ұрпақтың ақыл парасатына азық ете білу үшін әрбір тәрбиелі ұстаз, халық педагогикасына сан ғасырларда қалыптасқан сан дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты біліп, тәлім-тәрбиеге пайдалана білуге борышты.
Біз өзіміздің ғылыми-зерттеу жұмысымызда педагогикалық-психологиялық еңбектерге сүйене отырып, эстетикалық тәрбие берудегі халық педагогикасының мәнін, оның қазіргі кездегі орнын айқындадық және тәрбиелік жұмыстағы мәні мен мүмкіндіктерін көрсеттік.
Мектепте этнопедагогика материалдарының енді-енді енгізіле бастағанын, оқушылардың оған деген қызығушылығының барлығын, бірақ бұл сабақтардың немқұрайды өтілетінін байқадық. Әйтсе де, оқулық қандай болса, біліміміз де ұлт болашағы да сондай болатыны белгілі. Осы олқылықтарды жояр деген мақсатта біз жасаған ұсыныстар едәуір көмек көрсетер деген ойдамыз. Ұсыныстар:
- бастауыш сынып оқушылары бойында эстетикалық қасиеттердің халықтық педагогика арқылы қалыптасу процесіне педагогикалық басшылық болуы қажет;
- ғылымға, батырлыққа, ерлікке, адамгершілікке баланы жетелейтін ертегілер мен батырлар жырын оқыту оқулықтарда біздің көзқараста дұрыс жолға қойылмаған. Олардың негізгілері 5-6 сыныптың оқулығында берілген. Поэтикалық материалдар 3-сыныптың оқулығында өте аз мөлшерде оқытылады. Сондықтан поэтикалық материалдарды 3 сыныптарда оқыту керек. Өйткені баланың жаттау қабілеті осы кездерде мықты болатыны бәрімізге белгілі. Осы кезден бастап жаттауға дағдыланса, алдағы уақытта олардың тілі көркем, әрі тартымды болады;
- 3-4 сынып оқулықтарында ұлттық поэтикалық шығармалардан үзінділер көбірек беріліп, жаттайтын материалдармен толықтырылу қажет, бала бойына тәрбие жаттау арқылы сіңеді;
Оқу тәрбие процесінде (үрдісінде) ұлттық поэтикалық шығармаларды мейілінше жан-жақты пайдалану арқылы оқушылардың өз ойын нақты әрі шешен сөзбен жеткізу жетістіктеріне қол жеткізуге болады. Сансыз жылдар бойы қағажау көріп келген ұлт мәдениетін, өнерін, халқымыздың бай салт-дәстүрін бүгінгі заман талабына сай қайта дәуірлетіп, жаңғыртудың, сөйтіп жас ұрпақты саналы азамат етіп тәрбиелеудің қуатты құралына айналдыратын кезең туды.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
Қоянбаев Р.М., Ыбыраимжанов К. Жалпы бастауыш білім беру педагогикасы − Түркістан,2005.
ҚоянбаевЖ.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. − Алматы, 2002.
Қ.Р Бастауыш білім беру мемлекеттік стандарты. − Алматы, 2002
«Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» − Алматы, 2003.
Қ.Р. Білім туралы заңы - 1999ж.
Әлсатов Т.М. Қазақ хандығы тұсындағы тәлімдік ойлардың дамуы (ХҮ-ХҮІІІғғ.). − Алматы, 1999
Омар Е.О. Қосымша білім беру ұйымдары тәрбие жұмыстарының негізі. − Түркістан, 2004.
Қоянбаев Р.М. Қысқаша педагогикалық сөздік− Алматы, 2003.
Әлсатов Т.М. Орта ғасырдағы қазақ ғұламаларының тәлім- тәрбиелік идеялары. − Алматы, 1998.
«Қ.Р. Президенті Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы» - Астана, 2005ж. 18 ақпан.
«Қ.Р. Президенті Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы» - Астана,2006. - 1 наурыз
Аймауытұлы Ж. Психология. Жан жүйесі және өнер таңдау. − Алматы, 1995.
Ғаббасов С. Халық педагогикасының негіздері. − Алматы, 1995.
Балабақшадағы балаларға эстетикалық тәрбие беру. − Алматы, 1978.
Сейдеханов К. Ұлы арман. (ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы). − Алматы, 1990.
Яссауи Қ.А. Хикмет жинақ. − Алматы, 1998.
Әбдікәрімова Т., Рахметова С., Қабатаева Б. Ана тілі 3-сынып. − Алматы, 1999)
Достарыңызбен бөлісу: |