Жаңаарқа аудандық С.Сейфуллин атындағы үлгілі кітапхана
«ҚазақКСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», Қазақстан Республикасының «Мәдениет Қайраткері», Жаңаарқа ауданының «Құрметті азаматы», белгілі әнші, әуесқой сазгер Игілік Омаровтың 80 жасқа толуына орай, «Ән-аққу » музыкалық кештің сценарийі
Атасу 2014 ж.
1-Жүргізуші: Армысыздар құрметті қонақтар! Бүгінгі «Ән-аққу » музыкалық кешіміз ұстаз, «ҚазақКСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», Қазақстан Республикасының «Мәдениет Қайраткері», Жаңаарқа ауданының «Құрметті азаматы», белгілі әнші, әуесқой сазгер Игілік Омаровтың туған күніне арналмақ. Биыл атамыз тірі болса 80 жасқа толар еді. Бүгінгі кештің мақсаты Игілік Омаровтың өмірбаянын және шығармашылығын насихаттау. Жаңаарқа ауданы Толағай ауылында Жарық деген жерде 1934 жылы 24 сәуірде дүниеге келген. Ең алғашқы ән үйретуші ұстаздары – сол замандағы әнші, сал-сері атанған көкшетаулық Мақай, Қарқаралы елінің әншісі Жәуіт, Сапалай, Беккет, Марқабай Шайкөзов және өзінің туған әкесі Омар болған. Игілік әншінің әкесі Омар ескіше сауатты, көкей көзі ашық, заманында жыр сайысына көп қатысқан айтыскер болса, анасы- Мәкила әсем үнді әнші болған.
Ендігі кезекті Мақтұмқұлдың термесі, әні И.Омаровтікі. «Дүние-ай» орындайтын аудандық мәдениет үйінің әншісі Қызыров Балатабай.
2-Жүргізуші: Ауыл ұстасы – Рахымжан әнші баланың бойындағы талантын танып, 4-5 жастағы Игілікке ақ қайыңды ойып, қолдан домбыра жасап, тарту еткен. Игілік әнші 8 жасынан бастап ауыл ішінде ән салып, ел көзіне түскен. 1949 жылы Алматыда өткен әншілер байқауына қатысып, бірінші дәрежелі дипломға ие болып, халық әртісі Құрманбек Жандарбековтен «Жас әнші» деген баға мен батасын алған. Сол байқау барысында Құрманбек ағамен емен-жарқын сырласқаны бар.
-Айналайын Икенжан, - деген сонда әз аға жүрекжарды лебізін жасырмай,- Сен туа бітті әншісің. Оны мен ғана емес, кешелі бері сені тыңдаған барша халық мойындап қойды. Қазылар алқасында отырғандардың сыбырын құлағым шалғаны бар. олар да айтарға сөз таппай мәре-сәре күй кешуде. Бұл деген саф алтынның өзін көргенде туатын жарқындық. Басқаша жағдайда қазы деген жарықтық істік темір қыздырып бассаң да міз бақпайтын томаға тұйықтар. Алдыңнан жарылқасын, жас әнші!
Атақты жанның ақжарқын батасы қанаттандырды.
-Аға,-деген батылдана,-Мен ән айтуды сіздерден үйреніп жүрген шәкіртпін. Сондықтан ақыл-кеңесіңізді аямасаңыз?
Мына сөзге Құрманбек басын шалқайта, көзін жұма қарқ-қарқ күлді.
-Бізден үйренгенін мынау болса біз қайдан үйренгендейміз, айналайын-ау! Керісінше, ендігі жерде біз сенен үлгі алайық.
Содан кейін сәл сабасына түсе сөзін сабақтап әкетті:
-Рас айтамын, Икенжан, әншімін деп таңдайы тақылдағандар енді саған қарап бой түзесін. Шын сөзім, жаным, сенің кейбір шертісіңнің құпияларын мен кеше үйге барған соң көп отырып домбырада сала алмадым десем сенесің бе? Ал, ән иіріміндегі кей нақыштардың тек саған ғана жарасатынына имандай сендім. Ендеше, осындан айырылып қалмағайсың.
-Рахмет, аға!
-Рахметіңді маған емес, мынандай талант берген жаратушыға айт. Саған әншілік қайдан келген? Ата-анаңда мұндай өнер бар ма еді?
-Әкемде ақындықтың бары рас. Ауыл арасындағы айтыстарға түскен кісі. Қағаз бетіне түсірген өлеңдерін де көргенмін. Ал, шешей нағыз әнші. Жанға жайлы, жүрекке жылы тиер дауысымен ортасының гүлі атанған бәйбіше.
Мынаны естігенде Құрекең алақанын құшырлана уқалап қойды:
-Әп, бәсе! Арғы жағыңда бар екен ғой! Бұл жақсы нышан. Енді осыңды жоғалтып алма!
-Жоғалтпауға тырысатыным анық!
Бұл сөзді үлкен өнер иесі алдында берген антындай көрген Игілік арғы жылдарда уәдеден шықпауға барлық күшін салды. Шықпады да.
Келесі кезекті «Ауылым» әніне берсек. Орындайтын мәдениет үйінің әншісі: Ұлмағанбетов Теміржан.
1-Жүргізуші: Игілік Омаров – Жаңаарқа ауданынан шыққан біртума, дүлдүл әнші. Жүрген ортасын, маңайын әнмен әлпештеп, өнерімен ерекшелеген талант иесінің есімі кейіннен байтақ Қазақстан көлеміне кеңінен таралған. Халық ағарту ісінің үздігі, 1953 жылдан бері Түгіскен жеріндегі қазақ орта мектебінде орыс тілі әдебиетінің мұғалімі болған.
Ән: Мәдениет үйінің әнішісі Сарымсақов Бейімбеттің орындауындағы Біржан салдың «Жаңбас сипар» әнін тыңдаңыздар.
2-Жүргізуші: Жаңаарқа өңірін Арқаның әншілік мектебі десек, оны Игілік Омаровтың да өнер мектебі деп толық атауға болады. И.Омаров халық композиторлары Біржан салдың, Балуан Шолақтың, С.Сейфуллиннің, Қайып Айнабековтың, Садық Кәрімбаев, Әбілхат Есбаев, Шәмші Қалдаяқов, Илья Жақановтың әндерін тұтастай көркемдігімен және әрқайсысының ішкі әсем иірімдерімен әшекейлендіре орындаушы және ән өнеріндегі қайталанбас құбылыс деп бағаланады.
Ән: Мәдениет үйінің әншісі Сыздықов Жалынның орындауындағы «Нұрланып меніндағы туар айым» әнін қабыл алыңыздар.
1-Жүргізуші: Икең Арқаның әншілік дәстүрін ауыл жастарына, Орталық Қазақстан мен бүкіл қазақ жұртшылығына таратушы, үйретуші. Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан, Ғалым Мұхамедин, Серік Оспанов, Береке Көшенов, Қалмағанбет Нұрмағанбетов, Байзақ Сейілов, Зейнулла Хасенов, және басқа көптеген әншілер мен өнерпаз түлектер өздерін Икеңнің шәкірттеріміз деп мақтан тұтады.
Ән: О.Жұмабеков атындағы орта мектептің оқушысы Жәкішев Фархаттың орындауындағы «Анашым» әнін қабыл алыңыздар.
2-Жүргізуші: 1975 жылы Икең Алматыға келіп, жиырмадан астам өлеңдерін Қазақ радиосының алтын қорына жазғызған. Ол орындаған бұл әндер қазіргі уақытқа дейін эфирден үзбей беріліп келеді.
60 жасқа толғанда жаңаарқалық ақын, талай жылдар бойы аудандық газетті басқарған, өзінен бір жас кішілігі болса да құрдасындай әрі сырласындай болып кеткен Қалиакпар Әбілдин өлең сыйлап еді. Сонда былай толғаған екен:
1-жүргізуші:
Ике, десек – танылады ірілік,
Мінезінен таба алмаймыз бір ілік.
Ол шырқаса Біржан, Ақан, Ыбырай,
Ортамызда жүреді ылғи тіріліп.
Ике, десек – танылады ірілік,
Мінезінен таба алмаймыз бір ілік.
Жайсаң күліп, тұрғанында ән салып,
Қарсы аламыз келгеніндей бір ұлық.
Ике, десек – танылады ірілік,
Мінезінен таба алмаймыз бір ілік.
Ол шырқаса Қайрат, Серік, Бекболат,
Төбесіне көтереді тік тұрып.
Ике, десек – танылады ірілік,
Мінезінен таба алмаймыз бір ілік.
Алпыста да алты қырдан асырып,
Шырқашы бір!
Көрмеп едің сүрініп.
Ғашық жандар таңдай қақсын бұрылып.
Таң келеді, таң келеді сырылып,
Арманы мол әншілердің сырын ұқ.
Мейлің патша, мейлің әкім болсаң да,
Икең біздің – шырқау заңғар.
Ірілік!
2-Жүргізуші: Игілік Омаров атақ, даңқ үшін талпынбады. Ақырын жүріп, анық басып, халқына әнмен шашу шашып, қызмет етуді мақсат етті. Ән дүниесіне берілген саналы ғұмырында түркіменнің Мақтымқұлының толғауына, қазақтың Қайып Айнабековтың термесіне өз жанынан толғана ән шығарып, өлмес мұра қалдыруы да, өнердегі асыл қазына екендігі даусыз.
Ән: Қайып Айнабековтың термесі, әні И.Омаровтікі. «Туысқандар» әнін тыңдаңыздар.
1-Жүргізуші: Айтары жоқ, әнші, елінің сүйіктісі Игілік Омаровтың тәні мәңгілік ұйқыға кеткенімен, рухы өлген жоқ. Сол өлмес үні әр жүректі жаулап алып, әлі де әлдилей береді. Киелі Жаңаарқа жеріндегі оның әншілік мектебі жалғасын таба береді.
Ән:Ілия Жақановтың «Толағай» әнін қабыл алыңыздар
2-Жүргізуші: Кербез әнші Игілік Омаров қысты аман-есен өткізіп, жазға іліккен тұста бақиға аттанды. Бұл 2007 жылдың маусым айы болатын. Адами ғұмыр аяқталғанымен ән ғұмырдың жалғаса беретініне сенген ауылы оны Арап қырдың басына жерледі.
Дәл сол сәтте қазақ радиосынан Игілік Омаров шырқаған ән маңғаз даланы мамыр толқынымен тербеп жатқан еді.
Құрметті қонақтар, бүгінгі музыкалық кешті Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ғалым Жайлыбайдың Игілік Омаровқа арнаған «Ән шырқашы, ағажан!» атты өлеңімен аяқтағымыз келіп отыр:
1-Жүргізуші:
Әсем үн секілденген таң желегі,
Қазаққа қашаннан-ақ ән керегі.
Ағажан, шырқашы бір желпінейін,
Өзің ғой Арқа әнінің бәйтерегі
Өлеңнің қалықтатып бір ақ құсын,
Өнердің сезіп өскен қуат күшін.
Шыққанда аққу үнмен алдымыздан,
Ақ сапар тілеп жүрген сияқтысың.
Ынтық ең сұлулыққа ең көрікті,
Туған жер көңіліңе дем беріпті.
Дариға-ай, өнер үшін туған ұлдың
Қиын ғой мойындауы егделікті.
Ақ жаның тазалыққа, бұлаққа үйір,
Ақ дала, ақ самалды – тұрақты үйің.
Әншісін дүйім халық тосып отыр,
Келтірші, домбыраңның құлақ күйін.
Бұлбұлдай жаңа тапқан ән-ұясын,
Өнердің кешіп жүрсін дариясын.
Қолға алып домбыраңды әуелетші,
Ағажан, Балуан Шолақ «Ғалиясын».
Ән-арман, бақыт болар ән-ұл үшін,
Жүйріктер жаралады халық үшін.
Өрнекті нақышыңмен тербеп жібер,
Кәкімбек ағамыздың «Сағынышын».
Бірісің Арқадағы талантты ұлдың,
Келеді ту сыртыңнан қарап тұрғым.
Сәкеннің «Біздщің жақта» әнін айтшы,
Басына шығып алып Арап қырдың.
Достарыңызбен бөлісу: |