Мазмұнның түсініктілігі мен шамаға лайықтылық қағидасы. Білім мазмұнының оқушының шамасына сай болуын қамтамасыз етеді. Бұл принцип оқушылардың танымдық белсенділігн арттыруға ықпал жасап қана қоймай, олардың жалпы дамуына оң әсерін тигізеді. Мысалы, пән мазмұнының жеңіл болуы оқушылардың ойлау белсенділігін төмендетеді, оқуға деген ынтасын кемітеді. Оқу мазмұнының шамадан тыс қиын болуы оқушыны табысқа жеткізбейді. Табыстың болмауы оқуушының өзіне деген сенімін жояды. Мұнда мұғалімнің оқытуы мен оқушы дамуының арасында тәуелділік пайда болады. Сондықтан, мұғалім оқушының танымдық мүмкіндігін ескере отырып, оқу процесін жоспарлы жүргізуде түсініктілік және шамаға лайықтылық қағидасын негізге алуы тиіс.
Оқытудың беріктігі және жүйелілігі қағидасы. Оқушылардың негізгі ұғымдардың анықтамаларын, қасиеттерін жаттап алу немесе есте сақтауы білімнің беріктігіне тікелей байланысты. Сондықтан оқушыларға жаттап алудың емес, түсініп алудың, есте сақтаудың әдістерін үйреткен жөн.
Қазақ балаларын оқытуда Ы.Алтынсарин өте жоғары талап қоя білген: «... әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру, өз оқулығында («Қырғыз хрестоматиясы») тақырыптарға сәйкес суреттеу, сурет арқылы беру сияқты, көркем жазуды, әріптердің формасын дұрыс түсінуге, дағдыландыруды үйрету ...шәкірттердің барлық сезім мүшелерінің - көз, қол, есту қабілетін, тілді, зейінді дағдыландыру, баланың барлық қабілеттерін жаттықтыру арқылы және оған өз бетімен жұмыс істеу керек» - деген әдістемелік нұсқау қалдырды. Ы.Алтынсарин оқыту принциптеріне: түсініктілік, көрнекілік, жаттығу, өз бетінше оқыту – саналылық принципін ұсынған. Ғасырлар бойына жақыннан алысқа, нақтыдан абстрактыға қарай түсініп оқыту мәселесі өмір сүріп келеді. Қазіргі заман талабына сай қазақ тілін оқыту принциптерін 7 топқа бағдарлау қажет:
1. Қазақ тілін оқытудың ғылымилық принципі.
2. Оқытудың шамаға лайық жүйелілік принципі.
3. Оқытудың белсенділік, саналылық принципі.
4. Жеке тұлғаны дамыта отырып, даралап, саралап оқыту принципі.
5. Қазақ тілінен берілетін теориялық білімді ұлттық рухани тәрбиемен, өмірмен байланыстыру принципі.
6. Көрнекілік принципі.
7. Оқушының білімге құмарлығын арттыру, өз бетінше жұмыс істеу принипі.
Осы жеті қағидаға сүйене отырып, қазақ тілі жүйелілікпен оқытуы тиіс. Қазақ тілін оқытудың мақсаты – коммуникативтік, тілдік, мәдени-танымдык біліктілігі дамыған дара тұлға даярлауға мүмкіндік туғызу. Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың пікір айту, ауызша, жазбаша сауатты сөйлеу, қоғамның өзге өкілдерімен дұрыс қарым-қатынас жасау, яғни әрбір адамға керекті коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру мәселелерін шешуге міндеттіміз. Тілді мазмұнсыз, мағынасыз меңгеру мүмкін емес. Тіл арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, болмысы танылады.
Достарыңызбен бөлісу: |