Ілияс есенберлин көшпенділер каһАР



бет1/25
Дата28.01.2018
өлшемі8,31 Mb.
#34547
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИН

КӨШПЕНДІЛЕР

КАҺАР

ІII том

Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Бірінші бӨлім
Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иектеніп атып келе жатқан таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы аралас, ат құлағы көрінбейтін көк шалғынды ылдидан қалың көш көрінді.

Аздан соң көгілдір аспанды алтын сәулесімен шарпи, қызарып күн де шықты. Төңірек сандықтан суырған гауһар тастай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге енді. Жаз ортасы ауған шақ еді. Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр. Қалың шөп арасынан сыңсыған қып-қызыл қой бүлдіргенінен, сиыр бүлдіргенінен көз тұнады. Әбден саумалданып саяу бере бастаған қымыздық та шоғырлана кездеседі. Мезгілі өтіп бара жатқан қалың балауса, көк шалғынның хош иісі таңғы кіршіксіз таза ауамен араласып мұрынды жарады.

Күн сәулесіне шомылған көштің беті күнгей тұс. Көш басында тең үстіне қызыл ала масаты кілем жабылған күлсары атан жетектеген, солғын реңді кәрі шал. Астында тобылғы күрең ат, үстінде қоңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік. Оның соңынан тізбектелген аттылы, түйелі қалың керуен. Кейбір қомды түйелерде ағараңдаған әйел кимешектері көрінеді. Шаңырақ доңғалақты екі аяқ шиқылдақ арбаларда кемпір-шал, бала-шаға... Қыз-келіншек, бозбала ат үстінде. Бірақ бұлар әдеттегідей ән шырқап, әзілдесе сөз қағысып, бірін-бірі қуып жарыспайды. Үн-түнсіз тұнжырап қалған. Көштің оң жағында қалың жылқы. Қырқаны бүйірлей тасыр-тұсыр жіті басып келе жатыр. Көш соңында қара мал, одан әрі жүре жайылған қотан-қотан қой-ешкі.

Көш жүрісі шұғыл. Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе. Үстіне қауырт келіп қалған мал тұяғынан сасып, қияқ пен ши түбінен пырылдай ұшқан бөдене мен жапалақ.

Асыға қимылдаған қыруар ел ылдидағы масағы кере қарыс қалың балқурай көмкерген айдын көлге қарай беттеді... Таң әлетінен жау қуғандай жөңкіген жұрт бір жаманатты аңғартқандай. Оларды қоршауға алып, суыт келе жатқан сойыл-шоқпар ұстаған жүзден артық ер азаматтар тобы бар. Бәрінің де астында сүмбілдей сәйгүлік жүйрік, шайқала ырғалған жорға. Түстері суық. Шекпен-шапандарының етек-жеңі түріңкі. Бұлардың ішінде қайыңның безіндей берік, қазан тастай шомбал, төртпақ келген біреу ерекше көзге түседі. Астында есік пен төрдей, ай табанды жайма жал қара көк айғыр. Тақымында келте шоқпар, қарына темір бауырлы қайың сойыл ілген. Үлкен өткір қара көзді, ұзын, қою қара мұртты адам. Таңмен бірге ашыла түскен қара сұр жүзі ақ сұпыдай. Бұл осы көштің басшысы, Баянауылдағы Қаржастан шыққан Азнабай ұлы Сейтен. Қазіргі беті Балқаш көлінің маңындағы кең алқап. Ал арғы мақсаты осыдан үш жыл бұрын Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ руларының қырық мың шаңырағын ертіп Қоқан хандығы қарауындағы Сыр бойына өтіп кеткен Қасым төренің балалары Есенгелді, Саржанға қосылу.

Сейтенмен үзеңгілес түксиген қабақты, кескен томардай келте қара сұр жігіт келеді. Сары ала қынапты қисық табан келте қылыш тағынған. Кісі өлтірген адамдай түсі зәрлі. Бұл Қубет ұлы Ожар. Бір кездегі барымтаға да, жауға да қатар шапқан Сейтеннің үзеңгілес досы. Соңғы үш-төрт жыл ішінде Ақмола аға сұлтаны Құдайменденің Қоңырқұлжасының қасында болып, жақында ғана өз еліне қайтып келген.

Маңыраған қой, мөңіреген сиыр, кісінеген жылқы үніне дабырлай сөйлеген адам даусы қосылып, таңертеңгі табиғаттың бейкүнә тамылжыған шырқын бұзып, кең даланы басына көтерді. Жасыл құрақ арасында бұйығып жатқан топ елік орындарынан үрпиісе түрегеліп, көл жағалай зыта жөнелді... Інінен жаңа ғана шығып, таң намазын оқыған молда тәрізді, шоқиып отырып алып, шақылдай жөнелген семіз суыр дабырлаған үнге сәл құлағын түріп тыңдай қалды да, кенет қалың ши арасына кіріп жоқ болды. Беймезгіл келген жұрттан сескенген көл үстіндегі құс у-шу, абыр-сабыр.

Көл жағасына дамылдаған көш түйенің қомын алмай, қазан көтеріп ас ішпей, сәл тыныстады да қайта көтерілді. Су маңайы бір әуенге түскен кезде шомбал қара Ожар қайтадан Сейтеннің қасына келді. Астындағы төрт аяғы тең жорға қара көктің тізгінін тежей түсіп, кеше тәмәмдай алмай қалған әңгімесіне қайта кірісті.

— Ата мекен Көкшетауын тастап, Қасым төре неге Қоқан хандығына қарай көшті? — деді ол сөзін алыстан қозғап. — Қазақта мақал бар емес пе «Бөтен елде сұлтан болғаныңша, өз еліңде ұлтан бол» деген.

— Қасым төре қай жерде жүрсе де сұлтан, — деді Сейтен жақтырмағандай алая қарап. — Бүлік басы бұзықта дегендей, пәле ақ патшаның Жылқы жылғы ұстабынан 1  басталған жоқ па...

— Иә?

— Ұстап деген атының өзінен расында жан шошырлық... Ақ патшаның уысында ұстауға шыққан заң екен соның өзі... Осы ұстап бойынша Орта жүз сегіз өкірге бөлінді емес пе... Әр өкірге бір рулы елдің он бес-жиырма болысы кіреді. Әр болыста он-он екі ауыл. Әр ауыл Арқа жерінде, өзіңе белгілі, жүз қаралы үй. Ауылды үш жылға жұрт сайлаған старшын, ал болысты Шыңғыс тұқымынан шыққан сұлтандар басқарады. Өкірге үш жылға сұлтандар сайлаған аға сұлтан ие...



— Япырмай, ә, ақ патша өкірді қазақтың аға сұлтандарына басқартқандағы ойы: өз қотырын өзі қасып жатсын дегені ме екен?

Сейтен ақырын мысқылдай күлді.

— Ұшқалақтанбай тұра тұр. Ақ патша қазақ ісін екіге бөлген. Бірі — ауыл арасындағы жесір дауы, алыс-беріс секілді кәкір-шүкір. Мұны ақсақалдар мен билер өзі шешсін деген. Екіншісі — кісі өлімі, барымта, үкіметке бағынбау тәрізді ауыр күнәлар. Мұны аға сұлтан басқарған өкірлік пірказ қарайды. Өкірлік пірказ екі патша қызметкері және екі жылға сайланған екі қазақ жәсиәтірден 1  құралады. Бұлардың шешімін гүбірналық сот бекітеді. Онда бірде-бір қазақ жоқ. Сөйтіп біздің тағдырымыз бәрібір өз қолдарында...

Сейтен сәл үндемей қалды. Шұбырып келе жатқан көшке бұрыла бір көз тастап күрсінді де, қайтадан сөйлеп кетті.

— Сол ұстапта: «қазақ Мұхамбет пайғамбардың жолын берік ұстаған діншіл халық емес, оны шоқындырып алу оңай, тек ауылға уәкілдер жіберілсін» делінген.

Ожар күлгендей боп тісін ақситты.

— Және ол ұстапта ешкімді зорлау болмасын, әркім шоқынғысы келсе, өз еркімен шоқынсын деген де сөз бар ғой...

— Сейтен атының басын жедел тартып алды.

— Сен оны қайдан білесің?

Ожар екіұшты жауап қайырды.

— Ел құлағы елу...

Сейтен атын тебініп қап, кенет қызулана сөйлеп кетті.

— Қасым төре біз секілді ақымақ емес еді. Арқа жерінде сегіз өкірігтің не үшін құрылғанын бізден бұрын түсінді. Тоқа, Алтын, Алтай, Уақты ертіп патша құрығы жетпейтін Бестаңбалы жеріне қарай көшті. Біз қалып қойдық. Қалғанымыздан не таптық? Он жылдың ішінде Талды өзенінің сағасында Қарқаралы өкірігі, Қызылжар бекінісінің жанында Көкшетау өкірігі, Семей бекінісінің тұсында Аякөз өкірігі, Омбы қаласынан төмендеу Ақмола өкірігі, Жәміш бекінісінің қасынан Баянауыл өкірігі, Аманқарағайдан жоғары Құсмұрын өкірігі, Омбының оңтүстік саласында Үшбұлақ өкірігі құрылды. Бүкіл Арқа жеріне темір тор жабылды, енді тырп етіп көрші! Қарамағыңдағы елің түгіл, туған ініңнің баласын арашалауға күшің жетпей қалды.

Сейтеннің соңғы сөзінің мәнісі бар еді.

Батыс Сібірдің тұрғын жұрты мен жер айдалып барған адамдардың арасында әйел жынысының өте жеткіліксіздігін еске алып, Бірінші Николай патша 1825 жылы 11 февраль күні қазақша Тауық жылғы ақпан айының он бірінде Сібір генерал-губернаторы мен Орынбор соғыс губернаторына Сібірмен шектес қазақ секілді «бұратана» ұлттардың жас қыз балаларын қолға түсіруге жарлық берген. Бұл жолда қандай амал болмасын қолдануға рұқсат етілген. Сатып алуға да, алдап алуға да болады делінген.

Осы жарлық бойынша қолға түскен қыз балалар шоқындырылып, әйел жынысына мұқтаж семьяларға тапсырылуға тиісті. Асырап алған адамдарға азық-түлік ретінде он бес жасқа толғанға дейін көмек көрсетіліп, ал қыз балаларды әкелген кісіге қолма-қол он бес сом сыйлық берілетін.



Міне осы жарлық Сейтеннің туған інісі Тайжанның жеті жасар қызы Алтыншашты да қармаққа түсірген еді. Тайжан патшаға қарсы ереуіл ұйымдас-тырғаны үшін бес жыл бұрын Омбы Орданс-Гаузе сотының үкімімен өлім
жазасына кесілген. Оның ер жетіп қалған үш ұлы Сібірге Туринскіге айдалған. Белгісіз адамдар беймәлім жаққа әкетіп бара жатқан ағаларының соңынан қалмай шырылдап жүгірген жеті жасар Алтыншашты қарауыл басы офицер иемденіп, Омбыдағы бір сәудегерге сатқан-ды. Жас қыздың көркіне таң қалған Сібір корпусының штаб бастығы генерал-майор Фондерсон оны әлгі сәудегерден қалап алады. Алтыншаштан көз жазып қалған Сейтен, үш жыл өткеннен кейін оның әкесін өлтірушілердің бірі Фондерсонның қолында үй сыпырушы болып жүргенін естиді. Іздеп Омбыға келеді. Генерал-майордың сақ күзетшілері бөгет болып Алтыншашқа жолыға алмайды. Тәуекелге бел буып, түнде Фондерсонның үйіне шабуыл жасап, тартып әкетем деп жүргенінде, генерал-губернатор біліп қалып, өзі ажалдан әзер құтылады. Сейтеннің қазіргі айтып келе жатқаны осы бала жайы. Бұл оның көңіліндегі ауыр жара. Егер алда-жалда осы жараға біреу-міреу тиіп кетсе, Сейтен өзін өзі ұстай алмайды, бұлқан-талқан ашуға беріледі. Бірақ бұ жолы Сейтен өйтпеді. Бір кезде қанжығалас серік болғанменен, ол Ожардан аздап күдіктенеді. «Адам сыры — сандық ішіндегі қазына. Онда алтын жатыр ма, бақыр жатыр ма, бірден білу қиын. Кілтін іздеу керек». Сондықтан да ол енді Ожардан сыр тарта сөйледі.

— Сол ұстап бойынша біз қазынаға жүз қарадан бір қара жасақ төлеуге тиісті едік. Бірақ сол заңның өзін кім дұрыс қолданып жүр? Аға сұлтандардың малы жұтқа іліксе — зекет төле. Жанаралдың, пристаптың үйі өртенсе — үлесіңді апар...

— Ақ патшаның салық туралы қосымша әмірі шықты деп жүргендері қайда? — деді Ожар түнере.

— Иә, шыққаны рас. Бірақ одан қара қазаққа қандай пайда? Қоян жылы мамыр айында патшаның салықтан босатқан бес жылы өткеннен кейін, жаңа жарлық шықты... Бұл жарлық бойынша өкімет қызметінде жүргендерге, аға сұлтан, болыс, жәсиәтірлерге бірталай жеңілдік берілді. Олардың біраз малдары салықтан босатылды. Тек өздеріне меншікті төлеңгіттері үшін ғана салық төлейтін болды. Бұл жарлықтан ұтқан Сәмеке, Бөкей, Уәли ханның тұқымдары ғана. Патша ағзамға жаққан қызметтері үшін төре тұқымының шаңырақ ие сұлтандары мың жылқы, мың жарым қара мал, мың жарым сом ақшаға дейін өмір-бақи жасақ төлеуден ада етілді.

— Жоқ, мен патша ағзамның бұл жарлығын айтып келе жатқан жоқпын...

— Енді қай жарлығын?

— Жасақ төленетін мал саны үш жылда бір саналғанмен, жұт жылы жасақты тек қолда қалған малға төлейді деп жүргендері қайда?..

— Оның рас. Бірақ қазаққа он ірі қарадан бір тұсақ төледі не, жүз тұсақтан бір ірі қара төледі не, бәрібір емес пе? Байқаймын көмейіңде бірдеме тұрған іспеттес. Онда сен ақ патшаның бізге істеген жақсылығы болса соны айтшы?

— Көмейімде қара халықтың мұқтажына қиналған запыран тұр, — деді Ожар қабағын түкситіп. — Одан бөтен не болушы еді менде?!

Сейтен Ожарға жылы жүзбен қарады. «Мен осыдан бекер күмәнденіп келем-ау. Қанына тартпағанның қары сынсын демей ме қазақ, қанына тартып-ақ келе жатыр-ау бейбақ. Әкесі Қубет Қаржастың бел баласы еді...».

— әйткенмен, қалауын тапса қар жанады, — деді Ожар қайтадан үн қатып. — Ає патшаның да тілін таба білген жөн. Осыдан екі жыл бұрын көктемде Қараөткелдің аға сұлтаны Құдайменденің Қоңырқұлжасы қазақтар балаларымызды сыпайға — солдатқа алады деп сескенетінін арыз етіп Петрборға бар-
ғанында, патша ағзамның өзі қазақ жігіттері еш уақытта да сыпайға алынбайды деп, бұзау терісіне мөрін басып, уағдасын жіберген жоқ па?

«Осының өзі қай соқпаққа апара жатыр?» — деп Сейтен тағы да сезіктене қалды. Сөйтсе де:

— Бұзау терісі емес, бұзау терісінен істелген қағаз десетін. Қап-қалың болатын, өзім көргем, — деді ол жайбарақат. — Сол қағаздан кейін аға сұлтан Қоңырқұлжаның қадірі ұлан-асыр өсті. Соның арқасы ғой бұ күні қалың Ар-
ғынды шашау шығармай ұстап отырғаны. Үйірін бермес осындай бір марғасқа айғырлар болатын. — Сейтен сәл үндемей қалды да, күрсіне қайта сөйледі, — жиырма мың жылқы айдаған Құдайменде баласы ондай қағазды алудың бір амалын тапқан шығар. Бірақ ақ патша әділетті болса Қасым төренің арызын неге тыңдамады?

— Қандай арызын?

— Қасым төре қазақ жеріне бекініс салып, пірказ құруды тоқтатуын талап етіп осыдан он жыл бұрын қағаз жазған жоқ па? Одан не шықты? Жауап берудің орнына жерімізге әскер үстіне әскер төкті. Ақмола, Аякөз, Баянауыл өкірігінің кіндік ортасына Ақтау бекінісін сала бастады. Бұнысы енді бүкіл Арқаны қанды шеңберіме аламын дегені емес пе? Осыны сезген Қасым төре Қоқан хандығына қарай ауысты ғой. Ондағы ойы Сыр бойындағы қалың қазақты Абылайдың ақ туының астына жинап, діні бір Қоқанмен тізе қосып жұртымызды тыныш, алаңсыз ету емес пе еді.

— Бірақ Қасым төренің ол ойынан не шықты? — Ожар мысқылдай күлген тәрізді. — Ташкент құшбегінен Есенгелді мен Саржанның аман қайтуының өзі екіталай...

1824, яғни қазақша Мешін жылы Көкшетау приказы құрылды. Бұл — ақ патшаның Абылай ұрпағының ата мекеніне ауыз салуы еді. Осы жылдан бастап Қасым төре баласы Саржан сұлтан қол жинап патша әскері мен ұстапты жақтайтын Сәмеке, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына қарсы күрес бастады. Кейде жеңіп, кейде жеңіліп, басынан сан айқасты өткізеді. Ақырында Қоқан хандығының қол астына еніп, 1834, яғни Жылқы жылы осы хандықтың бас күші Ташкент құшбегі, тәжіктің Қалпы руынан шыққан Мәмет әліммен тізе қосып, қазақ жерін Россия империясынан бөліп алмақ болып, алты мың әскермен Ұлытау өңіріне келді. Осы өңірге Қорған атты бекініс тұрғызып, бізге қосылыңдар деп жан-жағына жар салады, аға сұлтан, ел билеген ақсақалдарға ат шаптырады. Бір жағынан шағын-шағын жасақ аттандырып, Қараөткел, Көкшетау жеріндегі қалың Арғын елін шаба бастайды. Мұны естіген Сібір губернаторы Ұлытауға генерал-майор Броневский басқарған алты зеңбіректі бір мың әскер жібереді. Броневский көп кешікпей Ұлытауға таяйды. Жақын қалған патша әскерінен қорыққан Ташкент құшбегі Қорғанға азғантай сарбаздарын қалдырып, Бетпақдалаға қарай қашады. Ал Қорған бекінісі көп соғыспай Броневскийге беріледі. Ташкент құшбегі Мәмет әлім қазақ жерін Россия патшалығынан оңай ала алмайтынына көзі жетіп, күресті бірден тоқтатады. Одақтасының мұндай опасыздығын көрген Қасым төре балалары енді Сыр бойындағы қазақтарды жинап, Қоқан хандығының ықпалынан құтылмақ болады. Бірақ Ташкент құшбегі бұны сезбегенсиді, ақ патшамен күресуге қайта қол жиямыз, кеңеске балаларыңды жібер дейді Қасым төреге. Ал ол құрылған қақпанды аңғармайды. Ташкентке жиырма жігітпен қолбасшы балалары Есенгелді мен Саржанды, шұбыртпалы Ағыбай батырды, Саржанның жиырма жасар баласы Ержанды жолға шығарады. Бұлардың Ташкентке кеткені Арқаға да жетеді. Ожардың айтып келе жатқаны осы жәйт.

Сейтен бұл хабарды бұрын естісе де, мысқылдай сөйленген сөзден бір суық кекесін аңғарып қалды. Ожарға сескене қарады. Кенет есіне осыдан үш күн бұрын қойнынан жұлып алып тастаған шұбар жылан түсті.

Айдын көлді, жасыл белді, қарағай, қайың сыңсыған қатпар-қатпар жартасты Баянауылдан аттанған Сейтен Қараменді тауы етегін басып, Балқаштың теріскей тұмсығындағы Мың аралдың батыс жағына өтпек еді. Осыдан үш күн бұрын бұлар Қараменді тауының шұрайлы етегіне жеткен. Бір жетіден бері ат үстінен түспеген Сейтен, көш орнығысымен, жан-жағы анық көрінетін бір жартасты төбенің басына шығып, көз шырымын алдырмақ болған. Ұйықтап кеткен екен. Үстінен бір суық леп өткендей сезінді. Көзін ашып алды. Ештеңе де көрінбейді. Ел жым-жырт ұйқыда. Аспанда күміс ай ғана ақырын жылжиды. Мұны оятқан не? Сейтен қозғалмай үн-түнсіз сәл жатты. Сол мезетте-ақ кеуде тұсында бірдеме жыбырлаған сияқтанды. Алақанын сәл жұма, оң қолын кеудесіне қойып ұйықтайтын әдеті бар еді. Кенет аш қарнына сұп-суық бірдеңе тиді. Сейтен жылан екенін бірден сезді. Қозғалуға болмайды. Таулы жердің жыланы уытты келеді. Жылан сырғып кеудесіне таман келе жатыр. Мұндай суық, мұндай ызғарлы болар ма! Талай ажалға қарсы ұмтылған Сейтен батыр, жүрегі аттай тулап демін әзер алды. Баяу сырғыған жылан бір кезде Сейтеннің сәл жұмулы алақанының арасына басын сұқты. Лақа бас, білектей жуан, қайрақ тас түстес тау жыланының өзі. Егер саусағының бірі дір етсе бітті, улы тілін салып алуы кәміл. Енді жылан басын алақан қуысынан өткізіп, әрі қарай жылжи берді. Сірә, тамақ тұсына келіп оралмақ. Сейтен бала жасынан жылан-шаяннан қорқып көрген емес. Мұндайдың талайын табанына басып улы тілін суырғаны бар. Әдет қылған қолдың білектей жуан жыланның алқым тұсынан қышқаштай боп қалай жұмыла қалғанын Сейтен оны қойнынан алып шыққанда бір-ақ білді. Жылан иретіле, бұлқына білегіне оралғанмен, күшті қол алқымынан бір-екі рет мытып-мытып қысып жіберді де, бос бүйендей өлексесін солбаң еткізіп анандай жерге топ еткізді.

«Мынау Ожар да қойнына кіргелі тұрған сондай шұбар жылан емес пе екен?» Ожар қанша шомбал болғанмен Сейтеннің құрыштай қатты қарулы қолының бір мытығанынан қалмайды. Бордай опырылып ат үстінен құлап түседі.

Ожар Сейтеннің ашулы қабағынан бір сұмдықты сезді ме, жаңағы аңғырт айтып қалған сөздерін жуып-шайды.

— Қоқан құшбегілеріне сену қиын. Жеңілтек әйел тәрізді, өздерінің көңіл ауған жағына қарай жалт ете түсулері оп-оңай... Есіл ерлер аңғалдықпен мерт болып жүрмесе нетсін.

«Жоқ, Ожар баяғы Ожар. Мұнымен бірге бір қайыққа мінуге болады». Сейтен жан-жағына ойлана көз тастады. Күн кешкіріп қалған екен. Дала құмайт топырақтанып, жаз ортасы ауып сары балақтана түскен, таспа жоңышқа мен жатаған, шеңгел кездесе бастаған. Әр тұста ойдым-ойдым қалың қарағай көрінеді.

Күн соңғы сәулесін адыр үстіне жайып салып, меңіреу даланы қызғылт сәулеге бөлеп, батуға айналған.

Аздан соң көш қалың қопалы, көкпеңбек ойпатқа енді. Бұл ара Қаржас руының ең шалғай жайлауы. Бұдан әрі Балқаш өлкесі, Сарысу алабы, Сыр бойы басталады. Самсай көшкен жұрт арт жақтарында бұлдырай қарауытқан Арқа тауларына алаңдай бастады. Қазір күн батады, жабылған ымыртпен бірге туған өлкенің ең соңғы селеуіті де өшпек. Арттарына бұрылып қараған сайын жүрегіне суық семсер тигелі тұрғандай көңілге мұң, көзге жас келді. Алда не күтіп тұр? Бақыт па? Михнат па?

Дәл осы сәтте батып бара жатқан күнменен бірге азалы, зарлы үн естілді. Ылдиға қарай ентелей құлаған көштің бір бүйірінен, жал-құйрығы күзеулі тайға мінген, екі бүйірін таянып алып, «Елім-ай» әнін салған он төрт-он бес жасар қара торы қыз бала көрінді. Табиғат қинаған бейкүнә еліктің баласындай жылап келеді.

Көшке ерген жұрттың көңіл-күйін дәл шерткендігінен бе, тірі пенде оның әнін бұзар емес. Төмен қарап уһлей береді. Сейтеннен «тоқтат» деген бұйрық болмаған соң, жұрт әнді мұңая тыңдауда. Қыз бала шырылдай толқиды:

Туған жердің қия алмай тау мен тасын,

Біз келеміз тыя алмай көздің жасын,

Не жазып ек, жасаған, таптатардай,

Көрінгенге халқымның алтын басын.
Арман етіп жазылмас жан жарасын,

Ата-мекен тастадық кең даласын.

Өз жеріңе сыя алмай барғаныңда

Өгей елден, қайран жұрт, не табасың?

Шықпай жатып бесіктен қайғы торып,

Сарғалдақтай жаңбырсыз қалған солып,

Қайда барсаң алдыңда Қорқыт көрі,

Неге тудық бақытсыз халық болып.


Қыз баланың әні Сейтеннің көкірегін тырнап жатқан тәрізді, қабағы салбырап тұнжырай түскен. Егер ән бұдан әрі созылса сонау артта қалып бара жат-
қан туған жеріне деген қасіреттен жүрегінен қан тамшылайтындай көрінді. Осы бір бұлқан-талқан болып келген күйікке шыдай алмаған Сейтен «тоқтат!» деп қолын көтерді, қыз әні пышақ кескендей үзілді.

Енді көш шұбалаңдамай, алды-артын жиып, көлді ығыстай таяп келеді... Алдарында жазық алаң, одан өтсе, арада қол созым жерде өздері қашып бара жатқан өгей өлке.

Сейтен бірдемеден сескенгендей атының басын тартты. Алдынан көлмен қатарласа созылған қалың қопа қамыстың өздері беттеген көз жетер-жетпес бір тұсынан, әлдене қараң ете түскен тәрізденді. Көзі қанша қырағы болса да не екенін анық айыра алмады. Аң дейін десе, кісі бойы қамыстан қалай көрінеді? Адам дейін десе елсіз қалың қопаның арасынан не таппақшы? Ұры-қары дерлік, бұл ара қара жолдан шалғай... Әлде бұлардың ізін аңдыған жау ма?

Сейтеннің көңіліне күмән кірді. Бірақ Ожар оны бұл күдіктен ада етті. Сейтен көргенді бұ да көрген екен.

— Сейтеке, — деді ол атын тебініп таяй түсіп, — көшті жинақы ұстамаса болмас. Бұл Мың арал қойнауы қорқынышты. Қабан да, жолбарыс та бар десетін. Жаңа байқадыңыз ба, әне бір тұстан жүгірген қасқырды?..

— Мен адам ба деп едім.

— Бұл араға адам қайдан келсін. Мен анық көрдім. Қасқыр. Сірә қоян қуып жүрген болуы керек, секіре жүгірген түрі сойқан.

— Қасқыр болса қасқыр шығар. Жассың ғой, анық көрген болсаң...

Енді көш бұрынғысынан жинақы жүрді. Сойыл, шоқпар ұстаған қарулы жігіттер жан-жағынан қоршап, мал біткенді ортаға ала, шашау шығармай, тұтаса түсті. Тек түн ортасы ауған кезде, жағасы атты кісі көрінбес қалың анақурайлы Баскөлдің тұсына келгенде ғана:

— Осы арада азырақ көз шырымын алдырсақ қайтер еді, Сейтеке, — деді Ожар. — Қатын, бала әбден қалжырады, жігіттердің де кейбіреулерін ат соғып тастағанға ұқсайды.

— әлі де жүре түссек... Қонуға бір қауіпсіз алаң таппасақ болмас.

Көшке бұл өңір мүлде бейтаныс. Жолды қан-сөлсіз сұр бетті, шілтиген Сәмен ғана біледі. Жөн көрсетіп келе жатқан да сол.

Ол Ожарға бір көз тастап, Сейтенге қарады.

— Мұндай жедел жүріске жұрт шыдар емес. Ат шалдыруға да осы ара дұрыс. Бұдан әрі шалғын азаяды да қамыс-қурай көбейеді.

— Айтқандарың болсын... — Сейтен өзі бірінші боп аттан түсті. — Жұрт таң сыз бергенше көз шырымын алсын... Ал біз кезектесе күзетелік.

— Мақұл.


Түйелер шөгеріліп, арбалар доғарылып, жұрт дабырлай орныға бастады.

Сейтен жанына топырлай жиналған серіктеріне:

— әр қарауыл бір бие сауымдай уақыт көшті айнала жүреді. Алғашқы кезек өзімдікі, — деді. — Менімен бірге қайсың қаласың?

— Мен.


— Мен.

— Мен.


Зор денелі үш жігіт топтан бөлінді.

— Сізден кейінгі кезек менікі, — деді Ожар.

— Жата бер. Бір таңға шыдармын!

— Сіздің әрқашан да тың болғаныңыз жөн. Біз секілді жастарға түнгі күзеттің өзі де бір қызық дәурен ғой.

Сейтен жауап бермеді. Жұртқа:

— Ал ұйықтаңдар! — деп, қарауыл жігіттерін ертіп, бөлініп шыға берді.

Аздан соң жол соғып қалжыраған жұрт қатты ұйыға кетті. Сайдың тасындай ер жігіттер шоқпарларын бастарына жастанып, сойылдарын жандарына жатқызып, жүйріктерін белбеулеріне байлап, көштің ішіне шашырай орын алды. Әрі-беріден соң әр жерден қорылдаған, пысылдаған дыбыстар естілді.

Дала тып-тыныш, тек анда-санда лүп етіп соққан желмен ойнап үкілі қурай мен қамыс бастары шуылдай жөнеледі де, лезде тына қалады. Оқтын-оқтын көл жағасындағы әупілдектің күмпілдеген үні мен өгіз шағаланың өкірген айқайы естіледі. Кенет аш түлкінің тырнағына іліккен жапалақ жерге құлаған баланың даусындай шар етеді... Тұяқ серіппей тыным алған көш. Әр жерде ұйқы білмес сиырдың мүйізіндей қақырайған төрт күзетші... Бұлар да жантайып азырақ демдерін алса ештеңе етпейтін сияқты. Туған жерінен шұбыра безген бишара жұртқа Жетісу мен Арқа түйіскен елсіз аулақта кім тимек? Кім аңдиды оны? әйтсе де, үнсіз түн құрылған қақпан тәрізді, елең болған жөн...

Ай сәулесі кеми, аспандағы жұлдыздар бірінен соң бірі сөніп, таң жақындағанда, Ожар қасына Сәмен мен көш қозғалар алдында қосылған көршілес ауылдың екі бейтаныс жігітін ертіп Сейтеннің қасына келді.

— Сейтеке, таң да жақын... Азырақ көз іліндіріп алыңыздар, — деді ол.

«Сәл тынығып алған да теріс емес, тыныш секілді ғой. Ертеңгі жол да ауыр», — деп ойлады Сейтен ішінен. Сөйтсе де:

— Жарайды, ұйықтамасам да белбеуімді босатып, сәл тыным алайын. Жігіттер де сөйтсін, — деді. Бірақ кетіп бара жатып тағы да тоқтап азырақ кідірді, — дегенмен сақ болыңдар, көл маңының қамысы тым үрейлі екен, қасқыр, қабаннан ада емес шығар.

Өзі өзгелерден оқшаулау барып, екі қолын басына жастанып үн-түнсіз жата кетті...

Күзеттегі төрт жігіт бірінен бірі көз жазбай көшті айнала жүр. Сырт бейнелері сақ құлақ, жіті көз қарауыл тәрізді.

Сейтеннің қобалжыған көңілі орнығайын деді. «Осылар секілді, «сен тұр, мен атайын» ер азаматтары бар жұрт қор болар ма... Мұндай жайсаңдарыңның мол жаралғанына құдайға шүкір...»

Алты күннен бері «қуғыншыға кездесіп, соңымнан ерген жұртты қырғынға ұшыратпасам етті» деп қобалжи шаршаған көңілдің орныға бастағанынан ба әлде көптен бері ат үстінен түспеген денесі талмаусырады ма, Сейтен аспанда ақырын жүзген айға қарап жатып ұйықтап кетті.

Дәл осы кезде Ожар мен Сәмен көштің алдыңғы жағындағы қалың қамысты түбек тұсынан айнала өтіп бара жатқан-ды. Олардың құлағына қамыс арасынан:

— Ожар, біз дайын, — деген әлдекімнің дірілдей сыбырлаған үні естілді.

Ожар кілт тоқтай қалды. Бұрылмастан:

— «Қақпанды қоя білмеген қасасын қалдырар», әкеңнің аузын... Бағана күн батарда біреуің көзге түсіп, Сейтенге елең туғыздыңдар. Жаңа ғана жатты. Біз қазір оны байлаймыз. «Аттан!» деген ұран шыққанда, қапы қалмаңдар!.. — деді ақырын ғана.

Ол көшті айнала жүре берді. Бүйірден қосылған Сәменге:

— Қазір Сейтенді аламыз, — деді.

— Ояу жатқанда ма?! — Сәменнің үнінен қорқыныш лебі аңғарылды.

— Ендігі ұйықтап кеткен шығар. Ұйықтамаса да алу керек! Жақып, сен Сақыпқа бар, шөккен түйелерді қалқалай аяқ жағынан келсін. Өзің құбыладан. Дыбысын шығартпай басайық.

— Құп.

— Сейтен сергек ұйықтайтын. Үстінен құс өтсе де оянатын. Сыбырды сезіп, орнынан атып тұрмақшы болды. Бірақ кенет үстін албастыдай басып алқымынан қышқаштай жабысқан темір саусақтар үнін шығартпады. Кеудесіне мінген шойындай ауыр шомбал дене мен екі қолын ұстаған екі балуан жігіт бұны тырп еткізбеді. Әні-міне дегенше екі қолы артына қыл шылбырмен маталып, аузына орамал тығылды. Екі көзі су қараңғы болып байланды. Сейтеннің көкейінде: «әттең! әттең!» деген арман ғана булыға тулады.



— Бұның кебіні кигізілді, — деді өзіне таныс күңгірт дауыс, — Сәмен, сен осы арада бол. Ал сендер сарбаздарға жетіңдер. Белдеріне байлаған аттардың шылбырларын кесіңдер, ер-тоқымдарының оң үзеңгілерін шешіп алыңдар!

Сейтен қыл шылбырды білегіне батыра бұлқынып-бұлқынып түсті. «Япырмау, мынау дауыс кімдікі? Ожар ғой! Сорлы жүрек, бекер сес бермеген екенсің? Қап! Қап!» Ол аздан кейін өзінің жалғыз қалғанын аңғарды. «Жоқ жалғыз емес шығармын. Жаңа ғана Ожар «Сәмен, осы арада бол» деген жоқ па еді? Сонда бұл да жау болғаны ма? Шыққыр көзім, нені көргенсің!» Сейтен ауға түскен мекіредей жанталаса тулай берді.

Дегенмен, жау ниеті де өз дегенінен шыға қоймағандай. Ұйқыдағы сарбаздардың тең жартысының аттары босатылып, кейбіреулерінің оң үзеңгілері алынып қалған кезде, түсінен шошып оянған жас жігіттердің бірі сұмдықтың болғанын бірден аңғарды. Қараңдаған кісілерді көріп:

— Жау келді! Жау келді! Аттан! Аттан! Сейтен аға! — деп құлындағы даусы құраққа шығып жар салды. Барымта, шабуылға үйренген жұрт орындарынан атып-атып тұрды. Таң қылаң беріп қалған кез еді, қалың қамыстан қуғынға жіберілген қырық-отыз салт атты сыпайлар да шыға келді. Шаңқ-шұңқ еткен білте мылтықтың даусы естілді. Үрген ит, жылаған бала... Атылған мылтық... «А, құдай, өзің сақта» деп үріккен, қорыққан дауыстар жан-жақтан үрейлене жамырай, жаңа ғана ұйқыда жатқан бейқам көш азан-қазан болды да қалды. Кенет:

— Алға, жігіттер! — деген қатты үн шықты, Сейтеннің есік пен төрдей тоқпақ жалды қара көк айғырын ойната Ожар өзгеден бөліне берді. Басында орамал, білегін сыбанып алған. Қолында жалаң қылыш, шабатын қасқырдай екі көзі оттай жайнайды.

— Өлсек шәйітпіз, өлтірсек бәйітпіз, — деді ол тағы да күшті дауыспен, — кәне, еріңдер соңымнан!

— Ожар! Баста, Ожар! — деді аттарына мініп үлгірген кей жігіттер.

Ожардың қасына шоғырлана қалған, тастай түйілген шағын топ «А, құдай!», «Аруақ!», «Айдабол!», «Қаржас!» деп біріне бірі ұрандаса жел беріп, сойылдарын көтере, қарсы жаққа лап қойды. Алдарында Ожар. Бірақ ол қарсы шепке жетер-жетпестен атының жалын құша құлады.

Мылтықтың суық үніне үйрене қоймаған есіл ерлер, қолбасшыларынан айрылған соң бөгетке келіп қарқыны басылған толқындай, жау шебіне таяй түсіп шашырана тоқтады. Кейбіреулері аттарының басын бұрып алып, кейін қарай шапты. Қылышын көтеріп үстіне төніп келген қуғыншы жағының екі жауынгеріне, жерде домалап жатқан Ожар зекіп:

— Түсіңдер аттан, иттің балалары! — деді. — Байлаңдар тез менің қолымды! Апарыңдар тез Сейтеннің қасына... Қалаға таянғанда босатарсыңдар, елден шыққанша бірге ұстаңдар!

Ожардың қолын артына байлап, у-шу болған жұрттың қақ ортасымен, бір шетте тұрған Сейтенге апара жатқанда ол әлдекімнің:

— Арманда кеттіңдер-ау, қос арысым! — деген күңіренген даусын естіді.

Ожар аңқау елдің бетіне қарауға жүзі шыдамай, аяғын шалыс басып өте берді... Таланған, шабылған көш, жүнін жұлған тырнадай боп бар сәнінен айы-рылды. Енді кейін қайтарылмақ болды.

Суық мылтықты, кәрлі қылышты әскер жасағын басқарып келген есаул Лебедев ысқыра қамшысын үйіріп, қасқыр шапқан қойдай ұйлығып қалған жұртты кең алаңға жинады да, жанында тұрған Қоңырқұлжа аға сұлтанның кіші баласы сары ала түймелі Шыңғысқа жирен мұртын тікірейте ежірейіп:

— Қайда қашып құтылмақ? Сұра мына шалдан, — деді бағанағы көш бас-
қарған инабатты ақсақалды көрсетіп, — патша ағзам жарлығынан құтылу, ажалдан құтылумен бірдей.

— Біз айыпты емеспіз, — деп ақсақал жауап беріп, төмен қарады. — Үйірден саяқ қана бөлек жайылады. Өзен қайда құйса, тамшысы да сонда құяды.

Тілмаш ашуланып қалды. Сөйтсе де сыр білдірмей:

— Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ босты деп сендер де босқыларың келді ме? Азғырғанға еріп азайын дедіңдер ме? Саржан сұлтан ту көтергелі, жұрт та ат үстінен бір түскен жоқ. Қанша ауыл қырғынға ұшырады. Тоқтайтын уақыттарың болған жоқ па, кілең есуас?

Шал ауыр күрсінді.

— Жаңа өзің айттың ғой, Алтын, Алтай, Уақ, Тоқа ана жаққа кетті деп. Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады ғой. Олардың үлгісімен өзгелер де киімін пішпесін қайдан білесіңдер?

— Сонда ақ патшаға, аға сұлтандарға қояр кінәларың қандай?

— Шырағым, ел тыныштығын жоғалтқан бір аласапыран заман болып кетті емес пе, — деді ақсақал уһілеп, — жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесе мұсылман діннен шығады. Біз бір мал баққан момын елміз. Ауыл үстінен атылған мылтық тек қана жылқыны үркітпейді...

— Ол мылтықты атқыздырып жүрген өздерің емессіңдер ме?

— Сонда бізге қой болып қырыл демексің бе?

— Қолыңнан қой болудан бөтен келмесе, жаз жайылымыңды, қыс қыстауыңды біліп жайыңа жүрмейсің бе!?

— Жайыма жүруге қойып тұрсың ба? — Қария тілмашқа оқты көзімен қарады. Қотан жанына қасқыр апанын қазса, қойда не ес қалады? Сыпайларының шошайған мылтықтары жеріме салынып жатқан анау бекіністер сол қас-қырдың апандары емес пе?

— Өздерің үндеріңді шығармасаңдар, олар да мылтықтарын шошайтпайды.

— Ал үнімді шығарсам ше? Бауыздайын деп жатқанда ешкі екеш ешкі де бақырып өледі. Сен бізге сол ешкі құрлы болма дегенің бе? Жоқ, шырағым, жерімізді жыртып, өзенімізден балығын аулап жүрген мұжыққа қамшы көтерген бір де қазақ жоқ шығар. Ал қылышын сүйретіп есіктен кіріп төр менікі дегендерге...

— Иә, ондайларға не істей аласыңдар? Қолдарыңнан келері бүгінгідей бос-
қа қырылу ма?

— Адал өлу де — абырой. — Қария тілмашқа алар бүркіттей сұстана көз тастады. — Шырағым, аяқ алысыңнан байқадым, сен өзің Әбілқайыр, не болмаса Уалиханның ұрпақтарының біріне ұқсайсың... Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ деген, бір сұрайтын сөзім бар...

— Не сөз?

— Әбілқайырға да, Уәлиге де патша ағзам хандықтарымен бірге құндыз ішік, оқалы қоқыр, алтын балдақты алмас қылыш берді. Құндыз ішік пенен оқалы қоқырды беруі түсінікті, бекзадалар кисін деген шығар. Ал қылышына жөн болсын? Оны кімнің басына төндірсін деп сыйлады?

— Патша ағзамның дегеніне көнбегендердің!

— Дұрысыңды айттың, ер жігіт екенсің. Бірақ біз көппіз ғой. Қара да болсақ, қанымыз бір қазақпыз. Уәли мен Әбілқайыр ұрпағының бәріміздің бірдей басымызды ала беруге қалай жүрегі дауалайды?

Тілмаштың ақшыл жүзі күп-күрең боп кетті. Аталарың қазақ халқының қанішер қара ниет жендеті деп тұрған осынау тіл тартпас шалды ат бауырына алуға да дайын. Бағанадан есаул Лебедевке шалдың сөзін аудармай қойған. Енді шыдай алмай жіңішке еріндері дір-дір етіп:

— Есаул мырза, — деді ашуын баса алмай, орысшалап, — мына қара сақал, патша ағзамды балағаттап тұр!..

— Иттің баласы! — деді есаул қызғылт мұрты ашуланған қанден күшіктің құйрығындай дір-дір етіп тікірейе қап. — Көрсетейін мен бұған патша ағзамға қалай тіл тигізуді! — Ол атын ойнатып Абзал ақсақалдың қасына жетіп барды да мүсіндей қозғалмай тұрған ел ағасын бұзау тісті, қорғасын бауырлы тобыл-
ғы қамшысымен, дәл басынан тартып, тартып жіберді, — Мә саған! Мә, саған! Патшаға тіл тигізетін сабазсың ғой!

Құлаштай сілтеген қамшы ауаны кескілеп «ыс, ыс» етеді. Қарттың басынан қан жосып аға жөнелді, бірақ Абзал жартастай болып, үн шығармастан қозғалмай тұр.

Бұл сұмдықты көрген жұрт шегін тартып үрпиісе қалды. Енді ұрыс кезінен де бетер үрейленгендей. Бірақ қылыштарын жалаңдатып тұрған солдаттарды көріп, кейін жапырылды.

— Өлтірді ғой сорлыны! — деген әйелдің ащы даусы шықты.

Дала тағы да тына қалды. Ызалана соққан қалың жұрттың жүрегін теңіз толқып, қайық қалқып тыңдағандай, бар әлем көрген сұмдығынан шошып бұлқан-талқан болуға таяу.

— Мына едірейген мысық мұрттың ұрғанына өкінбеймін, — деді Абзал шал бетіндегі қанын сүртпей, — сары ала түймелі сұлтан ұрпағы, қаным бір қазағым едің, сенің араша түспегеніңе өкінемін.

Сөйдеді де Абзал ең ақырғы күшін жиғандай өздерінің келген жағына қарай аяғын ілби басып жүре берді.

Жұрт тағы да соның соңынан ерді.

«Ел көзінше шалды бекер ұрды-ау мына есалаң жасаул» деді ішінен Ожар, көп тебінсе — жер сілкінеді, қиянатты көзімен көрген жұртты басу қиын. Бүгін Сейтенін ұстасаң, ертең басқа біреуін табады. Ел болып бірігіп патшаға қарсы тұруға тек ата салты, ел дәстүрі бөгет болып жүрген жоқ па. Әр рудың, әр болыстың өз көсемі бар. Біріне бірі көнбейді. Ал бәрінің басын қосатын көсем табылса не болмақ? Қазақ асау жылқы тәрізді, кім үйрете білсе, соны ғана ие тұтады. Сондай адамы табылса, мына жұрт соңынан шұбыра жөнелуге
дайын...»

Бір арқанмен байлаулы тұрған Сейтен мен Ожардың тұсынан «қош, қос арыс!» деп шұбырған көштің ең соңғы шоғыры өте берді. Ожар тағы да ойлана қалды. Іштегі қуаныш сыртқа шығуға дайын тұр.

«Менің бұлай қолға түскенім дұрыс болды. Аз уақыттың қорлығы әлі-ақ ұмытылар. Ал қиянатымды білсе мына жұрт...»

Он шақты сыпай көшті айдап, Баянауыл жаққа кетті де, қалғандары байлаулы Сейтен мен Ожарды алып Омбыға тіке тартты.

Бұлар үш күннен кейін, Баянауыл округінің Сібірмен шектес Төрткөл болысының жеріне жетті. Қаз-үйрегі сыңсыған, әлі де шалғыны қурап сембеген бір ауылға келіп түнемек болды. Бұл осы маңның ел ағасы Бектас баласы Таймастың аулы екен. Таймас ұзын бойлы, денелі ақ сары кісі. Қаржас руына жиен. Айдалып келе жатқан Сейтен мен Ожарды көріп ауылдың құты қашып, әбігер болды да қалды. Түстері суық, қисық қылышты, шошайған мылтықты солдаттар ауыл үстінен ат ойнатып зәрелерін ала түсті. Бойын қорқыныш билегенмен жұрт ебін тауып, Сейтенге келіп амандасып жатыр. Көптен бері ұйқы көрмегендігінен бе Сейтеннің үлкен қоңыр көздерінде таусылмас қайғы-шер күлкілдеп тұр. Екі қолы артына мықтап байлаулы, үстіндегі ақ жібек мол көйлегінің жағасы дал-дал, әр жерінде баттия жабысқан қызыл қан... Қолға түскеннен кейін ұрған болулары керек, қомақты жұлынған омырауының ашық жерінен кеудесінің көк ала еті көрінеді.

Кешегі ел-жұртының қамын жеп ақ патшаға қарсы шыққан адамның бүгін мұндай сұмдыққа ұшырауы Таймастың жан сезімін өртеді. Оның мұндай күйге түсердей не жазығы бар екенін білгісі келді. «Барлық айыбы жұртына қамқор болғаны ма? Ақ патшаның тегеурініне көнгісі келмегені ме? Егер бар күнәсі сол болса онда мұндай мүсәпірлікке ұшырайтын жалғыз Сейтен ғана ма? Аң да, құс та өз інін, ұясын қорғайды. Адам неге өйтпеуі керек? Өз мекенін, өз жерін неге қорымасқа? Сондай бір әділ қылығың үшін де айыптысың ба? Жоқ, айыпты емессің».

Таймас Сейтенмен қанша сөйлескісі келсе де реті түспеді. Тұтқынды қалт етпей күзеткен сыпайлар жуытпады. Лебедев пен Шыңғыс екеуі ауыл төңірегіне де, Ожар мен Сейтен жатқан үйге де сақшы қойды. Өзге сыпайларын да алыс-
қа ұзаттырмай сол маңайдағы көрші-қолаңдардың күрке, лашықтарына орналастырды.

Түн жылы еді. Лебедев Таймасқа өз үйінің іргесіне төсек салып жатуға рұқсат етті.

Түн тастай қараңғы. Үстіңнен түйе жүн қалың көрпе жауып қойғандай тымырсық ыстық сезіледі. Қобалжи тынышталған ауыл мызғымас бір өлік тәрізді, тек анда-санда қаңтарып суытып қойған сыпай аттарының пысқырғаны мен күзетшілердің еміс-еміс күбірі естіледі. Басын шырмаған алуан ой, қанды ай-
қаста қолға түскен мынау Сейтен мен Ожардың аянышты халдері мазалап, Таймас көз ілмей дөңбекшумен болды.

Кенет құлағына бір күйзелген, күңіренген қоңыр дауыс келді. Таймас тыңдай қалып еді, бұл — «Елім-ай» әуенімен зар-өлең айтып жатқан Сейтен екенін білді. Таймас тына қалды. Енді Сейтен салған ән сөздері айқын естілді.

Қош аман бол, кең жайлау, өскен жерім,

Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.

Есіл қазақ есейіп ел бола алмай,

Ит пен құсқа таланып өшкен жерім, —


деп күңіренеді ол.

Сейтен тағы да айтпақшы еді, Ожардың сәл ашулы даусы оны бөліп жіберді.

— Сейтеке, ішке сыймай бара жатыр ма күйігіңіз?..

Сейтен қолға түсер сәтте көзі көрмесе де, даусын шырамытып, өзін байлағандардың бірі Ожар деп ұққан. Бірақ оның да мұндай күйге түсіп, өзіменен бірге айдалынып келе жатқанына таң қалып ол ойынан қайтқан. «Япырмау, бұған даусы ұқсас кім болды екен!» деп басы қатқан. Әйткенмен күпті көңіл ырық бермеді, сөз тартып сыр ашқысы келді. Енді ол алыстан орағытып сөзге кіріскен:

— Ожар, айтылмаған өкпе — іште жатқан Ескендірдің қос мүйізімен тең...

— Шер тарқатар уақыт болар әлі.

— Уақытымның бітуге айналғанын біле тұра, кекетесің ғой, — деп Сейтен сәл ашулана күліп ақырын ғана күрсінді де сөйлеп кетті. — Боз торғайдай кішкентай болғанмен биік ұшар халқым бар еді, сол сорлыны бір құзғын іліп кетпесін деп, ана жылы жалғыз бауырым Тайжан ақ патшаға қарсы жасақ құрғанда сен де келіп қосылып едің...

Ожар жауап қайырмады. Тайжанның да қолға түсуіне Ожардың себепкер екенін Сейтен білмейтін. Сондықтан «Жазықсыз болса ренжітпейін» деп ақтарыла сөйледі.

— Жұртың үшін жан пида ете аларыңа сол кезде көзім жеткен тәрізді еді. Құмбелдегі ауылдан бастап, кәрлі қылыштың қаһарынан талай елді аман алып қалдыңдар. Есіңде ме, жау әскері сендерді Қаражал бұйратындағы жылғаға қуып тыққаны? Сендер онда Саржан төлеңгіттерін арғы бетке шығарып келе жатқан едіңдер. Сен жүздігіңмен кәрлі қылышты екі күндей бөгеген болатынсың.

Сейтен сонау бір алыс күнді есіне түсіргендей тағы ақырын күрсінді.

— Басар жерің көк мұзға айналып, қатын біткен Баян тауының өрлеуіне киіз төсеген. Сол жолы екі жүздей шаңырақты қорғап қалдыңдар... Әттең, дүние-ай, қияңқы қыс қаһарлы келіп, баспанасыз жалаң жұрт сол жұт жылы ажал тапты...

Ожарда әлі үн жоқ. Сейтеннің шаршап-шалдыққан даусы енді тіпті анық естілген:

— Сол жолы еді ғой, Тайжан қолға түсіп өлім жазасына бұйырылғаны... Сені де сыпайлар ұстап алатын еді, ауылдың елуге таяу қыршын жасын жолыңа құрбан етіп мен араша түстім... Аман алып қалдық. Кәрі тарлан қанша шабады, бізден соң жұртты сен тәрізді жастар басқарады деп сенетін едім. Сондықтан да о жолы өзіңді көзіміздің қарашығындай сақтап қалдық емес пе? — Сейтен сәл бөгелді де, Ожардың жауап қайтармағанына қарамай тағы сөйлеп кетті:

— Сен жас едің. Бірақ асыл тастан, ақыл жастан, жұрт білмегенді сен білетінсің. Бүкіл Қаржас елу күн ертегі етіп бітіре алмас жәйтті, сен бір түнде айтып бере алатынсың... Бұрын ділмәр едің. Қазір көшпелі елдің тұмшалаған бұзауындай үндемейтін болыпсың... Өлсем шайт, өлтірсе қазы деген жанмын. Мойнымда шын қазақтың бір тамшы қаны жоқ. Өз қолыңнан ажал тапсам, өкінбеймін, арым таза. Ал сенің ше?

Ожар аунап түсіп еріне жауап берген:

— Менің де...

Сейтен үзіліп қалған ойына қайта оралды.

— Иә, сол жолы мен тірі қалдым. Бірақ одан не таптым? Жалғыз бауырымнан айырылдым. Ел-жұртымды талан-тараж еткіздім. Бар ұтқаным сол ма? Міне, соңымнан ерген жұрт қалған жоқ па тағы тотиып?

Ожардың шапшаң қимылмен түрегеліп отырғанын Таймас байқап қалды.

— Көрмес түйені де көрмес, — деген оның сәл ренжіген даусын естіді: — бар қазақты өзіңе балама... Сен ақ патшаға қарсы шыққанмен, оны құшағын жайып қарсы алғандар аз ба? Олардың ұпайы түгел.

— Ау, сен не айтып отырсың?

— Есітіп жатқан жоқсың ба? — Ожар кекете күлді. — әлін білмеген әлек деген... Айтшы кәне, қолыңнан не келді?

Таймас қалшия тыңдап қалған. «Япырмау, мына Ожар не дейді? Жүрек соғысы бөлек пе, қалай?»

Сейтен кенет күңірене үн қатты:

— Жүрегім бір сұмдықты сезіп еді... Қателеспеген екенмін ғой...

Тағы да екеуі үн-түнсіз тына қалды. Енді сөздері бітті ғой деп Таймас жас-


тыққа басын қайта қоя бергенде, Ожардың ашулы даусы шықты:

— Қазір жер қорғайтын заман емес, жан қорғайтын заман... Тағы құландай ру-ру боп жалпақ даласында шұбырған қалың қазақ, ту тігіп ел болудан қалған. Осыны неге түсінбейсіңдер.

— Ел болуды ақ патша жендеттерінен үйренбексің ғой? — деген Сейтеннің ызалы күлкісі ап-айқын жетті.

— Үйренсе несі бар? Үйренем! Сен үйренбеймін десең де ол күшпен үйретеді.

— Үйрен, үйрен... — деді Сейтен кекесін үнмен. — Сен секілділер барда оларға үйрету жеңілге түседі. — Ол енді күлкісін тыя қойды. — Жоқ, Ожар, оның болмайды, — деді, — сен құлан дейтін, мен қыран дейтін, екеумізге бірдей ортақ қазақ деген жұртың бар... Қарға баласын аппағым деп сүйеді, кірпі баласын жұмсағым деп сүйеді. Сен қазағыңды неге жек көресің? Ал мен...

— Иә, сен? Айт, айт...

— Мен оны халқым деп ардақтаймын. Сондықтан ол үшін ажалдан да қорықпаймын, — деді Сейтен сөзін жалғай. — Ата-ананы таңдауға болмайды, туған халқыңды да таңдай алмайсың! Оны әлжуаз де, тағы де, бірақ маңдайымызға жазылғаны сол халық, мен оны сен айтқан әлжуаз қалпында да жақсы көрем. Кімде-кім сол қазақ деген қыранды қанатын кесіп, жем-құсына айналдырғысы келсе, ол менің қас жауым, туған балам болса да аш тамағынан ала түсіп, өз қолыммен бауыздауға бармын.

Ожар тағы да кекете сұраған:

— Онда мені неге бауыздамадың?

Сейтен кенет демі таусылғандай әлсіз жауап берген:

— әттең, дүние, кеш білдім ғой!

— Жеңілген адам құсалы болатын әдеті. Өкіне бер, Сейтен. Бұл түнде екеумізден бөтен сөзімізді естір жан жоқ, сондықтан анығын біліп өт. Мен сендер секілді тұлыпқа мөңіреп бос жүрген жан емеспін...

— Иә, енді түсіндім, мені байлап берген де өзің едің ғой...

Екеуі ұзақ уақыт үндемей қалды. Әлден кейін Сейтен:

— Адамға мың жасаса да аз болатын шығар, өйткені адам баласында арман көп қой... — деп аунап түсті: — Ал мен ұзақ өмір сұрамаймын. Шіркін-ай, бір сәттік қана еркіндік берсе !

— Мені өлтіру үшін бе?

— Иә, сені. Елін, жерін, бауырлас туғандарын сатқан сен секілді қанішерді өз қолыммен бауыздасам бұл жалғаннан армансыз өтер едім!

— Бірақ ол арманыңның орындалмайтынын өзің де білесің ғой, несіне таусыласың?

— Бар өкініштің өзі сонда ғой! әттең, дүние-ай, сенің бізді ұстап бергеніңді бір қазақ білсе!..

— Үмітіңді үзе бер. Қараңғы түнге тіл бітпесе, менің сырым өзіммен бірге көріме кетер!..

Жоқ, Ожардың сыры ашылмай қалған жоқ. Оны күтпеген жерден Таймас естіді.

Таймас заты сабырлы жан. Сол түні қабыл-құбыл қимылдап Ожардан кек алуды жөн көрмеді. Қаптаған солдат тұрғанда өзінің орынсыз мерт болатынын да ойлады. Және жұртын тағы да бір қанды уақиғаға душар еткізермін деп қорықты. Бірақ Ожардың сонау жан түршігер қылығы, бұның да шыңырау түбінде мүлгіп жатқан ұйқылы-ояу сезімін оятты. Тыныш көңілін әлем-тапырық етті. Сейтен тәрізді ел-жұртының тілегін арман еткен аяулы жанның тағдырын есінен шығармасқа өзіне өзі ант берді.

Таң ата көп сыпайлар Сейтен мен Ожарды бірге матап тағы да жолға шықты. Ожардың Сейтенмен неге бірге байланып бара жатқанын Таймас әбден ұқса да, түндегі әңгімені естімеген пішін көрсетіп, екеуіне бірдей:

— Қош болыңдар! — деп теріс бұрылып кетті. Анандай жерге барып көзінен танадай боп домалап-домалап кеткен жасты жеңімен сүртті.

Бұл Сейтенмен жау көзінше ашық қоштаса алмаған достың көкірегіндегі ыза жасы еді. Таймас осы жасын өле-өлгенінше жүрегінде кек етіп сақтамақ.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет