Ілияс Жансүгіровтың «Күйші» поэмасы
Қазақ поэзиясында бүгінге дейін өнер жайында көп жазған және көркемдіктің шыңына жеткізе жазған І.Жансүгіров пен теңдесер қаламгер жоқ. Сонау 20-жылдардың бас кезінде өмірге келген «Әнші» өлеңінен басталған бұл тақырып тек қазақ әдебиетінде ғана емес, қазіргі әлемдік поэзиядағы айтулы туындылар санатындағы «Күйші» мен «Құлагер» сияқты классикалық поэмаларға ұласты. Акынның осы екі аралықтағы шағын көлемді, бірақ керемет суретті, екпіндеп ескен желдегі көтеріңкі лепті туындылары жоғарыда талданды.
Ілиясты ылғи да ән-күйдің әсерінен туған, өзіне ғана мағлұм күшті сезімдер булықтырып жүретін болса керек. Ол соларды сарқа, ақтарыла бір, құйқылжыта, нөсерлете бір жырлауға біртіндеп жақындай берген тәрізді. Осы жолдағы оның асқан бір айтулы белесі — өзінің қазақ күйлерін жетік білетінін, олардың сыры мен сипатын нәзік сезініп, оларды өздеріне лайық көп бояқты құлпырған тілмен суреттеп бере алатын ерекше талант екенін танытты. Поэманың басты кейіпкерін:
Қобызшы Малқыбай шал Матайдағы
Матайда Кенже, Тұңғат, Сақайдағы
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы, — деп таныстыруынан-ақ күй құдіретіне елтіп, шарықтаған шабыттың екпіні сезіледі. Осы «жарықшақ үні тозған қаңсыған», «еңкейіп екіндідей күні кеткен» шалыңыз кім десеңіз:
Қобызшы ол «Ақ көбікті» аңыратқан
Боздатып «бозінгенді» күңіренткен.
Малқыбай қобызшыдан ақынның бала кезде тыңдаған «Бозінген» күйінің әсері шер-күйік боп жүрегіне байланып қалғанын сол күй жайындағы поэмада суреттелген аңыздан анық байқаймыз.
Міне, осылайша Ілияс асудан-асу бел асып келіп, 1934 жылы өзінің әйгілі «Күйші» поэмасын жазды. Поэма оқырманды салған жерден тау өзенінің арынды ағысындай үйіріп әкетеді: оқиға Арқадан ауып Жетісуға келген хан Кененің ордасынан басталады. Абылайдың арыстан жүректі немересін ардақ тұтып, сыйлаған халық, Жетісудың ығайы мен сығайы оның құрметіне ту бие сойып, той жасап, ерулік беріп, тарту-таралғы ұсынып, жік-жапар болуда. Поэманың қаһарманы Сарыүйсін руынан шыкқан салт атты, сабау қамшылы бір жігіт сондай той-думанның біріне тап болады. Бар жақыны — жар дегенде жалғыз шешесі ғана. Ел оны күйші деп қана атайды. Ешкім есімін ауызға алмайды, сірә білмейтін болса керек. Бірақ сол аты жоқ Сарыүйсініңіз осында жиналған хан мен қараны тамсандыруда:
Аңқытып ақ орданың бір жағында
Күйші отыр домбыраны дүрілдетіп,
Құмар қып тартқан күйдің ырғағына.
Оның күйін тыңдаған жұрт:
Жып-жым-жырт тыңдағандар тіл кескендей,
Құрыштап құлақтарын үн кескендей.
Сылдырап кейде қамыс, кейде бұлақ,
Қырдағы қоңыр түнде жыр көшкендей.
Оның тартқан алуан түрлі: зарлы, ащы, тәтті күйлері тас бұлақтың суындай лақылдатып, біресе жүректі шымырлатып, біресе көңіл шымшиды.» Асан Қайғы», «Теріс қақпай», «Сарыөзен», «Бозінген», «Қаражорға», «Қорамсақ» күйлері Алатау, Алтай, Арқа, Қыр, Сырды шарлатып, Ұлы Дала аумағында өткен ел тарихын елестетеді. Осыларды автор:
Анқылдап алтын күрек домбырадан
Құйып тұр жазғы жылы жаңбырдай боп, -деп суретті сөзге көшіреді.
Табиғат тып-тыныш бола қалды.
Қырдағы қоян, құлан құлақ тігіп,
Қамыстан жолбарыс та ыңыранды.
Күн тыңдап кірмей тұрды ұясына,
Бұлт тыңдап, мінбей тұрды тау басына.
Мақұлық жерде, көкте маужырады.
Қараған бір жан болмай шаруасына.
Су ақпай, жатты толқып арнасында,
Қарғалар қалқып қалды жар басында.
Сүйсініп домбыраны тыңдады жұрт,
Тырп етпей тілеулес боп зарласынға.
Осылайша, адам түгіл, жан-жануар, өлі, тірі табиғатты манауратқан Күйшіні ханның қарындасы — » Ақылы дария, алтын басты, әйелдің ақ сұңқары, ханзадасы» Қарашаш — ағасынан басы бүтін сұрап алады. Бишара күйші не күйге ұшырағанын аңғара алмай, ханшаның соңынан сүмірейіп кете барады. Құлағында хан Кененің:
Үйсіннің ерулігі болар бізге,
Бергенім басы бүтін байлап басын, — деген мұздай сөзі.
Поэмаға өзек болған негізгі идея — қазақ халқының тоқсан тарау, яғни мың сан күйінің терең өмірлік сырын, көп қырлы эстетикалық қасиетін ашып көрсету. Бұл Қарашаш пен Күйші арасындағы терең психологиялық тартыс, адам сезімдерінің алапат шарпысуы арқылы беріледі.
Ә дегенде Қарашашқа тұтқын, құл болдым деп есеңгіреп қалған Күйші біртіндеп есін жиып, үй ішінің көріністеріне көзін салады. Небір асыл дүние-жиһазбен сәндеген ханша отауының гүл-гүл жайнаған ішкі жасауы Күйші сезімін арбап, көңілін сергітеді. Алғашында айдаһардай әсер еткен ханша енді:
Қара қас, қылан қабақ, кер кұба қыз
Қарашаш, алмас сағақ, құралай көз.
Сырықтай ордадағы сымдай бойы,
Талшыбық қыпша белдің өзі нағыз.
Түлкі қыз қызыл алтай, кер марал қыз
Достарыңызбен бөлісу: |