Инновациялық технологияларды пайдаланудың тиімділігі.
Алматы теміржол көлігі колледжі
Тусипбаева А.С.
Тарпанова М.К.
“Инновация” ұғымын қарастырсақ, ғалымдардың көбі оған әртүрлі анықтамалар берген. Мысалы, Э.Роджерс инновацияны былайша түсіндіреді: “Инновация- нақтылы бір адамға жаңа болып табылатын идея”. Майлс: “Инновация – арнайы жаңа өзгеріс. Біз одан жүйелі міндеттеріміздің жүзеге асуын, шешімдерін күтеміз” дейді.
Ендеше инновация ұғымы – педагогикалық сөздік қорына ежелден енген термин. Ол кейбір ғалымдардың еңбектерінде “жаңа”, “жаңалық енгізу”, деп көрсетілсе, кейбіреулер оны “өзгеріс” деген терминмен анықтайды.
Инновациялық технологияны пайдалану жөніндегі қызметтің мақсаты:
• үйренушінің шығармашылық әлеуметін дамыту; коммуникативтік әрекеттерге қабілетті болуды қамту; сараптамалық – зерттеу қызметі дағдыларын қалыптастыру; оқу қызметі мәдениетін дамыту;
• оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерін жеделдету, оның тиімділігі мен сапасын арттыру;
Оқу үрдісінде инновациялық технологияларды пайдаланудың студенттердің білімін көтерумен қатар оның тәрбиелік те маңызы зор. Дәстүрлі оқыту әдісіне қарағанда электрондық оқулық немесе жаңа инновациялық оқыту технологиясы студенттердің жалпы қызығушылығын туғызады, ол өз кезегінде олардың сапалы және тұрақты білім алуына жағдай жасайды.
Білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер түрлі ынталы бастамалар мен түрлендірулерге кеңінен жол ашуда. Осы тұрғыдан алғанда, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын әлеуметтік-педагогикалық қызметтің тиімділігін арттыру, оны жаңа сапада ұйымдастыру қажеттігі туындайды. Бұл үшін оқытушылардың инновациялық іс-әрекеттің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі мақсат етіледі. Ал жаңа технологияны пайдалану міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып мүмкіндік деңгейге жеткізеді. Сондықтан оқытушының біліктілігін көтеру мен шығармашылық педагогикалық әрекетін ұйымдастыруда қазіргі педагогикалық технологияларды меңгерудің маңызы зор.
Қазіргі таңда оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерін сабақ барысында пайдалана отырып сабақтың сапалы, әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде.
Алматы теміржол көлігі колледжінің оқытушылары жаңа инновациялық технологияларды қолданып сабақтарын өткізеді. Мысалға алатын болсақ, интерактивті тақтаны қолданып онлайн сабақтар өткізеді, әр түрлі дидактикалық ойындар, слайд, карточка, тест, электронды оқулықтарды қолданады. Студенттер барлық пәнді қызыға оқиды. Ал мұның өзі оқушының белсенділігін, дербес ойлануын, қызығуын арттырып, сабақты қабылдауға, барынша қолайлы ықпалын тигізеді. Ойынның қандай түрі болса да жалқау, енжар балалардың ынтасын арттырып, білімге қызықтырады.
Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда.
Колледжіміздің оқытушылары: Нурбакова А., Асаубаева Г., Каримов Ж., Нуржанова Г., Жанибеков Е. дуалды оқыту жүйесіндегі өндіріспен колледждің арасын байланыстыруда өз біліктіліктерін көтерді. Колледжде дуалдық оқыту жүйесін және сырттай оқытуда қашықтан оқыту технологияларын батыл қолданады. Осыған орай оқытушылар, студенттер қалалық, аудандық, Республикалық деңгейдегі түрлі курстарға, семинарларға, конференцияларға, конкурстарға қатысып өз білімдерін де, біліктіліктерінде жетілдіруде.
Мысалы Тусипбаева А. В-1 тобымен информатика пәнінен онлайн режиминде «MS Excel - электрондық кесте туралы жалпы түсінік» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Осы ашық сабақта деңгейлік сұрақтарды, электрондық оқулықтағы тесттарды, сергіту сәтін, «Адасқан объектілер» ойындарын тиімді пайдаландым. Тойбаев Ж. мен Муханбетов А. А-3 тобымен «Теміржол көлігіндегі бұрмалы жетектер» тақырыбында кіріктірілген дуалды оқыту жүйесімен онлайн сабақ өткізе отырып, заманауи электр бұрмаларының түрлерін өндіріспен байланыстыра білді. Тарпанова М.К. мен Танирбергенова Г.Б. экономика пәні бойынша сабақтан тыс «Экономикалық ойын» сабағында ойынның түрлерін ғана көрсетіп қоймай, инновациялық технологияларды да ұтымды пайдалана білді. Сонымен қатар бізде тәрбие жұмыстарына да көп көңіл бөлінген. Оқытушылар жаңа инновациялық технологияларды пайдалана отырып тәрбие сағаттарын өткізеді.
Жаңа технологияны оқыту-тәрбие үрдісінде қолдана отырып, біз неге үйрете аламыз?
1.Өз бетімен ойлауға.
2.Жаңа шешімдер табуға.
3.Ұжымдық өмір сүруге.
4.Шыдамды болуға.
5.Өзгелердің көзқарас пікірлерін тыңдай білуге.
6.Өзінің жеке болашағын жасақтауға.
7.Өз бетімен білім алуға.
«Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» деген сөздерді ескере отырып, сабақ үрдісінде мүмкіндігінше үнемі инновациялық технологияны пайдаланып отырса оқытушының ұтары мол екендігі белгілі. Тек оларды тиімді, жүйелі түрде қолдану оқытушының шеберлігіне байланысты, әр қилы жүзеге асырылуы мүмкін. Білім негізінен пән арқылы берілгендіктен, әр пәнді заман талабына сай өз деңгейінде игерту қай кезде болмасын ең маңызды мәселе болып келгені даусыз. Технология мен әдістеменің мақсаты бір – қалай оқыту мәселелерін қарастырады. «Сабақ беру жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер», - деп Ж. Аймауытов айтқандай бүгінгі оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, нәтижелер беруде. Бұлар оқушының жеке қасиетін аша отырып, тұлға етіп тәрбиелеумен қатар оқушының танымдық күшін қалыптастыру және білімін кеңейтуге, тереңдетуге жағдай жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |