Ынтымақов С. А. заң ғылымдарының кандидаты, доцент



Дата08.06.2018
өлшемі375,59 Kb.
© Ынтымақов С.А.- заң ғылымдарының кандидаты, доцент

Құқықтық құрылым ретінде қоғамдық қордың құқықтық табиғаты

Қор заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысаны ретінде азаматтық айналымға алғаш рет ресми түрде 1991 жылы, яғни КСР Одағы мен одақтас республикалардың Азаматтық заңдар Негіздеріне [1, 733 б.] сәйкес ендірілген болатын (11-б. 2 т.,18-б. 3 т.). Алайда, Азаматтық заңдар Негіздерінде аталған ұйымдық - құқықтық нысанға нақты анықтама берілмей, тек қорға тән екі белгінің болатындығы ғана көрсетілгенді. Бірінші белгі - ол қордың коммерциялық емес ұйым екендігін нұсқаса, ал екінші белгі - қордың мүлкіне қор құрылтайшыларының мүліктік құқықтары жоқ екендігін баяндайды [2, 157 б.].

Қазір, әрине Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында “қор” деген ұғымды емес “қоғамдық қор” деген ұғымды ұстанып оған мынандай ресми анықтама береді: Азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерікті мүліктік жарналар негізінде құрған, әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтін мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым қоғамдық қор деп танылады (ҚР АК 107-б.1 т.. мен ҚР “Коммерциялық емес ұйымдар туралы” Заңның 12-б. 1. т..).

Бұл анықтамадан қордың басқа заңды тұлғалардан басты ерекшелігін айқын аңғаруға болады, яғни “қор азаматтар мен (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі емес, азаматтар мен (немесе) заңды тұлғалардың қоғамдық пайдалы мақсаттарға жету жолындағы мүлкінің бірлестігі болып табылады. Әрине, аталған белгі қорды кез-келген өзге коммерциялық емес ұйымдардан ажыратуға мүмкіндік беретін ең елеулі ерекшеліктердің бірі болып табылады”[3, 68 б.].

Демек, қоғамдық қорды ең алдымен құрылтайшылардың мүлік шоғырландыруымен тікелей байланыстыруға болады.

Қор осы жоғарыда аталғандардан басқа сондай-ақ азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, заң көмегін көрсету үшін және азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін немесе материалдық емес өзге де игіліктерін қамтамасыз ету мақсаттарында құрылуы мүмкін [4, 363 б.].

Міне мұның бәрі қоғамдық қордың аса тиімді құқықтық құрылым екендігіне дәлел болып, жалпы кез-келген қоғам үшін аса маңызды әлеуметтік рол атқаратындығын аңғартады. Бірақ осыған қарамастан, өкінішке орай, қазіргі күнге дейін Қазақстанда қоғамдық қорлардың қызметін реттейтін заңнамалар негіздері жеткілікті дамымай, кенже қалып отыр деп айтқан болар едік. Оған дәлелді алыстан іздеудің ешбір қажеті жоқ, мәселен, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде қоғамдық қорлардың құқықтық жағдайын айқындап, қызметін реттеуге арналған тек бір ғана норма бар–ол 107-бап, дәл сол сияқты “Коммерциялық емес ұйымдар туралы” Заңда да (бұдан әрі қарай Заң) жалғыз ғана норма қарастырылған, яғни ол аталған Заңның 12- бабы, әрине, көріп отырғанымыздай бұл нормалар Қазақстанда қоғамдық қорлардың толыққанды қызмет атқаруы үшін жеткілікті құқықтық негіз бола алмайтындығы айтпаса да түсінікті болар. Бірақ соған қарамастан қоғамдық қорлар соңғы жылдары Қазақстанда басқа заңды тұлғалармен салыстырғанда азаматтық айналымға айтарлықтай кең тарап үлгерді.

Алматыдағы Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығы өкілдігінің директоры Р.Ремиастың пікірінше қоғамдық қорлар қызметінің құқықтық тұрғыда жете реттелуі бұл ұйымдардың мәнін түсінуге толық мүмкіндік тудырар еді, әрі қоғамдық қорлар мен қоғамдық бірлестіктердің ара жігін айқын анықтауға мүмкіндік жасап, “шынайы” қорлардың құрылуына негіз қалары сөзсіз [5, 19 б.].

Қоғамдық қордың құқықтық жағдайына қатысты алдымен айта кеткіміз келіп отырған басты проблеманың бірі -ол ҚР АК 107-бабына қатысты. Біздер ҚР АК 107-бабының 1 тармағының қоғамдық қор деп белгіленуін дұрыс емес деп санаймыз, себебі, Заңның 13- бабының 4 тармағына сәйкес, қоғамдық қор болып бір отбасының мүшелері болып табылмайтын жеке адамдардың және (немесе) заңды тұлғалардың –қоғамдық бірлестіктердің құрған қоры табылады. Яғни, бұл анықтамадан біздер қоғамдық қордың қордың дербес бір жеке түрі болып табылатындығын көреміз. Демек, қоғамдық қор ол –түр. Ал тектік ұғым ретінде қор танылуы тиіс, өйткені, тектік ұғым ретінде қор деген ұғым бір топ әр түрлі қорлардың түрлерін біріктіріп тұр. Міне осы себептерге байланысты қоғамдық қор өзі түр бола тұрып ҚР АК 107- бабының 1 тармағында көрсетілгендей тектік ұғымды белгілеуі, әрине қалыптасқан дәстүрлі құқықтық доктрина қағидаларына қайшы келеді. Сондықтанда ҚР АК 107-бабы қоғамдық қор ретінде емес жай ғана қор ретінде белгіленуі керек. Сондай-ақ осы жоғарыда аталып өткен Азаматтық кодекстің 107-бабы жалпы мазмұны тұрғысынан Заңның 12-бабына сай келіп тұрған жоқ, сол себептен де АК 107-бабын Заңның аталған нормасына сәйкестендіру қажет деп білеміз. Алдымен бұл арада құқықтық иерархияда Азаматтық кодекстің аранайы заңдардан биік тұратындығы (әрине, егер арнайы заңдардың нормаларында мұндай басымдылық тікелей қарастырылған реттерді қоспағанда) ескерілмеген, сол себептенде арнайы заң нормаларының Азаматтық кодекстің нормаларына қайшы келуі осы аталған қарама-қайшылықты құқықтық тұрғыдан өрескел қате деп тануға толық негіз берері сөзсіз.

Ю.Г. Басин, шамадан тыс жиі, тіпті кейде жөнсіз Азаматтық кодекстің текстіне өзгертулер ендірудің жағымсыз салдары болуы мүмкін, өйткені бұл құқықтық тұрақсыздыққа әкеліп соғады..[6, 43 б.] деп санайды. Бұл әрине орынды, сондақтанда мұндай көзқарасты біз де ұстанамыз тек заңдарға өзгерістер ендіру шаралары тек жеткілікті негіз, объективті қажеттілік болған ретте ғана жүзеге асырылуы тиіс. Ал біздер ұсынған жоғарыдағы ұсыныс осындай қажеттілікке негізделген деп айтқан болар едік.

Енді қоғамдық қорлардың құрылу мәселесіне тоқталып өтер болсақ қорлар тек қана заңдардың негізінде ғана құрылып қоймай, сондай-ақ арнайы құқықтық актілердің негізінде де құрылуы мүмкін, мәселен ҚР Президентінің Жарлығы бойынша немесе ҚР Үкметінің Қаулысына сәйкес т.с.с., демек, қор құру туралы бастаманы Қазақстанда заң негізіндегі актілер қабылдау арқылы да жүзеге асыруға жол беріледі деп тұжырымдауға болады. Бірақ барлық жағдайда бұл ұйымдардың, яғни қоғамдық қорлардың құрылтай құжаттары заңнамаға қайшы келмеуі тиіс.

Қазақстандағы қорлардың құқықтық жағдайын айқындайтын заңнамалар негіздерін саралай келіп біздер жалпы қор түрлерінің құқықтық жағдайына ықпал ететін басты факторлардың бірі ол-қордың құрылтайшылар құрамы мен қызмет мақсаты деп санаймыз. Алайда, “...өкінішке орай тәжірибе тұрғысында тіркеу органдары қоғамдық қорлардың қызмет мақсатын қадағаламайды” [7, 16 б.]. Мысалы, Заңның 13 бабының 1 тармағына сәйкес, қор құрылтайшыларының құрамына қарай қорлардың төмендегідей түрлері қарастырылған, яғни жеке қорлар, корпоративтік қорлар, қоғамдық қорлар және мемлекеттік қорлар, ал қорлардың қызмет мақсатына қарай: әлеуметтік қорлар, қайырымдылық қорлары, мәдени қорлар, білім қорлары және өзге де қорлардың құрылуы мүмкіндігі қарастырылған.

Мәселен, бір ғана жеке адамның немесе жеке адамдардың – бір отбасы мүшелерінің өзінің (өздерінің) жеке қаражаттары есебінен құрған қоры жеке қор деп танылады. Жеке қор сондай-ақ жеке адамның нотариалды куәләндірілген өсиеті бойынша да құрылуы мүмкін. Жеке қордың мүлкі жеке тұлғадан (құрылтайшыдан) немесе жеке тұлғалардан – бір отбасы мүшелерінен (құрылтайшылардан) бір жолғы және (немесе) тұрақты түсетін түсімдер есебінен, өсиет бойынша түскен мүліктен, және жеке қор қызметінің мақсаттарына сай келетін басқа да көздерден құралады (Заңның 13 б. 2 т.).

Бір заңды тұлғаның немесе бірнеше заңды тұлғалардың-коммерциялық және (немесе) коммерциялық емес ұйымдардың осы ұйымдардың қаражаты есебінен құрған қоры корпоративтік қор деп танылады. Корпоративтік қордың мүлкі бір немесе бірнеше заңды тұлғалардың коммерциялық және (немесе) коммерциялық емес ұйымдардан (құрылтайшылардан) бір жолғы және (немесе) тұрақты түсетін түсімдер есебінен және корпоративтік қор қызметінің мақсаттарына сай келетін басқа да көздерден құралады (Заңның 13 б. 3 т.). Бір отбасының мүшелері болып табылмайтын жеке адамдардың және (немесе) заңды тұлғалардың –қоғамдық бірлестіктердің құрған қоры қоғамдық қор деп табылады. Қоғамдық қордың мүлкі заңды тұлғалардан –қоғамдық бірлестіктер мен жеке тұлғалардан бір жолғы және (немесе) тұрақты түсетін түсімдер есебінен және қоғамдық қор қызметінің мақсаттарына сай келетін басқа да көздерден құралады (Заңның 13 б. 4 т.). Мемлекеттік органдардың шешімімен құрылған, белгіленген тәртіппен мемлекеттік меншікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы берілген, қордың мақсаттары мен міндеттерін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын қор мемлекеттік қор деп аталады. Мемлекеттік қордың мүлкі заңдарда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетінің қаражаты есебінен және мемлекеттік қор қызметінің мақсаттарына сай келетін басқа да көздерден құралады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан Республикасының заңамаларына сәйкес қорды бір ғана тұлға, яғни жеке немесе заңды, коммерциялық болмаса коммерциялық емес ұйым, сондай-ақ осы аталған тұлғалар бірлесе отырып құра алады. Ал Заңның 13 бабының 1 тармағы, сонымен бірге, қызмет мақсаттарына қарай өзге де қорлардың құрылуына мүмкіндік береді. Әрине, бұл өз кезегінде Қазақстанда қорлардың түрлері жабық тізбе түрінде берілмегендігін көрсетеді. Демек, біздіңше, болашақта қоғамдық бірлестіктердің мүлкі мен мемлекеттік меншіктің негізінде, “қоғамдық-мемлекеттік” қор деп танылатын жаңа қор түрін құруға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында ешбір құқықтық кедергі жоқ деп батыл болжам айтуға болады.

Құқықтық тәжірибеде мұндай қор конструкциясының болғаны да рас, мәселен, Ресей Федерециясында 1992 жылы 15 желтоқсанында Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен “Российские немцы”[8] деп аталатын қоғамдық-мемлекеттік қордың құрылғаны мәлім.

Кейде құқықтық қолданыста “қор” деп белгілі бір мақсаттар үшін ақша ресурстарын шоғырландыруды атайды, мысалы, “жол қоры”, “әлеуметтік қорғау қоры” т.б., алайда мұндай қорларды коммерциялық емес ұйымдардың дербес ұйымдық-құқықтық нысаны болып табылатын қорлардан ажырата білудің тәжірибелік маңызы зор, яғни жоғарыда аталып өткен қорларды заңды тұлға ретінде қарастыруға болмайды.

Мысалы, бюджеттен тыс мемлекеттік қорлар қоғамдық қорлар бола алмайды. Сондықтан АК-тің 107-бабының ережелері оларға қолданылмайды. Бюдежттен тыс мемлекеттік қор мемлекеттік коммерциялық емес ұйымдардың дербес түрі болып табылады, оның құқықтық жағдайы өзінің қызметін реттейтін нормативтік актілермен айқындалған [9, 239 б.].

Ал Коммерциялық емес ұйымдар туралы және де өзге де заңдарда қарастырылған қорлар заңды тұлға, яғни коммерциялық емес заңды ұйым болып табылады. Шет елдерде қорлардың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының заңды тұлғалар жүйесіндегідей емес өзгешелеу болып келеді. Мәселен, “көптеген еуропа мемлекеттерінің заңнамалары бойынша қайырымдылық, мәдени және өзге де қызметтермен айналысатын заңды тұлғалар мекемелер деп аталады, ал кейбір ТМД елдерінің азаматтық заңнамалары бойынша, мәселен Ресей Федерациясының “Қоғамдық бірлестіктер туралы” [10, 193 б.] Заңының 10-бабына сәйкес, қоғамдық қор - ол қоғамдық бірлестіктердің бір түрі, яғни мүшелігі жоқ коммерциялық емес заңды тұлға болып танылады”.

Алғаш рет Қазақстан заңнамасында “мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым” деген ұғым АК 107-бабының 1 тармағында, яғни қоғамдық қорға берілген анықтамада қарастырылған болатын, алайда, өкінішке орай, бұл ұғымға заңда ресми анықтама берілмеген.

Енді кейбір құқықтық нормаларға салыстырмалы талдау жасай келіп, “мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым” деген ұғымның нені білдіретіндігі мен оның заңды тұлғаның құқықтық жағдайына қандай ықпалы мен тәжірибелік маңызы болатындығына қысқаша да болса тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз.

Кейбір авторлардың [11, 163 б.] көзқарасы бойынша “мүшелігі жоқ ұйым” ол мұндай заңды тұлғаны басқа заңды тұлғалардан ажыратуға мүмкіндік беретін, әрі ұйымның құқықтық жағдайының ерекшелігін айқындайтын басты белгісі болып табылады.

Яғни, “қордың құқықтық құрылым ретінде басқа заңды тұлғалардан тағы бір ерекшілігі – ол қорда мүшеліктің болмауы” [11, 161 б.] деп айтуға болады. Қазақстанда мүшелігі жоқ мұндай коммерциялық емес ұйымдар саны екеу, яғни ол мекеме мен қоғамдық қор (Заңның 8,12 баптары).

Негізінен құқықтық теорияда “мүшелікке” қатысты басты белгілер болып мыналар қарастырлған:

Біріншіден-ұйымға мүше болушы тұлғаның ерік білдіруі қажет болады;

Екіншіден- осы тұлғаны мүшелікке қабылдауға ұйымның келісімі болуы тиіс;

Үшіншіден- ұйым мен мүшенің арасындағы қатынастар тиісті тәсіл арқылы (әдетте ол жарғыда қарастырылады) рәсімделіп, қажет жағдайда ұйым мүшелерінің санын анықтауға мүмкіндік беретіндей болуы керек;

Төртіншіден - мүшелік ол - осы ұйым мен оның мүшелері арасында өзара құқықтар мен міндеттер тудыруы қажет, мысалы, мүшелердің ұйымның басқару органын сайлауға немесе оған сайлану құқығына ие болуы;

Бұл арада аса мән беріп айта кетерлік мәселе -ол ұйым мен мүшенің арасынада тек қана жеке мүліктік емес қатынастар ғана орнап қоймайды, сондай-ақ мүліктік, соның ішінде міндеттемелек қатынастар да орнайды, мәселен ұйым мүшесінде мүшелік жарна төлеу міндеті, ал ұйымда аталған жарналарды тиісінше төлеуді талап ету құқығы пайда болады.

Бесіншіден- мүшелік қатынастар ұйым мүшесінің бастамасы бойынша да сондай-ақ ұйымның өзінің бастамасы бойынша да тоқтатылуы мүмкін, мысалы, ұйымның мүшесі ұйымға қатысты өзінің міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда [11, 163 б.].

Қазақстанда азаматтық заңнамаларда құрылтайшы, қатысушы немесе ұйым мүшесі деген ұғымдарға ресми құқықтық анықтама берілмеген, сондықтан да аталған ұғымдардың аражігін айқын анықтау біздерге оңайға соқпасы сөзсіз. Оның үстіне бұл жағдайды біраз ушықтырып жіберген (әрине, өзге арнайы заңдарды қарастырмағанның өзінде!) АК 36-бабының 1, 4 тармақтары, 44-бабының 2 тармағы, Коммерциялық емес ұйымдар туралы Заңның 4-бабы, 11-бабының 2 тармағы, 15-бабының 2 тармағы, 22-бабының 1 тармағының 4 тармақшасы т.с.с. деп айтсақ артық болмас еді. Яғни бұл аталған заң нормалары бірде “құрылтайшылар” деген ұғым мен “қатысушылар” деген ұғымның арасына “теңдік” белгісін қойса, (нақтырақ айтқанда бұл екі ұғым көбіне жақшаға алынып көрсетіледі), бірде “мүшелер” деген ұғым мен “қатысушылар” деген ұғымның арасына “теңдік” белгісін қояды.

Әрине, егер осы аталған заң нормаларының талаптарын басшылыққа алар болсақ, онда біздер қарастырып отырған қоғамдық қорға “құрылтайшы” деген ұғым мүлдем қолдануға келмейді, неге, себебі бұл арада құрылтайшы мен қатысушы бірдей құқықтық дәрежеге ие, сол сияқты “мүшелер” деген ұғым мен “қатысушылар” деген ұғым өзара теңдей құқықтық салмаққа ие болып отыр. Демек, бұл арада Заңның 12-бабының 2 тармағы, жалпы қоғамдық қордың құқықтық табиғатына, нақты айтқанда қоғамдық қордың мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым екендігіне қайшы келіп тұрған жоқ па, түсініксіздеу.?! Сол сияқты Заңның 12-бабының 5 тармағындағы қордың құрылтайшыларын осы нормада көзделген негіздер бойынша қордың құрылтайшыларының жалпы жиналысы құрылтайшыны қордан шығарады деп белгілеуі ешбір құқықтық логикаға көнбейтін, аса даулы мәселе деп айтуға болады. Сондықтан да, әрине, “құрылтайшыны қордан шығару” тек құқықтық қана қателік емес жалпы жүзеге аспайтын құқықтық утопия деп айтуға толық негіз бар.

Заңи түсініктер-ғылыми болып табылмайды, - дейді А.Г.Диденко. Олар заң шығарушының жүзеге асырылған еркі ретінде ресми сипатқа ие, ал ғылыми түсініктер болса олар ешкімніңде еркіне тәуелді емес объективті заңды құбылыстың қортындысы болып табылады [12, 61 б.].

Сол себептенде құқықтық ұғымдар мен ғылыми ұғымдардың аражігін айқын ажыратып, олардың мазмұнына қатаң мән берілуі тиіс.

Азаматтық кодекстің 107-бабының 3 тармағында қоғамдық қорға оның құрылтайшылары берген мүлік қордың жеке меншігі болып табылады.Қоғамдық қордың мүлкіне қор құрылтайшыларының мүліктік құқықтары жоқ деп белгіленген.

Жалпы С.И.Климкиннің пікірінше Қазақстанда бүгінгі күнге дейін құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздері құрған заңды тұлғалардың мүлкіне құқықтарының арақатнастарын саралайтын елеуге тұрарлықтай зерттеулер жасалған жоқ [13, 24 б.].

Жоғарыды қарастырып өткен АК 107-бабының 3 тармағы қордың мүлкіне қор құрылтайшыларының мүліктік құқықтарын шектегенмен, алайда біздің көзқарасымыз бойынша, қордың құрылтайшыларының қорға қатысты өздерінің мүліктік емес құқықтарын сақтап қалуына ешбір тиым салып тұрған жоқ. Мәселен, құрылтайшылардың мүліктік емес құқықтарына құрылтайшылардың қорды басқаруға қатысу құқығын жатқызуға болады. Егер осы АК 107-бабының 3 тармағының 2 бөлігіне сүйенер болсақ, онда құрылтайшылар қордың басқару органдары құрамына кіре алды деп айтуға құқықтық негіз пайда болады, яғни басқаша айтқанда қор құрылтайшыларының қорды басқаруға қатысу сияқты мүліктік емес құқықтары сақталады деп айтқан болар едік.

Бірақ, кейбір авторлар [14, 149 б.] қордың құрылтайшылары қорды басқаруға міндетті емес деп санап, тіпті, олардың қорды тікелей басқаруға мүлдем мүмкіндігі жоқ деп пайымдайды. Егер қордың мүшелегі жоқ коммерциялық емес ұйым екендіген ескерер болсақ бұл ретте қордың құрылтайшыларының мүліктік емес құқықтары, яғни қорды басқару құқығы заңмен шектелуі тиіс! Мысалы, қор құрылтайшыларының өз еріктерімен қорды тарату туралы шешім қабылдауларына заңмен тиым салынуы керек деп білеміз. Бұл жағдай, әрине ең алдымен қордың құқықтық табиғатының ерекшеліктеріне байланысты, өйткені “....Қорды құрып және оған мүлік бергеннен кейін құрылтайшылар қордың мүлкіне барлық мүліктік құқықтарын жоғалтады, яғни қор осыдан кейін жарғыда құрылтайшылар белгілеген пайдалы мақсаттарды көздеп өз бетінше “өмір сүреді”...” [15, 148 б.].



Заңның 12-бабынының 5 тармағы қор құрылтайшыларының қордың мүлкіне мүліктік құқығы жоқ және оларды міндеттемелерін орындамағаны үшін жарғыда белгіленген тәртіппен құрылтайшылырдың жалпы жиналысы қордан шығаруы мүмкін деп көрсетеді. Біздіңше бұл нормада қарастырылған құқықтық санкцияны мүлік беруге байланысты өз міндеттемелерін орындамаған (тіпті жарғыда белгілеген күннің өзінде!) қор құрылтайшылары (құрылтайшысы) үшін қолдануға болмайды деп санаймыз. Себебі, қордан шығару (жалпы, “шығару” деген процедураның өзі қандайда бір мүшелікте болуды білдіреді емес пе?!) ол іс жүзінде қордан мүшеліктен шығарумен пара-пар, ал бұл Азаматтық кодекстің 107-бабының 1 тармағының және де Заңның 12-бабынының 1 тармағының талаптарын, нақты айтқанда қордың мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым болатындығы туралы қағидасына қайшы келеді.

Заңның 22-бабының 1 тармағының 6 тармақшасының талаптарына сәйкес, қоғамдық қордың құрылтай құжаттарында, нақты айтқанда ұйымның жарғысында оның мүлкінің құрау көздері көрсетілуі тиіс.

Қоғамдық қордың мүлкінің құрау көздері болып Заңның 13-бабының 4 тармағының 2 бөлігіне сәйкес, мыналар табылады: заңды тұлғалардан-қоғамдық бірлестіктер мен жеке тұлғалардан бір жолғы және (немесе) тұрақты түсетін түсімдер және де осы Заңның 35-бабына сәйкес, ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдылықтар, заңдарда белгіленген жағдайларда тауарлар сатудан, жұмыстардан, қызмет көрсетуден түскен түсімдер (кірістер), акциялардан, облигациялардан, басқа да бағалы қағаздар мен салымдардан (депозиттерден) алынған дивиденттер және заңмен тиым салынбаған басқа да түсімдерден.

Сондай-ақ, бұл тізбе ашық болып табылады, алайда, заңдармен кейде оған шектеулер белгіленуі де мүмкін, мәселен, Заңның 13-бабының 4 тармағының 3 бөлігі қоғамдық қордың мүлкі бір отбасы мүшелерінен - аталған қордың бірден бір қатысушыларынан түсетін түсімдер есебінен құрала алмайды деп белгілейді. Біздер осы нормада берілген қордың бірден бір қатысушыларынан деген сөз тіркесінде құқықтық әрі мағыналық қате бар деп санаймыз, себебі қоғамдық қор ол - мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым болып табылады, ал қатысушы деген ұғым, әрине қоғамдық қорда мүшелік бар дегенге меңзейді. Сондай-ақ Қазақстан заңнамаларында қатысушылар мен мүшелер деген ол тең ұғымдар ретінде қарастырылған сондықтанда аталған нормадағы қатысушыларынан деген сөздің орнын құрылтайшыларынан деген сөзбен алмастырған әлдеқайда дұрысырақ болар еді.

Осыған дейін жоғарыда атап өткен болатынбыз, АК 107-бабының 3 тармағына сәйкес қоғамдық қорға оның құрылтайшылары берген мүлік қордың жеке меншігі болып табылады, сол себептен де, қоғамдық қор АК 44-бабының 1 тармағында қарастырылған жалпы ережелерге сәйкес өз міндеттемелері бойынша өздеріне тиесілі барлық мүлкімен жауап береді.

АК 44-бабының 2 тармағында қарастырылған заңды тұлғаның жауапкершілігіне қатысты жалпы ереже қоғамдық қор үшін де қолдануға жатады, яғни, аталған нормаға сәйкес қордың құрылтайшылары қордың міндеттемелері бойынша, ал қор өзінің құрылтайшыларының міндеттемелері бойынша жауап бермейді, себебі, Қазақстан заңнамасында бұл мәселе өзгеше көзделмеген.

Қазақстан Республикасында қоғамдық қордың мүлкінің ең төменгі мөлшері заңмен белгіленбеген. Ал бұл біздіңше құқықтық реттеуді қажет ететін мәселе деп айтқан болар едік, сондықтан да біздер қордың мүлкінің ең төменгі мөлшерінің заңмен тікелей белгіленуін орынды деп санаймыз. Қоғамдық қордың мүлкінің ең төменгі мөлшерінің заңмен қарастырылуының айтарлықтай тәжірибелік маңызы бар екендігін, әрине мүлдем жоққа шығаруға немесе онымен санаспауға болмайды деп санаймыз. Мәселен, Азаматтық кодекстің 107- бабының 7 тармағының 1 тармақшасы, егер қордың мақсаттарын жүзеге асыру үшін оның мүлкі жеткіліксіз болса және қажетті мүлікті алу ықтималдығы нақты болмаса, қоғамдық қордың сот шешімі бойынша таратылатындығын айтады. Демек, бұл жағдай тәжірибе тұрғысында қоғамдық қордың мүлкінің ең төменгі мөлшерінің заңмен белгіленуінің елеулі дәрежеде тәжірибелік мәні бар екендігін аңғартса керек. Бұлай болмаған ретте, қоғамдық қорды таратуға негіз болып отырған мүліктің жеткіліксіз болуы мен қажетті мүлікті алу ықтималдығын анықтауға, сондай-ақ қорды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткізу мәселесін объективті құқықтық ұстанымдар, яғни белгілер бойынша жүзеге асыру қиындап кетері сөзсіз. Әрине, бұл арада қоғамдық қордың мүлкінің көлемін анықтау осы қордың көздейтін пайдалы мақсаттарын жүзеге асыруға қажетті шығандарын нақты ескере отырып жүргізілгені дұрыс.

Сондай-ақ, кейде күнделікті қолданыста осы қарастырып отырған қоғамдық қордың мүлкін “жарғылық қор” немесе “жарғылық капитал” деп те жатады, әрине, бұл тек қана терминологиялық қате емес, сондай-ақ елеулі құқықтық қате деп айтқан болар едік, себебі, мұндай ұғымдар көбіне коммерциялық ұйымдарға қатысты, мысалы шаруашылық серіктестіктерінде, акционерлік қоғамдар мен мемлекеттік кәсіпорындар үшін, т.б. қолданылады, сондай-ақ, аталған ұғымдар осы ұйымдардың құқықтық табиғатына анағұрлым тән деп айтқан болар едік.

Қорлардың заңмен және құрылтай құжаттары бойынша белгіленген арнайы құқық қабілеттігі бұл ұйымдардың көздейтін мақсаттарының сипатына байланысты деп айтуға болады. Бұл ұйымдар көздейтін жалпыға бірдей пайдалы мақсаттар, кейбір жағдайларда мемлекет пен мемлекеттік мекемелер көздейтін мақсаттармен тұспа-тұс келіп жатады, осы мәселе тұрғысында кезінде орыс цивилистикасында “жалпыға пайдалы” қоғамдар деп аталып келген қорлардың құқықтық табиғатының жария-құқықтық сипатта болатындығы жайлы айтарлықтай үлкен дискуссия туындаған да болатын [16, 101 б.].

Әдетте, қорлар көздейтін мақсаттардың әлеуметтік маңызын ескере отырып мұндай ұйымдардың құрылуы мен қызметін мемлекет әркез өзінің бақылауында ұстап отырады. Мәселен, қордың қаражаттарын қалыптастыру мен оған билік жасау барысында теріс пайдаланушылықты болдырмау үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық Заңнамаларында арнайы нормалар қарастырылған. Мысалы, қордың жарғысында көрсетілуі тиіс міндетті мәліметтер тізбесіне ҚР АК 107-бабының 5 тармағы қордың лауазымды адамдарын тағайындау және оларды босату тәртібі, ол таратылған жағдайда қор мүліктерінің тағдырын анықтайтын мәліметтерді қоса енгізілген. Егер мұндай мәліметтер қордың құрылтай құжатында белгіленбесе ол мемлекеттік тіркеуге алынбайды. Сондай-ақ, қоғамдық қорларға өз мүлкін пайдалануы туралы есептерін ресми баспасөз басылымдарында жыл сайын жариялап отыру сияқты міндет жүктелген [16, 102 б.]. Мұндай міндетті қордың мүлкін теріс пайдалануды болдырмауға бағытталған мемлекет тарапынан белгіленген құқықтық шара деп бағалауға болады. Қордың өз мүлкін пайдалануы туралы жария түрде берген есебі іс жүзінде ұйымның қаржы-шаруашылық қызметі жайлы есебі болып табылады. Алайда, Қазақстанда, бұл мәселе өкінішке орай заң жүзінде толық та, тыянақты шешілмеген, яғни, қорлардың өз мүлкін пайдалануы туралы есептерін нақты қандай ресми баспасөз басылымдарында жыл сайын жариялап отыру керек екендігі айтылмаған. Біздің пікірімізше қордың жыл сайынғы есептері осы қордың тіркелген жеріндегі ресми баспасөз басылымдарында жариялануы керек. Себебі бұл мемлекеттік тіркеуші органдарға қордың жария еткен есептерінің дұрыс екендігін тексеруге мүмкіндік жасар еді. Әрине, егер бұл мәселеге қазіргі қалыптасқан тәжірибе тұрғысынан баға берер болсақ, іс жүзінде мемлекеттік тіркеу органдары, яғни жергілікті әділет органдары, қорлардың қызметін қадалағауға толық мүмкіндігі жоқ, яғни, қорлардың өз мүлкін пайдалануы туралы есептерін тексеру және тағы да басқа қандай да болмасын бақылау, қадағалау, қызметін жүзеге асырмайтындығы рас. Тіпті әділет органдарының құқықтық жағдайын анықтайтын актілерде оларға мұндай құзырет жүктелмеген деп айтуға болады. Сол себептенде, қорлардың атқаратын қызметінің әлеуметтік маңызын ескере отырып, осы ұйымдардың қызметін қадағалайтын Қазақстанда арнайы органның болғаны да артық болмас еді. Енді, жоғарыда қарастырылып өткен қорлардың жыл сайын беруге тиіс есептерін жариялауға байланысты мәселеге қайтып оралар болсақ, бұл мәселені шешудің тағы бір жолы ретінде біздер мынаны ұсынған болар едік, яғни әуелбастан қордың құрылтай құжаттарының өзінде қордың өз мүлкін пайдалануы туралы есептерін жариялауы тиіс нақты баспасөз басылымдарының аты көрсетілгені дұрыс деп санаймыз. Мәселен, егер қордың қызметі Қазақстанның белгілі бір аумағы көлемімен ғана шектеліп жатса, (мысалы аудан немесе обылыс көлемінде) біздіңше, мұндай жағдайда қорларға өз мүлкін пайдалануы туралы есептерін Республикалық басылымдар арқылы жариялауды міндеттеудің ешбір қажеті жоқ деп білеміз.

Қазақстанда қоғамдық қорлардың жарғысына өзгерістер енгізу өзге коммерциялық емес ұйымдармен салыстырғанда, біршама басқашалау болып келеді, атап айтқанда қордың органы егер мұндай мүмкіндік жарғыда тікелей көзделмесе, өздері шешім қабылдап, қордың жарғысын өзгерте алмайды.

“Бұл құрылтайшылардың қорға берген мүлкінің, тіпті оны олар қадағаламаған күннің өзінде тиісінше пайдаланылуына тұрақты кепілдік береді”[17, 207 б.]. ”Егер жарғыға өзгерістер енгізу мүмкіндігі қордың құрылтай құжаттарында оның органына жүктелген болса бұл жағдайда “..мұндай органның ең жоғарғы орган болуы міндетті емес”[2, 170 б.]. Қарастырып отырған осы мәселеден тағы бір проблеманың туындауын мүлдем жоққа шығаруға болмайды, мысалы, қордың жарғысына сәйкес жарғыға өзгерістер енгізуге құқылы тұлғалар қордың жарғысына өзгеріс енгізуден бас тартса немесе одан жалтарса, бұл қалай шешілмек?

Біздің көзқарасымыз, бойынша мұндай жағдайда қордың жарғысына өзгерістер ендіру сот арқылы жүзеге асырылуы тиіс, яғни, қордың қызметін қадағалаушы орган сотқа арыз беруі керек. Жарғыны өзгертуге байланысты мұндай ерекшеліктерді, негізінен, қорлардың өз мүліктерін мақсатты пайдалануын қадағалаумен байланысты деп болжауға болады, себебі жарғыға өзгеріс ендірудің нәтижесінде қор құрылтайшыларының еркінен тыс қордың бастапқы құқықтық жағдайы, дәлірек айтқанда қоғамдық қорлардың жарғылық мақсаты өзгеріп кетуі мүмкін еді.

Қордың құрылтайшылары үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде құрылтай шартын жасау міндеті тікелей қарастырылмаған. Алайда, Заңның 21-бабының 1 тармағының 2 тармақшасы қорлар үшін оның құрылтай құжаттары болып құрылтайшылар бекіткен жарғы және құрылтай шарты танылады деп тікелей қарастырып кеткен. Мысалы, кейбір елдердің заңнамаларында қорлар үшін құрылтай шарты міндетті болып табыламайды, мәселен, РФ “Қоғамдық бірлестіктер туралы” заңының 14-бабының 1 тармағы қордың тек бір ғана құрылтай құжаты болатындығын айтады, ол -жарғы. Біздердің көзқарасымыз бойынша, қордың құрылтайшылар үшін құрылтай шартын жасау міндетті болғаны дұрыс, себебі мұндай қажеттілік ең алдымен мына жағдайлардан туындауы мүмкін: біріншіден –қордың мүлкін қалыптастыру және оны ұйымға өткізіп беруді рәсімдеу үшін; екіншіден-құрылтайшылар арасында қорды құру мен тіркетуге байланысты міндеттерді өзара бөлісіп, жүзеге асыру үшін қажет деп білеміз; үшіншіден – қоғамдық қордың құқықтық табиғатының ерекшеліктерін ескеруіміз қажет, яғни қор азаматтар мен (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі емес, азаматтар мен (немесе) заңды тұлғалардың қоғамдық пайдалы мақсаттарға жету жолындағы мүлкінің бірлестігі болып табылады. Яғни, қордың құрылтай шартының негізгі мақсаты ол - құрылтайшылардың қорды құру жөніндегі, оның мүлкін қалыптастыру мен қорды тіркеу жөнінде міндеттерін айқындап оны тиісінше рәсімдеумен ғана шектеледі деп айтуға болады, яғни, құрылтай шартында қор құрылтайшыларының бұдан басқа мүддесі қарастырылмауы тиіс, олай болудың басты себебі, қор құрылтайшыларының қордың мүлкіне ешбір мүліктік құқығын сақтамайтындығымен байланысты. Демек, құрылтай шартында құрылтайшылардың қорға берген мүлікке қандай да болмасын мүліктік құқықтарын сақтап қалатындығы және қордың тапқан табыстарын бөлу жайлы ережелер қарастырылмауы тиіс.

Ю.Г. Басин құрылтай шартының маңызына тоқтала келіп төмендегідей қортындыға келеді, яғни автордың пікірінше, құрылтай шарты жеке заңи акт болып табылады [18, 109 б.]. Жоғарыда айтып кеткеніміздей Қазақстанда құрылтайшылардың қорға салатын салымдарының ең төменгі мөлшері заңмен белгіленбеген және де құрылтайшылар қордың қызметіне қатысуға міндетті болып табылмайды. Бірақ, қор Қазақстандық автор У.М. Стамқұловтың [16, 102 б.] пікірінше, Ресей Федерациясының Азаматтық кодексінде көзделгендей Қазақстан Республикасында да қордың құрылтайшыларына қордың өз мүліктерін мақсатты пайдалануына бақылау жасау міндетін жүктеген орынды деп санайды. Әрине, бұл пікірді біздер қолдамаймыз, себебі егер қордың құрылтайшылары оған өздері ерікті негізде тікелей мүдделілік танытпаса оларға мұны міндет етіп жүктеуді орынсыз деп санаймыз.

Енді қоғамдық қорды басқару мәселесіне тоқталар болсақ, бұл тұрғыда Азаматтық кодекстің 107-бабының 5 тармағы қоғамдық қорды басқару тәртібі мен оның органдарын құру тәртібі оның құрылтайшылары бекіткен жарғысында көрсетілуі тиіс деп белгілейді. Сондай-ақ Заңның 12-бабының 2 тармағы қорды құрған кезде құрылтайшылардың (құрылтайшының) шешімімен тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органы - қордың атқарушы органын тағайындайтын қамқоршылық кеңесі құрылады, ол қор қызметінің оның жарғылық мақсаттарына сай келуіне бақылау жасайды, сондай-ақ қордың жарғысында бекітілген өзгеде өкілеттіктерді жүзеге асырады деп көрсетілген. Сонымен бірге аталған норма туыстық байланыстары бар адамдардың қордың қамқоршылық кеңесінің көпшілік мүшесі және осы қордың штатты қызметкерлері болуына шектеу қояды.

Заңның 12-бабының 3 тармағына сәйкес, қордың атқарушы органы қордың жоғарғы басқару органының және тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органның (қамқоршылық кеңестің ) шешімдері негізінде және оларды орындау мақсатында жұмыс істейді және соларға есеп беруге тиіс. Сондай-ақ, аталған норманың 4-тармағы қордың некеде тұрумен, жақын туыстықпен немесе жекжаттықпен байланыспаған басшысы мен бухгалтері болуы тиіс екендігін белгілейді.

Осы жоғарыда қарастырып өткен заң нормаларын саралай келіп, біздер қоғамдық қорлар үшін Қазақстан заңнамаларында ең жоғарғы басқару органы арнайы қарастырылмағанын және оның құрылу тәртібі мен құзырет шегі, мерзімі т.с.с. нақты көзделмегендігіне көз жеткізуімізге болады. Бірақ, егер Заңның 39-бабының 1 тармағында белгіленген, барлық коммерциялық емес ұйымдар үшін ортақ болып табылатын ережені ұстанар болсақ, бұл ретте, мемлекеттік мекемелерден басқалары үшін, яғни кез-келген коммерциялық емес ұйымның жоғарғы басқару органы болып жалпы жиналыс, съезд, конференция, ал біздің жағдайда, яғни, қоғамдық қор үшін оның құрылтайшылары (құрылтайшысы) табылуы тиіс болады. Демек, қордың ең жоғарғы органын қордың құрылтайшылары (құрылтайшысы) құрады деп айтқан болар едік және де бұл органның жеке дара сипатта да болуы мүмкін, мәселен, қордың бір ғана құрылтайшысы болған ретте.

Енді, жоғарыда аталып кеткен қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесі жайлы толығырақ тоқталып өтелік. Жалпы “қамқоршылық кеңес” деген ұғым қазақстандық заңнама үшін жаңа, әрі құқықтық табиғаты әлі де болса жұмбақ орган деп айтқан болар едік. Мәселен, қамқоршылық кеңес туралы Азаматтық кодексте мүлдем ештеңе айтылмаған, ал керісінше, қамқоршылық кеңес императивті түрде Заңның 12-бабының 2 тармағында тікелей қарастырылған қордың бірден бір басқару органы деп айтуға болады.

Жалпы заңды тұлғаның органына заңмен немесе құрылтай құжаты бойынша өкілеттік берілген заңды тұлғаның құқықтық жағдайын айқындауға байланысты мәселелерді шешуге құқылы лауазымды тұлғалармен бірге, - Ю.Г. Басиннің пікірінше, - заңды тұлғаның ұжымдық құрылымдарын (звеноларын) да жатқызуға болады [18, 99 б.]. Демек, қоғамдық қордың “қамқоршылық кеңесін” заңды тұлғаның осындай ұжымдық құрылым (звенолары) сипатындағы органы ретінде қарастыруға болады.

“Қамқоршылық кеңес” деген термин оның алқалы орган болып табылатындығын көрсетеді. Бұл жағдай, өз кезегінде, қордың жарғысында осы қамқоршылық кеңестің шешім қабылдау тәртібі мен кворум мәселесін қарастырып кетуді қажет етеді [2, 174 б.].

Ал шетелдік заңнамаларда “қамқоршылық кеңес” деген ұғым көбіне қайырымдылық қорларына байланысты ғана қолданылады [19, 39 б.].

Қамқоршылық кеңес қордың тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органы болып табылатындығы туралы және де оның өкілеттігі жайында жоғарыда атап кеткен болатынбыз және де қоғамдық қорлар үшін қамқоршылық кеңес құру Заңның 12 бабының 2,3 тармақтарының талаптарынан сәйкес міндетті болып табылады. Соған қарамастан, заңда қамқоршылық кеңестің мүшелері өзіне жүктелген міндеттерді ақысыз, яғни, қоғамдық бастама негізінде жүзеге асыруы тиіс деп белгілеген. Демек, қоғамдық қордың қорғаншылық кеңес мүшелері атқаратын қызметі олар үшін жай ғана “қоғамдық ауыртпашылық” болып табылатындықтан, аталған тұлғалардың өздеріне жүктелген тұрақты міндеттерін ынталы орындауға қандай да бір болмасын мүдде қалмайтындығын ескере отырып, қоғамдық қордың қорғаншылық кеңес мүшелерінің өз міндеттерін дұрыс әрі ынталы орындайтындығына біз көп күдікпен қараймыз.

Сондықтан да, біздер қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесі атқаратын қызметінің аса маңыздылығын ескере келіп, бұл мәселені құқықтық тұрғыдан ұтымды шешкен жөн деп білеміз, яғни, басқаша айтқанда, қамқоршылық кеңес мүшелерінің қызметі үшін ақы төленгені орынды болады деп санаймыз.

Қазақстан заңнамасында, сонымен қатар, осы қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесінің өкілеттік мәселесі өзінің шешімін толық таппаған деп айтқан болар едік. Мәселен, бұл орган, яғни, қамқоршылық кеңес қабылдаған шешім қордың атқару органдары үшін міндетті болып табылғанмен, ал қордың басқа органдары үшін ол міндетті ме? Бұл мәселелерді, әрине, тек қордың жарғысымен ғана реттеп қоймай, алдымен осы мәселелердің заң деңгейінде де қажетті шешімін тапқаны дұрыс.

Енді, қоғамдық қордың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына қатысты проблемаларға тоқталып өтелік. Әрине, қазіргі нарықтық экономика жағдайында қоғамдық қор ғана емес, кез-келген коммерциялық емес ұйым, өзінің жарғылық мақсаттарын тек құрылтайшыларының немесе мүшелерінің есебінен ғана жүзеге асыруы мүмкін емес. Сондықтан да, қоғамдық қорға Азаматтық кодекстің 34-бабының 3 тармағы мен Заңның 33-бабы, кез-келген коммерциялық емес ұйымдарға сияқты қоғамдық қорларға да кәсіпкерлік қызметпен өзінің жарғылық мақсаттарына сай келуіне қарай айналысуына мүмкіндік берген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Ресей заңнамаларындағыдай, қорлардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру және шаруашылық серіктестіктерін құру немесе оған қатысушы болу құқығы арнайы норма ретінде заңмен қарастырылмаған [16, 103 б.]. Алайда, коммерциялық емес ұйымдардың кәсіпкерлік қызметін реттейтін Азаматтық кодекстегі нормаларды басшылыққа ала отырып, қорлардың шаруашылық серіктестігі мен акционерлік қоғам құруға құқықтары бар деп айтуға болады (әрине, тек толық және сенім серіктестіктерінен басқаларын). Бірақ, осының нәтижесінде тапқан таза табысты қор тұтастай өзінің жарғылық мақсаттарын жүзеге асыру үшін жұмсауға міндетті болады. Әрине, тәжірибе жүзінде қордың жарғылық мақсаттарына сай келетін коммерциялық қызметін оның жарғылық мақсаттарына сай келмейтін коммерциялық қызметінен ажырату аса оңайға соқпайды. Бұл тұрғыда, біздіңше, басты ұстаным ол – қордың өзінің барлық тапқан таза табыстарын жарғылық мақсаттарын жүзеге асыруға жұмсауы танылуы тиіс, тек сонда ғана қор жүзеге асырған коммерциялық қызметті жарғылық мақсаттарына сай деп бағалауға болады деп санаймыз.

Аталған мәселе төңірегінде, кезінде ресейлік автор С.В. Соловьева былай деген болатын-ды: “Егер коммерциялық емес ұйымға коммерциялық қызметтерді жүзеге асыруға рұқсат берілген болса, бұл жағдайда осы коммерциялық емес ұйымдардың нақты қандай қызмет түрлерін жүзеге асыруына тиым салынатындығы анық көрсетілгені дұрыс”[3, 74 б.]. Әрине, бұл пікірмен, біздер келісе алмаймыз, себебі әр түрлі коммерциялық емес ұйымдар үшін жүзеге асыруға тиым салынған қызмет түрлерінің бәрін заңда арнайы тізіп көрсету мүмкін емес, сол себептен де, автор ұсынған жолменен бұл мәселені шешуге болмайды.

Мәселен, Р. Подопригора [20, 13 б.], қайырымдылық қорлардың азық түлік немесе киім кешек дүкендерін ашыу арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы барысында тапқан таза табыстарының қандай көлемде қайырымдылық мақсаттарға жұмсалатындығы нақты анықталып мұндай кәсіпкерлік осы қордың қызметінің негізгі мақсаты болып табылмайтындығы саралануы қажет деп санайды.

Енді қоғамдық қорды қайта құру мәселесіне тоқталып өтелік, айта кету керек бұл мәселе бойынша да Қазақстан заңнамасында кемшіліктер мен өз шешімін таппаған проблемалар аз емес.

Мәселен, ҚР АК 107-бабына және Заңның 25-бабының мазмұнына мән беріп көрелік, яғни, аталған заң нормаларында қоғамдық қорларды қайта ұйымдастыру мәселесінің тікелей қарастырылмағандығын көреміз. Бірақ, қоғамдық қорды қайта ұйымдастыруға бұл нормалар тиым салып тұр деуге тағы болмайды. Демек, Заңның 25-бабының 2 тармағына сәйкес, қоғамдық қор да кез келген коммерциялық емес ұйымдар сияқты қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, өзгерту нысандарында қайта ұйымдастырыла алады деп болжауға болады. Бұл арада, яғни Заңның 25-бабының 2 тармағында (нақты айтқанда оның қазақша нұсқасында!) заңды тұлғаны қайта құрудыңөзгерту”, нысаны “қайта құру” деп қате берілген, бұл әрине, АК 45-бабының 1 тармағына қайшы келеді, өйткені заңнамада заңды тұлғаны қайта құрудың мұндай тәсілі қарастырылмаған, сонымен бірге “қайта құрудың” өзі заңды тұлғаны қайта құрудың тәсілі бола алмайтындығы айтпаса да түсінікті болар. Әрине, өкінішке орай, әсіресе қазақша нұсқадағы заңдарда мұндай қателіктер өте жиі кездеседі, бұл қателіктерді “ұсақ-түйек” деп тауып оларға мүлдем мән бермей, бейжайлық танытуға тағы болмайды.

Кезінде Ю.Г. Басин, мезгіл –мезгіл болса да Азаматтық кодекске өзгерістер енгізіп тұрған жөн (мүмкін болса ұсақ түйек емес) деп айтқан-ды. Мұндай қажеттілік автордың пікірінше ең алдымен Азаматтық кодексті ұзақ пайдалану барысында өзін-өзі ақтамаған өрескел тиімсіз заңи-техникалық қателіктерді түзету үшін керек [6, 43 б.].

Мәселен, осы қарастырып отырған құқық шығармашылық мәселесіне қатысты О.С. Иоффенің былай дегені бар, нормативтік актіде қолданылатын барлық сөздер осы актінің тілінде қандай маңызға ие болса сондай маңызға ие болуы тиіс. Ал егер оларға өзгеше мағына берілген болса, оған осы заңшығарушының өзі түсініктеме беруі тиіс не болмаса оның қатысуынсыз оңай түсіндіруге болатындай сипатта болуы керек [21, 36 б.].

Сондықтан да, болашақта қазақстандық заң шығарушылар аталған мәселеге баса назар аударулары қажет. Бұл арада тақырыптан сәл аутқып кеткеніміз рас, сондықтанда қоғамдық қорды қайта құруға байланысты жоғарыда қарастырып өткен мәселеге қайта оралайық. Егер қоғамдық қорды ҚР АК 107-бабы мен Заңның 25-бабында көзделген кез келген тәсіл бойынша қайта құруға болады деп санаған болсақ, бұл арада төмендегідей проблема туындайды, мысалы, қор – ол мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым, сондай-ақ, қоғамдық қордың мүлкіне құрылтайшылардың мүліктік құқықтары жоқ екенін ескерер болсақ, қайта құрылған қоғамдық қордың құрылтайшысы, (қатысушысы, мүшесі) кімдер болмақ? Қоғамдық қордың мүлкінің құқықтық режимі қандай болады? Көріп отырғанымыздай, Қазақстанда бұл мәселелер заңнама тұрғысынан толық қамтылмаған деуге болады. Сондықтан да, біздер қоғамдық қорларды қайта құрған кезде, осы қордың құқықтық табиғатына жақын ұйымдық-құқықтық нысанда ғана қайта құруға болады деп білеміз. Мысалы қоғамдық қорлар тек қоғамдық бірлестік болып қана қайта құрыла алады деп АК пен Коммерциялық емес ұйымдар туралы Заңның тиісті нормаларына толықтырулар мен өзгертулер ендірілуі тиіс.

Сондай-ақ, қордың құқықтық жағдайының ерекшеліктерін оның таратылу тәртібінен де аңғаруға болады. Мәселен, заңды тұлғаны таратудың АК 49-бабында көрсетілген негіздерінен басқаша, АК 107-бабының 7 тармағында қоғамдық қор сот шешімі бойынша мына жағдайларда таратылады:

1) егер қордың мақсаттарын жүзеге асыру үшін оның мүлкі жеткіліксіз болғанда. Осы орайда айта кеткен жөн, бұл аталған негіз тек осы қорларға ғана тән болып табылады. 2) егер қордың мақсаттарына жету мүмкін болмаса, ал қор мақсаттарына қажетті өзгерістер жасау мүмкін болмаса; 3)қор өз қызметінде жарғымен көзделген мақсаттардан бас тартқан жағдайда; 4) заң құжаттарында көзделген басқа жағдайларда таратылады (ҚР АК 107 б. 7 т. ). Мысалы, қор банкрот деп танылғанда, қорды құру барысында жіберілген өрескел қателіктердің салдарынан қорды мемлекеттік тіркеу сот арқылы жарамсыз деп танылғанда және т.б. Жалпы қоғамдық қорлардың қызметін реттейтін заңнамалар мазмұнын саралай келіп, төмендегідей тұжырым жасауға болар еді, яғни, Қазақстанда қоғамдық қорлар таратылу негіздеріне қарамастан, барлық жағдайда да тек сот шешімінің негізінде ғана таратылу режимі белгіленген деп айтуға болады. Ал қоғамдық қор таратылғаннан кейін қалған мүлік ҚР АК 107-бабының 8 тармағына, Заңның 8-бабына сәйкес, ұйымның жарғысында көзделген мақсаттарға жұмсалуы тиіс.

Алайда, бұл мәселге қатысты Ө.С. Қыстаубайдың пікірі өзгешелеу, мәселен автор білім беру мақсатында құрылған қор таратылатын болса және несие берушілер, бюджет және басқа да төлемдер алдында ешқандай борышы немесе басқадай міндеттемесі болмаса, қордың таратылудан кейін қалған мүлкі осы қорды құрған құрылтайшылардың арасында бөлінуі қажет деп санайды [22, 51 б.].

Біздер мына себептерге байланысты автордың бұл ұсынысымен келісе алмаймыз яғни, біріншіден- мұндай ұсыныс АК 107-бабының 3 тармағы мен Заңның 12-бабының 5 тармағының талаптарын бұзары сөзсіз, яғни аталған нормаларға сәйкес, қор құрылтайшыларының қордың мүлкіне мүліктік құқықтары сақталмауы тиіс сондықтан да қорға оның құрылтайшылары берген мүлік осы қордың меншігі болып табылады;



екіншіден- бұл сондай-ақ тек АК 34-бабының 1 тармағының және де Заңның 2-бабының талаптарын ғана бұзып қоймай, жалпы Қазақстанда қалыптасқан қазіргі кездегі құқықтық доктрина қағидаларына қиянат келтірер еді, басқаша айтқанда коммерциялық емес ұйымдардың алынған таза кірісті қатысушылары арасында бөлмеу қағидасын бұзар еді;

үшіншіден - автор болжағандай қоғамдық қор нысанында білім беру мақсатында заңды тұлға құру құқықтық тұрғыдан алғанда аса қолайсыздау яғни, қоғамдық қор бұл салаға өзінің құрылым ерекшеліктеріне байланысты жеткілікті бейімделмеген деп айтқан болар едік.

Бірақ, Ө.С. Қыстаубайдың білім беру ұйымын қоғамдық қор нысанында құруға болады деп болжауын негізсіз деп қарастыруға болмайды, себебі Қазақстанның азаматтық заңнамасында оған тікелей тиым салынбаған.

Алайда, біздің көзқарасымыз бойынша ең тиімдісі - ол қоғамдық қордың білім беру мекемесін құру арқылы білім беру саласында заңды тұлға құрғаны орынды. Кез-келген коммерциялық емес ұйымдар сияқты АК 110-бабының 2 тармағына және Заңның 18-бабының 2-тармағына сәйкес, қоғамдық қорлар да қауымдастықтар (одақтар) нысанында бірлестіктерге өз еркімен біріге алады.

С.И. Климкин, осы заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестігінің құрылтайшыларының өздері құрған заңды тұлғаның мүлкіне қатысушылардың мүліктік құқықтарын сақтап қалу мәселесін саралай келіп мынандай тұжырымға келеді, яғни егер қауымдастықты жария мүдделерді көздейтін ұйымдар (қоғамдық бірлестіктер, дінни бірлестіктер, қоғамдық қорлар) құрса мұндай қауымдастықтың қызметінің мақсаты да жария болуы тиіс. Бұл жағдайда оның қатысушылары қауымдастықтың мүлкіне мүліктік құқықтарын сақтамауы керек деп санайды [13, 29 – 30 бб.]. Бұл пікірді әрине Қазақстан цивилистикасындағы тың көзқарастардың бірі деп бағалауға болады сол себептен де біздер автордың бұл көзқарасына ортақтастық білдіреміз.

Енді, қайырымдылық қорлары туралы айтар болсақ, жалпы аталған сала бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты әлі де болса айқын емес, осының нәтижесінде, елімізде әлі күнге дейін қоғамдық қайырымдылық дәстүр жақсы дамымай, кенже қалып келеді. Мәселен, Қазақстанда осы күнге дейін қайырымдылық қорларының қызметін реттейтін арнайы заң қабылданбай отыр. Егер елімізде қоғамдық қайырымдылық қорларының құқықтық жағдайын реттейтін арнайы заң қабылданған болса, бұл ретте Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде қарастырылған қоғамдық қорларды құрудың жалпы мүмкіндіктерін іс жүзінде жүзеге асыруға тағы бір жеткілікті құқықтық механизм пайда болар еді. Біздер жоғарыда айтып өткен қайырымдылық ұйымдарына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар, негізінен, осы ұйымдарға әртүрлі салықтық жеңілдіктерін белгілеу арқылы жүзеге асырылуы тиіс деп түсінеміз. Сондықтан да, мемлекет тарапынан қоғамдық қайырымдылық қорларына коммерциялық емес ұйымдардың өзге нысандарымен салыстырғанда, әлдеқайда көбірек жеңілдіктер берілуі керек деп санаймыз. Бұл ретте, қоғамымызда қайырымдылық шараларының саны да күрт арта түсетініне біз сенімдіміз. Мәселен, бұл күнде барлық әлемге танымал көптеген ірі халықаралық қорлар, мысалы айтқанда Сорос қоры мен Конрад Аденауэр атындағы қайырымдылық қорлар кезінде мемлекет тарапынан қолдау көрмеген жағдайда, бүгінгідей осындай әлемге әйгілі дәрежеге көтерілмесі сөзсіз еді.

Ал Қазақстанда тұңғыш рет жеке бастамаға негізделген ең алғашқы қайырымдылық ұйымдары тек 80-ші жылдардың екінші жартысынан ғана бастап пайда бола бастады [23, 20 б.]. Бұл ұйымдардың арасынан бүгінгі күні елге танымал болып отырғандардың қатарынан “ Бөбек”қайырымдылық қорын, “Спейшл Олимпикс”, тағы басқаларды көруге болады. Оның үстіне, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қайырымдылық ұйымдардың көп болуына ең алдымен мемлекеттің өзі мүдделі болуы тиіс, өйткені мемлекет аталған ұйымдардың көмегімен өзіне жүктелген көптеген әлеуметтік функцияларды жүзеге асыру барысында елеулі жеңілдіктерге ие болады.

Қазіргі уақытта қорлар туралы жақсы заңдар, мысалы Эстония мен Польшада қабылданып, күшіне енгізілді [23, 20 б.] және де “Қайырымдылық қызмет туралы [24, 34 б.]” заң, мәселен, Рессей Федерациясында, Молдовада және Литва мемлекеттерінде қабылданып үлгерілгендігін айта кету керек.

Қорлар, әсіресе, Орталық Еуропа мемлекеттерінде өте кең тараған. Мәселен, тек бір ғана адамның немесе жанұяның мүддесін қанағаттандыру үшін құрылған жеке (отбасылық) қорлармен бірге, бұл елдерде қоғамдық пайдалы (қайырымдылық) қорлары көптеп кездеседі. Мысалы, Эстонияда, Польшада өсиет бойынша жеке тұлғалар құрған қорлар өте кең тараған. Мұнда қорлардың құрылтайшыларының еркі заңмен және ұйымның құрылтай құжаттары арқылы қамтамасыз етілген. Ал Қазақстан азаматтары үшін, әрине, өсиет бойынша қор құру проблемасы, қазіргі кезеңде аса өзекті мәселе болып отырған жоқ [25, 17 б.].

Сонымен бірге, Қазақстан заңнамаларында “қайырымдылық қызмет” пен “қайырымдылық ұйымдар” деген ұғымдарға нақты ресми анықтама берілмеген. Аталған мәселеге қатысы басты проблема ол -Қазақстан заңнамаларында қайырымдылық ұйымдарын коммерциялық емес ұйымдардың өзге нысандарынан ажыратуға мүмкіндік беретіндей тұрақты құқықтық ұстаным-белгілердің әлі қалыптаспауы. Ал бұл проблема болашақта қазақстан цивилистерінен дербес құқықтық-теориялық талдауларды талап етері сөзсіз.



Пайдаланылған әдебиеттер тізбесі:

1.Ведъомости Съезда народных депутатов СССР и Верхвного Совета СССР. 1991. №26.

2.Коллектив авторов:Доркин О.Г. и др. Некоммерческие фонды и организации. Правовые аспекты- М.:Изд. дом “Филинъ”, 1997.

3.Комментарии к Федеральному Закону “О некоммерческих организациях” Второе издание, дополненное и переработанное/ Под ред. М.Ю. Тихомирова.-М.: 2000.

4.Субъекты гражданского права. гл.5 §3 Общественный фонд. Жанайдаров И.У. /Жауап. ред. М.К. Сулейменов.-Алматы: НИИ частного права КазГЮУ.2004.

5.Фоменко О. Право-орудие социальных перемен. Фемида. №10. 1998.

6.Басин Ю.Г. О необходимости концептуальных изменений в ГК РК. Избранные труды по гражданскому праву. Предисловие Сулейменов М.К., Ихсанов Е.У. Сост. Сулейменов М.К. – Алматы: АЮ – ВШП «Әділет», НИИ частногоправа КазГЮУ. 2003.

7.Татимова Ж. Общественный фонд “Казахстанский фонд содействия предпринимателям” сообщает.//Предприниматель и право. 2003.№4.

8.Ведомости РФ, 1992, № 51.

9.Азаматтық құқық.1 том. Жоғарғы оқу орындарына арналған оқулық (академиялық курс). Жауапты ред.: Сүлейменов М.К, Басин Ю.Г.-Алматы, 2003.

10.Сборник законодательства Российской Федерации. 1995.№ 21.

11.Доркин О.Г. и др. Некоммерческие фонды и организации. Правовые аспекты. Коллектив авторов:. -М.:Изд. дом “Филинъ”, 1997.

12.Диденко А.Г. Оценочные понятия в гражданском законодательстве.Гражданское законодательство Республики Казахстан. Выпуск 14. –Астана: ЗАО Институт законодательства Республики Казахстан. 2002.

13.Климкин. С.И. О делении юридических лиц в зависимости от прав учредителей (участников) на их имущество. Гражданское законодательство Республики Казахстан.Статьи.Комментарии. Практика.Выпуск-9.- Алматы:ТОО Баспа, 2000.

14Комментарий части первой Гражданского кодекса Российсокй Федераций для предпринимателей / Под. Ред. М.И.Брагинского и В.Д. Карповича.М.1995.

15.Гражданское право.Часть 1/Под. Ред. Ю.К. Толстого и А.П. Сергеева.СПб.1996.

16.Стамкулов У.М. Юридические лица: теория и современная концепция. Монография. Караганда. 1999.

17.Елисееев И.В. Общественные объединнеия //Гражданское право. Учебник. Т. 1. 6-е изд. Перераб. и доп. / Под ред. Сергееева; Ю.К. Толстого.1997.

18.Басин Ю.Г. Юридические лица по гражданскому праву. Понятие и общая характеристика.Понятие юридического лица. Избранные труды по гражданскому праву. Предисловие Сулейменов М.К., Ихсанов Е.У. Сост. Сулейменов М.К. – Алматы: АЮ – ВШП «Әділет», НИИ частногоправа КазГЮУ. 2003.

19.Комментарии к Федеральному Закону “О некоммерческих организациях” 3-е издание, исправленное, дополненное и переработанное/Авт. Залесский В.В. , Калистратова Р.Ф. М.: 2001.

20.Подопригора Р. Предпринимательская деятельность некоммерческих организаций. Предприниматель и право. 2004. №3.

21.Иоффе О.С. Гражданское законодательство Республики Казахстан. Размышления о праве. Научное издание. –Астана:ЗАО Институт законодательства Республики Казахстан, 2002.

22.Қыстаубай Ө.С. Коммерциялық емес заңды тұлғалардың құқықтық жағдайы. ҚазМУ хабаршысы. Заң сериясы,.1999. № 3 (12).

23.Фоменко О. Право-орудие социальных перемен. Фемида. 1998. №10.

24.Собрание законодательства Российской Федерации 1995.№ 33.

25.Право-орудие социальных перемен. Фемида. 2007.№10.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада коммерциялық емес ұйым ретінде қоғамдық қордың құқықтық жағдайының кейбір өзекті мәселелері қарастырылған. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі мен «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР Заңының жекелеген ережелері сараланып, автор осы мәселелерді шешудің және заңнамада орын алған жетіспеушіліктерді жоюдың жолдарын ұсынады.



АННОТАЦИЯ

В статье рассматриваются проблемные вопросы правового положения общественного фонда, как некоммерческого юридического лица. Анализируются отдельные положения Гражданского кодекса Республики Казахстан и Закона РК “О некоммерческих организациях”, авторм предлагаются пути решения проблем и устранеия проблелов, допущенных в законодательстве и др.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу