Зерттеушілік әңгімеде қиын жағдаят мәселені шешуге керекті білімдерді, ақыл-ой жұмысына қабілетті, үлкен белсенділікті талап етеді. Оны оқушылар өз беттерімен немесе мұғалім көмегімен шешеді. Мәселелік жағдаятты тудырудағы мақсат - оқуды қиындату арқылы оқу материалдарын меңгерту, баланың ақыл-ойын жұмыс істету.
Мәселелік жағдаят сұрақтар қою, болжам айту, дәлелденбеген пікірлерді талдату арқылы жасалады. Оқылып отырған құбылыстың сызбасы, диаграммасы жасалады. Оқушылар шығармашылықпен жұмыс істеп, білімдерін емін-еркін естеріне түсіреді. Мәселелерді талқылау оқушыларды тапқырлыққа, қарама-қайшылықтарды түсінуге, болжамдар айтуға, дәлелдер келтіруге, шешім табуға үйретеді. Оқушыға мәселені өз бетімен шешуге үйрету үшін, оған шағын зерттеу жұмыстарын беру керек. Мұғалім картиналар, құжаттар көрсетіп, оларға сұрақ қоюды ұсынады, фактілерден қорытынды шығартады, ұсыныстар айтқызады.
Зерттеушілік әңгімеде мұғалім алдын ала мәселені шешуге алып келетін, оқушылардың білімдерін еске түсіртетін сұрақтар әзірлейді. Оқушылар жеке мәселелік сұрақтарды шешсе, онда ішінара – ізденіс әдісінің қолданылғаны. Мұғалім тапсырма әзірлеп, оның қай жерлерін оқушылар зерттеу арқылы орындайтынын белгілейді.
Әңгімелесу әдісінің құндылығы оқушылардың бірлескен әрекетке тартылуымен қатар, жоғары деңгейдегі ойлау қабілеттерінің өрістеуіне, зияткерлік қырларының дамуына ықпал етеді. Оқушылар әңгімелесуге, талқылауға белсенді тартылғанда олардың оқуы тиімдірек болады. Оқушылар әңгімелесуге тартыла отырып басқа құрбыларының көзқарастары арқылы өзінің тұжырымдамалық түсінігін тереңдетіп, дамытуына мүмкіндік алады.
Қазіргі қоғам сұранысына сай білімді, шығармашылықпен жұмыс жасайтын, өзін-өзі дамытып жетілдіре алатын жеке тұлға тәрбиелеуге аса назар аударылуда. А. Байтұрсынов өзінің «Мектеп деректері» еңбегінде былай деп жазды: «.....Мұғалім қандай болса, мектеп, пән сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі-білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім».
Қорытындылай келе, егеменді еліміздің ең басты мақсаты өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ол өркениетке жетуде жан- жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Қазіргі білім берудің басты мақсаты да сол жан- жақты дамыған, рухани бай жеке тұлға қалыптастыру болып отыр. Жеке тұлғаны дамытып қалыптастыру үшін олардың өзгермелі әрекеттерін айналадағы нақты құбылыстар мен таныс объектілерді зерттеумен байланыстырудың маңызы зор.
Баланы ізденушілікке баулу оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту бүгінгі білім беру саласының маңызды міндеті болып саналады. Өзімнің практикам кезінде оқушылардың өзіндік ізденуге, шығармашылықпен, дербестікке ұмтылысына диалогтік окытудың маңызы зор болды деген шешімге келдім.
.
Достарыңызбен бөлісу: |