ИсламдағЫ Ғылымның орны исаева ж. А



Дата15.09.2017
өлшемі72,77 Kb.
#33419
ИСЛАМДАҒЫ ҒЫЛЫМНЫҢ ОРНЫ

ИСАЕВА Ж.А.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Қазіргі уақыттағы өркениеттің қалыптасуы мен дамуында ғылым жетекші орын алады. Қазір де кез келген мемлекеттің технологиялық пәрменділігінің негізін ғылым құрап келеді. Ол барлық қоғамның дамуында ақпарат алу мен таратылуының сенімді құралы екендігі, глобальды проблемалардың, оның ішінде экологиялық апаттардың алдын алу үшін де қажеттілігі айқындалады. Сондықтан да болар өркениеттің кез келген кемшілі мен қателіктері үшін де ғылым жауапты деп саналады.

Орта ғасырларда христиан діні ғылымның дамуына тосқауыл жасағанын тарихтан білеміз. Талай ғажайып ғалымдар, ұлы данышпандар көзқарасынан танбағаны үшін отқа жанып кетті. Ал исламның ғылымға деген қөзқарасы қалай болып келді және оның қазіргі уақытта орны қандай?

Ислам – таным-білім, ой-ұғым, парасат-сана діні болғандықтан мұсылман баласына Аллаһ Тағала тарапынан жүктелген көп міндеттің бірі – ілім іздеу, ғылым қуу, табиғат тылсымына үңіліп әлем сырын ашу болып табылады. Сондықтан да Ислам адамдардың көкірегі ояу, білімді болуын қалайды. Өйткені білімді адам ғана тура жолмен шындықты тауып, өзі Жаратушысын тани алады.

Ислам діні – ең соңғы дін болуына байланысты ең кәміл дін, яғни ол қияметке дейін өмір сүретін адамзаттың рухани, дүнияуи, ғылыми, хұқықи және т.б. қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз ете алатын әрі әр ғасырдың мәселелеріне шешім таба алатын, басқаша айтқанда, барлық замандарды билейтін мазмұнымен және ғылыммен жіберілген. Ол мазмұн мен ғылымды қасиетті Құраннан алуға болады. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсірілген ең тұңғыш аятының «Ей, Мұхаммед! Оқы! Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп оқуды атап бастауының өзі-ақ хақ дін Исламның оқуға, ғылымға ең алғашқы орында мән беріп, ескерткенін көреміз (Ғалақ сүресі, 1аятт) [1, 595 бет]. Осы алғашқы аяттан ақ Ислам діні адамдарды надандыққа емес, ақиқат ілім-білімге, ғылымға шақыратындығы көрінеді.

Қасиетті Құран Кәрімде тікелей ғылым, ақыл, ойлау және ғибрат алу тақырыптарында жүздеген аяттар бар. Мысалы, ой жүгіртуге шақыратын, ақыл иелерінің сипаттары жөнінде, ғылымның шексіздігі, ғылым талап ету, білгенін басқаларға үйрету, ғылымның қымбаттылығы және ғылымға ынталандыру және сол сияқты тақырыптарға 217 аят тікелей мағлұмат береді.

Бұдан басқа мазмұн жағынан осы күнгі ғылымдардың көпшілігіне меңзейтін, атап айтқанда: рухани ғылымдар, адам құқықтары, мұрагерлік құқықтары, үй-ішіндегі тәртіп, шаруашылық жүйенін негіздері, жеке-меншік құқықтары, сауданың заңдары және т.б. мыңдаған аяттар бар.

Сол сияқты хадистерде де ғылымға қаншалықты мән бергендігі байқалады. «Ғылымды талап ету, ғылымды үйрену еркек және әйел күллі мұсылмандарға фарыз» деген. Тағы бір хадисте: «Ғалымның өлгені, ғаламның өлгені», «Ғылым сонау Қытайда да болса, барып алыңыздар» деген[2].

Ислам ғылымдары тек шариғат үкімдері туралы мәселелерімен шектелмейді. Тарихта есімдері күллі әлемге танымалы, талай ғылымдардың іргетасын қалаған көптеген данышпандар болған. Олар Еуропаның қазіргідей даму денгейіне көтерілуіне үлкен үлес қосқан, адамзаттың ақыл-ойын арттырып, алға сүйреген, ғылым мен білімнің даму тарихында өзіндік өрнектерін қалдырған. Орта ғасырлардағы мұсылман елдері тарихына, дамуына көз салсақ, ғылым барынша алға басып, өркен жайған. Мәдениет пен өнер дамыды.

Халифалықтың алғашқы жылдарынан бастап\ақ, есімі бүкіл дүние жүзіне белгілі болған мұсылман ғалымдар, зерттеушілер дүниеге келді. Ғылым осы тұста жылдамдықпен дамып, мәдениет өсті. Ғылым бір топтың меншігінен шығып, баршаға ашық кенішке айналды.

Мысалы, алыстан іздемей\ақ, өз елімізде қалалардың гүлденуі исламның келуімен бастау алады. Сол қалалардан қаншама ғалымдарымыз шықты. Әл Фараби, Ибн Сина, Жүсіп Баласағуни, Әл Хорезми сынды бабаларымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесі ұшан\теңіз. Және олардың бәрі мұсылмандық жолды берік ұстанды.

Ислам ғылым мен білімнің дамуына қолдау білдірмесе, оған ешуақытта қарсы болған емес. Қайта мұсылмандарды керек болса басқа елдерден ғылым үйренуге шақырған. Мысалы, қазір қолданыста жүрген сандар үнді сандары. Әлем оны араб сандары деп атаған. Ал, оларды әлемдік қолданысқа енгізген мұсылман ғалымдары. Қараңғылық қақпасындағы, соқыр сенім құрсауындағы Еуропа ғылымға ислам өркениеті арқылы жетті. Еуропада жаратылыс туралы шындықты батыл айтқан Бруно, Коперниктер отқа жанып жатқанда, Орталық Азияда Ұлық Бек (1394-1449) бабамыздың расатханасы (обсерваториясы) жұмыс істеп тұрған.

Бағдатта өмір сүрген Хорезмдік Мұхаммед Мұсаұлы әл-Хорезми (Еуропада Альгоритмус деп танымал болған, 780 -850) алгерба мен математиканың негізін қалады. Оның туындылары ғасырлар бойы батыс елдерінде оқытылады. Логарифм сөзі атақты ғалымымыздың есімімен шыққан. Халифалықтың ең шеткері аймақтарынан Ферғанадан шыққан, алғашқы мұсылман ғарыштанушыларынан Ахмед әл-Ферғани (861 ж.) еңбектерімен батыста Альфрангус деп танымал болып, даңқы шықты. Жерлесіміз, мақтанышымыз Мұхаммед Әбу Насыр әл-Фараби (870 ж.) қыруар тақырыптағы еңбегімен Екінші Ұстаз аталып, батыста Альфарабиус деп танылды[3]. Оның екінші ұстаз аталуын дәреже жағынан екіншілік емес, тарихтағы кезегі жағынан екіншілік деп түсінеміз.

Ефрат өзені жағасындағы Раққа қаласында дүниеге келген белгілі ғалым әл-Баттани батыста Альбатегниус деген атпен танымалы болды. Ол тригонометрияны алғаш зерттеп, ашқан біртуар ғалым бабамыз. Әбу Әли әл Хасан әл-һайсәмұлы (965 – 1039) математика мен физика саласында көп жаңалықтар ашқан ғалым. Ол, оптикалық назарияға айтарлықтай өзгерістер енгізді. Оның оптика туралы еңбегі латыншаға аударылып, Еуропада ол Альхазени деп мәшһүр болды. Ол көздің көру амалиясын (опреациясын) бірінші рет ғылыми түрде түсіндірген адам. Дүниенің атмосферасында жарықтың қалай сынатұғыны, кемпірқосақтағы жарық шағылысуы, дүрбідегі үлкейткіш әйнектердегі жарық шағылысуы, парабольдық және сферикалық айналардың заңдылықтары т.т. туралы көптеген ғылыми қағидаларды ашты.

Әбу Бәкір Мұхаммед әр-Рази (865-932) фәлсәфә, химия және физика фәндерінде баға жетпес мұралар қалдырған ұлы ғалым. Әл Жәбир (721-815) химия ғылымының бабасы деп аталатын данышпан ғалым. Оның ғылыми авторитетінің батыс елдерінде жоғары болғаны соншалық, XIY ғ. өмір сүрген бір испаниялық химияшы кітабының мұқабасына әл\Жәбирдің латынша есімі Геберді жазу арқылы еңбегінің құнын көтермек болған.

Жазу мәдениетінің әжептәуір дәрежеге жетуі мен сауатты қоғамдық өмірдің жайылуының арқасында мұсылман аймақтарының, уилаяттардың арасында тығыз байланыстар орнатылды, жылдам почта жүйесі құрылды. Шығыстағы Үндістан, Түркістанда болған уақиғалар, жаңалықтар батыстағы Әндүлүске (Испания) кешеуілсіз мәлім болып тұрды.

Мұсылмандар ауыл шаруашылығының өсуіне де орасан зор үлес қосты. Әсіресе, Орталық Азияда бұрыннан келе жатқан жібек өндірісі одан ары дамытылды. Мақта өсімдігі мұсылмандар тарапынан бірінші реті Италияға апарылып егілді. Еуропалықтардың мақта сөзін арабша «әл\құтн» (котон, cotton) деп атауы да сондықтан.

Мұсылман әміршілері әрбір мұсылман баласының өз жасына сай білім алуына және оқу орындары мен жалпы білім берудің дамуына өзіндік үлес қосуға айрықша көңіл бөлген. Ерте кезден ислам діні барлық мұсылман баласының бастапқы білім алуына мүмкіндік жасап отырған.

Тарих кітаптары мұсылман патшаларының ғалымдарға ең жоғары көрсететіндері аталған. Орта ғасырда ең беделді ғылым тілі – араб тілі болатын. Еуропаның көптеген университеттерінде арабша сабақтары негізгі пәндердің қатарында болатын. Және де арабшадан аударма жұмыстарымен шұғылданатын топтар әр жерде кездесуші еді, Унивеситет ұстаздары және атақты ғалымдар ғылымдарының жоғары екенін көрсету және көпшілік тарапынан құрметтелу үшін сабаққа мұсылман ғалымдарының киімдерімен кіруші еді. Мысалы, атақты неміс ғалымы Альбертус Магнус ғылыми аброй және кемелдігін көрсету үшін залға мұсылманша киініп кіретін.

Қазақстанда ислам бастапқыдан барлық артта қалушылықтың, бәрінен бұрын, өмір сүру салты мен дәстірлер бойынша кертартпашылдықтың жақтаушысы деген кереғар көзғарастарға тойтарыс берудің жарқын үлгісі бола алады. Оған дәлел исламның біздің еліміздегі бүкіл көпғасырлық тарихы[4]. Оныі үстіне ислам қазақ даласына идеологиясы мен өркениетінің жетістіктерін өзімен бірге ала келді, бірақ дала тұрғындарының көшпелі мәдениетінің де өзіне тән дәстүрлері аз болмағанын есте ұстау аса маңызды.

Мұсылманшылық Қазақстанда бірте-бірте жайылған сайын, жергілікті халықтардың мәдениет дәрежесі көтеріліп, он мыңдаған мешіт, рибат, медресе, кітапхана, шифаханалар салынды. Өйткені ислам тек ғибадат қана емес, үлкен өркениет те. Арғы аталарымыз ислам дініне мойынсұнуымен бірге араб әліпбиін де қабылдады. Түркі халықтарының тілдеріне араб, кейінірек парсы сөздері де көптеп ене бастады.

Медреселер мен онда қызмет еткен ұстаздар, мударристер, әдетте, араб, парсы дүниесі мен ондағы ғылыми-мәдение, діни ошақтармен байланысты болды. Таяу және Орта Шығыс елдерінен мұнда саяхатшы, жиһангерлермен қатар, ғылым, білім өкілдері де келіп\кетіп тұрды. Жерлердегі оқу орындарында олар дәріс берді. Жергілікті халықтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары да Шаш, Бұхара, Самарқанд, Мерв, Термез және т.б. білім ошақтарына тағылым алуға тырысты. Бұл ретте Сырдың оңтүстігіндегі Хорезм елімен де бабаларымыздың мәдени, рухани байланысы әсте де үзілмеген.

Исламда дін мен ғылым, білім егіз ұғым. Исламда өзге діндердегідей діни немесе дүнияуи деген түсінік жоқ. Өз кезінің озық ойлы перзенттері Әбу Наср әл Фараби, Әбу Әли Ибн Сина, Ұлықбектер де діни медресе түлектері еді. Соған қарамай, алғашқысы энциклопедист\ғалым, екіншісі атағы жер жарған дәрігер, үшіншісі мәшһүр астроном болды. Мұхаммед Хайдар Дулаттың (1499-1551) ірі әскери қолбасшы, тарихшы ғалым, ақын болуына ислами білімнің көп көмегі тиді. Сонлардың ішінде ХХ ғаксырдың бірінші жартысында өмір сүрген қызылордалық Алдашбай Ерназарұлы, Ахмет ишан Оразайұлы, Жармұхамет ишан Оразайұлы рухани үлес қосқан[5]. Халықты имандылыққа ұйытып, адамдық қасиетті оятуда Марал ишан бабаның да қызметі мол болған. Ол халық арасында емшілік жүргізумен қатар, ондаған жыл ғазауат шайқасын жүргізген және өмір бойы ислам үшін күресіп, халықтың діни сауатын көтерген кісі. Марал ишан тұқымынан талай ғұлама ишандар шыққан.



Ислам өркениетіндегі ұлы данышпандар мен даналардың, ғұлама-ғалымдар мен ізгі имамдардың арттарына қалдырған ғасырлар өткен сайын көнерудің орнына жарқырап, жаңара беретін өшпес мұралары бүкіл мұсылман халықтарына ортақ қазына, ортақ мақтаныш. Сондықтан сондай баға жетпес мол мирасты, өткеннің аманатын назардан таса қалдырмай, өскелең ұрпақтың құлағына жастайынан сіңіре білу, ұлттың қажетіне пайдаланып, ұқсата білу әрбір мұсылманның азаматтық жауапкершілігі әрі борышы.
Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Құран Кәрим (қазақша мағына және түсінігі). Аударған Халифа Алтай. Екі харамның қызметкері Фаһд патшаның Құран Шәриф басым комбинаты.,595б.

  2. Ф.Гүлен. Иман аясында. Алматы, «Көкжиек» баспасы, 2009 ж.379 б.

  3. Мұртаза Бұлұтай. Ата баба діні. Түркілер неге мұсылман болған. Алматы, «Білім», 285 б.

  4. А.И.Артемьев. Дінтану. Алматы, Бастау баспасы, 499 б.

  5. Әбсаттар қажы Дербісәлі. Қазақстанның мешіттері мен медреселері Аруана баспасы, Алматы 2009 ж. 25-26 б.б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет