Исламның таралу ерекшеліктерін және оның қалыптасуының мәдени бастауларын сыи тұрғыдан бағалай білу
Исламның алғашқы кезеңінде бейбіт жолмен дінге бет бұрмаған елдерге исламды таратудың бір жолы қарулы күрес болды. Дін тарату жолындағы соғыстардың Орта Азия жерінде де көптеп жүргізілгенін біздің тарих тұрмақ, араб-парсы тарихи деректері де жоққа шығармайды. Өзіміз мектеп оқулығынан білетін Мауараннахрда дін жорықтарын жүргізген араб қолбасшысы Қутайба ибн Муслимнің мазары қазіргі Өзбекстан жерінде әлі тұр. Қазақ даласында қаншама араб әскербасыларының қабірі қалды.
Жаңа келген дін қаншалықты озық әрі өркениетті болса да, ешбір халық мың жыл ұстанған ата-баба дінінен айнып, оған бірден бойұсына қоймайтыны белгілі. Исламға дейінгі дәуірде жоғары дәрежеде ұйымдасқан әкімшілік-басқару жүйесі, жауынгерлік өнерді терең меңгерген әскері, тас кітаптарға тарихын таңбалаған жазу мәдениеті болған, адамгершілікті ту еткен мол рухани мұраға, жарты әлемді жаулап, «бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» даңқты тарихқа ие түркі жұрты жаңа дінге қарсылықсыз бас иді деу қисынға келмейді. Бойұсыну болмаған жерде қақтығыс міндетті түрде болады. Қазақ жерінде де, әсіресе қазіргі Өзбекстанмен шектес өңірлерде талай қарулы қақтығыс болды. Қарумен бағындыра алмаған тұста бітімге тоқтап, бейбіт дін тарату келісіміне келген оқиғалар да орын алды. Мұның барлығы рухани шежірелерде де, кешегі кеңестік тарих оқулықтарында да тәптіштеп жазылған болатын. Кеңестік биліктің дінге көзқарасы теріс болғанымен, тарихи фактілердің бұрмалауға көне бермейтіні баршаға белгілі.
Оңтүстік өңірге орныққаннан кейін қазақ даласының қалған өлкелеріне исламның таралуы бейбіт жүзеге асты деуге болады. Байырғы тәңірлік сенім мен жаңа ислам дінін бірқұдайлық қағидалары мен имандылық ұстанымдары біріктірді. Ислам діні мен тәңірлік сенімнің астасуы ғасырлар бойы жүрді. Нәтижесінде дүниенің бір түкпірінен тау асып, тас басып жеткен ислам діні ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен терең үйлесім тауып, бірте-бірте біздің мәдениетімізді құрушы, болмысымызды қалыптастырушы дінге айналды.
Жоғарыда көрсеткендей, Қазақстанға Ислам діні караханидтер (ХІ-ХІІ ғғ.) тұсында да едәуір таралды. Әсересе, В.В.Бартольдтың айтуына қарағанда, моңғолдар жаулап алған жерлердің бәрінде XIV ғасырда Ислам діні үстем дінге айналды. Сондықтан моңғолдар жаулау тұсында да бұл дін қазақ даласында бірте-бірте тамыр жая бастады. Ақсақ Темір тұсында Ислам дінінің маңызы мұнан да жоғары көтерілді. Себебі, Темір заманында ірі қалаларда мешіттер салынды. Темір Ислам дінінен басқа діндерге қарсы болды. Ол Ислам дінінің идеологиясын нығайтты.
Ислам дінінің таралуының тағы бір себептері Орта Азиядағы Ислам дінінің орталықтары Хиуа мен Бұхара үлкен әсерін тигізді. Сонымен қатар көрші елдермен қатынаста (тәжік, татар, азербайжан) олардың исламдық көзқарастары да әсер етті. Ислам діні қазақ даласына енген сайын бұл байланыс діни негізде нығая түсті.
Қазақ халқының тарихында ұлттық-мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілген біртұтас ілімдерді жасаған даңқты тұлғалар болды. Ұлтымыздың болмысын қалыптастырған, құндылықтық бағдарын белгілеген осындай ілімдердің бірегейі – Қожа Ахмет Ясауи ілімі.
Ясауи ілімін бірыңғай діни-мистикалық ілім ретінде бағалау орынды емес. Ясауи ілімі – ең алдымен рухани-моральдық ілім. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл Ясауи жасаған ілім өз бастауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Қожа Ахмет Ясауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Ясауи өз ілімінің барлық қағидаларын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты. Ясауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да ислами дүниетанымына негіз болып қаланды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Ясауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі ролін атқарған Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз.
Сондықтан халқымыздың ұлт болып қалыптасуы мен дамуына, ұлттық ерекшеліктерінің берік сақталуына Ясауи ілімі тікелей әсер етті деп біз сеніммен айта аламыз. Соңғы кездері айтылып жүрген: «Қытай халқы үшін Конфуций ілімінің мәні қандай болса, Қазақстан қоғамы үшін Ясауи ілімінің маңызы да сондай ерекше» деген пікір осындай келелі ойлардан түйінделген тұжырым.
Ясауи ілімі өзге рухани ілімдерден ұлттық ұстанымдарымызбен терең қабысуымен ерекшеленеді.Рухани тазалық пен кемелдікті мақсат еткен Ясауи жан тазалығы, ар тазалығы, жүрек тазалығы қағидаларын бірінші орынға қойды. Ол өз ілімін қоғамды тәрбиелеуші, түзетуші ар ілімі ретінде түсіндірді. «Жаным – арымның садағасы», «Жарлы болсаң да арлы бол» деген қазақ халқы да осы ілімді жан-жүрегімен қабылдаған.
Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдарының бірі – мәмілегерлік, яғни толеранттылық. «Бөгде дін өкіліне де азар бермеу – Пайғамбар сүннеті» («Сүннет ерміш кафир олса берма азар») деп жазған Ясауи кез келген дін өкіліне құрметпен қарауды насихат еткен. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай сөздері де осы ақиқатқа тіреледі. Ясауи іліміндегі «Адам адамға құл емес, Аллаға ғана құл» деген ұстаным да адам баласының бәріне бірдей қарауға, ешкімді кемсітпеуге, өзін де өзгелер алдында төмен санамауға міндеттейді. Бұл қағида бүкіл қоғамдағы рухани тепе-теңдік пен келісімді сақтауға бағытталған. Халқымыз бұл қағиданы: «Еңкейгенге еңкей – атаңнан қалған құл емес, Шалқайғанға шалқай – пайғамбардың ұлы емес» деген мақалмен түйіндеген.
Ясауи ілімі ағартушылыққа, ғылым-білімге шақырады. Ясауи: «Адамды ақиқатқа жеткізетін бірден-бір жол – ғылым жолы» деп жазған. Ясауи еңбектерінде ғылымға ұмтылу, надандықтан қашу мәселелері жиі көтеріледі, шынайы ғалымдар ерекше құрметтеледі. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Ақыл – азбайтын тон, Білім – таусылмайтын кен», «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деп мақалдаған ұлтымыздың ұстанымдары да осы қағидалардан қиыс кетпейді.