Саржансұлтанның көтерілісі (1825 — 36) — Ресей империясының Қазақстанда жүргізген отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Хандық биліктің жойылуына байланысты окр. және шекаралық ресейлік басқару мекемелері ашылып, әскери бекіністер салына бастады. Көтерілістің шығуына Солт. Қазақстандағы суы мен жайылымы мол Есіл өз-нің бойындағы жерлердің орыс-казак шаруаларына берілуі және алым-салықтың өсуі де қатты әсер етті. Саржанның Қытайдағы Цинь үкіметімен қарым-қатынас орнату әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Ол інісі Есенгелдімен бірге қазақ ауылдарында халықты ашық бас көтеруге үгіттеп, 1825 ж. Қарқаралы окр-не қарасты Қарпық болыстығы қазақтарының көтеріліске шығуына ұйытқы болды. Қарулы жасақтар Саржан сұлтанның басшылығымен окр. приказдарға, керуен жолдарына тұтқиылдан шабуыл жасап, жергілікті билік орындарын әбігерге түсірді. Жасақтар қатарында Саржанның інісі Кенесары да болды. 1826 ж. 31 қаңтарда Бат. Сібір ген.-губернаторы П.М. Капцевичтің бұйрығына сәйкес жіберілген 200 казактан жасақталған жазалаушы жасақпен Саржан бастаған көтерілісшілер арасында шайқас болып, көтерілісшілер жеңіліс тапты. Бірқатар көтерілісшілер тұтқынға түсті. Қудалаудан құтылу үшін Саржан өз қол астындағы көптеген ауылдармен Орынбор шебіне қарай көшіп, Кіші жүз қазақтарын өз жағына тарту бағытында жұмыстар жүргізді. Соған орай Орынбор ген.-губернаторы Саржан сұлтанды Кіші жүздегі “барлық мазасыздыққа басты кінәлі” деп бағалап, оның мұндай әрекетіне тосқауыл қоюға әрекеттенді. Бұған қарамастан көтерілісшілер қатарына Кіші жүз қазақтарымен қоса қашқын орыс, татар, башқұрттар да қосылды. Саржан Қоқан, Хиуа хандықтарымен және Бұхар әмірлігімен байланыс орнатты. Саржан жасақтары барған сайын жаңа көтерілісшілермен толығып отырды. Оның жасақтарының бірін басқарған сұлтан Абылай Ғаббасов Қарқаралы окр-не жорықтар ұйымдастырды. Көкшетау окр-нде сұлтан Сартай Шыңғысов Саржанға қолдау білдіретіндігін танытып, ондағы халық көтерілісіне басшылық жасады. Отаршылдық әкімш-ке жағымпаздануымен ерекшеленген Қарқаралы окр-нің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысов Саржан бастаған көтерілісшілердің талқандалуына ынталылық танытып, патша әскеріне көмектесті. Саржан 1832 ж. Қоқан хандығының Ташкент құсбегімен патша өкіметіне қарсы бірлесе күресу жөнінде келісім жасап, Ұлытауға, Сарысу өз. бойына келіп қоныстанды. Қоқандықтардың қолдауымен бірнеше рет Орта жүз жеріне жорық жасады. Ол Ташкент құсбегіне бағынышты Ұлы жүз қазақтарын да өз жағына тартуға тырысты. Бұл өз кезегінде Саржанның қоқандықтармен жанжалына негіз болды. Ташкент құсбегі 1836 ж. жазда Саржанды және оның інілері Ержан мен Есенгелдіні, сондай-ақ оны қолдаған бірқатар белгілі батырларды Ташкентке алдап шақырып зұлымдықпен өлтіртті. Саржанның өлімінен кейін Ресейдің отарлық саясатына қарсы күрес оның інісі Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына ұласты.