Алғашқы адамдар жеуге жарамды шөп тамырларын қазып, құс жұмыртқасын жинап, ағаш, бұта басында өсіп тұрған әр түрлі жеміс-жидектерді теріп жеді. Күн көрістің мұндай түрі – терімшілік деп аталады. Сонымен қатар алғашқы қауымдағы адамдар аң аулаумен де айналысқан. Олар негізінен мамонт, бизон, марал және үңгір аюларын аулады. Аң аулауда шоқпар, найза және үшкір тас құралдар пайдаланылды. Жабайы жылқы, бұғы, aрқарларды толассыз қуалап, болдыртып, жарға, тау шатқалдарына қаумалап ұстаған.
Адамдар тобыры болып аң аулауда отпен үркітіп терең орға түсіру, биік құздан құлату тәсілдерін пайдаланды. Алайда, ежелгі адамдардың тіршілігі өте қиын жағдайда болуға байланысты олар ұзақ жылдар бойы табиғат құбылыстарын мұқият зерттеген. Бұған олар жасаған еңбек құралдары дәлел болады.
Ежелгі адамдар азық табу мен жабайы жануарлардан қорғану үшін – тобыр болып өмір сүрген. Осындай жағдайда адамдар тобыры өздеріне баспана ретінде табиғи үңгірлерді, қуыстарды, биік тау шатқалдарын пайдаланды. Кейде ашық жерлердегі аңдар су ішуге келетін өзен иірімдері мен суат басына қоныс аударып отырды. Тобыр құру аң аулауда, түрлі қиындықтар мен қатал табиғат жағдайында өмір сүруге жеңілдік жасады. Ежелгі адамдар әуелде қолдан баспана жасауды, тамақ пісіруді білмеді. Олардың тұңғыш баспанасы - үңгір болған. Адамдар отпен қорқытып, үңгір аюлары мен арыстандарын қуып шықты. Олар аң терілерін төсеніш етіп, жыртқыш аңдар жоламас үшін үңгір аузына от жағып қойған. Ежелгі адамдар найзағайдың түсуінен жанған ағаштың отын пайдаланып, оны өшірмей, ұзақ сақтауға тырысты. Олар жанған отты жанын сала қорғады, өйткені отты өшіріп алу зор қауіп төндірді, тіпті бүкіл тобырдың қырылып қалуы мүмкін еді. Осындай қиыншылықтарға қарсы күресе жүріп олар даму үстінде болды. Адамдар тастан шыққан ұшқынға, ағашты бір-біріне үйкелеп қыздырған ұсақ жаңқаға жүн немесе өсімдік талшығынан жасалған білтені тұтату арқылы отты өзі жағуды үйренді. От жағуды үйрену адамдарды кездейсоқ табылған отқа тәуелді болудан құтқарды. Отпен адамдар жылынып, жыртқыш аңдардан қорғанды, ас пісіріп жеуге мүмкіндік туды. Археологтар ұзақ уақыт бойы жанып тұрған от орындарын тапқан.