Қызылегіс негізгі мектебі «5,6,7 сыныптарда оқитын жасөспірімдердің ата-аналарына психологиялық көмек»



Дата13.12.2016
өлшемі53,01 Kb.
#3718

Қызылегіс негізгі мектебі «5,6,7 сыныптарда оқитын жасөспірімдердің ата-аналарына психологиялық көмек»

Жасөспірімдік жас (10-11 жастан бастап 13-14 жасқа дейін) бала мен оның ата-анасының өміріндегі ең күрделі де жауапты кезең болып табылады. Бұл жас даму мен өмірдің барлық жақтарын қамтитын сапалық өзгерістер болатындықтан, дағдарысты жас болып есептеледі.

  • Бала ағзасында салмақты физиологиялық өзгерістер болады:
  • Ағзаның жыныстық қызметін реттейтін жаңа гормондар пайда болады; жыныстық жетілу процесі басталады.
  • Жаңа гормондардың әсерімен жасөспірімнің жүрек-қан тамыр жүйесінде үлкен өзгерістер болады: қан қысымы мен күре тамыр қысымының деңгейлері, жүрек соғысының ырғағы өзгереді.
  • Гормондардың әсері иммундық жүйенің әлсіреуіне әкеп соғады, нәтижесінде жасөспірімдер түрлі созылмалы ауруларға шалдыққыш келеді.
  • Сыртқы келбетіне көңіл бөлу күрт өседі. Физикалық «Меннің» жаңа бейнесі қалыптасады.

Ата-аналар бұдан қандай қорытынды шығаруы тиіс? Олардың міндеті – жасөспірімге ағзаның есею процесімен пайда болатын физиологиялық өзгерістерді жеңуге көмектесу.

  • Мына жағдайларды қадағалап отыру қажет:
  • – жасөспірімнің дұрыс тамақтануын
  • – күн тәртібін сақтауын (ұйқы тәулігіне 10 сағаттан кем емес);
  • – таза ауада көбірек болуын;
  • – ұдайы дене жаттығуларын жасауын немесе спортпен шұғылдануды бастауын (егер бұл бұрын болмаса).
  • Есіңізде болсын: жасөспірімнің сыртқы келбетіне байланысты болатын уайымдау жағдайына мән бермеуге мүлде болмайды. Дене сұлулығы, физикалық тартымдылық (немесе керісінше, ұсқынсыздық пен тартымсыздық) туралы әңгіме – есейіп келе жатқан жасөспірімнің жүрегіне жол табудың ең қысқа тәсілі.
  • Оны тыныштандыруға, оптимизм ұялатуға тырысып, көңілге қонымды сөздер таба біліңіздер. Сіздің сөздеріңіз оның өзін-өзі бағалауына (жақсы жаққа да, жаман жаққа да) орасан зор әсер етеді. Кейде ата-ананың ойланбай айта салған сөздері бүкіл өмір бойы ұмытылмайды және есейген адамның өзіне көзқарасын, ер мен әйел қатынасына көзқарасын айқындайды.

Ең күшті өзгерістерге ұшырайтыны жасөспірімнің жүйке жүйесі: Гормоналдық және физиологиялық өзгерістердің әсерімен оның эмоционалдық және мінез-құлық реакциялары өзгереді.

  • * Қызбалық пен ашушаңдық күрт өседі.
  • * Мазасыздық, агрессия туындайды, жұмысқа қабілеттілік төмендейді.
  • * Тілазарлық, дөрекілік, жанжалшылдық, ересектерге себепсіз қарсы шығу байқалады.
  • * Мұғалімдерге қатысты теріс әрекет ету, өзінің тәуелсіздігін даңғойлықпен паш ету көрініс табады.
  • * Жасөспірім өз құқығын қорғай отырып, өмірінің көптеген тұстарын ата-аналардың бақылауынан қорғайды және олармен жиі жанжалдасады.
  • * Эмоционалдық тұрақсыздық көңіл-күйдің күрт ауытқуына әкеледі (экзальтациядан бастап депрессияға дейін).

Жасөспірімнің өзін ұстауы көбінесе күтпеген сипатта болады – қысқа мерзім ішінде ол мүлде кереғар реакциялар көрсетуі мүмкін:

  • * мақсатшылдық пен қайсарлық албырттықпен ұштасады;
  • * әрекет етуге деген арынды құлшыныс селқостыққа, бірдеңе істеуге ұмтылыс пен ықыластың болмауына алмасуы мүмкін;
  • * өзіне деген сенімнің жоғары деңгейі, ой-пікірде өз ойына ғана үзілді-кесілді сенімді болу қамкөңілділік пен өзіне сенімсіздікке жылдам ауысып отырады;
  • * мінез-құлықтағы жүгенсіздік кейде ұяңдыққа ұласады;
  • романтикалық көңіл күй көп жағдайда арсыздық пен есепқорлықпен шектеседі;
  • * нәзіктік, еркелік балаға тән емес қатыгездік тұрғысынан көрініс табады;
  • * қарым-қатынасқа деген қажеттілік оңашалануға ұмтылысқа ауысады.
  • Ең долы эмоционалдық реакциялар айналадағылардың бірінің (бәрінен бұрын ата-аналардың) жасөспірімнің намысына тиюге тырысқанда туындайды.
  • Эмоционалдық тұрақсыздықтың ушығуы ер балаларда 11-13 жаста, қыз балаларда
  • 13-15 жаста болады.

Бұрын сондай сүйкімді тілалғыш бала болған жасөспірім мінез-құлқындағы осы өзгерістерге жауап қайтаруда ата-аналар жіберетін басты қателіктер:

  • 1) Баланы өз билігімен «басып тастауға» ұмтылу және әр түрлі дербестікке тыйым салу (тілазарлық үшін, ата-ананың өтініштері мен ақылдарын орындамағаны үшін жазалау жүйесін күшейту).
  • 2) «Сен маған ештеңе айтпайсың, мен сенімен сөйлеспеймін!» принципі бойынша жасөcпірімнің ата-анасымен сөйлесуге ықыласты болмауына жауап ретінде «үндемес ойыны» тактикасын таңдау.
  • 3) Ата-аналар тәрбие ықпалынан өздігінен алшақтау, және «Ертерек дербес болса, тіпті жақсы!» ұранымен баланың есею процесін «бетімен жіберу» кезінде болатын шамадан тыс жеңіл ойлылық пен «бәрі жақсы боларға» үміттену.

Отбасы, туған үй жасөспірім үшін өзін қауіпсіздікте және қорғанышта, сүйіспеншілікте сезінетін орын болуы тиіс. Ал ата-аналар кез келген сәтсіздікте оны түсінуге және қабылдауға шыдамы мен ақылы жеткілікті адамдар болуы қажет.

  • Баламен жақсы байланыс – кез келген жастағы басты тәрбие құралы.
  • Жасөспіріммен осындай игілікті байланысты қалай орнату керек?  Ата-ана ұстанымында бастысы – дұрыс ниет, жасөспірім кезінде өзінің басынан өткен тәжіриебені пайдалана білу және лайықты қарым-қатынастың басты ережелерін мұқият сақтау.
  • 1-ереже:
  • Дұрыс ұстанымды таңдаңыз.
  • Жасөспірім сіздің кез келген кеңесіңіз бен бұйрығыңызды сөзсіз қабылдайды және оны тез арада тілалғыштықпен орындайды деп күтпеңіз. Алдын ала ол бағынады және тілалғыш болады деп күтсеңіз, және сіз ойлағандай болмай шықса, стреске душар боласыз.
  • Керексіз проблемалар мен жанжалдарды туындатпас үшін, өз үміттеріңізді балаңыздың мүмкіндіктеріне лайықтаңыз.

Өзіңіздің өткен жасөспірімдік шағыңызды еске түсіріңіз – балалық шақты еске түсіру сізге балаңызды, оның мінез-құлқын, күйзелістерін түсінуге жақсы көмектеседі.

  • Жасөспірім баланы жақсы түсіну үшін, ата-аналарға өздерінің жасөспірімдік шақтарын еске алу пайдалы. Сіздер өздеріңіз 11-15 жаста қандай болдыңыздар, еске түсіру үшін, өз ата-аналарыңыздан – балаларыңыздың әжелері мен аталарынан көмек сұраңыздар.
  • Сіздің ұлыңызға немесе қызыңызға ескі фотосуреттерді қарап, талқылау, ол кезде сіз кездескен проблемалар туралы ашық айту, сіздің сол кездегі күйзелістеріңізді түсіну өте пайдалы болады. Бұдан кейін сіз жасөспірім үшін күтпеген өзге қырыңыздан танылуыңыз мүмкін, және онымен қарым-қатынаста сенімге құрылған жаңа деңгейге көтеріле аласыз.
  • 2-ереже:

Балаңызға сеніңіз. Барлық ата-аналарды «Жасөспірімге еркіндікті қандай дәрежеде беруге болады?» деген сұрақ мазалайды. Және оған әрбірі өзінше жауап береді. Бірақ бастысы, ересектерге орта деңгейдегі ережені ұстану – тым қатты кетпей, жасөспірім дербестігінің деңгейі мен ата-ана тарапынан болатын бақылау деңгейі арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұру маңызды деп санайды психологтар.

  • Баланың дербестігін қабылдай отырып, оны жүгенсіздікке жеткізбеңіз:
  • * Дәйекті талаптар мен мінез-құлық ережелерін пайдалану және оларды бұзғаны үшін шара қолдану, сондай-ақ мақтау жүйесін әзірлеңіз. Бала талқылауға қатысуы керек, осы ережелерден хабардар болып, жазалау шараларымен келіскені дұрыс.
  • * Талаптар мен ережелер дәлелді және балаға түсінікті болуы қажет. Жазалау шаралары құр сөзбен қорқыту емес, дәйекті түрде қолданылуы тиіс
  • * Ережелер (шектеулер, талаптар, тыйымдар) тым көп болмауы, және икемді болуы тиіс. 
  • 3-ереже:

Баламен сөйлесуге әрдайым дайын болыңыз. Жасөспіріммен диалог түрінде сөйлесіңіз, диалогта ересек адам мен жасөспірім көзқарасы тең дәрежеде болады.

  • Баланы қыспаққа алмаңыз, оған өз көзқарасыңызды таңбаңыз. Бірақ әрқашан жанында болыңыз және онымен әңгімелескенде әрқашан ашық болыңыз.
  • Бала үндемей ме, ақтарылып сөйлеспей ме? Ренжімеңіз. Бірақ егер жасөспірім бірдеңемен бөліскісі келсе, оны ықыласпен тыңдаңыз, сұрақтар қойыңыз, қолдау білдіріңіз.
  • * Балаға дауыс көтермей байсалды сөйлесіңіз, төзім мен ұстамдылық сақтауға тырысыңыз.
  • * Сыпайы болыңыз, жағымсыз эмоцияларға ерік бермеңіз, баланы балағаттамаңыз, ол мұны ұмытпайды. Үйіп-төгіп ақылды кеңестер беру, ұрысу, қорқыту және т.с.с әрқашан оңай. Бірақ бұл әрекетіңізден бұдан былай балаңыз сізге ешқандай сырын сеніп айтпайтын болады. Сондықтан баланы өзіңіздің ересек досыңызды тыңдағандай тыңдаңыз.
  • * Баламен сөйлесудің мәнісі дәл, нақты мәселені ғана қозғайтындай болуы керек. Бұл жағдайда баланың жеке тұлғасына сын жаудыруға («сен сондайсың, сен ондайсың») болмайды. Сіз «айналма қорғаныс», өз абыройын, өз «Менін» қорғау түріндегі тойтарысқа тап боласыз. Жанжалды жағдайларды шешкен кезде, баланың тек нақты әрекеттеріне ғана баға беріңіз. Ол сізге жеке тұлға ретінде емес, оның мінез-құлқы ғана ұнамайтындығын білуі тиіс.
  • 4-ереже:

Жасөспірімнің жеке еркіндігін сыйлаңыз. Өз қарауы бойынша тәртіп орнату еркіндігіне қол сұқпаңыз.

  • Ержеткен балаңыздың қызығушылықтары мен дәм құмарлықтарын қабылдау – ата-ана үшін жалғыз дұрыс шешім.
  • * Балаңыздың ұнататын нәрселеріне қызығушылық танытыңыз – оның сүйікті компьютер ойындарын, фильмдерін, музыкалық топтарын біліп жүріңіз. Міндетті түрде сізге ұнайтындарын айтып отырыңыз: бұл балаңызға ұнайды, оны таңқалдыратын болады, қуанып қалады.
  • * Баланың белгілі бір еркіндікке деген құқығын аяқасты етпеңіз: есік қақпай бөлмеге кірмеңіз, рұқсатсыз заттарын қозғамаңыз, оның аймағында өз тәртібіңізді орнатпаңыз.
  • * Оның таңдау құқығын, соның ішінде қателіктер жасау құқығын сыйлаңыз. 
  • * Оның бас тартуларын түсіністікпен қабылдаңыз («Бізбен киноға барасың ба? Бармайсың ба? Ендеше, келесі жолы!» «Бізбен кешкі ас ішесің бе? Аш емессің бе? Тамақ ішкің келгенде айт»). Есіңізде болсын: бұл жастағы бала үшін отбасындағы қарым-қатынастар құндылығы күрт төмендеу байқалады, ең үлкен беделді адамдар ата-аналары емес, достары болады.
  • * Төзімділік, әдептілік көрсетіңіз, бірізді болыңыз – сонда сіз бір-біріңізге өзара түсінікті және жақын болу ынтасын бұзбай, жасөспірімнің өзінің ішкі дүниесіне үңілу кезеңін жеңе аласыз.
  • 5-ереже:

Есіңізде болсын, әрбір бала қадірлеуді қажет етеді – оның таланттарын бағалайтындығын, оның қабілеттері мен шеберліктерін мақтан тұтатындығын білгісі, көргісі және сезінгісі келеді. Мақтау сөзге сараң болмаңыз. Өз балаңызды мадақтап, шабыттандырып отырыңыз!

  • Сіз балаңызды қаншалықты дәрежеде мақтасаңыз, оның өзіне деген сенімі соншалықты артады және ол сізбен өз істерімен қуана бөлісетін болады.
  • * Әрине, мақтау баланың шынайы жетістіктеріне сай болуы тиіс, жетістіктер болмашы болса да, міндетті түрде мақтау сөз айтыңыз. Баланы шамадан тыс және еш себепсіз мақтау – өзіне деген сенімі негізсіз, өркөкірек адамды өсірумен тең. 
  • * Балаңызды көтермелейтін мейірімді сөздермен және сөз тіскестерімен («Қандай ақылдысың өзің!» «Мен саған сенемін!» «Сенде бәрі тамаша болады!»), сондай-ақ еркелетіп құшақтау, жақын тарту арқылы қолдап отырыңыз.
  • * Бет әлпетіңіздегі көңіл күйге назар аударыңыз – ол балаңызға сенім мен шабыт сыйлап, өз жетістіктерімен ата-анасын қуанту ынтасын туғызатын болсын.
  • * Баламен сөйлескенде зеку мен дөрекі дауыс ырғағына жол бермеңіз. Сондай-ақ «Бұл сенің қолыңнан келмейді»; «Бұндай салмақты дүниелерді қолға алу үшін сенің күшің аздық етеді»; «Мен сені ақылдырақ деп ойласам» деген секілді баланың өзіне деген, өз күшіне деген сенімін жоятын сөздерді айтуға болмайды.
  • * Отбасыңызда жүрек жылуына, махаббат пен сыйластыққа жағдай жасаңыз.
  • Есіңізде болсын:
  • Егер баланы отбасында қадірлемесе, ол ниеттестерін сырттан іздейтін болады. Және жаман ортаға тап болуы әбден мүмкін.
  • 6-ереже:

7-ереже: Жасөспірімді өз үлгіңізбен тәрбиелеңіз.

  • Жасөспірімдер ересектер тарапынан болатын кез келген екіжүзділікті бірден сезеді.
  • * Сондықтан ата-аналарға, ең алдымен ұлынан немесе қызынан мәселен өз бөлмелерін жинауды талап етпес бұрын, өздері пәтердегі тәртіпке жиірек көңіл бөлу қажет.
  • * Егер ата-ана балаларының бірдеңеге шындап қызыққанын қаласа, олардың өздерінде шығармашылық қызығушылық болу керек, бітпейтін теле-сериалдардан бас тартып, отбасындағы бос уақытты қызықты жоспарлауы керек және бірге орындайтын дамытатын және шығармашылық іс-әрекет ойлап табуы қажет.

Жасөспірімге тым көп кінә тақпаңыз және үлкен үміт артпаңыз. Бұндай моральдық жүк үлкендердің өзіне ауыр болады. Баланың сабақ үлгерімі үшін алған бағаларын өзіңіздің жазалау және мадақтау жүйеңізбен байланыстырмаңыз.

  • Сіздің балаңыз өзінің жақсы үлгерімінің өзін мадақ ретінде, ал үлгермеушілігін жазалау ретінде бағалауы керек.
  • Балаңызға үй тапсырмасын орындауға көмектесіңіз, бірақ тапсырмаларды ол үшін сіз орындамаңыз.
  • Осындай тапсырмаларға деген қызығушылығыңызды көрсетіңіз. Егер бала үй тапсырмаларымен байланысты сұрақтармен сізден көмек сұрап келсе, жауаптарды баланың өзі табуына көмектесіңіз, оларды өзіңіз айтып бермеңіз.
  • Балаға мектепте оқытатын пәндерге деген қызығушылығын сезінуге көмектесіңіз.
  • Бала мектепте, үй шаруасында алған білімдерін қолдануы үшін барлық мүмкіндіктерді іздеңіз. Мысалы, оған ас әзірлеу үшін қажетті азық-түлікті есептеуді немесе мысалы пәтерде қабырғаны сырлау үшін қажетті сыр көлемін есептеп шығуды тапсырыңыз.
  • 8-ереже:

9-ереже: Әділ болыңыз: әр түрлі жастағы балаларыңызбен әңгімелескен кезде олардың айырмашылықтарын айтпаңыз. Басқа балаңыз жасаса кешіре алмайтын қылықтарды жасаған өзге балаңызды бетімен жібермеңіз.

  • Есіңізде болсын: өзінің есейгендігін білдіру үшін қызбалықпен мүлде ойламайтын нәрсесін – сізді жақсы көрмейтінін, жек көретінін , т.с.с айта салуы мүмкін. Бұның эмоциялардың әсерімен, қызбалықпен айтылғандығын ескеріңіз. Бұдан асығыс қорытынды шығармаңыз және байбалам салып дүрлікпеңіз.

10-ереже: Жасөспірімдерге жіберген қателіктерін айтып отырыңыз. Көптеген ата-аналар егер аналар мен әкелер тым қатал болса, балалары «жақсы көрмей кетеді» немесе оларға ренжиді деп қорқады. Бұндай тактика әдетте тілазарлыққа немесе бақылаудың жоғалуына әкеледі. Салғырттық зиянды.

  • Егер ата-ананың ашуы немесе жазалауы лайықты болса, олар өте қажет. Бұл шаралар балаға қателерін көрсетеді және өмір сүруге үйретеді. Барлық ата-аналардың ықпал ету әдістері әр түрлі. Ұрып-соғу арқылы жазалауға жол беруге болмайтындығы түсінікті. Бірақ жақсы ата-ана нақты осы балаға ненің ерекше тиімді әсер ететіндігін анық біледі. Алайда, қандай жағдай болса да жазалау шарасы есте қалуы керек. Алғашында бала ата-анасымен келіспеуі де мүмкін, бірақ есейгесін, бала оларды міндетті түрде түсінетін болады.
  • Жазалауды немен алмастыруға болады?
  • * Сабырмен. Бұл ата-аналарда болуы мүмкін ең үлкен ізгі қасиет.
  • * Түсіндірумен. Балаға неліктен оның мінез-құлқының дұрыс емес екендігін түсіндіріңіз, бірақ барынша қысқа сөйлеңіз.
  • * Көңіл аударумен. Балаңызға өзіне ұнайтын ол үшін тартымды нәрсе ұсынуға тырысыңыз.
  • * Асықпай. Ұлыңызды немесе қызыңызды жазалауға асықпаңыз – теріс қылық қайталанғанша күте тұрыңыз.
  • * Марапаттармен. Бұрыннан дәлелденген: олар жазаға қарағанда тиімдірек.

11-ереже: Жасөспірімге ақшаны бағалауды үйіретіңіз. Жасөспірімге міндетті түрде өз кәсібіңіз туралы, бизнесіңіз туралы айтыңыз. Ол ақшаның қайдан келетіндігін, қалай пайда болатындығын, отбасылық бюджет қалай бөлінетіндігін түсінуі тиіс.

  • * Оған белгілі бір ақша сомасына заттардың қандай нұсқаларын сатып алуға болатындығын түсінуді үйретіңіз.
  • * Нені сатып алғың келетіндігі мен қазіргі уақытта нені сатып алу маңыздырақ, соны салыстыра отырып, таңдау жасауды үйретіңіз. Дүкенде бағаларға қарауын, жеңілдіктерді көруін, тартымды бағаларды таңдауын өтініңіз.
  • * Жасөспірімді дүкенге жібергенде «бюджеттен» асырмауға тырысуы үшін, сатып алынатын заттардың тізімін және белгіленген ақша сомасын беріңіз.
  • * Жасөспірімге отбасыға алынатын салмақты нәрселер жайында айтып отырыңыз. Балаңызбен бірге маңызды отбасылық істерді талқылаңыз, оны бұндай істерге қатысудан шеттетпеңіз — баланың пікірі сіз үшін маңызды екендігін ол сезінуі керек.

12-ереже: Біртіндеп баланың өзі өз қиындықтарын жеңуіне дағдыландырыңыз. Өзі мақсаттар қойсын және оған жету жолдарын өзі айқындасын. Балаңызға өз жолын өзі салуды үйретіңіз – оған мамандықтар әлемінде бағдар алуға көмектесіңіз.

  • Болашақта немен айналысуды шешу – бұл жасөспірімдер үшін ең қиын іс.
  • Барлық мүмкіндіктерді көрсетуге тырысыңыз – оған әр түрлі мамандықтар туралы айтыңыз, өз достарыңыздан олардың қызмет салалары туралы ақпаратпен бөлісуін сұраңыз.
  • Жасөспірімнен оның нені қалайтындығын айқын білуін талап етпеңіз! Бала тек онда таңдау болған жағдайда ғана шешім қабылдай алады.

ДИАЛОГ – жасөспіріммен оның пікірін, дәм құштарлықтарын, қызығушылықтарын, ұмтылыстарын ескере отырып қарым-қатынас жасау.

  • Айтылғандарды қорытындылап, 12 ережедегі ақпаратты құрылымдай келе, біз ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ШАРТТЫ тұжырымдай аламыз, олар: ДИАЛОГ, СЕНІМ, ТӘРТІП
  • ДИАЛОГ – жасөспіріммен оның пікірін, дәм құштарлықтарын, қызығушылықтарын, ұмтылыстарын ескере отырып қарым-қатынас жасау.
  • СЕНІМ – жасөспірімдерге орынды деңгейде дербестік беру, бірлескен әрекетке шақыру.
  • ТӘРТІП – дербестіктің айқын шекараларын белгілеу, жасөспіріммен бірлескен жұмыс, мінез-құлықтың жаңа, икемдірек және ересектерге арналған ережесін жасап шығару, сонымен бірге осы ережелерді бұзғаны үшін жазалау жүйесін белгілеу.

Өз балаңды нашар ортаның жағымсыз әсерінен қалай қорғау қажет? 1-КЕҢЕС. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге зер салып қараңыз. Оның көңіл күйінің күрт ауытқуы, көңілсіздік, оның бойында бұрын байқалмаған өзге реакциялар сізді алаңдатуы тиіс.

  • Жасөспірімдік жасқа тән қарсы шығу жағдайларының салдарынан кейде тіпті түсінетін және мейірімді ата-аналардың өзі балаларының жаман ортаға тап болғандығын бірден біле алмайды.

2-КЕҢЕС. Балаңыздың бойында бас тарта білу қасиетін жаттықтырыңыз. Көп жағдайда жаман ортаға тап болудың алғашқы қадамы «Сенің қолыңнан келмей ме?» деген сөзге тиісті тойтарыс бере алмаудан болатындығын өмір көрсетіп отыр.

  • Бала үшін өзіне серіктес достар таба алмаса, өте ауыр тиеді. Ол өзін шеттетілгендей сезінеді – барлық балаларға ұқсамайтын дара болудан, ала қарға болудан қорқады. Сондықтан, маңызды топтың шеттетуіне ұшырамас үшін, ер бала немесе қыз бала бұл оларға шын мәнінде ұнамаса да, топтың ережелерін орындайды, оның заңдарын ұстанады. Себебі көп жағдайда жасөспірімдерден құралған топ – бұл ортақ мүдделермен біріккен қоғамдастық емес, шығармашылық, жасампаздық атаулыға оң қызығушылықтың болмауынан біріккен қоғамдастық.
  • Өз көзқарасын, өз пікірі мен құндылықтарын қорғай білетін жасөспірім, құрдастарының сыйластығынан айрылмай кез келген «басыну» жағдайларына тойтарыс бере алады.

3-КЕҢЕС. Баланың жаңа ортасына қатысты уақытынан бұрын байбалам салмаңыз. Жағдайға толық қанығыңыз.

  • * Араласатын ортасы жөніндегі жағдайды айқындау үшін, баламен айқайсыз, балағатсыз, жазғырусыз жақын тартып сөйлесу қажет. Сіздің ашуыңыз жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін, жасөспірімдер әу бастан барлығына, соның ішінде сізге де ерегісіп қарсы әрекет етеді; сіздің қатты ашуыңыз оның өзінің дұрыстығын дәлелдеуге құштарлығын күшейте түседі, баланы одан сайын желіктіреді.
  • * Сіз баладан ұрыспай, тілектестікпен жаңа ортада олар уақытты қалай өткізетіндігін, не туралы сөйлесетіндіктерін, ол үшін бұл қарым-қатынастың болашақта маңызы қандай екендігін сұрағанда, сіздің уайымыңыз бекер болып шығуы және балаңыздың жаңа достары сіз ойлағандай жаман балалар болмай шығуы әбден мүмкін.
  • Әрине өз ойларыңызда сіз өз пікіріңізге сүйенуіңіз керек. Бірақ сіз өзіңіз жеке білмейтін адамдар туралы үстірт пікір айту дұрыс емес.

4-КЕҢЕС. Балаңыздың жаңа ортасы туралы жеке және объективті пікір қалыптастыру мүмкіндігін алу үшін, балаңыздың жаңа ортасындағы балалармен танысуға тырысыңыз. Олармен еркін сөйлесу үшін, қонаққа шақырыңыз, бірлескен іс-шаралар ұйымдастырыңыз.

  • Егер жасөспірім ата-анасының достарымен жақын танысқандығын қаламаса, жаңа достарын үйіне әкелгісі келмесе, бұндай жағдайда сырттай таныстықпен шектелуге тура келеді. Баланың оның достары туралы әңгімелерін мақтаңыз, оның пікіріне құлақ түріңіз.
  • Бастысы, қандай да бір жағымысыз қылықты байқаған кезде «Сенің досың өте жаман, осылай істеуге бола ма екен! Ал сен онымен достасасың, қатты сыйлайсың – олай етуге бол ма?» деген сөздерді айтпаңыз.
  • Есіңізде болсын: тек сіздің жеке талғамыңызға сай болмағандықтан ғана ұлыңыздың, қызыңыздың, және олардың достарының қылығын сынап пікір айтуға болмайды.

5-КЕҢЕС. Сіздің жасөспірімнің кіммен араласу керектігін шеше алмайтындығыңызға қарамастан, балаңыздың санасына достар таңдаудағы дұрыстыққа күмәнмен қараушылықты дарыту қолыңыздан келеді, бұған күмәніңіз болмасын.

  • Мәселен, егер жасөспірім бұзақылардың ортасына түссе, байқатпай, әдейі жасағандай болмай мұның болашақта неге әкелу мүмкін екендігін көрсетуге кеңес беріледі. Үстелдің үстіне қолға түскен қылмыскер туралы жазылған газетті қалдырып кетіңіз, бірге осындай сюжеті бар ғибратты фильмдер көріңіздер.

6-КЕҢЕС. Балаға деструктивті қарым-қатынастың баламасын көрсетіңіз. Оның назарын спортқа немесе өзге қызықты іске аударыңыз: оның қызықты жорықтарға баруына, дамытатын үйірмелерге (тіл, шығармашылықты дамыту және т.с.с) жазылуына жағдай туғызыңыз.

    • Өркениеттің дамуы, ақпараттық-техникалық жетістіктер ХXI ғасыр адамына қызықты, және шығармашылыққа толы өмір сүруі үшін көптеген мүмкіндіктер береді. Бірақ өркениет жетістіктерін пайдалану үшін, адам көп нәрсені білуі, көп нәрседе шебер болуы қажет. Шет тілдері, компьютерлік бағдарламалау, дизайн шеберліктері және т.б.
    • Бұлардың барлығын адам жасөспірімдік шақта үйренбегенде, қай уақытта үйренеді?
    • Балаңызды ынталандырыңыз; өзіне ұнайтын мектептен тыс үйірмелер таңдауға көмектесіңіз.

7-КЕҢЕС. Балаңызды бірлескен демалыс іс-шараларына шақырыңыз – жиі-жиі бірге киноға, концерттерге барыңыздар.

  • * Өз балаңыздың бойына жақсы фотосуретке деген талғам, жолжазбалармен айналысуға деген құштарлық сезімін дарытыңыз. Оған сүйікті істерінде жақсы дос бола біліңіз.
  • * Жаңа саяхаттар бағыттарын талқылаңыздар, ол жаққа бірге барыңыздар, әсіресе бүкіл отбасымен барған пайдалы.

8-КЕҢЕС. Әрбір ата-ана қандай әдістердің анық жұмыс істемейтіндігін білуі тиіс: – достарымен кездесуге үзілді-кесілді қарсы шығып, дүрсе қоя беруге болмайды; – баланы үйге қамап қоюға болмайды; – жазалаудың ұрып-соғу әдістерін қолдануға болмайды.

  • Ата-аналардың міндеті – баланың осындай жаман ортада іш пысатындығын, оның зияндығын, оның болашағы жоқ екендігін түсінетіндей етіп, және осындай ортадан өз бетімен шығатындай етіп дұрыс жолға жөн сілтеу.

9-КЕҢЕС. Спортпен шұғылдану – лайықсыз, деструктивті ортаның орнын ауыстыратын тамаша балама.

  • Егер сіз балаңыздың біреулермен жиі төбелесетіндігін байқасаңыз, бұл энергияны дұрыс арнаға бағыттаңыз. Шығыс жекпе-жегі секциясына жіберіңіз – осылайша ол спортпен де шұғылданады, жасөспірімдерге тән артық энергияны да сыртқа шығарады, және қажет болған жағдайда өзін қорғауды да үйренеді. Сонымен қатар, спорт оның санасында өмірге деген дұрыс көзқарасты қалыптастырады, және қазіргі жүрген ортасының жақсы емес екендігін өзі түсінетін болады.
  • Абайдың «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деген сөзін бәріміз білеміз. Шынында да, жалқаулық барлық кеселдің бастауы деп бекерге айтылмайды. Жасөспірімнің жасампаз іспен шұғылдана алмауы, немесе оған ынтасының болмауы – «жаман ортаға» түсудің ең оңай жолы. Ата-аналар баланың кішкентай күнінен бастап баласының күн тәртібін жоспарлай білуі қажет. Баланың әрбір күні «Темірді қызған кезде соқ» деген бейнелі сөзге, яғни әр нәрсе өз уақытында деген ұғымға сай, оның бос уақытын қалай өткізуді ойластыру қажет. 

10-КЕҢЕС. Ылғи туындайтын қиындықтарға мойымаңыз! Үмітіңізді үзбеңіз, балаңызға деген сүйіспеншілік пен сыйластықты жоғалтпаңыз.

  • * Жасөспірім бұзатын ережелерді, бұзуға тырысатын өзін ұстау шеңберлерін ата-ана жаңаша бағалауы тиіс.
  • * Баламен бірлесіп өзара қарым-қатынастың жаңа ережелерін жасап шығару қажет.
  • * Ата-аналардың икемге келмеуі және өз пікірінде сіресіп қалуы жасөспіріммен эмоционалдық және физикалық байланыстың толығымен жоғалуына әкеп соғады.
  • ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН: Кішкентай келіспеушіліктердің отбасындағы үлкен жанжалға ұласатын күнделікті тұрмыстағы жағдайлар ата-аналарда шыдамдылықтың, төзімділіктің, қамқорлықтың және әдептіліктің жетіспеушілігінен болады.
  • Жақсы ата-анаға қажетті 8 қасиет

Құрметті ата-аналар! Тәрбие процесіндегі көптеген күрделі сұрақтарға жауаптарды сіздер Астана қаласы Отбасылық Тәрбиелеу Институты әзірлеген «Отбасылық тәрбие: қалай жақсы ата-ана бола алу керек» кітабынан таба аласыздар

  • Кітапта ұсынылған материал сіздерге мынадай мүмкіндіктер береді:
  • өз педагогикалық мәдениетінің деңгейін өзі бағалау;
  • жақсы әке мен жақсы анада қандай қасиеттер, білім мен шеберліктер болуы керектігін түсіну;
  • балаға қойылатын талапты қалай дұрыс тұжырымдау керектігін білу;
  • жанжалдарды оң шешуді үйрену және соңында барлығы ұтатындай етіп әрекет жасауды үйрену;
  • Аға мен қарындас арасындағы бақталастықтан қалай қорғау керектігін түсіну;
  • балалармен тиімді қарым-қатынас ережелерін меңгеру; баланы қалай дұрыс мақтау керектігін және жазалау түрлері қандай болатындығын түсіну.
  • Жақсы ата-ана өзінің педагогикалық шеберліктерін жетілдіру үшін міндетті түрде күш салады, себебі ол өмірге келетін адамның ең қасиетті құқықтарының бірі – дұрыс және сүйіспеншілікке толы тәрбие алу құқығын құрметтейді.

Отбасылық Тәрбиелеу Институты республикада отбасылық тәрбие мәселелеріне арналған жалғыз журнал шығарады, ол: «ОТБАСЫЛЫҚ ТӘРБИЕ (СЕМЕЙНОЕ ВОСПИТАНИЕ)»

  • Бұл журналда:
  • Қазақстанның жетекші педагогтары ата-аналарда туындайтын сұрақтарға жауап береді;
  • қазақстандық үздік отбасылардың өкілдері бақытты отбасы болудың сырларымен бөліседі және өскелең ұрпаққа кеңестер береді;
  • ата-аналар меңгеретін жаңа қызықты әрі пайдалы дамытатын бағдарламалар жарияланады.
  • Сіздердің әрқайсыңыз осы журналға жазылуды ресімдей аласыздар.
  • «Отбасылық тәрбие. Семейное воспитание» журналының редакциясына (7172) 655-119 телефоны,
  • e-mail: ife-journal@mail.ru бойынша хабарласыңыздар.
  • Біз сенімдіміз: журналымыз сіздер үшін өте пайдалы болады!

Құрметті ата-аналар! Сіздерге және балаларыңызға тек қана жетістіктер тілейміз!

  • Отбасы – бақыт махаббат, және сәттілік,
  • Отбасы – жазда саяжайларға бірге бару.
  • Отбасы – бұл мереке, отбасылық мерейтойлар,
  • Сыйлықтар жасау, жақсы көңіл күй.
  • Балалардың тууы, алғашқы қадам, алғашқы былдыр,
  • Жақсылықты армандау, көңіл толқыны.
  • Отбасы – бұл еңбек, бір-біріңе қамқорлық,
  • Отбасы – бұл үйдегі көп тіршілік.
  • Отбасы – бұл маңызды! Отбасы – бұл күрделі!
  • Бірақ жалғыз бақытты өмір сүру мүмкін емес!
  • Әрқашан махаббатты аялап, бірге болыңыздар,
  • Реніштер мен ұрысқа үйде орын бермеңіз!
  • Достарыңыз сіздер жайлы былай десін:
  • Қандай жақсы отбасы!


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет