Тоғантолыс – көл. Қаратау жотасының батысында, Сырдария алабында. Көл тоғаннан пайда болғандықтан осылай аталып кеткен болу керек.
Тоқпақсалы – жота. Қаратау жотасының батыс бөлігінде. Тоқпақ және салы руларының атынан қойылған топоним.
Тоқтамыс – ауыл орны. Жаңақорған кентінен шығысқа қарай 30 км жерде. Кісі есімінен қойылған атау.
Тоқтамыссай - өзен. Сырдария алабында, Жаңақорған ауданы жерімен ағады. Ұзындығы – 54 км. Қаратаудың оңтүстік-батыс беткейінен басталып, Шортан көліне құяды. Аңғары астау тәрізді. Жауын-шашын, жерасты суымен толығады. Соңғы жылдары көлге жетпей, құмға сіңіп кететін болды. Өзен бойында қамыс, тоғай, тікенді бұталар өседі. Егін суарылады.