Абай – қыстау. Әйтеки би кентінен оңтүстікке қарай 13,5 шақырым жерде.
Адамата – ежелгі қорым. Басықара бөгетінен оңтүстік-батысқа қарай 35 шақырым жерде, шөл далада орналасқан. Қорымның аумағы 1 га шамасында. Мүрдесі жатқан жердің ұзындығы – 6,5 м, ені – 3-метрге жуық. Алғаш қорымды 1897 жылы И.Н.Аничков зерттеп, «Қазалы уезіндегі кейбір топонимдер атаулары» деген мақаласында баяндаған.
Ажар – ауыл. Қазалы қаласынан оңтүстікке қарай 115 шақырым жерде. Әйел есімінен қойылған атау.
Айбарша – бейіт. Арал теңізінің шығысында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Айқынқұдық – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстігінде. «Айқынның құдығы» мәніндегі атау болса керек.
Ақажансай дария - Сырдария өзенінің тармағы, ежелгі сол жағалық құрғақ арна. Ұзындығы - 72 шақырым. Қар ерігенде ғана арнасымен толығады. Осы аймақта болып тұратын күшті желдердің әсерінен Ақажансай дария арнасы бастапқы көрінісін мүлде өзгерткен. Табаны кең әрі тегіс, саяз. Арнасының басым көпшілік бөлігі үрінді құмға толған. Құм төбелер мен шағылдар тікелей арнаға тіреліп жатады. «Ақажан деген кісі есімімен аталған сайдағы дария» мәніндегі атау.
Ақбөгет – артезиандық құдық. Арал теңізінің шығысында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.