Балажарма – канал. Сырдария алабында.
Баланды күмбезі – б.з.б. 4-2 ғасырлардан сақталған сәулет өнерінің ескерткіші. Баланды мекенінде. Алғаш зерттеген Хорезм экспедициясы (жетекшісі С. П. Толстов). Ғимарат құрылысы дөңгелек, диаметрі – 16 м, сақталған қабырғаларының биіктігі – 4,5 м, іргелігі пахсадан, жоғарғы жағы шикі кірпіштен қаланған. Құрылыс ғибадат етуге арналған болуы керек, өйткені ешқандай қабір табылған жоқ. Ал, жан-жағындағы шеңбер бөліктері сияқты бөлмелерде ғана қабірлер бар. 20-ғасырдың 50-жылдары қазба жұмыстарын жүргізген профессор С. П. Толстов қабырғаның жоғарғы жағында сақталып қалған кірпіштердің көлбеу қаланғанына қарап, ғимараттың күмбезді болғанын анықтады. Бұл ғимарат сол замандағы әлемдік сәулет өнеріндегі бірден-бір күмбезді құрылыс. Ескерткіш Сырдария бойын мекендеген апасиактардан (су сақтарынан) қалған.