1.1 Облыстың демографиялық жағдайына жалпы сипаттама
Қазақ халқы талай «тар жол – тайғақ кешулерге» душар болды. Бұл қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі тарихи жағдайларға тікелей байланысты. Патша үкіметінің Қазақстанға шаруалар мен казактарды қоныстандыру саясатының жеделдете жүзеге асырылуы, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы мен қазан төңкерісінен кейінгі «кіші қазан төңкерісінің» салдары, 1921-1922 ж.ж, 1931-1933 ж.ж аштықтары мен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының зардаптары, өндірістің ірі «алыптарын» тұрғызу мақсатында республикаға жан-жақтан мыңдаған жұмысшылар мен мамандардың әкелінуі, тың және тыңайған жерлерді игеру, «комсомолдық бауырластық жолдамалар» нәтижелері көңілді қыңжылтатын демографиялық ахуалға еріксіз әкеліп тіреді.