Қызылорда облысының білім басқармасы
Қызылорда қаласының білім бөлімі
Үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар «Мұрагер» мектебі
Ғылыми жоба тақырыбы:
Б.МАЙЛИН ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ СИПАТ
Ғылыми жоба авторы: Сәткеева Нұрай Нұрлыбекқызы
Сыныбы: 8 «Б»
Жетекшісі: Жүсіпбек Назерке Маратқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Қызылорда қаласы, 2016 жыл
Мазмұны:
Кіріспе....................................................................................................................
І тарау. Көркем әдебиеттегі ұлттық сипат мәселесі
Көркем әдебиеттегі ұлттық сипат мәселесі...............................................
ІІ тарау. Б.Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат
2.1 Ұлттық сипат көріністері Б.Майлин әңгімелерінде..............................
2.2 Жазушы әңгімелеріндегі ұлттық сипатты танытатын тілдік ерекшеліктер....................................................................................................
Қорытынды.....................................................................................................
Пайдаланылған әдебиеттер............................................................................
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Әдебиеттің көркемөнердің ерекше түрі – сөз өнері ретіндегі ұзақ тарихы: туу көзі, қалыптасу кезеңдері, даму арналарының әрбір ұлттық тума тарихымен, саяси-әлеуметтік өмірімен, тұрмыс-шаруашылық, қоғамдық жағдайларымен тығыз байланыстылығы ұлттық әдебиеттің әрқайсысының өзіндік бітім-болмысы, табиғаты мен тегі, тарихи тағдыры болатындығын көрсетеді. Осылардың таратылып, тиянақталып айтылуы, қарастырылуы – көркемөнердің, оның ішінде әдебиеттің ұлттық сипатына, әдебиеттанудағы тым күрделі әрі маңызды мәселеге келіп тіреледі.
Ұлттық сипатсыз, дәстүрсіз әдебиеттің болуы, өмір сүруі мүмкін емес, ұлттық сипат – әдебиеттің өз стихиясы, даму заңдылығы. Әрбір ұлттық әдебиеттің халық өмірімен бірге жасасып келе жатқан өз жолы мен тарихының әртүрлі қоғамдық, саяси жағдайлардың әсерімен бірге тоқырап, кезеңдік кедергілерге ұшырап отыруы, кейде аршындап алға түсіп, қоғамның даму қарқынынан озық тұруы мүмкін. Бірақ, бір нәрсе анық, әдебиеттің тарихи дамуы стихиялы түрде ұлттық арнада, ұлттық дәстүрдің негізінде ғана жүріп жатады. Көркемөнердің ұлттық сипаты – ұлттың өзімен бірге жасасатын мәңгілік категория. Көркемөнердің ұлттық сипаты – сондай-ақ, сол көркемөнер туындыларының шынайылығы, мәңгілік ғұмырының шарты. Шынайы туынды, реалистік шығарма – қай уақытта да ұлттық. Көркемөнер, әдебиеттің шынайы туындыларының ұлттық болатыны, ал нағыз ұлттық туындының әрқашанда жалпы адамзаттық игілікке айналатыны – өнердің заңдылығы, әдебиет өмірінің шындығы.
Осылайша туындысы адамзаттық игілікке айналған, туындыларында тұтас бір дәуірдің өмір шындығын арқау еткен қарымды жазушы - Бейімбет Майлин. Бейімбеттен қалған қазына – ұлан-байтақ тұтас бір өмір десек артық болмас. Ол дәуір Қазан революциясынан бастап отызыншы жылдарды орталағанға шейінгі ел өмірі. Сол тарихи жаңару дәуіріндегі патриархалдық-рулық философиядағы қазақ шаруасының саяси, рухани өсуі, оның таптық, ұлттық психологиясындағы терең өзгерістер. «Қаламгер дүниетанымы қалыптасқан, орнықты болған сайын, оның өз мақсаты, идеалы үшін күресі табанды, қуатты бола түседі және түрлі идеологиялар ықпалына бұрыла қоймайды» [1.77]
Зерттеу жұмысында – жазушы, қаламгер әңгімелеріндегі ұлттық сипат көрінісі нақтылы туындылармен кең көлемде қарастырылады. Оның жазған әңгімелері – бүкіл халық, зерттегені ел өмірі, адам характері, психологиясы. Бейімбеттің шыншылдығы мен көркемдігі, ұтқыр жинақылығы осы заманғы ең алдыңғы қатарлы әдебиеттің дәрежесінде тұрған сан алуан әңгімелері мен повестері болмаса жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы қазақ өмірін көрсетуде біздің әдебиет дәл бүгінгідей мақтана алмас еді. Майлин өмір диалектикасына терең үңіле білген. Көшпелі халықтың санасы мен психологиясындағы өзгерістерді жіті көзбен, көңіл көзімен көріп, шынайы көркемдікпен аша білген. Қаламгер өз шығармаларын жазу барысында қым–қиғаш сюжет, елден ерек кейіпкер іздеп әуреленбейді. Әдеттегі өмірдің өзіндей, айналаңдағы күнде көріп жүрген құбылысты өзіндік шұрайлы да құнарлы тілімен, қарапайым тәсілдерімен тамаша етіп бейнелеп береді. Сол себепті де, оның шығармалары мен ондағы кейіпкерлер адам жанына неғұрлым жақын, күнделікті өмірде өзімізбен араласып бірге жүргендей шынайы, табиғи қасиетке ие болып келеді.
Қайсыбір көркем дүниелері мен әңгімелеріндегі кейіпкерлер суреткерлік шеберлікпен екшеліп, ұлттық бояумен зерделенген бейнелер. Жазушының әрбір шығармасы мен кейіпкерінің жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, сөйлеген сөзі мен істеген ісі шыншыл да нанымды бейнеленетіні соншалық, үлкен сүйіспеншілікпен жазылғанына шүбә келтіре алмаймыз. Оның сомдаған кейіпкерлерінің барлығы да – ауыл тұрғындары, сол ауылдан нәр алған жандар. Қаһармандарының мінез-құлқы, сана болмысы ауыл өмірімен ажырамас бірлікте, соған сай қалыптасып дамиды. Көркем туындыларындағы өзіндік қолтаңбасы, лирикалық сыршылдығы мен психологиялық көріністері астарлы юмормен дараланып, өзгешеленіп тұрады.
Көлемі екі-үш беттен аспайтын шағын әңгімелерінің өзінде-ақ, күнделікті тіршілікті көркем түйіндеп, философиялық ой айтуға ұмтылады. Жазушы әңгімелерінің ұлттық болмысын сөз еткенде, кең ауқымды ұлттық менталитеті жағынан жіне ол бейнелеген кейіпкерлер турасында да ауыз толтырып айтуға тұрады. Қаламгер үнемі ізденіс үстінде болды. Өмірдегі әрбір оқиғаларды жіті бақылай отырып, аңқылдаған ақкөңілді де, өз дегенінен қайтпайтын қырсық-қыңырды да, басқа жанға бұрылмайтын өзімшіл тәкаппарды да, түсінігі таяз ақымақты, ашуын сабырға шақыра алмайтын долымен қатар, нағыз адамдық сипаттағы адамды да, т.б бәрін суреттей алды. Әрине, оның шығармаларындағы ортақ тұлға – жайсаң да жазира қасиеттерді бойына жинаған жақсы адам екендігіне дау жоқ. Жазушы кейіпкердің жан-дүние байлығымен қатар, сезім шынайылығына, көңіл тазалығына, мақсат биіктігіне баса назар аударады. Өмірден өз бақытын өздері іздеген, өз бойындағы қайрат-жігерін мұратына жету жолына бағыштаған әр түрлі кәсіп иелері, қой баққан шопан, қорашы, күзетші, ата-қонысымен біте қайнасып кеткен шал-кемпір, т.б. суреттей келе қаламгер олардың бойындағы осы бір саналы қасиеттерді дәл танып қана қоймай, табиғи, шынайы қалпында терең сезімдер арқылы өрнектеп, тәрбие құралына айналдырды. Осы себептен де, оның кез-келген көркем туындысы ұлттық калоритке бай, кез-келген кейіпкері нағыз ұлтжанды болып келеді.
Жазушы әңгімелерінің ұлттық сипатын зерттеуде көркемөнердің ұлттық сипатының негізгі категориясы – ұлттық мінезге айрықша тоқталдық. Ұлттық мінездің әлемдік, бұрынғы одақтық, қазіргі ұлттық әдебиеттанулардағы ғана емес, өнертану, философия, психология ғылымдарындағы зерттелу тәжірибесіне иек арттық, ұлттық мінез – өйткені, әрбір ұлттың дүниетаным көзқарасымен, философиялық ой-тұжырымдармен, сондай-ақ ұлттық психологияның ұлттық сезім, ұлттық тіл, ұлттық салт-дәстүр, наным-сенім, ұлттық болмыс, тәрбие сынды түрлерімен тығыз байланыстағы ұғым. Сондықтан да Б.Майлин әңгімелеріндегі ұлттық мінезден бөлек ұлттық болмыс, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық тәрбие мәселесі талданды. Сонымен бірге жазушының ұлттық сипатты танытудағы көркемдік тәсілдері, стильдік тіл айшығы, тағылымдық, мазмұндық мәндері арнайы сөз етілді.
Қысқасы, Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат көріністері әр алуан тақырыптағы әңгімелері негізінде қарастырылды.
Алайда, Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат бұрын-соңды арнайы қарастырылып, зерттеу объектісіне айналмады.
Сондықтан Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат мәселесін кеңінен қарастыру – зерттеу жұмысының басты нысаны болып табылады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі: Б.Майлин әңгімелері бүгінгі таңға дейін біраз зерттеу көзіне айналып келді. Әдебиетте Бейімбет Майлиннің шығармаларын жоғары бағалап, , ақындық, жазушылық, журналистік қырларына зерттеу жүргізген мақалалар мен жарық көрген еңбектер баршылық. Т.Бейісқұловтың құрастыруымен жарық көрген «Би аға» (Б.Майлин туралы естеліктер) еңбегі мен «Дарын даралығы», Т. Нұртазиннің «Бейімбет Майлин творчествосы», Б. Сарбалаевтың «Бейімбет Майлин», Б. Наурызбаевтың «Қазақ прозасындағы Б.Майлиннің прозасы», І. Омаровтың «Бейімбет хақында бірер сөз» атты еңбектерімен қоса, Т.Ә.Бейісқұловтың «Бейімбет Майлин – сыншыл публицист», С.Байменшенің «Б.Майлиннің белгісіз туындыларының шығармашылық тарихы» атты диссертациялары жарық көрген. Алайда, Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат мәселесіне тоқталып, ондағы ұлттық мінез бітістері, ұлттық болмыс, салт-cана, дәстүр, ұлттық тәрбие мәселесіне қатысты еңбектердің әдебиеттану ғылымында бола қоймауы – зерттеудің қажеттілігін, яғни, тақырыптың өзекті мәселеге айналғанын көрсетеді. Ең негізгісі, жұмыс тақырыбы – жазушы әңгімелеріндегі ұлттық сипатты танытуымен өзекті, мәнді болып табылады.
Ғылыми жұмысымның мақсаты мен міндеттері: Б.Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат, кейіпкерлер жүйесіндегі ұлттық мінездің ерекшеліктерін, ұлттық салт-сана мен дәстүр, болмыс, ұлттық тәрбие мәселесін суреттеу, ұлттық сипатты танытудағы тілдік ерекшеліктерді, стиль айшығын айқындап, саралау және қазіргі қазақ прозасынан алатын орны мен жаңашыл сипатын ашу – жұмыстың негізгі ғылыми мақсаты болып табылады. Осындай мақсатқа сай төмендегідей міндеттер белгіленді:
Б.Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипатты қоғамдық-әлеуметтік жағдайға қатысты қарастыру;
Б.Майлин әңгімелеріндегі болмыс-бітімін, ұлттық ерекшеліктерін саралау;
Жазушы әңгімелерінің стилін, ұлттық болмысты танытатын тілідік ерекшеліктерді талдау.
Зерттеу жұмысының нысаны : Зерттеу жұмысының зерттеу нысаны ретінде қаламгердің таңдамалы шығармалар томдығы мен әңгімелер жинағы алынды.
Зерттеу жұмысының дереккөздері: Т.Бейісқұловтың құрастыруымен жарық көрген «Би аға» (Б.Майлин туралы естеліктер) еңбегі мен «Дарын даралығы», Т. Нұртазиннің «Бейімбет Майлин творчествосы», Б. Сарбалаевтың «Бейімбет Майлин», Б. Наурызбаевтың «Қазақ прозасындағы Б.Майлиннің прозасы», І. Омаровтың «Бейімбет хақында бірер сөз» атты еңбектері, бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген материалдар, сондай-ақ Бейімбет Майлин шығармашылығы жайында жазылған әдебиеттанушы ғалымдардың ой-пікірлері пайдаланылды.
Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері. Жазушының көркем дүниелерінің табиғатын ашып, ұлттық сипат көріністерін көрсетуде қазақ әдебиеттануының көрнекті өкілдерінің негізгі ғылыми еңбектері басшылыққа алынды. Атап айтсақ, Ш.Сәтбаеваның «Әдеби байланыстар», И.Х.Ғабдіровтың «О национальном и интернациональном в советском литературе», М.Дүйсеновтың «Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі» еңбектері. Сондай-ақ алыс-жақын шетел ғалымдары, атап айтқанда, М.С.Каган, Д.М.Урнов, Г.В.Гегель, Е.Зингер, В.Г.Белинский, Гоголь, Н.Г.Чернышевскийлердің еңбектеріндегі теориялық пікірлердің де өз мақсатымызға қол жеткізуде үлкен септігін тигізгенін атап өту қажет.
Зерттеу тәсілдері: Зерттеу жұмысы барысында салыстырмалы-типологоялық талдау, сипаттау әдіс-тәсілдері қолданылды.
Зерттеу жұмысының жаңалығы: Б.Майлин әңгімелері осыған дейін біраз зерттеу нысанына айналған тақырып екені белгілі. Біздің бұл еңбегіміздің басқа жұмыстардан айырмашылығы Б.Майлин әңгімелерінің ұлттық сипатын сараптау. Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат көріністері, яғни, кейіпкерлер жүйесіндегі ұлттық мінез бітістерінің ерекшеліктері, ұлттық болмыс, салт-сана, дәстүр, ұлттық тәрбие мәселесі талданып, ұлттық сипатты танытудағы тілдік ерекшелігі мен стиль айшығы анықталды. Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипатты көрсету зерттеу жұмысының жаңалығы боп саналады.
Жұмыстың құрылымы: Зерттеу жұмысының мазмұны кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, нысаны, мақсаты мен міндеті сөз болады. Негізгі бөлімде зерттеу жұмысының көтерген мәселелері жан-жақты ашылып, өзекті ойлар қорытынды бөлімдегі соңғы тұжырымдармен жалғасады.
І тарау. Көркем әдебиеттегі ұлттық сипат мәселесі және Б.Майлин
Көркемөнердегі ұлттық сипат мәселесі
Көркем әдебиеттің қастерлі қос қасиетін оның ұлттық және жалпы адамзаттық сипаттары белгілейтіні ақиқат. Көркемөнердің айрықша түрі – әдебиеттің ұлттық және жалпы адамзаттық сипаттарының әдебиет теориясы мен эстетиканың жеке мәселесі, ерекше категориясы тұрғысында қарастырылуының, зерттелу тарихының басқаларға қарағанда кенжелеу болуы – ұлттық сананың қалыптасуына қажетті қоғамдық тарихи жағдайлардың пісіп жетілмеуінен, ұлттың шын мағынасындағы жан-жақты дамыған адамдар қауымдастығы болып тарихи аренаға шығуының адамзат қоғамы басынан өткерген қоғамдық формациялардың кейінгі сатыларында ғана мүмкін болғандығымен, іске асқандығымен байланысты еді. Мәселен құлиеленушілік қоғамда ұлттық сананы былай қойғанда, ұлт сөзінің өзі қазіргі мағынасын толығынан бере алған жоқ.
Көркемөнердің ұлттық сипаты, оның кез-келген түрі мен туындысының ұлт өмірінің тікелей жемісі екендігі, ұлт өмірінің тарихи, табиғи, жағрапиялық басқа да жағдайларымен байланыстылығы ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысынан бергі уақытта ғана айтыла бастады. Қоғамдық-экономикалық формациялардың тарихында феодализмнің іргесінің шайқала бастауы, оған қарсы демократиялық күштердің өршуі, буржуазиялық қатынастардың күшеюі адамзат тарихында Еуропада ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысынан басталса, қоғамдағы белсенді тап буржуазияның көркемөнерде, әдебиетте өз үнін айтуға, өз бейнесін жасауға, өз идеологиясын насихаттауға тырысатындығы, күресетіндігі сөзсіз. Міне, дәл осы тұстан әдебиет теориясы мен эстетиканың тарихында тұңғыш рет әдебиеттің ұлттық сипатына эстетикалық фактор ретінде көңіл бөлу, мән беру басталды.
Әдебиеттің ұлттық сипатын тану мен танытуда Г.В.Гегельдің эстетикалық ой-пікірлерінің маңызы орасан зор болды. Романтиктер өз еңбектерінде көркем шығармашылықтың субъективтік сипатына көбірек мән берсе, Гегель керісінше объективтік сипатты алға тартып отырды. Гегель суреткер шығармашылығын өз уақытының, белгілі бір тарихи жағдайлардың жемісі деп, әділ бағалады, әрбір әдеби туындыны нақты тарихи жағдаймен байланыстырып тануды, танытуды дұрыс деп санады. Ұлы философ: «Әрбір көркем шығарма халқынағ өз уақыты мен ортасына тән және ерекше тарихи, басқа да мақсат-мүдделерге бағынышты»,- деп жазды [1.15-16].
Көркемөнер мен әдебиеттің ұлттық сипатының зерттелу тарихын ХІХ-ХХ ғасырлар көлемінде түгел қамтып қарастырсақ, оның негізінен екі бағытта болғандығы аңғарылады. Оның біріншісі – романитзм бағыты болса, екіншісі – орыстың реалистік әдебиетінің тәжірибесінде қалыптасқан реалистік бағыт болды. Көркемөнер туындыларындағы ұлттық сипаттың шығармашылық пен меңгерілуінің өзі орыстың ХҮІІІ ғасырдың аяғы, ХІХ ғасырдың басын қамтитын реалистік әдебиетінің тәжірибесінде ғана мүмкін болды. Ұлы Пушкин бастаған реализм өкілдері өздерінің көркем шығармаларында ұлттық сипат ерекшеліктеріне, оларды қалың бұқара, көпшілікке арнап жазуға үлкен мән беріп отырды. Реалистік әдебиет өкілдерінің көркем шығармаларындағы ұлттық сипат, халықтық белгі-бедерлерінің өз кезінде әдебиеттану мен эстетикада үлкен резонанс тудырғаны белгілі. Зерттеуші И.А.Рагимова реализм өкілдерінің басты бағыт-бағдары ұлттық болмыс пен шындыққа бет бұруы, тілдің ұлттық бейнелілігін арттыру арқылы оның қалың бұқараға, көпшілікке түсінікті болуын көздеді дей келе: «Пушкин жарқырата көрсеткен, шығармаларында іске асырған орыстың әдеби тілі қарапайым сөздерге, вульгаризмдерге толы болғандықтан да шын мағынасындағы тірі сөйлеу тіліне айналып үлгерді, осының өзі Пушкиннің замандас сыншыларын біраз әлекке түсірген» – деп жазады [5.43].
Реализм өкілдері әдебиеттің сипаты мен мінезі, ерекшеліктері туралы да айтып отырған. Мәселен Гоголь: «Шынайы ұлттық сипат сарафанды суреттеуде емес, халық рухында, ақын тіпті мүлде басқа әлемді өзінің отандастарының ойлауы мен сезінетініндей етіп, солардың көзімен, ұлттық сезімімен қарап жазғанның өзінде ұлт ақыны бола алады», – деп жазады [3.129]. Әрине, әдебиеттің ұлттық сипаты, ерекшелігі жөніндегі бұндай бағалы ой пікірлерді басқа да үлкен суреткерлер, реалист-жазушылар: И.С.Тургенев, И.А.Гончарев, Ф.М.Достаевский, Л.Н.Толстой, Стендаль, Бальзак, Флоберлер айтты.
Ұлы сыншы В.Г.Белинский әдебиет теориясы мен эстетиканың тарихында бірінші рет ұлттық сипаттың әдебиет өміріндегі орнын, мән-маңызын дұрыс тани алды. Өз еңбектерінде әдебиеттің ұлттық сипатына бірнеше қайтара айналып соғып отырған ол: «Ұлттан тыс адам – шын мәніндегі тіршілік иесі емес, дерексіз ұғым ғана» немесе «ұлттық желіден айырылған талант қашанда, көп болсын, аз болсын, бәрібір уақытша өтпелі құбылыс, ол – әуелде жапырақтағанымен, кейіннен топыраққа терең түбірлене алмай қураған ағаш сияқты», сондай-ақ «арнайы айтқанда, адамзаттың ұлттықпен күресі деген бос сөз, шындығында ондай күрес жоқ. Халық өміріндегі прогресс басқа халықпен араласу, алмасулар арқылы болады дегеннің өзінде, ол да ұлттық арнада жасалады. Басқа пргресс жоқ», – деп жазса, бұл айтылғандар – ұлы сыншының әдебиеттің ұлттық сипатына айрықша мән бергеніне дәлел. Одан әрі сыншы: «Кез келген халықтың өмірі өзіне тән түрмен көрінуі үшін, оның өмірі дұрыс әрі халықтық тұрғыдан бейнеленуі тиіс» немесе «Біздің халықтығымыз орыс өмірін бейнелеуден тұрады» – деп, әдебиеттің ұлттығы, халықтығы, шынайылығы деген мәселелерді бірлікте қарастырған [8.317].
В.Г.Белинский сияқты басқа да революционер-демократтар: Чернышевский, Герцен, Добролюбовтар да көркемөнердің ұлттық және жалпы адамзаттық сипаттарының өзара қатынасы және бұлардың көркем туындының мазмұны мен фоормасына қарым-қатынасы деген мәселелерде құнды-құнды ойларын айтты. Н.Г.Чернышевский: «Нағыз роман, повестер жергілікті ерекшелігі бар жағдайды, ұлттық бедерлі кейіпкерлерді айналып өте алмайды. Жергілікті бояусыз және ұлттық әдет-ғұрыпсыз, ойсыз, сондай-ақ кейіпкерлер мінезіндегі ұлттық сипатсыз реализм жоқ, кейіпкерлердің іс-әрекетінен шындық ұғынылмайды. Ал, бұндай шарттарсыз нағыз роман, повестердің дүниеге келуі мүмкін емес,» – деп жазады [2.268].
Қазақ әдебиетіндегі ұлттық сипат мәселесі көбіне басқа халықтар әдебиеттерімен байланыстырыла зерттелді. Ұлттық әдебиеттің басқа ұлттар әдебиетімен байланысы мен қарым-қатынасын салыстыру арқылы ұлттық сипат мәселесі біршама ашылып қалып отыратындығы белгілі. Мәселен Ш.Сәтбаеваның қазақ әдебиетін Еуропа әдебиетімен байланыстыра отырып, нақты көркем шығарма мен мысалдардың негізінде жасалған қорытындылары мен тұжырымдары әдебиеттің ұлттық сипаты мәселесіне қатыстылығымен, осы мәселенің ашылуына көмектесетін құндылығымен ерекшеленеді. Оның: «Ақындар мен жазушылар өз ұлтының өмірін, оның дамуы мен тарихын неғұрлым терең, көркем суреттесе, соғұрлым шығармаларының бүкіл адамзаттық маңызы да арта түседі, туған әдебиетін игі идеалдар, жоғары мақсат-мұраттар, ізгі армандар биігіне көтеру мүмкіндігі молаяды», – дегендері осының дәлелі [10.186]. Зерттеуші С.Тойшыбаева болса, қазақ-қарақалпақ әдебиеттерінің байланыстарын зерттеу барысында: «Әлі де алда тұрған, әлі зерттелмеген талай тың проблемалар бар екендігі даусыз. Ол қазақ пен қарақалпақ ауыз әдебиетінің арасындағы ертеден келе жатқан ежелгі байланысты тереңнен тексеріп зерттеу: қазақ пен қарақалпақ поэзиясы, прозасы, драматургиясының арасындағы туыстық байланыс пен өзіндік ұлттық ерекшеліктерін ашып көрсету: екі ұлт әдебиетінің бір-біріне игілікті әсерін тексеру, қазақ пен қарақалпақ әдебиетіне дүниежүзілік әдебиет пен ұлы орыс әдебиетіінің тигізген игілікті әсері мен екі ел әдебиетін таныстырып, табыстырудағы аударманың ролі және оның сапасын зерттеу проблемалары болып табылады», – деп дұрыс пікірлер түйіндейді[10.102].
Қазақ әдебиеттануындағы әдебиеттің ұлттық сипатына тікелей арналған іргелі зерттеу – І.Ғабдіровтің «О национальном и интернациональном в советской литературе» делінетін еңбегі. Ғалым бұл еңбегінде атынан-ақ көрініп тұрғанындай өзінің орыс, өзбек, қырғыз, украин т.б. әріптестері сияқты көркемөнердің, әдебиеттің ұлттық сипатын социалистік реализм эстетикасының жеке проблемасы күйінде яғни ұлттықты әдебиеттің көпұлттық (интернациональдық) сипатымен бірлікте алып қарастырады. Социалистік реализм эстетикасының талабына сәйкес көркемөнер мен әдебиеттің ұлттық сипатын зерттеуге арналған еңбектердің ортақ кемшілігі – ұлттық сипаттың көпшілік жағдайда көпұлттық сипатқа бағындырыла қарастырылуын қазір айтуға болатын болса, бұндай кемшілік И.Ғабдіровтің зерттеуіне де ортақ екендігін айтуымыз керек. Дегенмен, қазақ ғалымы көтерген мәселесіне басқа әріптестеріне – украин, орыс, қырғыз т.б. қарағанда әлдеқайда нақты келіп отырады. Себебі, И.Ғабдіров әдебиеттің ұлттық және көпұлттық сипаттарын М.Әуезовтің «Абай жолына» сүйене отырып қарастырған. Аталған еңбекте ғалымның өзіндік ізденісін танытатын ойлары, тың тұжырымдары көп ұшырасады. Ғалым, біріншіден, аталған мәселе төңірегінде өзінің әріптестерімен пікір таласқа түсіп отырады. Ю.Суворцев, Г.Ломидзелермен көркемөнердің ұлттық және көпұлттық сипаттарының арақатынасы, айырмашылығы мен ұқсастық жайттары жөнінде пікір таластыра келіп, ол екеуінің бір емес, бірақ өте жақын құбылыстар екендігін «Абай жолының» мысалдарымен дәлелдеп береді. Сондай-ақ ғалым ұлттық әдебиеттің шынайы туындыларында жалпы адамзаттық, көпұлттық сипаттардың көрінетіндігін, болмай қоймайтындығын «Абай жолының» негізінде өнер заңдылығы деп көрсетеді. Ол сонымен бірге әдебиеттің ұлттық сипатын танытатын негізгі категория ұлттық мінез екендігін де «Абай жолындағы» Абай, Құнанбай бейнелері арқылы тұжырымдай алған. Кейбір зерттеушілер сияқты И.Ғабдіров ұлттық мінез бен ұлттық психологиялық құрылымын бір-біріне қарсы қоймайды, бірақ екеуінің көркемөнер мен әдебиеттің ұлттық сипатын танытатын екі бөлек, бір-біріне өте жақын, бір ыңғайдағы категориялар екендігіне мысалдар келтіреді. Ғалым: «Әуезов шығармашылығының жалпы адамзаттық ерекшелігі әдебиеттің ұлттық, әлеуметтік сипаты арқылы көрінеді де, ұлттық негізге сүйеніліп отыырады, – дей келіп, жалпы адамзаттық сипат, сондай-ақ авторлық тұғырнамадан, ұлттық мінезден, көркем шығарманың идеялық-эстетикалық ерекшеліктерінен көрінеді», – деп жазады [5.37]. Ғалымның: «Әдебиеттің ұлттық сипаты туған табиғат көріністерін, қазақтардың тұрмыстық әдет-ғұрыптарын, әдеби кейіпкерлердің сөйлеу тілі мен стилінен көрінеді», – дегендері де нақты мысалдармен нақты дәлелді айтылған [5.45]. Қысқасы И.Ғабдіровтің еңбегі қазақ әдебиетінің ұлттық және көпұлттық сипаттарын кең көлемде алғаш зерттеген жетістігі мол зерттеу болды.
Қазақ әдебиеттануында әдебиеттің ұлттық сипатын ішінара сөз ететін еңбек – М.Дүйсеновтің «Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі» атты зерттеуі. Ғалым бұл еңбегінде қазақ әдебиеттануында бірінші рет әдебиеттің ұлттық сипатының негізгі категориясы – ұлттық мінез жайын қарастырады, оны әдебиеттің жеке проблемасы ретінде типтік образ жасау мәселесімен бірлікте алып зерттейді. М.Дүйсенов пайымдауында, ой- пікірлерінде ұлттық мінез туралы: «сонымен әр халықтың немесе ұлттың рухани бейнесі мен ұлттық характерінің ерекшеліктерін іздегенде, біз ең алдымен сол халықтар мен ұлттардың ұзақ жылдар бойғы тіршілік өзгешеліктеріне, әлеуметтік-экономикалық жағдайларына т.б. жоғарыда айтылған құбылыстармен байланыстырамыз» немесе «олай болса әрбір ұлт әдебиетіндегі типтік образдар екінші бір ұлт әдебиетіндегі сондай белгілі бір дәуірде өмір сүрген адамдардың типтік образынан айырмасы, өзгешелігі неде жатыр?» дегенде біз ең алдымен, басты шарттардың бірі – тілінде десек, сонымен бірге оның характерінің өзгешелігінде дейміз», – дегендері сияқты айтқандарынан ғалымның бағыт-бағдары дұрыс жолда болғандығы аңғарылады [12.43].
ІІ тарау. Б.Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат
2.1. Ұлттық сипат көріністері Б.Майлин әңгімелерінде
Әдеби шығарма – ұлттық тіл мәдениетінінің жемісі, ұлттық дүниетанымның, тарихи-поэтикалық зерденің аясында қалыптасқан, өз ұлтының шығармашыл өкілі болып табылатын қаламгердің туындысы. Сондықтан да ол ең әуелі өзі өкілі саналатын ұлттың рухани бітімін, тіршілік-тынысын бейнелейді. Оған басқалардан гөрі өз ұлтының өмірі, арман-мұңы етене жақын болады. Бұл оның сол табиғи жаратылысындағы өмірді сезіну, түйсіну ерекшеліктеріне байланысты. Қай халықтың әдебиеті болмасын, қоғамдық өмірмен, халықтың тарихымен тығыз байланысты қалыптасады. Сондықтан әдебиетте қоғамдық тәжірибеден туған нақтылы тарихи-әлеуметтік жағдайларға орай сараланған ерекшеліктер, көркемдік дәстүрлер болады. Ондай өзгешеліктерді осы әдебиетте айрықша дамыған жанрлық түрлерден, көркем образдардың ұлттық сипатынан, әдеби, ақындық тілдің бояу-нақыштарынан, тағы сондай ерекшеліктерінен айқын көруге болады.
Әдебиет алдымен ұлттық негізде пайда болып, дәстүрлі түрде одан әрі жалғасады. Кезінде А. С. Пушкин әр халықтың өзіне тән ойлау, сезіну машығы, дәстүр-салты, әдет-ғұрпы болатынын айтқан. Ал В. Г. Белинский болса «Евгений Онегин» алғаш рет өлеңмен жазылған орыстың табиғаты ұлттық поэмасы еді және солай болып қалады» дейді. «Евгений Онегин» поэмасынан ұлы орыс халқының нақты сипатын байқау қиын емес. Әдебиеттегі көркемдік ой-сезім әр халықтың өз көзқарасы тұрғысынан қалыптасады. Бұл жөнінде философ Н.Сәрсенбаев: «Әр ұлттың психикалық түзілісі ұлттық сезім, ұлттық салт, дәстүр және ұлттық мінез-құлық сияқты бір-біріне байланысты, бір-біріне сүйенген компоненттерді қамтиды. Және ұлттық сезімдер мен ұлттық мінез-құлық түрлері ішкі факторлар ретінде, осы ұлт таптарының рухани ерекшеліктері мен қасиеттері ретінде көрінеді, ал ұлттық салт пен дәстүрлер сыртқы факторлар ретінде, қоғамдық пікірлер күші ретінде, осы ұлт өкілдерінің қоғамдық тәртібін бір қалыпқа келтіретін материалданған идеялар ретінде байқалады» - деп пікірін білдірген.
Бейімбет Майлин өз шығармаларында әдеби тілдің әсем үлгісін берген, көркем сөзді төгілте қолданған нұсқалы жазушы. Эстетикалық туынды ретінде көркем сөз қорын байытты. Оның лабораториясы – бүкіл халық, зерттегені – ел өмірі, адамдардың ой-санасы мен мінез-құлқы, психологиясы. Ұлттық психология- белгілі бір ұлт өкілдеріне тән, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын мінез-құлық пен психологиялық қарекет ерекшеліктері. Ұлттық психология рухани мәдениетте, сезімдерде, әдет-ғұрыпта, тілде, адамгершілік әдептік салада ұлттық мінездің көптеген психологиялық көріністері мен этностық белгілерін қамтиды. Ұлттық мінез- әдеби шығармадағы кейіпкердің ұлттық сипатымен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық және ойлау, сөйлеу өзгешелігі [16.143].
Ұлттық мінезді әдебиеттану категориясы тұрғысынан арнайы зерттеп жүрген ғалымдарға жүгінсек, Ю.Суворцев: «Ұлттық ерекшелік бәрінен бұрын ұлттық мінезге тәуелді. Өйткені ұлттық мінез – көркемөнердің ұлттық сипатының айқындаушысы», - десе [16.225], Г.В.Брегадзе: «Психологиялық құрылым немесе ұлттық мінез ұлттың әлеуметтік-экономикалық, тарихи өмірінің өнердегі бейнеленуі», - дейді [3.308]. Көптеген ғалымдар көркемөнердің ұлттық сипатын ұлттық сезім, ұлттық психологиясы мен дәстүрі, тілі де таныта алатындығымен санаспай, ұлттық мінез төңірегінде ғана пікірталасқа түсіп келеді. Ұлттық мінез болмысын, қыр-сырын толық тану үшін, әдебиет тарихын түгел қамтуымыз керек. Бұл орайда әдебиет тарихындағы ұлы тұлғалар шығармашылығына түсетін салмақ ауыр. «Ұлттық мінез ұлттың сан ғасырлық, күрделі даму тарихының нәтижесінде біртіндеп, ақырындап қалыптасады», - дейді Г.Ломидзе [20.186]. Оның қалыптасу процесі мінез сапаларының өзара үздіксіз соқтығысуы мен қарама-қарсы күштердің күресі, кейбір мінез қалыптарының жойылып, кейбірінің жаңадан пайда болуы арқылы жүзеге асады. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды: біріншіден, көркемөнердің ұлттық сипатын танытатын негізгі категориясы – ұлттық мінездің өзіндік табиғатын, бітім-болмысын дұрыс түсінуіміз керек, екіншіден, ұлттық мінез сияқты күрделі ұғымның әдебиетте бейнеленуінің қыр-сырына терең бойлауымыз керек. Ұлт мінезінің күнгей жақтары мен көлеңкелі тұстарының болатыны табиғи қасиет және бұндай ерекшелік әдебиет өмірімен дәлелденіп келе жатыр.
Әдеби шығармадағы кейіпкердің ұлттық сипатымен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық және ойлау, сөйлеу өзгешелігі. Ұлттық мінез саңлақ суреткер тұлғасында, олардың шығармаларындағы әдеби бейнелер табиғатында, әдеби бейнелердің жасалу жолдары мен тәсілдерінде, сондай-ақ сөз бейнелілігінде, сюжет құрамында, жанрлық түрлердің түзілуінде жатады да, халық тарихының әр түрлі кезеңдерінің қоғамдық сипатына байланысты, уақыттың озуы мен заман ағымына сәйкес үнемі өзгеріп отырады. Ұлттық мінез, демек, ұлттық категория болуымен бірге, тарихи категория. Ол қоғамдық, рухани, экономикалық және саяси жағдайларға сәйкес қалыптасады. Дүниені ұлттық түсінікпен қабылдау жолы қай адамға болсын тән қасиет. Өнерде, әдебиетте адам бейнесінде бұл қасиет толық көрініп отырады. Әр халықтың өз эпикалық туындыларын олардың талай замандар ұлт болып қалыптасуынан бөліп қарауға болмайды. Сондықтан шығармада ұлттық сипат болу үшін сол халықтың дүние танымын, психологиясын, әдет-ғұрыптарын білу керек. Бұл жөнінде Н.В.Гоголь: Әр ақын өмірге өз халқының көзқарасымен қарап, әр нәрсені ұлттық психологияға сәйкес құбылыстай сезініп, толғанғанда ғана ұлттық сипатты бейнелеп беруі мүмкін», - деген ой айтады [2.145] Әр кейіпкердің образын ашуда жазушы ұлттық сипат көріністерін меңгерген. Әңгімелерді оқи отыра ұлтқа тән мінез-құлық, ұлттық сана, ұлттық болмыс пен ділді айқын аңғаруға болады, шығармаларының өн бойында қазақ қауымына тән ерекшеліктер тұнып тұр. Майталман суреткер ұлттық кейіпкерлердің тіршілік сыңайын әдет- дағдысын, мінез-психологиясын да қағазға айнытпай, иін қандыра түсіреді. Олармен кездескенде таныстарыңды көргендей боласың. Соларға ұқсас, солардан айнымайтын адамдарды айтып, атап отырасың. «Сексен сом» әңгімесінен мынаны оқып көрсек: «Егеубай ертеңгі шайын ішіп, қора-қопсысын оңдайын деп тысқа шықты. Ноябрь іші болса да қар жаумаған, жер қара. Күзгі қара дауылға қыстың ызғары қосылып, аспандағы сұр бұлтты құйқылжытып, ызғырықтау болып тұрған. Үйден шыққан ыңғайда тесік-тесік болып тұрған лапастан соққан жел Егеубайдың маңдайындағы шайдың шығарған терін жойып жіберді. Қабағын жиырыңқырап лапастың алдында тұрып, ақ сырмақтың үзік бауын байлады. Тысқа шығып бір-екі аттап жүре берем дегенде жапырайған қорасының құлап жатқан бұрышы көзіне шалынды: «Мынаны оңдап тастамасам болмас» деп темір күрегін алып, құлаған шомды үйе бастады. Албарда тұрған көк шолақ ат, күректің тықыры мен Егеубайды танып жем ізденіп оқыранып қойды. «Е, жем керек екен, сен түгіл балаларға да нан жоқ!» деді күбірлеп. Осындағы дала мен үй-жай көрінісі ауыл бейнесін танытса, Егеубайдың әрекеті мен сөздері шынайы қазақ ауылының тұрғынын танытады.[17.28]
Қаламгер әңгімелерінде ауылдың қарапайым тірлігі, ел тұрмысы, ауыл келбеті, адамдардың жан қиярлық еңбектері, олардың түрлі құбылыстары тартымды суреттеледі. Жалпы, қазақ халқының негізі: түп-тамыры, нәр алар бастауы ауылда жатыр десек, ұлттық құндылықтарға бай ауыл бейнесін жазушы шынайы суреттеген: «Күндізгі күннің салқын кеші еді. Күн ұзаққа соққан өткір жел кешке қарай баяулап, аздап қана салқын лебі бетті сүйіп өткен секілденді. Ауыл ың-жың дыбырлаған адам, кісінеген жылқы, мөңіреген сиыр, маңыраған қой – бәрі қосылып түбектегі жиырма шақты үйді басына көтеріп барады... Әйелдері сиыр сауып, ересектері өрістен келген қойларын бөліп алысып, қыз-келіншектері су тасып сан-сапалақ жүріп жатыр... «Әлдекімдердің «өркенің өспесін, жұлының үзілсін!» деп біреуді қарғағаны, жеті атадан қозғап біреуді боқтағаны, «әже, нан!» деп бір баланың жылағаны- бәрі де осы ауылда... Бәрі де тынық кеште қайнаған ауылдың ішіне сіңіп жатыр...(«Бір адым») [17.215].
Достарыңызбен бөлісу: |